Басты жаңалықтарЭкономика

«Aktobe invest-2015»: инвестиция мөлшері — 1,5 миллиард ақш доллары

Өткен жұма күні қаламызда өткен III халықаралық «АKTOBE INVEST-2015» инвестициялық форумы аясында облыс экономикасына жалпы сомасы 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуды көздейтін 13 меморандум мен өзара әріптестік туралы келісімдерге қол қойылды. Форумға 10-ға тарта мемлекеттен келген 100-ге жуық шетелдік инвестор мен 50 қазақстандық компания және ҚР Үкіметі мен салалық министрліктерінің, халықаралық қаржы институттары мен РФ Орынбор облысы басшылығының өкілдері қатысты.

«Жаңа Жібек жолы»

Форумның жұмысы келген қонақтардың назарына ұсынылған инвестициялық жобалар көрмесінің ашылуымен басталды. Көрмеге шығарылған 25 инвестициялық жоба облысымыздың басты салаларын қамтиды. Олар: мұнай өндіру, газ өңдеу, химия, қара және түсті металлургия салалары. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс материалдарын өндіру, энергетика және көлік логистикасына байланысты жобалардың да таныстырылымы өтті.
«Экономикалық әріптестіктің жаңа Жібек жолы» деп аталған пленарлық отырыс кезінде потенциалды инвесторлар үшін маңызды факторлар — облыстың көлік-логистикалық әлеуеті, пайдалы қазбалар қоры, еңбек және энергетикалық ресурстары, Ақтөбе агломерациясы ұсынатын мүмкіндіктер, инвестиция құюға болатын басқа да басты бағыттар мен мемлекеттік тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары кеңінен талқыланды.
«Халықаралық әріптестікті дамыту жолында жаңа Жібек жолының мүмкіншіліктерін пайдалану». Жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың әңгімесі осы тақырып аясында өрбіді. Ақтөбе облысы «Жаңа Жібек жолы» бағытындағы Шығыс пен Батыстың арасын жалғайтын транзиттік жолдардың бойында орналасқан. Облысымыздың инвесторлардың қызығушылығын оятатын басты ерекшелігі осында болса керек.
— Қазақстанға әуе арқылы, құрлық арқылы келетін көліктердің барлығы дерлік негізінен осы Ақтөбе арқылы өтеді, — деді Бердібек Сапарбаев.
Мәселен, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінің 628 шақырымы Ақтөбе облысының аумағында орналасқан. Енді ұзындығы 330 шақырым болатын Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы жолды қайта жаңғырту ісі қолға алынбақшы. Одан басқа, Ресейдің Челябинск, Магнитогорск, Свердловск облыстарына шығуға мүмкіндік беретін Ақтөбе-Орск тасжолын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынатын, Астанадан басталып, Арқалық, Ақтөбе қалалары арқылы Ақтауға дейін баратын тасжол да Әзірбайжан, Иран мемлекеттері мен әрі қарай Парсы шығанағы елдерінің нарығына тікелей шығуға жағдай жасайды.
Облыс басшысы жаңадан іске қосылған «Ақтөбе» индустриялық аймағында қаржы салып, жұмыс жасауға жергілікті инвесторлармен қатар шетел компанияларын да шақырды. Инвесторларға қызмет көрсету орталығы ашылғанын мәлімдеді. Жаңа орталықтың мақсаты — жобаның дайындалуынан бастап, нысанның іске қосылуына дейінгі аралықта инвесторға мемлекеттік қолдау көрсету.
Инвесторларға жеңілдіктер беру мақсатында қабылданған бірқатар заңнамаларды атап өтуге болады. Мәселен, Үкімет инвесторларды корпоративтік және жер салықтарын төлеуден 10 жылға дейін, мүлік салығынан 7 жылға дейін босатып отыр.
Облысымыздың пайдалы қазбаларға да өте бай екені белгілі. Облыс аумағында сирек кездесетін металдармен қатар, қара және түсті металдар мен көмірсутегінің мол қорларына ие 340-қа жуық кен орны бар.
Бердібек Сапарбаев жалпы аумағы 300 мың шаршы шақырым жерді алып жатқан Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласына да инвестиция салуға қолайлы аймақ екенін атап өтті. Облыс аумағында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері ішкі нарықпен қоса көршілес Ресей Федерациясын да азық-түлікпен қамтуға мүмкіндік береді.

