Қоғам қажеттіліктен өмірге келді
«Тіл туралы» Заң қабылданған шақ. Қазақ елі Кеңес одағының құрамында болған, өзгеден тәуелді, сөз бостандығы, ой еркіндігі, өзінің қалауымен пікір айту, шешім қабылдау мүмкіндігі деген ұғымдар өңің түгіл түсіңе де кірмейтін, қазақ тілінің тағдыры қиындап тұрған кез еді. Бұл Заң Қазақ еліне көптеген игілікті мүмкіндіктер берді: біріншіден – ұлттық санамызды оятты; екіншіден – ел болу үшін, ұлт болып сақталу үшін ұлттық тілімізді сақтауымыздың қажет екенін түсіндірді; үшіншіден – жойылып кетуге жақындаған қазақ тілін сақтап қалу үшін үлкен күрес ұйымдастыруға жол ашты. Сол үлкен күрестің ұйымдасқан түрі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құру қажет болды. Сөйтіп, «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан кейін, бір ай өтер-өтпестен, елдің зиялы қауымының бастауымен және ел басшылығындағы саналы да, ер тұлғалы азаматтардың қолдауымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдарының мемлекеттік органдармен бірлесіп, мақсаттылықпен жүргізген жиырма жылдық қызметі өзінің оң нәтижелерін берді. Ұрпақ тәрбиесі мен білім берудің бағыты мен бастапқы арнаулы ортасы – қазақ мектептері мен сыныптары облыста көптеп ашылды. Қазір облыс мектептеріндегі оқушылардың 87,2 пайызы қазақ балалары болса, олардың туған қазақ тілінде оқитындары 83 пайыздан асты. Олардан басқа 287 өзге ұлт балалары қазақ тілінде оқиды. Ал көптеген ұлт өкілдері тұратын облыс орталығы Ақтөбе қаласында жағдай күрт өзгерді. «Тіл туралы» заң қабылданған 1989-1990 оқу жылында Ақтөбе қаласында бір ғана қазақ мектебінде 1476 бала оқыса, қазір мұнда 31 қазақ мектебі, 31 аралас тілде оқытатын мектеп бар, оларда қазақ тілінде 28669 қазақ баласы, 48 өзге ұлт балалары оқиды. Бір сөзбен айтқанда, 20 жылда қазақ тілінде оқитын қазақ балалары 20 есеге көбейді. Осы ретте, ағайындарға, қазақ мектептерінің білім беру сапасы орыс тілінде оқытатын мектептердің білім беру сапасынан ешқандай да кем емес, керегі тек дұрыс оқыту және дұрыс оқу ғана дегім келеді. Кейінгі үш жылда біздің облыстың оқушыларынан республикалық және халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары болғандардың нәтижесі былай болды: бір жылы 25 баланың 24-і қазақ мектебінде оқығандар, Дудник Алексей деген бір орыс баласы ғана орыс тілінде оқыған, екінші ретте – 17 оқушының 16 қазақ мектебінде оқыған, Лидия Лысенко деген бір украин қызы ғана орыс мектебінде оқыған екен, ал үшінші ретте – 27 оқушының барлығы да қазақ балалары және олардың 26-ы қазақ тілінде оқыған, біреуі ғана орыс тілінде оқыған екен. Міне, осындай нәтижелерден дұрыс қорытынды шығарған жөн болар еді деп ойлаймын.
Қоғам ұйымдары мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмыстарының нәтижесінде көптеген аудандардың, елді мекендердің, оқу орындарының, мәдениет мекемелерінің, көшелердің атаулары тарихи қалпына келтіріліп, жаңа қазақы атауларға ие болды. Кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдарда қазақ тілін үйрететін үйірмелер жұмыс істейді. Бұл жұмыстар әлі жалғасуда.
Қоғам ұйымдарының жұмыста белсенділік көрсеткен қызметкерлеріне, шынайы тіл жанашырларына, мектептерге, мұғалімдерге облыс тарапынан сыйлық ретінде құрметті атақтар, пәтер, көптеген автокөліктер, қаржылай марапаттаулар жасалды. Қазіргі жағдайда, қазақ тілін қолдануды өзінің мемлекеттік тіл мәртебесі деңгейіне шын мәнінде көтеру үшін Мемлекеттік тіл жөнінде арнайы Заң қабылдау қажеттігі туындап отыр.
Кемейдулла ТӨЛЕУБАЙҰЛЫ,
«Қазақ тілі» қоғамы облыстық
ұйымының төрағасы.
