Жеңіс

Отызында орда бұзған

Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев отыз бір жыл ғана ғұмыр кешті. Оның өмір жолына үңілсек, жоқшылықтың тауқыметін ана қамқорлығымен жеңе жүріп есейген ауылдың қара домалағы, шәкірт бала, ауылдың білімқұмар мұғалімі, зиялы азамат, белсенді ұстаз, жауынгер, коммунист, бөлімше командирі, Батыр. Қысқа ғұмырында ол азаматтық тұлғасын сомдап үлгерді.
Мен өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдарында Шалқардағы Ідіріс атындағы мектепте мұғалім, мектеп директорының орынбасары болып қызмет атқарған жылдарда оның өмір жолын, ерлігін мүмкіндігімше тереңірек зерттеуге қатысқан едім. Сол жайлардың бірқатарын жұртшылыққа жеткізгенім жөн сияқты.
Замандастарының айтуынша, Ідіріс ұяң мінезді, ісіне тиянақты, жылы жүректі, еңбекқор жігіт болған екен. Сол кездегі он алтыншы ауылдың ақсақалы Өмірзақ Қосболғанов оның батыр атанғанын естігенде, «Ой, Ідіріс қандай қыз мінезді жігіт еді! Сол қыз мінезді жігіт Кеңестер Одағының батыры атаныпты. Елдің кегі ғой оны батыр қылған» депті.
Батырдың зерделі шәкірттерінің бірі, бұрынғы аудандық «Қазсельхозтехника» бірлестігінің Еңбек Қызыл Ту, екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері болған озат жүргізушісі Әділхан Өтеков ұстазының шынайы істері туралы әңгімелеген еді.
Ол Шалқардан ауылға әкелген аз-маз оқу құралдарын таратып беріп, қарындаштарды өткір шаппамен екі-үшке бөліп, ұстауға ыңғайлы болуы үшін қамыстың түтігінен сап жасайды екен. Сол кездегі жоқшылықтың ретін білгізбеуге тырысып, оқулық тапшылығына байланысты көптеген аңыз әңгімелерді, тартымды ертегілерді шәкірттеріне ауызша айтатын көрінеді. Батырлар жырын, Ыбырай, Абай, Махамбет өлеңдерін оқып беріп, оқушыларының жаттап айтуын қадағалаған.
Тағы бір шәкірті Р.Қанатбаеваның айтуынша, Ідіріс-ұстаз малшылардың төрт-бес баласын үйіне жатқызып, оқытқан кездері де болыпты. Бұл — он жеті жасар кезінде екі сыныптық біліммен мұғалімдікті бастаған, арасында ауданда және облыста түрлі курстардан өтіп, біліктілігін арттырған ұстаздың жарқын істерінің бірі.
Ідіріс Үргенішбаевтың ерлік тұлғасының соғыста екі рет жарқ етіп көрінгені құжатталған. Ол майданға 1942 жылдың қаңтарында аттанды. 1943 жылдың шілде-тамызында Курск жерінде шайқасты. 260-шы биік шоқыға бекінген жауды жою үшін бөлімше командирі Ідіріс түтеген оққа қарамастан, алға ұмтылады. Сол шайқаста оның өзі қырық фашистің көзін жояды. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
Біздің қолымыздағы тағы бір дерек — қар төсеніп, мұз жастанып, ел қорғау жолында жүрген көкелеріне өздері тоқыған қолғап-шұлықтарын жолдап, хат жазған ырғыздық отаншыл балдырғандарға кешегі ұстаз ағалық алғысын білдіріп, жеңіс күніне сендірген.
1943 жылғы қазан айының алғашқы күндерінде Днепр өзенінен өту кезінде Ідіріс Үргенішбаев бастаған бөлімше жауынгерлері жаудың дүркін-дүркін жасаған жиырма екі шабуылына тойтарыс берген. Осы жанкешті ұрыста Ідіріс тоқсан басқыншыны жер жастандырған. Өкініштісі, өзі де ерлікпен қаза тапқан.
Шалқардан шыққан батыр ұстаз ел намысын лайықты қорғап, осылайша есімін аңыз етіп қалдырды.
Ол Гомель облысы Лоев ауданы аумағындағы Деражичи деревнясындағы бауырластар зиратында мәңгілік тыныс тауып жатыр.