Қолайлы инвестициялық климат

Халық саны 2 миллионнан асатын көршілес Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг өз облысының инвестор тартудағы тәжірибелерін сөз етті. Ресей Федерациясы құрамындағы көршілес облыста инвесторларды тарту үшін, оның ішінде бизнеске қажет инфрақұрылымды жүргізіп, индустриялық парктер құру мақсатында заңнамалық негіз жасалған. Губернатордың айтуынша, Орынбор облысында қазақстандық инвестицияның қатысуымен құрылған 100-ге тарта компания жұмыс жасайды.
Ал ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник Елбасының Ақтөбе агломерациясын құру туралы тапсырмасы инвесторлар үшін жаңа перспективаларға жол ашатынын мәлімдеді. Үкімет те инвестициялық ахуалды жақсарта түсу үшін барынша жағдай жасап отыр.
— «Жаңа Жібек жолының» жүзеге асырылуы Қазақстанның аймақтағы энергетикалық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызын арттырады. Ақтөбе де логистикалық орталық ретінде Каспий жағалауы аймағы, Ресей және Батыстың нарығына шығуда маңызды рөл ойнап, Қазақстанның «Батыс қақпасына» айналады, — деді ол.
Қолайлы инвестициялық климаттың қалыптастырылуы үшін маңызды мәселелер — еңбек ресурстары, еңбек қатынастарын реттеу. Жиында сөз алған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова өткен аптада қабылданған жаңа Еңбек Кодексінің жұмыс берушілер мен шетелдік инвесторлар үшін тиімді жақтарына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Еңбек Кодексі еңбек қатынастарын либеризациялауға бағытталған. Жұмыскерлерді жалға алу, оларды бір жерден екінші жерге апару және жұмыстан шығару процедуралары барынша жеңілдетілген. Ал жұмыскерлер үшін олардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін негізгі кепілдіктері сақталған.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға байланысты заңнамаға да өзгерістер енгізіліпті. Бұдан былай шетелдік маман тартуға байланысты бұрынғы шарттар алынып тасталып, жұмыс берушінің шетелден әкелінетін маман үшін белгілі мөлшерде ақы төлеуі туралы талап енгізілген. Сонымен қатар, инвестордың жобасы тиісті министрлік тарапынан белгіленген басты бағытқа ие жоба ретінде есептелсе, оның шетел маманын әкелуіне қосымша жеңілдіктер жасалмақшы.
Облысымыздың экономикасына қаржы құюшы ірі инвесторлардың бірі — «Қазақстан темір жолы» компаниясының президенті Асқар Маминнің мәлімдеуінше, ұлттық компания 2010-2015 жылдар аралығын қамтитын өткен бесжылдықтың ішінде Ақтөбе облысының көлік инфрақұрылымын дамытуға 400 миллиард теңге қаржы салған. Олар: Шалқар-Бейнеу теміржолы, Ақтөбе рельс арқалығы зауыты, теміржолы инфрақұрылымдарын жаңғырту жобалары, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі сынды жаңа автокөлік жолдарын салу жөніндегі инвестициялық жобалар. «Қазақстан темір жолы» алдағы 5 жылдың ішінде облысымыздың экономикасына қосымша 500 миллиард теңге қаржы салмақшы. Олардың ішінде логистикалық жобалармен қатар, өнеркәсіп орындарын ашу жобалары да бар. Ақтөбеде жаңа көлік-логистикалық орталығы мен болат қорыту зауыты салынатын болады.
2014-2015 жылдардағы негізгі міндеті шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуына белсенді түрде қатысу болып белгілеген «Бәйтерек» Ұлттық холдингі Ақтөбе облысында да бірқатар инвестициялық жобаларды қаржыландырды.
— Ақтөбеде біздің даму институттарымызбен тікелей жұмыс жасаған жобалар, кәсіпорындар өте көп, — деді «Бәйтерек» ҚБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бішембаев.
Үстіміздегі жылы іске қосылған Ақтөбе рельс арқалығы зауыты мен «Казхромның» 4-цехы осы «Бәйтерек» холдингінің қаржысымен жүзеге асырылды. Бұл екі жобаның жалпы құны 1,3 АҚШ доллары болса, холдингтің үлесі 600 миллион АҚШ доллары шамасында. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысында холдинг тарапынан облыста 1400 жобаға қолдау көрсетілген. Ал осы холдингке қарасты «Даму» қорының мәліметтері бойынша, өткен 5 жылдың ішінде олардың қолдауын көрген ақтөбелік кәсіпкерлер 200 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, мемлекетке 19 миллиард теңге салық төлеген.
«ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев Қарғалы ауданында салынатын цемент зауытына газ жеткізу үшін ұзындығы 60 шақырым газ құбырын тартуға 4 миллиард теңгеге жуық инвестиция бөлетіндерін мәлімдеді. Жаңа цемент зауытын «Көктас-Ақтөбе» АҚ мен қытайлық «Хуасинь Цемент» ААҚ қаржыландырады.

