Тағылымды тұлға
Биыл медицина ғылымдарының докторы, профессор Ишанбай Қарақұлұлының туғанына 100 жыл толып отыр.
Осыған орай ғалымның туған жері – Ойыл ауданы үлкен тойға әзірленіп отыр. Ишанбай Қарақұловтың мерейтойына байланысты іс-шаралар жоспарында ғылыми-теориялық конференция, спорттық жарыстар, мерекелік концерт, т.б. бар. Той 19 қыркүйек күні Ойыл жерінде өтеді.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Медицина Ғылым Академиясы мен Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі – Ишанбай Қарақұлұлы шын мағынасындағы халық, ел адамы болып қалыптасқан кісі еді. Ол кешегі Кеңес заманында елдің ортасынан шығып, жұртын ұлы мұраттар жолындағы үлкен іске бастап, елінің мәртебесін көтерген азаматтардың қатарынан ойып орын алды. Оның ерен еңбегі, жеке басына тән қабілеттері мен қасиеттері ел арасында неше түрлі әңгімелер мен аңыздарды тудырды. Оның өзінен бұрын сол әңгімелері елге жайылып, ылғи да жақсылық пен қуанышты, мұңнан гөрі шаттықты, көңілді күндерді аңсап отыратын халық назарына ілікті. Парасаты мол, жаны жарқын адамдардың табиғаты да бай, мүмкіндігі де көп, жан-жақты болып келеді ғой. Олардан артындағы ұрпағына тәлім-тағылым, үлгі қалады. Ишанбай аға да – сондай жандар қатарындағы тағылымды тұлға.
Профессор Ишанбай Қарақұлұлы «Сырласу» атты кітабында: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: мал бақтық, ғылым қудық, ақыл-ой мұхитынан інжу-маржан сүзген ғалым атандық, желкілдеп өскен жас құрақтай жас ұрпақты тәрбиелеуге азды-көпті үлес қосқан болдық. Көшкен елдің соңында, атан түйенің қомында туып ек, елмен бірге есейіп, көппен бірге көркейдік. Енді қарап отырсам, жасқа да, жасамысқа да ақыл айтар ақсақалдардың бірі болып қалыппыз. Сексеннің сеңгірінен өткен жолымызға қайырылып бір қарайтын кезең де келіпті. Ұзақ өмір жолында жанды жадыратар жақсылық та, орны толмас өкініш те, тіпті ұялып еске алатын жайлар да аз болмағанға ұқсайды. Ойлап қарасам, солардың қай-қайсысы да ұзақ өмір сапарына аттанған жас үшін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге бола алатын сияқты. Өйткені, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену» талапты жасқа тән қасиет қой. Қазақ: «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» – дейді. Шүкір, жас аз емес, көрген-білген одан да көп сияқты. Жолымыз түсіп, Отанымыздың қалаларында, ауыл-селоларында болғанда, космонавтармен кездескенде, Азияның, Африканың және Европаның елдерін аралағанда басқалардың әр алуан сұрақтарына жауап бере жүріп, өзің де көп нәрсені үйренгеніңді байқайсың. Лекциялар, баяндамалар кезінде, дастарқан басында, серуен сәттерінде айтылатын әңгімелер үнемі бір арнаға барып тоғысатын сияқты. Ол – жастар тәрбиесі. Бұл тегін емес. Халқының, елінің болашағын ойлаған азаматты ұрпақ тәрбиесі енжар қалдырмақ емес. Оның бер жағында адам баласы жинақтаған ақыл-ойдан үйренуді үміт еткен әрбір жас өз тәрбиесіне немқұрайды қарай алмайды. Демек, жастар тәрбиесі өмірдің өзіндей кең де күрделі ұғым. Оған қысқа әңгімелер кезінде толық әрі жан-жақты жауап беру мүмкін емес. Көңілде жүрген ойларыңды, өмірден түйгендеріңді бір отырыста баяндап беру тағы қиын. Оның үстіне аудитория да шектеулі. Сондықтан жастар тәрбиесіне қатысты сұрақтарды жазып жүрейін, орайы келсе зерделі жастарымызға кеңесімді айтармын дедім. Осыған бекіндім де, оқушыммен ойша сырласа отырып, қолыма қалам алдым» – деп жазыпты.
