«Әркімнің туған ауылы — өз жүрегінің астанасы»

Туған жер — қасиетті ұғым. Байғанин өңірінен шыққан қазақтың көрнекті ақын-жазушылар тобының бір өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжановпен әңгімеміз туған жер, туған жерге қызмет төңірегінде өрбіді.
— Байғанин десе, кезінде Қадыр Мырзалиевті: «Жарқамыстан Жазушылар одағының филиалын ашу керек» — деп тамсандырған, осы өңірде туып-өсіп, бүкіл қазақтың мақтанышына айналған көрнекті ақын-жазушылар еске түседі. Әңгімені осы кісілерден бастасақ. Біз бүгінде оларға лайықты құрмет көрсете алып жүрміз бе? Осы орайда ұсыныс-пікірлеріңіз бар ма?
— Жарқамыс бір кезде аудан орталығы болған. Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Мәди Айымбетовтер, яғни осы өңірден шыққан ақын-жазушылардың бәрі де Жарқамыстан орта мектеп бітірген. Бұрын ол маңайдағы ауылдарда, негізінен, бастауыш, орталау мектептер ғана болатын, ал орта мектеп Жарқамыста ғана еді. Жоғары кластарда мен де сол мектепте оқыдым. 9-класта бізге әдебиеттен Өтежан Нұрғалиев сабақ берді. Ауылда тракторист болып жүрген жерінен, Өтежанның өлеңдерін көріп, үлкен ортаға жеткізген, танылуына себепкер болған — Тобық аға. Тобық Өтежанның бір топ өлеңдерін Алматыдағы Қуандық Шаңғытбаевқа апарып көрсетеді. Қуандық өлеңдерді Әбділда Тәжібаевқа апарады. «Мұндай талант елеусіз қалмасын, оқытайық» деп, Әбділда ағамыз Өтежанды жол қаражатын төлеп, Алматыға алдырады. Өтежан аға осыны айтып: «Әбділда Тәжібаев — біздің өлеңдегі әкеміз», — деп отыратын. Тобық Жармағамбетовтің адамгершілігі мен бауырмалдығын ғана емес, жазушылық шеберлігі мен талантын да мақтаныш ететін. «Тобық — әңгіме жазудың нөмірі бірінші шебері. Әзірге мұны ешкім мойындамағанмен, алда мойындалатын уақыты келеді», — дейтін. Өтежан ағамыз ойындағысын айтып салып отыратын, тік мінезді адам еді. 60 жылдық мерейтойы облыс орталығында атап өтілді. Ал 70 жылдық мерейтойы туралы сөз қозғағаннан-ақ: «Туған күнімді туған ауылымда өткіземін», — деді. Жарқамысқа таяу Ақтам деген ауыл бар. Өтежан ақынның туған ауылы сол. Біз ол кісіні Қарауылкелдіден қарсы алдық. Сол жерде кітапханада кездесу ұйымдастырылды, аудан әкімі қонақасы берді, одан әрі туған ауылына қарай жолға шығу керек. Енді жүреміз деген уақытта Өтежан аға: «Мен шаршадым, ешқайда бармаймын, демаламын» — десін. «Бару керек» — деп, үгіт айтқандарға көнбейді. Бір мезгілде мен жаймен ғана: «Аға, анау көгілдір Жемнің бойындағы Жарқамыстың күнбатысында жас кезіңізде өзіңіз талай жүрген Сиырсалған деген құм бар, соның мына жағында Ақбұлақ бар. Ақбұлақтың жанында сіздің ауылдың адамдары екі сағаттан бері екі көздері төрт болып сізді күтіп тұрған көрінеді» — деп едім, «Не дейді?» — деп тұра келді. Өзіне бала күннен таныс, жанына соншалықты жақын, қатты сағындырған жерлердің атын естігенде, қайдан шыдап отырсын?
