Мереке

Нұрлан ӘЛІМЖАН: Елбасы рөлін сомдау оңай болған жоқ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-актер, Елбасы жайлы киноэпопеяда басты рөлді ойнаған Нұрлан Әлімжанға хабарласып, оның тарихи туындыларға қатысты ой-пікірі һәм алған әсерін білген едік.

«Балалық шағымның аспаны»

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаяндық жолына арналған алғашқы фильмнің түсірілім жұмыстары осыдан 4 жыл бұрын басталды. «Балалық шағымның аспаны» деп аталған аталмыш картинаға Президенттің «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» кітаптары арқау болған. Оның режиссері — Рүстем Әбдірашев. Нұржұман Ықтымбаев, Бибігүл Төлегенова, Нұрлан Әлімжан, Ерлан Жарылқасынов, Елжас Әлпиев, Әбілмансұр Серіков сынды танымал өнер иелері ойнаған фильм көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
…Көркем туындыда Сұлтанның Шамалғандағы перзентханада өмірге шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, он жетідегі бозбала шағына дейінгі өмірі толықтай қамтылған. Оның қызықты да қиын өмірге қадам басуы, түрлі кедергілерге тап болуы кинода мейлінше жан-жақты көрсетілген. Басты кейіпкердің жігіттік шағын сомдаған белгілі актер Нұрлан Әлімжан киноға үлкен іріктеуден өтіп барып бекітілгенін, кейіннен түсірілім жұмыстарының да оңайға соқпағанын айтады.
— Бұл — тарихи туынды. Әрі Ұлт көшбасшысының өмірі жайлы сыр шертетін кино болғандықтан, оның басқалардан орны ерек. Сондықтан түсірілім жұмыстарында үлкен жауапкершілікті сезіндім. Осы рөлге лайықты деп танылғанымда, барынша көп ізденуге тырыстым. Елбасының жазған кітаптарын оқып, ол туралы ұсынылған деректі фильмдерді көріп шықтым. Үлкен экранға шықпастан бұрын оны басты прототиптің өзі тамашалайтынын біліп, тіптен қобалжыдым. Қанша айтқанмен, «Қалай болар екен?» — деп уайымдайсың ғой.
Асылы, бұл жұмыс үшін біраз тер төгуге тура келді. «Камера алдында жас жігіттің кейпіне енуің керек» деген талап қойылды, содан іле-шала бокспен қарқынды түрде айналыса бастадым. Бірнеше ай бойы спортзалдан шықпай, нәтижесінде 12 келіге арықтадым. Ол кезде жастар шаштарын ұзын ғып өсіруші еді ғой, мен де соған сай біраз өзгердім. Сосын мінез-құлығымды, жалпы қимыл-қозғалысымды қолдан келгенше бозбала Нұрсұлтанға ұқсатуға күш салдым. Сөйтіп, ақыры басты рөлді сомдайтын болып шықтым, — дейді Нұрлан Әлімжан.

«Отты өзен» және «Темiртау»

«Елбасы жолы» атты фильмдер циклының екінші және үшінші бөлімдерінің сценарийін Шахимардан Құсайынов пен Рүстем Әбдірашевтер жазды. Бұл қос картинада 1950-1960 жылдар кезеңіндегі оқиғалар қамтылады. Әсіресе, мұнда Нұрсұлтан На¬зарбаевтың металлур¬гиялық зауыттағы жұмысының қыр-сыры, сол жақтан Украинаға оқуға жіберілуінің жай-жапсары, кейін қайтып келіп жұмысын одан әрі жалғастыруы кеңінен суреттеледі. Сондай-ақ, әрине, Нұрсұлтан мен онымен қатарлас қыз-жігіттер арасындағы қарым-қатынас назардан тыс қалмайды. Ұлт пен ұлыстардың ұйымшылдығы, ғашықтық ғаламаты көрініс тапқан «Отты өзен» және «Темiртауда» да басты рөл біз әңгімелескен Нұрланға бұйырады. Оның сыры туралы өнер иесі былай дейді:
— Қос картина бір адам жайлы болғанмен, екеуін мүлде салыстыруға келмейді. Неге десеңіз, әрқайсысында Нұрсұлтан Әбішұлының әр жылдардағы тыныс-тіршілігі көрсетілген. Оның үстіне, екі киноның шығармашылық тобы да бірдей емес. Өз басым «мына рөлімді сәтті алып шықтым» деп айта алмаймын. Әр кейіпкерімді жанымды салып ойнағаннан кейін олай айтуға, бір-бірін бөліп-жаруға аузым бармайды екен.
Осы орайда «Неге үш фильмге де Нұрланды таңдаған?» — деген заңды сауалдың туындайтыны айтпаса да түсінікті. Оның себебін өзім де білмеймін. Бәлкім, өзіме берілген жұмысты жақсы атқарып шыққанымнан болар? Мүмкін, кескін-келбетіміздің ұқсастығымыздан шығар, кім білсін. Мамандардың айтуынша, ол кісімен жазық маңдайымыз, бет пішіміміз, жалпы өңімізде ұқсастықтар бар екен. Жеке басым Президентпен егіздің сыңарындаймыз деп тағы айта алмаймын.
Кеңес өкіметі тарихының айтулы кезеңіндегі болашақ саясаткердің жастық дәурені мен оның азаматтық болмысының қалыптасуы баяндалатын туындыны көрген Елбасының өзі жылы лебізін жеткізген-ді.