***
Тілді төрге шығарған
Әмина Ақжалиқызы ширек ғасыр бойы мектепте ұстаздық етті. Тәжірибелі мұғалімнің шәкірт тәрбиелеудегі ұзақ уақыт бойғы тәжірибесі кейін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге пайдасын тигізді. Ол он жылдан бері жедел дәрігерлік көмек ауруханасында аудармашы болып еңбек етеді. Оның ықпалымен осы ұжымда туған тіліміз төрге тездетіп шықты десек те, артық айтқандық емес.
Ұжымдағы авар мейірбике Л. Вагабова мен орыс кардиолог-дәрігер Е. Дуля секілді қызметкерлер ауруханада жылда өткізілетін ұлттық мерекелік шараларға, тіл мерекелеріне өте жақсы дайындықпен қатысып, қазақы салт-дәстүрлерді қызығушылықпен игере бастады.
Сырттан келген қатынастар мен хаттарға мемлекеттік тілде жауап дайындау, ұлттық баспасөзге жазылуды ұйымдастыру мәселелері осы апайдың жауапкершілігінде. Оның аурухана қызметкерлерінің мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауына, оның ішінде хирургия, нәрестелер және 2-ші терапия бөлімдерінің жұмыстарының таза қазақша жүруіне сіңірген еңбегі ерен. Ұжымда 2004 жылдың қазан айында «Қазақ тілі» қоғамы құрылды.
Ол – облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан мемлекеттік тілдің емдеу-сауықтыру мекемелерінде қолданылуын тексеру комиссиясының тұрақты мүшесі. Аударма жұмыстарында жастар тәлімгері. Тікелей келіп те, телефон соғып та апайдан кеңес алушылар көп. Қазірдің өзінде жоғары оқу орнын бітірген жас мамандарға ауру тарихын, науқасқа қатысты қағаздың қазақ тілінде толтырылып, жазылуын үлгі арқылы көрсетіп отырады.
Жетпісінші жылдардың аяқ кезінде Тоқпансайдағы ауыл мектебінде оқып жүрген қазақ балаларының сексен пайызы орыс класында болатын. Бірде қазақ тілін оқымаған бір балаға екі қойғаны сол еді, анасы ашу шақыра келіп: «Кому нужен твой язык, почему двойку ставишь…» ұрыс салғаны есінде. Сонда мұғалімдер бөлмесіне ызалана кіріп, өзі қадір тұтатын Тыныс Ақболатова апайына: «Бұл не болғанымыз? Тіліміз құрыды ғой, енді не істейміз?», – деп мұң шаққаны есінде. Сонда ол кісі: «Әмина, торықпа, көрерсің, тіліміздің жанданар күні келеді әлі», – деген. Шүкір, қазір сол күн келді.
Аурухананың бас дәрігері Сәубет Келімбердиев: «Әмина Сәлиева қызметкерлерге тілді ғана үйретіп қоймай, ұлттық салт-дәстүрлерді жандандыру жағына да көңіл бөледі. Емдеу мекемелері арасында өткізіліп тұратын сайыстарда аурухана жүлделі орындардан құр қалып көрген жоқ, тіпті бас жүлде де қолымызға тиген реті болды. Биыл облыс әкімі тағайындаған «Шапағат» сыйақысының ауруханаға берілуінде де осы кісінің еңбегі бар», – дейді.
Дәрігерлер мен медбикелер былтыр Астана қаласынан «Орыс-қазақ-ағылшын медициналық аудармасы» кітабының жиырма төрт данасын алдырғаны үшін де, Әминаға күн сайын алғыс айтады. Олар өздерінің күнделікті жұмыстарында сол кітаптың көмегіне көп жүгінеді.
Біздер, ұжымымызда Әмина апайдай тіл туын биік ұстап жүрген өнегелі қызметкеріміздің болғанына қуаныштымыз.
Г. АТАЛЫҚОВА,
жедел дәрігерлік көмек ауруханасының қызметкері.
***
Парыз деп ұғынайық
Тіл – қатынас құралы дейміз… Шын мәнінде тіл – ұлттың тарихы, мәдениеті, өнегесі, дәстүрі, тәрбиесі, өнерін сақтап, дамытып, сол ұлттың ұлт екенін айғақтайтын анықтың бірі екені даусыз. Тілін жоғалтқан ұлттың өзі де көп кешікпей тарих сахнасынан жоғалады.
Күні кешегі кеңес заманы енді бір он бес-жиырма жыл сақталғанда біздің халқымыздың болашағы бұлдыр болатын. Оған бір дәлел, тоқсаныншы жылдары Ақтөбе қаласында бір-екі ғана қазақ мектебі және балабақша бар болатын. Бұл – тарихи шындық. Еліміз тәуелсіздік алғалы, әрбір қазақ баласының қазақша тәрбие, білім алуына мүмкіндік туды, ұлтымыздың тілін, өзін сақтауына жол ашылды. Бұл да – анықтың бірі.