Ықылас пен ынтымақтастық

Пленарлық отырыста облыс әкімінің инвестициялар тарту ісінен жауапты орынбасары Ғали Есқалиев форум меймандарына Ақтөбе облысының инвестиция тарту әлеуеті жөнінде мәліметтер берді.
Аумағының үлкендігі жөнінен республикадағы 2-ші аймақ болып есептелетін Ақтөбе облысында 2014 жылдың қорытындылары бойынша, әрбір адам басына шаққандағы жалпы өнім мөлшері 12600 АҚШ долларын құрады. Интернеттің мәліметтері бойынша, Ақтөбеден 1000 шақырымға дейінгі радиуста 45 миллион адам өмір сүреді. Яғни, 45 миллион адамнан тұратын нарық мүмкіндігі ие. Ал радиусты 2 мың шақырымға ұлғайтсақ, Ресей, Беларусь, Украина, Әзірбайжан, Түркия, Иран сияқты мемлекеттердің халық көп шоғырланған қалаларын да қамтимыз.
Облыс аумағында жеткілікті мөлшерде пайдалы қазба қорлары бар. Облыстың энергетикалық ресурстары да жеткілікті мөлшерде. Электр қуаты, табиғи газ, техникалық су және жылу энергиясымен қамту бойынша ешқандай мәселе жоқ.
Ақтөбе агломерациясы 70 елді мекен мен Ақтөбе қаласын қамтитын 4,8 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Агломерацияда қазір 596500 адам тұрады. 2020 жылға қарай халық саны кемінде 645 мың адамға жетеді. Сондықтан агломерация инфрақұрылымын дамыту үшін болашақта өте ірі мөлшерде инвестиция қажеттілігі туындайды.
Алдымыздағы жылдарда Қобда, Мәртөк аудандары мен Ақтөбе қаласында аграрлық индустриялық аймақтар, ал Мұғалжар, Алға және Хромтау аудандарында өнеркәсіптік индустриялық аймақтарын ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеген Ғали Есқалиев форумға қатысушыларға осы мақсатта мемлекет-жекеменшік негізінде жұмыс істегісі келетін инвесторларға жер беріліп, мемлекет тарапынан барлық қолдаулардың көрсетілетінін мәлімдеді.
Форумның нәтижесінде тараптар 13 меморандум мен екі жақты ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойды. Инвесторлар Ақтөбе облысы аумағында ірі жобалардың жүзеге асырылуына қызығушылық танытып отыр. Таяу болашақта облысымызда ілеспе газдан көмірсутегі сұйығын дайындау жөніндегі шағын зауыт, никель және цемент зауыттарын салу қолға алынбақшы. «Атамекен» ҰКП, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Хуасинь цемент» компаниясы, «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ, «Ауыл шаруашылығына қолдау көрсету қаржылық қоры» АҚ және басқа да бірқатар компаниялар қол қойған Ақтөбе облысы әкімдігімен әріптестік жөніндегі меморандум аясында облыс экономикасына 1,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылатын болады.

Меймандар лебізі

Юрий Берг, Орынбор облысы губернаторы:
— Біздің арамызда тарихи байланысымыз бар. Тіпті бір кездері Орынбордың Қазақстанның астанасы болғаны белгілі. Арамыздағы байланыстың тығыздығы сондай, Орынбор облысының Қазақстанмен шектесетін 2 мың шақырымға жуық шекарасын «Достық шекарасы» деп атауға болады. Қазақстан мен Ресей екі бөлек мемлекет болып құрылғаннан кейін де біз, яғни бұл жерде өмір сүретін халықтар, бір-бірімізден бөлінбедік. Бір мәрте Ресейдің Сыртқы істер министрлігінде Орынбор облысының күндерін өткізген едік. Сол кезде министр Сергей Лавров: «Сендер шекарада қалай өмір сүріп жатырсыңдар? Мүмкін, Сыртқы істер министрлігінің көмегі қажет болар?» — деп сұрады. Мен оған: «Біз өзіміз сіздерге көмек көрсете аламыз. Біздің арамызда халықтық дипломатия жұмыс жасайды», — деп жауап бердім. Мен жылы, ізгі ниеттегі әріптестік қатынасымыз үшін әріптестеріме, әкімдерге алғысымды айтамын.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:
— Өте керемет форум өтіп жатыр. Ақтөбе облысы — Қазақстанның Ресейге, Еуропаға шығар қақпасы. Облыстың мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбалар қоры өте бай. Сондықтан инвестиция үшін өте тартымды аймақ болып есептеледі. Инвестиция — бүгінгі күні тек қана Қазақстан емес, дүниежүзінің барлық елдерінде экономиканы алға сүйреуші күш. Инвестиция ең жақсы жағдайлар жасалған жерлерге ғана барады. Біздің Президентіміз Н.Назарбев ол үшін барлығын жасап отыр. Бұған барлығымыз куәміз. Үкімет пен жергілікті биліктің, жергілікті бизнесмендер мен шетелдік инвесторлардың мұны түсінуі еліміздің көркеюіне себепкер болмақшы.

Асқар Мамин, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті:
— Ақтөбе облысында қолайлы инвестициялық климат орнаған. Бұл ірі көлік-логистикалық жобаларды жүзеге асыруға, жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Көрсетіп отырған қолдаулары үшін әкімдікке, облыс басшысы Бердібек Машбекұлына алғыс айтқым келеді. Рельс-арқалық зауытын саларда біз 3 аймақпен жұмыс жасадық. Инфрақұрылым ұсыну, жағдай жасау, білікті жұмыс күшімен және энергия ресурстарымен қамту сынды факторлар бойынша ең тиімді жағдайды Ақтөбе облысы ұсынды. Әрине, облыс әкімдігінің көмегі мен конструктивті жұмыс жасауы да біздің шешімімізге оң әсерін тигізді.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button