Әбдіжәли ЖАНИЯЗ,
зейнеткер-мұғалім.
Шалқар ауданы.

От ортасынан оралған…

Менің атам Бақыт Наурызов соғыс басталған жылы енді ғана он сегізге толған қылшылдаған жас жігіт екен. Бірден армия қатарына шақырылып, елдің тағдыры таразыға түскен Мәскеу түбіндегі шайқастан майдан жолын бастаған. Содан 1945 жылдың 24 маусымында Қызыл алаңда өткен әйгілі Жеңіс шеруінен соң ғана әскери киімін үстінен тастаған. Алайда елге 1946 жылдың шілдесінде ғана екінші топтағы мүгедек болып оралады.
Ол Мәскеу түбіндегі алғашқы ұрыста-ақ жау ұшағын атып түсіріп, содан кейін үнемі алғы шепте жүрген. Ленинград қоршауындағы 42-ші армияның 2-гвардиялық дивизиясының 1-батальонында рота саяси жетекшісі, командирдің көмекшісі болған. Гвардия аға лейтенанты әскери шенін иеленген.
Кішкентайымнан атамның қасында жүріп, оның әңгімелерін тыңдауға құмартатынмын. Бірде оның мойнындағы тыртықты көріп қалып, соның сырын сұрағаным есімде. Сонда ол «сұрапыл соғыстың қалдырған таңбасы ғой» деген де қойған. Кейін атамның Ленинград майданының өзінде үш рет жарақаттанғанын білдім. Сол ұрыстардың бірінде жарылғыш оқ жарықшағы мойнына тиіп, қан көп кеткен. Ол таң атқанша қаза тапқан жауынгер достарының ортасында ес-түссіз жатқан. Кейін Пруссия бағытында, Кенигсберг қаласы үшін соғыстарға қатысқан.
Атамның әңгімесінен есімде қалған бір көрініс мынадай еді. Бірде жеті жауынгер жау штабын жоюға тапсырма алған. Түні бойы торуылдап, таң ата жау ордасына тұтқиылдан шабуыл жасап, бірнеше жоғары шенді командирлерін, штаб құжаттарын қолға түсіріп әкелген.
Бейбіт күндерде атам Ойыл ауданында тұтынушылар одағының төрағасы болды, осы салада басқа да қызметтер атқарды. Елдің қоғамдық-саяси өміріне де белсене қатысты. Жергілікті кеңестің депутаты болып сайланды.
Атамның соғыстағы жауынгерлік ерліктері «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірқатар медальдармен атап өтілді. Соғыстан кейінгі жылдарда да еңбектері бағаланып, көптеген марапаттауларға ие болды.
Мен биылғы мерекелі жылы атамды еске алып, ол туралы бірер ауыз жылы сөз айтуды өзімнің перзенттік борышым санадым.

Ақбөкен САРИЕВА.