1993 жылы облыстық тіл комитеті құрылып, мен сол мекеменің басшысы болып тағайындалған едім. Сол кездегі облыс басшылығына ұсыныс енгізіліп, олардың қолдауымен республикада бірінші болып біздің облыста сол 1993 жылдың қыркүйек айында Тіл апталығы болып өтті және де облыс әкімінің жарлығымен барлық мекемелердің атауларын, маңдайшаларын, мөрлерін Заңға сәйкестендіру туралы екі айлық жарияланып, мекеме басшылары тіл комитетіне жарлықтың орындалуы туралы есептерін жіберді. Жарлықты орындамаған кейбір мекемелердің басшылары облыс әкімінің орынбасары алдында терлеуіне тура келді. Тек келесі жылдан бастап, мұндай шаралар республикамыздың барлық облыстарына үлгі ретінде таратылды. Міне, қазіргі тіл фестивалі содан бастау алды.
Тіл майданында шегініс болмауға тиісті, қайталаудың артығы жоқ, тіл – ұлт болашағы.
Қазіргі күні әр түрлі ресми шараларға қатыса жүріп, кейбір байқалатын кемшіліктерді атап өтуді жөн көремін, өйткені осындай шаралардың «сәлеметсізден» басталып, әрі қарай бірыңғай ресми түрде жүретіні қынжылтады. Тіпті білімі, тәрбиесі таза қазақша кейбір ағаларымыздың өздері тілін бұрап орысша сөйлеп жатады. Жасыратыны жоқ, кейбір жиындарда көп сөйлеушінің ішінен бірер адам қазақша сөйлессе, бұрынғы басшылықта болып, бұйырып үйреніп қалған басқа ұлт өкілдерінің: «Біз түсінбейміз, орысша сөйле», – деп шатақ шығарғандардың да куәгері болдық. Бұл енді шегініс емес пе?
Жалпы тіліміздің дамып, көркеюіне барлық жағдай бар, тек әрбір азамат, әрбір басшы Тіл заңын сақтап, өз ұжымында мемлекеттік тілдің аясын кеңейтсе, болашақ ұрпақ алдындағы парызын түсінсе, жетіп жатыр.
Естай ЖАЙЛЫБАЙ,
Ақтөбе байланыс және электротехника
колледжінің директоры.
***
Бұл – намыстың шаруасы
Мемлекеттік тілдің айналасындағы әңгімелер мен айтыс-тартыс пікірлер әзірге толастамай келеді. Жуық маңда азаймайтын да шығар, керісінше, шиеленісе түсетін секілді. Оған басты себеп, ана тіліміз – мемлекеттік тіл деп ресми танылғаннан бері аз уақыт өтпесе де, іс жүзінде оның қолданылу кеңістігі кеңеюдің орнына кейбір салаларда тарылып бара жатырғандығы.
Бұл құбылысты бұрынғы одақтық республика кезеңінен қызмет жасап келген мемлекеттік және басқару органдарының қызметкерлері анық сезініп, ал қиындығына тұрғындар күнделікті кезігіп жүр.
Кезінде КСРО-да мемлекеттік тіл орыс тілі болғанымен, сол одақтың құрамында болған Қазақстанда қазақ тілі басқару, сот, тергеу органдарында біршама қолданымда болғандығын біздер жақсы білеміз. Сондықтан тіл туралы мәселе қозғалғанда сылтауды тек қана Кеңес дәуірінен, тіпті басқа ұлт өкілдерінен іздейтіндерді қолдауға бола ма?
Қайсыбір кезеңдерде тілдерге байланысты жекелеген саясаттар жүргізілгенімен, негізгі кінәні өзімізден іздегеніміз жөн. Ал қазіргі кезеңде, мемлекеттік тілдің қолданылу кеңістігінің тарлығы сайып келгенде, ең алдымен орыс тілді емес халықтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына, қорғауына елеулі нұқсан келтіруде. Себебі, мемлекеттік тілдегі өтініштерді қарай алмайтын мемлекеттік қызметкерлер, соттағы болмаса анықтама, тергеу және прокуратура органдарындағы істерді мемлекеттік тілде жүргізе алмайтын жас мамандар қатары күннен күнге өсе түсуде. Соның нәтижесінде орыс тілін білмейтін немесе толық меңгермеген азаматтардың өз мүдделерін қорғау үшін қажетті деректерді жинақтап, белгіленген тәртіпте тиісті орындарда дәлелдеу мүмкіндіктері шектеулі.
Бұл ақиқатты жасыруға болмайды. Жасыру, жалтақтық ана тіліміздің осындай мүшкілдікке ұшырауының бірден-бір себебі де болса керек.