Тегінде ұрпақ тәрбиесі, жастар тәрбиесі жайында айтқанда ескерер бір жай, тәрбие жөнінде айтылар ақыл-кеңес, ой-пікір қоғамның жастарға қойып отырған талабынан алшақ кетпеуге тиіс. Оның үстіне тәрбие өз принциптері мен заңдылықтары бар ғылыми категория. Сондықтан болар, Ишанбай аға өмір тәжірибесінде байқаған нәрселерін жазғанда тәрбиенің ғылымилық жағынан гөрі әлі зерттеле қоймаған халық педагогикасы тұрғысынан ой айтуға тырысқан. Әрине, бұлай етуге оның толық құқы бар еді. Мамандығы дәрігер болғанымен, ол басшылық жұмыстарда болды, ел-халықпен үнемі байланыста болды, бәрінен де бұрын ұстаз, педагог-ғалым еді. Ол алғы ойшылдардың, әсіресе қазақ зиялыларының жастар тәрбиесі жөнінде айтқандарынан терең хабардар еді. Профессордың пайымдауынша, тәрбие – ешқандай декретпен шешуге болмайтын, ұзақ мерзімді, қиын, шыдам мен шеберлікті керек ететін іс. Әрекетшіл адамға әсіре тақуалықтың қажеті жоқ, шынайы сенімнен туындайтын өмірге құштарлық, сергектік керек.
Ол тәрбие мәселесіне зор жауапкершілікпен, белгілі біліммен, даярлықпен келу қажет, сондықтан бұл істе әр түрлі әдебиеттерді, бұқаралық-ақпарат құралдарының хабарларын, халық даналығы – мақалдар мен мәтелдерді, ең бастысы, өмірден көргендер мен көңілге тоқығандарды кеңінен пайдалану қажет деп есептейді. Осы тұрғыдан ол отбасы тәрбиесіне, бала мен анаға деген қамқорлыққа жан-жақты тоқталады. Тәрбиенің екінші жағы – ұлтымызға тән қадір-қасиеттер мен салт-дәстүрлерді сақтау, білу. Тәлімгер аға осыған байланысты халқымыздың қонақжайлығы, татулық пен меймандастық, тыныштық, бауырмалдық қасиеттеріне ерекше тоқталады. Тойдың тәрбиелік мәні, салт-жоралғылар, тегін білу сияқты жақтарды да назардан қалдырмаған.
Еңбек тәрбиесі жайында профессор былайша толғанады: «Әуелі «адамды адам еткен – еңбек» дейтін қағида ойға оралады. Шынында, еңбексіздің сиқы да сұмпайы, көрген күні де қараң ғой. Еріншек езді, жатып ішер жалқауды қай халық болсын ең қасиетсіз санаған. «Ерінгеннің ерні жібімес», «Жалқаудың жанына барсаң, сылтаудың астында қаласың» деп тегін айтылмаса керек. Міне, сондықтан да еңбек тәрбиесі – күллі тәлім-тәрбиенің атасы. Жас ұрпақты еңбекке баулу, жасампаздықтың сара жолына бағыттау – барша халқымыздың қастерлі борышы болуы керек. Өйткені, еңбек – қоғамның материалдық және рухани байлығының негізгі қайнар көзі, адамның әлеуметтік абырой-атағының басты өлшемі, оның қасиетті міндеті, жеке адамға ұлттық тәрбие берудің іргетасы.
Баланы ерте бастан еңбек дағдысына үйрету тәлім-тәрбиенің бастауы. Оның қолына ақша ұстатып, нан сататын дүкенге жұмсаңыз, қорықпаңыз, сауда жасап қайтсын» – дейді тәлімгер. Сонда бала нанның нарқын біледі, сатушымен алыс-беріс процесінде қарым-қатынас жасау дағдысын алады. Ишанбай аға осы ойын мынадай мысалмен тиянақтай түседі: «Біздің үйде тұратын К. деген көршінің ұлы болды, бала өмірге бейімсіз, орашолақтау болып өсті. Балада еңбек дағдысы жоқ. Мен өз басым, сол баланың бірде-бір рет дүкеннен сүт, не нан сатып әкеле жатқанын көрген емеспін. Үйге керек-жарақты үнемі әке, шеше кезектесіп тасып жүргені. Әрине, бұл ата-ананың қателігі. Мұндай қателік жекелеген ата-анаға тән болса үндемей-ақ қоюға болар еді. Соңғы жылдары бұл ұнамсыз құбылыс тым етек алып кетті. Қазіргі жастардың арасындағы тоғышарлық, дүние қоңыздық, салғырттық сияқты келеңсіз пиғылдардың бір себебі осында емес пе екен?» – деп аяқтайды өз ойын.