«Тығырықтан жол тапқан»

Нұрлан Баянғалиұлы киноэпопеяның төртінші бөлімі — «Тығырықтан жол тапқанда» Мемлекет басшысының 1971-1977 жылдары аралығындағы өмірінің кезеңдері, саясатқа енді қадам басқан сәті бейнеленгенін, сонысымен түсірілім жұмыстарының күрделі болғанын тілге тиек етеді. Өйткені сол кездердегі басты кейіпкердің қолданған заттарын, техникаларды табу айтарлықтай қиынға соққан. Десе де, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлiгiнiң тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсiрген картинаның киногерлері бар детальдарды қамтуға күш салып, сол уақыттағы замана көрінісін шебер жеткізе білді. Оны өз кезегінде басты рөлді ойнаған актер сөз арасында келтіріп, артынша төрт сериялы туындыдан алған әсерімен бөлісті. «Арада қанша уақыт өтсе де, бірнеше бөлімді фильмнің жұртшылықтың есінде көпке дейін қалатынына сенімім кәміл. Себебі ол ұзақ уақыт бойы, ерекше әзірлікпен түсірілді. Әрі бұған жетекші сала мамандары жұмылдырылды. Кәсіби майталмандар атсалысқан туындының өміршең болатынына күмәнім жоқ.
Бір айтарым, Президенттің өзі киноның әр бөлімін ерекше ықыласпен тамашалады. Оң бағасын берді. Кейіннен актерлерге жақындап келіп, ризашылығын білдірді. Менің болса, қолымды қысып, кейіннен құшақтады. Осылайша, мерейімді өсірді. Шығармашылық адамына бұның барлығы шалқар шабыт беретіні сөзсіз.
Көзімнің жеткені, Нұрсұлтан Әбішұлы өте қарапайым екен. Президент болса да, пейілі кең, кинода ойнаған әрқайсысымызбен емен-жарқын дидарласты. Сосын, түсірілім жұмыстарынан түйгенім, ол аса еңбекқор. Шынында, қарапайым отбасыдан шыққан Елбасы аталған қырының арқасында осындай жетістікке жетті емес пе? Әрі-беріден соң осы еңбекқорлығы, қайтпас қайсарлығы бәрімізге үлгі болуы керек. Сол кісіге ұқсап бақсақ, жаман болмайтынымыз анық. Сол себепті, осы рөлдерімнен кейін өзіме ерекше кірпияздықпен қарап, одан сайын көп жұмыс істеу қажет екенімді, сонда ғана белгілі бір белестерді бағындыратынымды түсіндім…» — дейді Н.Әлімжан.
Айта кетейік, жоғарыда аталған кинолентаға еліміздің мәдениет майталмандарынан бөлек, Валентин Гафт, Евгений Сидихин, Владимир Стеклов, Евгений Стычкин, Виктор Сухоруков, т.б. Ресейдің белді актерлері түсті.

«Жұлдыздар осылай жанған еді»

Жоспар бойынша «Елбасы жолының» бесінші бөлімі — биыл түсірілген «Жұлдыздар осылай жанған еді» фильмінің премьерасы Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді. Ресейлік режиссер Сергей Снежкин жетекшілік ететін кинода бұл жолы басты рөл танымал актер Берік Айтжановқа сеніп тапсырылыпты. Туындыда, сондай-ақ, Ғани Құлжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Қарлығаш Мұхамеджанова, Бибігүл Сүйіншәлина есімді жас кино және театр артистері ойнайды.
1984-1991 жылдар аралығындағы кезең арқау болған картинаның түсірілім жұмыстары Алматы, Қарағанды облыстарында өткен.
Киноэпопеяның заңды жалғасы — еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең қамтылатын алтыншы бөлім келер жылы түсіріледі деп күтілуде.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button