Ал Есенбай ақынды тұңғыш рет 1967 жылы көрдім. Сол жылы Жарқамыста 1918-1920 жылдары ақтардың қолынан қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш ашылған. Есенбай ағамыз ескерткіштің ашылуына қатысып, өлең оқыды. Кейін, облыстық газетте істеп жүрген кезінде, «Қанат қақты» деген айдармен бір топ өлеңдерімді шығарып, ақ жол тілеген болатын. Өкінішке қарай, Есенбай Дүйсенбаевтың туған ауылы Қалдайбекте қазір ешкім тұрмайды.
«Ақбұлақ» — кезінде бүкіл қазақ даласына таралып, ел-жұрттың рухын көтерген туынды. Жазушы Қалмахан Исабаевтың естелігінде жазылғандай, осы әні үшін Бәкір Тәжібаевты «түйе сойып, қонақ етер едім» — деп, шын ықылас-пейілімен құрметтеген адамдар болған. Халық солай құрметтегенмен, көзі тірісінде Бәкірдің бірде-бір мерейтойы атап өтілмепті. 2006 жылы 80 жылдық мерейтойын өткізуге азды-көпті үлесімізді қостық. 2012 жылы байғаниндік азаматтар ұйымдасып, Бәкір әнге қосқан Ақбұлақтың басына ескерткіш-белгі қойды. Ал енді келесі, яғни 2016 жылы туғанына 90 жыл толады. Осы мерейтойға арналған шаралар Ақбұлақтың басында ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сондай-ақ, Жарқамыстағы Тобық ағамыз тұрған үйдің орны қазір бос. Сол жерді қоршап, ағаш егіп, ескерткіш-белгі қойсақ деген ой көптен айтылып жүр. Бір кезде бұл істі қолға алмақшы болған азаматтар да болған еді, бірақ сәті түспеді. Бұл орынға тек Тобық аға емес, осы жерден шыққан, осы өңірдің өзені мен бұлағын, тау-тасын жырға қосқан басқа да ақын-жазушылардың есімдері жазылған тақта қойылса да, артықтық етпейді.
Өңірдің табиғаты — өз алдына бөлек әңгіме. Мысалы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының ертеректе жазған «Құртұрмас» деген өлеңі бар. Құртұрмас — сырт пішіні шың тәріздес, биік төбе. Бағзы бір заманда мұнда вулкан атқылаған деседі. Міне, осындай тереңнен сыр шертіп тұрған табиғат ескерткіштері, тарихи жерлері көп, қазақтың мықты қаламгерлері шыққан өңірді болашақта туристік орталыққа айналдыруға да болар еді.
— Өзіңіз өлеңге қалай келдіңіз?
— Мен туған Жаңатаң да — сол Жарқамыстың айналасындағы ауылдардың бірі. Ауылымыздағы бастауыш мектепке барып, әріп тани бастағаннан-ақ, қарттар мені орталарына алып, жыр-дастандар оқытуды әдетке айналдырды. Ол кезде күндіз-түні жарқырап тұратын электр жарығы жоқ. Кешкілік жетілік шамның жарығымен батырлар жырын оқып беріп, үлкендердің батасын аламын. Өлеңге деген құштарлығым да сол жыр-дастандардың әсерімен оянса керек. Өсе келе жоғарыда аттары аталған қазақтың көрнекті қаламгерлері — жерлес ағаларымыздың кітаптарын іздеп жүріп оқитын болдық. Өз топырағыңнан шыққан ақынның не жазушының шығармасын білмей қалсаң, ол бір үлкен мін сияқты көруші едік. Мектеп бітіргеннен кейін, бір жыл жұмыс істеп, КазГУ-ге түстім. Университет қабырғасында Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестікке мүше болдық. Бірлестікке ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаев, ал студенттер арасынан Нармағамбет Нүкешов жетекшілік жасады. Ай сайын белгілі ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылатын. Әдебиет төңірегінде әңгіме айтылады, ән шырқалып, жыр оқылады, соңынан бізге де кезек келеді. Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев, Нұрлан Оразалин сынды қазақтың көрнекті ақындарымен сол университет қабырғасындағы кездесулерде танысып, ақыл-кеңестерін ойға түйдік. Университет бітірген соң, туған ауылға оралдым. Мектепке мұғалім болып орналастым. Әрине, өлең ауылда да жазылады ғой… Бірақ, Мұхтар Құрманәлин, Есенбай Дүйсенбаев, сол тұста облыстық газетте меншікті тілші болған Ибадулла Сұлтанов сынды ағаларым: «Ауылда қалмай, Ақтөбеге кел, ортада жүр» — деп, солардың ақыл-кеңесін жерге тастамай, 1979 жылы Ақтөбеге келіп, облыстық телевидениеге жұмысқа орналастым. Сөйтіп, өлең мен журналистиканы қатар алып жүрдік. Журналист болған соң, ел-жер аралайсың, көп нәрсені көресің. Бір жерден бір жақсы бастама көрсем, ең алдымен ауылым еске түсетін, «Біздің ауылда да осыны істесе…» — деген ой көкейге келетін.