Тәлімгер-ұстаз тәрбиенің барлық буындары сияқты еңбек тәрбиесі мен патриоттық тәрбиенің арасында ажырамас байланыс бар екенін көре білді. Патриотизмнің мағынасы әрі кең, әрі терең. Ол көп нәрсені қамтиды.
Әлбетте, патриотизм бір күнде пайда бола қалатын –нәрсе емес, ол мысқалдап жиналатын қадірлі қасиет. Патриотизм күнделікті тәрбиелік маңызы бар түрлі шаралардың, игілікті істердің, еңбекке, спортқа белсене қатысудың нәтижесінде қалыптасады. Нағыз патриот өзінің адамгершілік қасиетін барлық жерде, барлық жағдайда көрсете біледі. Ол еңбектегі ерлігімен ғана емес, отбасындағы, жұмыстағы, жол сапардағы, әр кездегі әдептілігімен басқаларға үлгі болады. Патриотизм дегеніміздің өзі осындай сан алуан ізгі істердің бәрінің жиынтығы іспетті нәрсе. Осындай патриоттық қасиеттерді бойына жинаған асыл азаматтарға еліміз кенде емес.
Адам баласы ғасырлар бойы өз денсаулығының мықты, өмір жасының ұзақ болу жолдарын іздестірумен келеді. Адамдардың өмір тәжірибесі, медицина ғылымының жетістіктері ұзақ ғұмыр жасау мен денсаулықтың ең негізгі кепілі – дененің қозғалысы, яғни, еңбек екенін дәлелдеп берді. Ендеше ежелгі адамдардың дене шынықтыру мәселесіне көңіл бөлгені тектен-тек болмаса керек.
Дәрігер-ұстаз денсаулық мәселесіне ерекше көңіл бөледі. «Дене мүшелерінің беріктігі, бұлшық еттерінің шымырлығы және мықты денсаулық бірін-бірі толықтыратын, бірінен-бірі бөлінбейтін ұғым, сұлулықтың айқын нышаны. Орыс халқының «Дені саудың – жаны сау», түріктің: «Дені саудың- көңілі шат», арабтың: «Денсаулықты бұзғаның – өзіңді-өзің тонағаның», қазақтың: «Бірінші байлық – денсаулық» деген мақал-мәтелдері ықылым замандардың сынынан өткен, шындығы мен өнегесі мол сөздер» – дейді ол.
Кәсіптік бағдарлау, яғни адамның мамандыққа икемділігін анықтау – көп халықтардың ерте заманнан көздеген мақсаты. Ұстаз-профессор кім болса да өз мамандығын сүйе білгені жөн деп есептейді. Әрине, жақсы көрмейтін нәрсені сүю мүмкін емес. Ал өзі қалаған мамандығы бойынша жұмыс істеу адамға ләззат береді, оның нәтижесі де өте мол болмақшы. Өзінің қабілетіне лайық сүйген мамандығы бойынша еңбек ететін адамдар жұмыста тез шаршамайтынын, өмірі де ұзақ болатынын дәрігер тілге тиек ете сөйлейді. «Бізде қазақ техникалық интеллигенциясын даярлау ісі мәз емес» – дейді ол. Менделеев кестесіндегі элементтер түгел дерлік табылып отырған республика жағдайында бұл ойланатын мәселе.
Адамның жақсы, жаман болуы әлеуметтік факторларға, тәрбиеге тікелей байланысты. Тәлімгер бұл мәселеге қатысты ойын былайша тарқатады. Үлкендер балаға үлгілі болу үшін олардың алдында өздерін дұрыс ұстай білгені жөн. Ата-ана жарасымды киім киюімен, мезгілінде тамақтандыруымен, үй ішінің тазалығымен, тәртіптілігімен, өзге адамға деген ілтипатымен, сыпайы мінезімен, жылы сөзімен бала көзінше өз абыройын берік ұстауға әрдайым міндетті.
Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені – ол үшін тәрбиенің ең үлкені, яғни баланың дұрыс адам боп қалыптасуы үй тәрбиесіне байланысты. Қысқасы, бала ата-анасының ұрыс-керісінің емес, тату-тәтті тіршілігінің куәсі болуға тиіс.
Баланы қанша жақсы көргенмен, оның елеулі қателіктерін аяқсыз қалдыруға мүлде болмайды. Бірақ ол үшін ұрып-соғып, қорламай, қамқор сөзбен түсіндіру қажет. Сол кінәсі үшін балаға: «Маубас», «боқмұрын», «ынжық» деп жұрт алдында жеку, ұрысудың тәрбие деген ұғыммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Мәдениетті, әдепті әулеттерде ата-ана өз балалары үшін – тәртіптілік пен сыпайылықтың, ынтымақтастықтың, қайырымдылық пен қамқорлықтың, адалдық пен адамгершіліктің үлгісі. Осындай өнегелі отбасында өскен балалардың көбісі-ақ есейіп жұбай таңдаған сәтте ұлдары өз аналарына, қыздары әкелеріне ұқсас адамдармен отбасы құруға тырысатыны анықталған. Міне, үй тәрбиесінің құдіреті осында жатыр.
Отбасы қоғам байлығы болып табылады. Өйткені отбасы – баланың ұшар ұясы, тәрбие мектебі, нақ осында оның мінез-құлқы қалыптасып, үлкен өмірге даярлықтан өтеді. Ғалым-ұстаз қоғамның отбасы босағасының берік, рухани жағынан кіршіксіз таза болуына мүдделілігінің басты себебі де осында дейді.
Дәрігер-ұстаз ұлтымыздың қайсыбір дәстүрлерін, олардың өмір салтымен, қазақи болмысымен терең ұштастыра отырып, медициналық тұрғыдан түсінік береді. Қазақтың көне салты бойынша, тұңғыш бала атасы мен әжесінікі делінеді. Бұған жас жұбайлар бала іште жатқанда-ақ көне бастайды. Халқымыздың бұл салтында ешқандай оғаштық жоқ сияқты. «Жас сәби жұбайлар мен ата-ананың арасында дәнекерлік қызмет атқарған. Мұның өзі жас отаудың іргесін бөлек салуына мүмкіндік бермеген. Тағы бір ғажабы, қартайып қалған ата-ана жас нәресте сүйіп, көңілдері көтеріліп, қайта марқаятын болған. Мұны ғылым да дәлелдеп отыр. Ондай жас нәресте сүйген ата-ана: «Немерем мектепке қашан барар екен, қашан ер жетіп үй болар екен?», – деген үмітпен өмір сүрген. Бұдан соң шөберемді көрсем деген тілек те пайда болады. Мұндай қариялар – нағыз бақытты қариялар да, осындай ата-аналары бар жастар жұлдызы оңынан туған жастар» – дейді көнекөз көпті көрген қария.
«Жас жұбайлардың ажырасып, семья бұзылуы – үлкен қасірет. Ол әсіресе бала үшін үлкен психологиялық қиындықтар әкеледі. Болашағын ойлаған адам бақыт кілті әр адамның өз қолында екенін түсінгені абзал. Басқаның ақылымен бақытты болам деу жаңсақ түсінік. Ендеше, семья болдың екен, басыңа қонған бақыт құсын жұбайыңмен қоса ұста» – деген кеңес береді, дәрігер-ұстаз.
Тәлімгер – ұстаз «еңбек – эстетикалық тәрбиенің негізі» – деп түсінеді. Өйткені, тек еңбек сүйгіш, білімді, мәдениетті адам ғана – қоғамның толыққанды мүшесі. «Егер осылай түсінсек, – дейді ол, – эстетиканың егізінің сыңарындай одақтасы – этика деуге болады. «Этика» – грекше «өнеге», «әдет-ғұрып», «мінез-құлық» деген сөз. Басқа да білім салалары сияқты, этика әр түрлі әлеуметтік-тарихи жағдайларға байланысты өте күрделі әрі ұзақ жолдан өтті. Оның қалыптасуына, дамуына көптеген адамгершілік мақсаттар мен мұраттар ықпал етті. Біздің этикалық-эстетикалық мұратымыз – сырт көріністің әдемілігі мен рухани кемелділіктің табиғи біте қайнасуы. Ондай адам – жетілген, қабілетті, парасатты адам».