Заман талабына сай орыс тілін, басқа да тілдерді оқытуды дамыта отырып, мемлекеттік тілді меңгеруді уағыздаудан мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын кәсіби біліктілік шартына айналдыратын кез келді. Әйтпесе, мемлекеттік тілде жазып бергенді оқи алмайтындардың саяси билікке, нақты айтқанда, тәуелсіз еліміздің беделіне нұқсан келтіруі жуық арада жалғаса береді.
Елбасының «қазақ – қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағидасын басшылыққа алатын қандастарымыздың қатары көбейіп, намысы оянып, мемлекетті қалыптастырушы ұлт санатындағы жауаптылықты сезінбейінше, қабылданған заңдар, белгіленген жоспарлар, алынып жатқан шаралар бос әуре, көзбояушылық. Ақындардың сөзімен айтқанда, «Намысқа ұрынбасақ түк шықпайды, барысқа ұқсаса да пішініміз».
Селбай ҚОЖЫҚОВ,
облыстық прокуратура қызметкері,
заң кеңесшісі.
***
Өз үнің өгейсімесін
Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік тіліміздің табысы, сөз жоқ, бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Осыдан жиырма жыл бұрын қалай еді, қазір қандай, салыстырып көрсеңіз айырмашылық айқын білінеді. Бұл – ілгерілеуіміз.
Ал кемшілігіміз қандай? Өз басым тіл жанашыры ретінде, осы мәселеге талдау жасап жүрмін. Ұлтымызға тән ұяңдық – қажетімізді сұрай алмаймыз, көп нәрседе шегіншектік басым.
Елбасымыз түрлі алқалы жиындарда да, небір жүздесулерде де тіл мәртебесіне қатысты ұстанымын айқын айтып жүр. Өткен аптада Ақтөбеде «Достық үйінің» салтанатты ашылуы рәсімінде де, ұғынған адамға, тура жолды көрсетіп бергендей болды.
Мені алаңдататыны – көптеген мемлекеттік қызмет атқаратын шенеуніктеріміз әлі де болса өз балаларын орыс тіліндегі мектепке береді. Ондағы ойлары, меніңше, қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарайтын болуы керек. Өздерінің тіл білмегендігіне кешіріммен-ақ қарайық, ал енді сол кемшілікті түзеуге өзі неге ұмтылмайды?
Осы мәселені күн тәртібіне өткір қоятын кез жетті ғой деп ойлаймын. Мемлекеттік тілге енжар қарайтын мемлекеттік қызметкер белгілі бір дәрежеде сынаққа тартылсын.
Бір күнде бәрі өзгермейтінін кім-кім де жақсы біледі. Саясатқа байланысты біраз шаруаны тыныш жүргізуге мәжбүр болдық. Енді, бүгінгі күн тұрғысынан қарап отырсақ, көз жұмып қарауға болмайтын кейбір жәйттер бар екендігін де анық сезінеміз.
Мынадай сауатты заманда қазақ тіліндегі көше жарнамаларындағы сауатсыз жазулар жиі кездесетіндігі көңіл жабырқатады. Әлі күнге дейін жарнаманы безендіруші суретші өз түсінігімен аудара салуы кездеседі. Жарнамаларды қазақ тілінде тиісті орындардан бекітіп барып, жазылуы тиіс емес пе? Осы мәселе сөз жүзінде дұрыс айтылады да, іс жүзінде әлі толық жүзеге аспай отыр. Егер, мекеме немесе кәсіпорын меншік түріне қарамастан әлгі құзіретті орынға аудармасын жасатып, бекіттіріп алса, осы арадан тілді дамытуға қажетті аз-кем қаржы да жинақталар еді.
Францияда тіл полициясы деген бар, енді сондай ұйымды бізде де енгізу қажеттігі туындап келе жатқан сияқты. Қадағалау, бақылау болмаған жерде тәртіптің жолға қойылуы қиын екенін өмірдің өзі көрсетіп келе жатқан жоқ па?
Әрине, жиырма жылымыз текке өткен жоқ. Талай түсіндіру жұмыстары жүргізілді, алға басу да, шегіністер де кездесті. Өз басым, тіл тұғыры биіктей беретіндігіне сенемін.
Менің байқағаным, қазір жергілікті орыс ұлты өкілдерінің өзі тілге қатысты ниеттерін түзеді. Көшеден, қоғамдық орындардан ана тіліміздің айбынды үнін жиі еститін болдық. Бүгінгіге қарағанда ертеңгі қадамдарымыз нық бола түсетініне, өз басым, еш күмән келтірмеймін.
Қайырбек ТОҚТАРОВ,
Ақтөбе қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері.