Төрт орденді ер еді…

Жауынгер Нұрмұхан Кенжебаев 1945 жылдың 25 наурызында Польшаны жаудан азат ету соғысында ерлікпен қаза тапты. Алайда оның мәңгілік мекенін тауып, оның рухына тағзым ету үшін арада алпыс тоғыз жыл өтуі керек еді.
Ол әскер қатарына 1942 жылдың көктемінде алынады. Бұған дейін оның үш бауыры — Мұқан, Сармұқан және Ерғали үстеріне шинель киіп, қолдарына қару ұстап, жаумен шайқасып үлгерген еді. Олардың үшеуі де майдан даласында алған жарақаттарымен елге оралды.
Ал Нұрмұхан болса Жеңіс күні жақындаған тұста, біздің әскерлеріміз жаппай шабуылға шығып, неміс басқыншылары өз ұяларына қарай кері шегіну барысында оққа ұшты. Сол кезде Прагадағы Қызыл тулы Суворов және Кутузов орденді 28-гвардиялық атқыштар бригадасы 8-ші гвардиялық корпусының командирі Рудовалов қол қойған хатта Кенжебаев Нұрмұханның ерлік пен батырлық үлгісін көрсетіп қаза тапқаны атап айтылады. Ол Варшава воеводствосына қарасты Поморск облысы Ковалл поселкесінде барлық жауынгерлік құрмет көрсетілуімен жерленген.
Нұрмұхан Кенжебаев соғысқа дейін Шалқар ауданының Шахты поселкесінде көмір өндіру жұмыстарын атқарған. Өз ортасында сауатты, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен. Жұмыс істей жүріп білімін жетілдіруді де көздеген. Алайда жақсы ойларын соғыс өрті бұзып жіберген.
Артында қалған тума-туыстары бауырларын қаншама сағынып, өлімге қимағанымен тағдырдың жазуына кім араша түсе алады?! Кейінгі ұрпақ та аталарының соғыста қаза тапқанын бір-біріне айтып жүргенімен, оны іздеу, басына барып қайту мүмкіндігі туа қойған жоқ.
Алайда әулетте бір таңғаларлық жағдай болды. Осыдан екі жылдай бұрын Нұрмұханның қарындасының немересі Ләззат түсінде аққа оранған бір ер адамның бейнесін қайта-қайта көретін жайға ұшырап, ол кісінің «мені ұмыттыңдар ма, неге іздемейсіңдер?» дейтінін айта бастайды. Үйдегілер аң-таң болып, бұл жұмбақтың шешуін біраз уақытқа дейін таба алмайды. Ақырында Нұрмұхан аталарының шалғайдағы мәңгілік мекенінен бұларға хабар беріп жатқанын сезгендей болады.
Әкесі Ерғалимен бірге туған Нұрмұханды іздеу міндетін өз парызы деп түсінген Ақтөбе өңіріне танымал азамат, білікті дәрігер Серік Кенжебаев осы іске енді бел шеше кіріседі.
— 2013 жылдың басынан бастап мен балам Маратпен бірге атамыздың деректерін іздестіре бастадық, — дейді Серік Ерғалиұлы, — Шынын айтқанда, біздің қолымызға әуелгіде түскені Шалқар аудандық әскери комиссариатының мұрағатындағы қара қағаздың мәтіні ғана еді. Одан кейін Ресейдегі Орталық әскери мұрағатынан біраз деректер табылды. Оған қарағанда атамыздың нағыз батыр болғандығына көзіміз жетті.
Құжаттар Нұрмұханның екі рет жараланғанын айғақтайды. Сондай-ақ ол майдандағы ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, екі рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты.
Жауынгер атаны іздеу сапарына ұрпақтары аса құлшыныспен, көңілдері ерекше толқып аттанады.
— Қазақстан Республикасының Польшадағы консульдығы қызметкерлерінің көмегі арқасында биылғы 13 наурызда көп қиындықсыз Варшавада болдық, — дейді Серік Кенжебаев, — Бізді ол жерде ыстық ықыласпен қарсы алды, мүмкіндігінше көмектерін көрсетті. Олар Польша жерінде 178 жерлеу орны бар екенін, соның 133-інде Кеңес армиясының жауынгерлері мәңгілік қоныс тапқанын айтты.
Варшавадан Гданьскіге қарай бет алғандағы 200 шақырым жердегі Ковалл бауырластар зиратында 31 адам жерленген. Ондағы тас плитада бес адамның ғана фамилиясы жазылған.
— Сол жазуды елімізден шалғайдағы жат жерде көрген сәттегі көңіл күйімізді айтып жеткізу қиын. Бір жағынан батыр атамызға деген мақтаныш сезімі туындаса, екіншіден, көңіліміздің төрінде тұрған сол бір асыл бейнеге деген сағыныш, оны аңсау атойлап тұрды. Шалқар жерінен апарған бір уыс топырақты атамыздың бейітіне салдық, — дейді Серік Ерғалиұлы.
…Ұзақ жылдар есімі елеусіз келген батыр ата есімі бұл күндері мақтанышпен жиі айтыла бастады. Шалқар қаласының бір көшесі енді Нұрмұхан Кенжебаев есімімен аталатын болады.
«Ерлік ұмытылмайды» деген осы болса керек.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Шиліашадан шыққан майдангерлер