Осыған байланысты сәнге әуестік жайында пікірін былайша баяндайды: «Адам жарасымды тәуір киіне білуі керек. Бұған кімнің таласы бар. Әйтсе де бүгінгі жастарға: әдебі мен әдеті көпке үлгі жас ұрпақ өкілдері екендеріңді қашан да, қайда болса да есте сақтаңдар дегіміз келеді. Өзіңді басқаларға үлгі ет, басқаларды қызықтыратындай әдептіліктің иесі бол, дейміз. Денсаулыққа, тазалыққа, сыпайылыққа зиянды ерсі әдет қай жерде де жеткілікті. Қыс пен күздің суық күндерінде де келте көйлекке қызығып, денсаулығына зиянын тигізіп алған, боятамын деп әсем шашын әлеміштеп алған, кірпіктерін жұлып енді оны қайта өсіре алмай жүрген бикештер аз ба? «Әсемпаз болма әр неге», – деп қайран Абай осындай ұрпақтарына ескерткен сияқты болады да тұрады. Қазіргі бірқатар жастарымыздың жаңа сән деп киіп жүрген киімдері олардың бәріне бірдей жараса бермейтіні де еске түседі. «Бес саусақ бірдей емес» – демекші, біреудің бойы қысқа болса, екінші біреу толық, тағы біреудің аяғы қысқа болып келеді. Ендеше соның бәрі де бір қалыптан шыққандай болмай, әркім мүмкіндігінше өзіне лайықты киім таңдап кисе, жарасымды емес пе? Тек тігіншілермен ақылдасып, етек-жағаны қалай пішкенде өзіне қонымды болатынын ойластырса, әдептен озбауды ескерсе, жетіп жатыр. Басқаны қайдам, өз басым жастардың, әсіресе қыз балаларымыздың әдепті, сыпайы-сынық болғанын өте ұнатам. «Әйелдің бойында әлсіздікті ұнатам» дегенде, дана Маркс оларды тіпті де кемсітіп айтпаған ғой. Әйелдің сыпайы қозғалысы мен сәнді жүрісі оның құлын мүшесінің үнсіз музыкасы сияқты емес пе? «Сымбат» деген бір ауыз сөздің өзінде қаншама әсемдік жатыр. Тағалы аяқ киім киіп, тайраңдап жүргеннің, жасқа лайықсыз сөз айтып, тасыраңдаудың эстетикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайды». Бұл Ишанбай ағаның, тәлімгер-ұстаздың бұдан ширек ғасыр бұрын айтқан ақыл кеңестері. Соған қарамастан бүгінгі күнмен үндесіп тұр. Біздің оған қосып-аларымыз жоқ.
Экономикалық білімімізді кәдеге асыру үшін бізге экономикалық тәрбие ауадай қажет дейді тәлімгер-ұстаз. Ал, бұл өзі оп-оңай іске аса салатын нәрсе емес. Қазір мектептерде еңбек өнімділігі, өзіндік құн, өнімнің сапасы, шаруашылық есеп сияқты экономикалық түсініктермен таныстыру ісі қолға алынып отыр. Бұл қуанарлық жай. «Күні кешеге шейін бұл мәселеге, экономикалық тәрбиеге мүлде бет бұрмай келдік. Бізде музыка мектебі, спорт мектебі, математика мектебі бар. Ал экономика мектебі жоқ. Қазақта: «керек тастың ауырлығы жоқ», – деген нақыл сөз бар. Тамаша айтылған ғибратты сөз. Бірақ біз ата-баба айтқандарының бәрін орындай бермейтін халықпыз» – деп қиналады тәлімгер.
Ишанбай аға осы тұста өз өмірі туралы былайша сыр шертеді: «Бертін келе қызмет істеп, мал таптық, ақша таптық. Мен қолыма ақшаны есейген шақта ұстадым. Содан ба, осы күнге шейін ақшаны ұстай алмай келемін. Осы бір маңызды мәселе төңірегінде ой кешкенімде жеке адам емес, семья емес, бүкіл бір елдің ұқыптылықты өмір заңы еткеніне қайран қаламын. Мәселен, бізге қарағанда өзбек ағайындар анағұрлым ұқыпты. Ұқыптылық – үлкен категория. Ол белгілі бір нәрсенің түптеп келгенде, өмірдің қадірін білуге келіп саяды».