— Жуырда «Майдан мен тыл» атты кітап шығарыпсыз. Бұл шаруаны қолға алуыңызға не себеп?
— Бұл да туған жердің бір қажетіне жарасам деген ниеттен туды. Жаңатаң ауылы — бұрынғы «Абай» совхозының бір бөлімшесі. Қазір Қызылбұлақ селолық округіне қарайды. Бала кезімде ауылымыздағы клубта кино қойылса, қалмай баратын едік. Бір жолы кинодан келсем, жақын туысымыз — Раушан әже не көргенімді сұрады. «Соғыс жайлы кино» — дедім. «Соғыс? Ендеше, менің шалымды көрген шығарсың?» — деп сұрады жалма-жан. «Жоқ» — деп едім, сол жерде мұңын шағып, жылап қалды. Жолдасы соғыстан қайтпаған адам еді. Бір ғана Жаңатаң ауылынан майданға 128 адам аттанып, солардың тек 55-і аман оралған. Біз осы Раушан әже сынды аналардың мұң-зарына куә боп өстік қой.
«Майдан мен тыл» атты кітапта Қызылбұлақ селолық округіне қарасты ауылдардан Ұлы Отан соғысына аттанғандар, тыл еңбеккерлері туралы деректерді топтастырдым. Оқ пен от кешкен жандарға ескерткіш болсын дедім. Ескерткіш демекші, мектеп ауласында ауылымыздан Ұлы Отан соғысына аттанған жауынгерлерге арналып қойылған белгі тұр. Соны жаңартып, айналасына гүл ексе, бәлкім, мектептің бір бұрышынан соғыс ардагерлеріне арналған музей ашылса, дұрыс болар еді. Осы бір шаруа ауыл азаматтарының ойында жүрсе деймін.
— Туған ауылыңызға жиі барасыз ба? Ауылыңыздың тірлігі қалай? Соңғы жылдары ауылды көркейту мақсатында ұйымдастырылған шараларға атсалыстыңыз ба?
— Әркімнің туған ауылы — өз жүрегінің астанасы. Ауылға әрдайым хабарласып, жиі қатынап тұрамын. Біздің ауылымыздан шыққан, қазір Ақтөбеде тұратын азаматтар араласып, ауылдың жағдайын сұрасып, талқылап, қолымыздан келгенше көмегімізді де береміз. 2012 жылы, «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында, ауыл мектебі жанындағы шағын орталыққа арнап ғимарат салып бердік. Бұл іске Кенжетай Рамбаев, Темірхан Құлбасов, Мәнібай Елешов, Жүсіп Қисанов, Орынбасар Алданазаров және басқа да азаматтар, ауыл тұрғындары атсалысты. Ауылымыздың соңғы жылдардағы бір жақсы жаңалығы — мектеп жанынан күрес секциясы ашылып, балалар оған ерекше ынтамен қатысып жүр. Мұны көргеннен кейін, шыдап отыра алмадық, сол жерде үш рет жарыс ұйымдастырып бердік. Жарыстарға байырғы журналист Бақыт Ешбаева демеуші болды. Айта кетейін, осы секцияға қатысатын балалар аудандық, облыстық жарыстардан да көріне бастады.