Соғыс кезеңі туралы әңгіме болғанда менің жадыма «Шиліаша» колхозына қатысты жайлар оралады. Бұл колхоздың орны қазіргі Кенжалы станциясының бергі беті тұсы. Ортасында Кенжалы өзені бар.
Аталған ауылдан майданға аттанғандардың есімдері бұл күнде нақты ескерілмей келеді. Оның себебі, соғысқа дейін және соғыстан кейінгі әртүрлі кезеңдерде бұл ауыл бірнеше рет құрылымдық өзгерістерге ұшырап, бірнеше рет қоныс аудару жағдайларын бастан өткеріп, содан да ма екен, кейіннен аудандардың энциклопедиялары шығарылып, ауылдарда ескерткіштер орнатылғанда шиліашалықтар соның ешқайсысына енбей қалды.
Дегенмен, елін қорғаған ерлердің есімдері ұмытылмауы тиіс деп ойлаймыз. Осындай ұғыммен біз ізденулер жасап, аталған ауылдан армияға алынып, бірақ елге оралмағандардың тізімін жасадық. Кейбіреуінің фамилиясын білу мүмкін болмады. Олар: Сабырбай, Берді, Бисенов, Үбайдолла, Мұқанов Жолдас, Шаханов Ермек, Үсенов Сарбөпе, Бөпехан, ағайынды Құбай, Жомалы, Молдаш, Аманқұлов Жұмалы.
Сондай-ақ елге аман-есен оралып, бейбіт күннің тірлігіне қызу араласқан азаматтарды да түгендедік. Олар: Күсепов Елшібек, басқарма, қойшы, Сатыбалин Қыдырбай, басқарма, қоймашы, Үсенов Жоламан, ферма меңгерушісі, Аманқұлов Ілім, ауылдық кеңес төрағасы, пошта тасушы, Қонақашев Нағым, басқарма, Төребеков Орынбасар, есепші, Атажанов Қойшығұл, сауда қызметкері, қойшы, Нәзім, теміржолшы, Үсен, әртүрлі жұмыстар атқарған.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аталып отырған, соғыс аяқталған жылы дүниеге келген сәби бүгінде ақсақалдың жасына жетіп отырған уақытта елімізді қорғаған, етігімен су кешкен жоғарыдағы алдыңғы буын өкілдерінің қай-қайсысы да құрметке лайық. Ол құрметті біз оларға жасай алмағанымызбен, ең болмағанда есімдерін атайық деп ойладық.
Шиліашалықтардың бірі, 1925 жылы дүниеге келген Сарбөпе Үсенов он жеті жасында әскер қатарына шақырылады, оның әкесі Үсен оның алдында майданға аттанған. Сарбөпе армияға кеткен соң көп ұзамай анасы ауырып, қайтыс болады. Артындағы қарындасы, үш інісі ағайынның қолында жүреді.
Ақ Күміс, айналайын қарындасым,
Бір Алла бет алдыңнан жарылқасын.
Қылтиып қыл үстінде мен де жүрмін,
Артымда тілектесім бар болғасын.
Осындай өлең шығарған сол Сарбөпенің Берлин түбінде ерлікпен қаза тауып, сондағы бауырластар зиратында жерленгені кейінірек белгілі болды.
Жеңгелеріміз де күні-түні тынбай еңбек ете жүріп, көздері батысқа қарай телмірумен болған. Олардың сағынышқа толы жүректерінен туған бір ән мазмұны мынадай еді:
Орыстың бір қаласы Сергей деймін,
Құдайым тілегімді бергей деймін.
Құдайым тілегімді бергей болсаң,
Қосағым армиядан келгей деймін.
… Шиліаша ауылынан шыққан майдангерлер есімдерін түгендеу бүгінгі буынның бір парызы болса керек деп ойлаймын.

Дүйкен ЖҰМАНОВ,
еңбек ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button