Қазір мал ауылдың маңына жайылады. Соның салдарынан ауылдарды құм басып жатыр. Мұндай жағдай Жаңатаңда да бар. «СНПС — Ақтөбемұнайгаздың» бұрғылау бригадаларынан тракторлар сұрап алып, ауылды құмнан тазалау жұмысына да қатыстық.
Ауылдағы ағайыннан жұмыс жоқ дегенді естіп жатамыз. «Жер бар, неге мал бағып, егін екпейсің?» — деп айту оңай. Соны енді істе көрсетпек ойым бар. Бұрын жұмыста едім, қазір зейнет демалысына шықтым, бұған мүмкіндік туды. Немере інім Алпамыс Сейітназарұлымен бірлесіп, жер алып, шаруа қожалығын аштық. Жылқы малын өсіргіміз келеді. Көктемге қарай бақша да салармыз деп ойлаймын. Мен қаладағы өз үйімнің жанынан бақша өсіріп келемін. Жыл сайын, маусым айының басында-ақ, өз бақшамыздың қиярын дастарқанға әкелеміз. Яғни аздап тәжірибем бар. Жем бойынан шаруаға қолайлы жер алдық. Жылқы өсіріп, картоп, қарбыз ексек, ол, біріншіден, ауылдағылар үшін күнкөріс қамы болса, екінші жағынан, балалардың денсаулығын дұрыстауға да септігі тиер еді. Кезінде бір ғана біздің бөлімшеден 23 отар қой қысқа түсетін. Жұбанәлі, Сұлтанғали есімді ауыл қарттары бақша салып, балаларды қауын-қарбызға қарық қылатын. Өз әкем Айжан шопан еді. Қойын баға жүріп, тоғай арасына картоп егіп тастайтын. Соларды көріп өстік, сол өнеге бойынша өзімізді-өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз ету жайын біз де ойлауымыз керек. Сондықтан зейнетке шықтым екен деп отырып алмай, ауылдың тірлігіне араласайын дедім.
— Ендеше, «Іске сәт!» — дейміз. Қоғамның бүгіні мен болашағына қатысты ойларыңызбен де бөліссеңіз. Сізді ерекше толғандыратын жайттар?
— Біздің балалық шағымыз кішкентай ғана ауылда өткенімен, сол ауылда клуб та, кітапхана да болатын. Күнделікті кинодан бөлек, облыстық филармония ұжымдары, ауыл-аймаққа белгілі әншілер келіп өнер көрсететін. Тіпті Ғарифолла Құрманғалиевтің әнін де есіттік. Сол клубтар жекешелендіру тұсында жоқ болды. Ауылдарымыздың мәдениет ошағынсыз қалғаны өкінішті-ақ. Рас, соңғы жылдары ауылда мәдениет ошақтары қайта ашыла бастаған еді, енді әлемдік экономикалық дағдарыс салқыны килігіп, сол іс тағы тоқтайтын болды-ау деп уайым етемін. Мысалы, өз ауылым Жаңатаңда қазір клуб жоқ.
Мені ойландыратын тағы бір жайт — қазір мектептердегі мұғалімдер түгелдей дерлік қыз-келіншектер. Біз мектеп қабырғасында жүрген уақытта мұғалімдеріміздің 80 пайызы ер адамдар болатын. Мұғалім — мектептің жаны, тірегі. Ер адамдардың тәрбиесінде өскен ұрпақ пен әйел адамдардың тәрбиесінде өскен ұрпақтың айырмашылығы болмай қоймайды. Осы жағынан ұтылмаймыз ба деген ой жиі мазалайды.
Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