Ишанбай Қарақұлұлы ең алдымен жастардың – жас бола білуін, өз аттарына сай болуларын армандады. Былайша айтқанда, «от шайнап, жалын бүркіп» өссе, жастықтың тұзын ақтаса, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болуға талпынса- деп тіледі. «Өз баламызды қандай жақсы көріп әлпештесек, жас қауымның бәрін де соншалықты әлпештеп өсіруіміз керек. Жастарды жалпылама айыптаудың орнына олармен бірге отырып, қоян-қолтық араласа жүріп, жас ұрпақ тәрбиесін жолға қою – алдымен үлкендердің міндеті. Жастар тәрбиесіне қаншама еңбек пен күшіңді жұмсасаң да көптік етпейді. Өйткені ол бүкіл халықтық игілікті іс, болашағымызға арналған еңбек. Өзіміз көрген, кезінде еліктеп соңынан ерген өз ағаларымыздың жалпы жұртқа өнегесі аз болмайтын. Бұл орайда әсіресе халқымыздың рухани қазынасына үлкен үлес қосқан, тағылымын әлем таныған Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Евней Букетов, Ілияс Омаров қандай еді. Ал енді осы аталған ардақты ақсақалдардың, ағалардың ізін басып, олардың ізгі қасиеттерін сақтап, олқы жерлерін өз шеберліктерімен толықтырып, халқымыздың рухани қазынасын молайтуға үлесін қосып, қаулап өсіп келе жатқан көптеген жастарымызды біз аға буын өкілдері мақтан етсек жарасымды емес пе?!».
Халқымыздың этномәдени дәстүрлерін жақсы білетін Ишанбай Қарақұлұлы ұлтымызға тән қонақжайлық, сыйластық, туыстық сияқты жайлардың таным-тәрбиелік, тағылымдық жағына ерекше назар аударады. Ол қазақтың қонаққа деген кең пейілін, қошеметін мақтап, осындай асыл қасиетті ұмыта бастаған бір қазақ азаматын әңгімелей отырып, «Мұхтар Әуезовтің: «Қонақ күтіп, қонақасы беруден айрылған қазақ – көп нәрседен айрылған қазақ», – дегені әлі күнге есімнен кетпейді» – деп тұжырады өз ойын.
Қазақ көпшіл халық. Сондықтан ол өз туыстарын біліп, араласып жүрген. Басқаларды да, тіпті өзге ұлт өкілдерін де жатсынбаған. Соның арқасында өмір салтына өзгені өзекке теппеу, сұраса келе олармен де «қарын бөле» болып шығу жиі кездескен. Ишанбай Қарақұлұлы осы жайды айта келіп, қалада оқып, басқа жаққа жұмысқа кеткен қазақ жастарының көпшілігі тума-жегжаттарын етене жақсы біле бермейді. Бұл – «ағайыншылықтан кету» деген сөз. Ал салтты жаңартып, жақсартып пайдалана білсек, ол осы бір кемшіліктің орнын аз да болса толтыруға себеп болар еді.![]()
Өйткені, халқымыз жеті атасын білмеген кісіні «жетесіз» деп санаған. Сонда қазақ жеті атасын не үшін білген? Соңғы ұрпақ өзінің алдындағы ұрпақтың дәстүрін, тұрмыс салтын, тіршілігін, бәрі-бәрін қаз қалпында қайталап отырған. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан даланың жазылмаған заңы, дәстүрі бұзылса, тіршілікке орны толмас зиян келтірген. Менің алпыс жасқа келген тойымда атақты ғалым ініміз, академик Евней Букетов: «Қобыланды батырдың қарындасы Қарлығаштан өрбіген оныншы ұрпақ Қарақұл шопанның он төртінші баласы атан қомында туыпты. Біздің Ишекеңнің ата-анасы қуана күткен ұлы Ишан, бай болады деп үміттеніпті, бірақ сол кезде олар осы нәрестелеріңіз ишан да болмайды, бай да болмайды, оның орнына үлкен ғалым, екі академияның корреспондент-мүшесі, медицина ғылымының докторы, профессоры болады десе, түсінбес те еді. Өйткені біздің Ишекеңнің ата-анасы осы бір көп күткен нәрестенің, ақын айтқандай, «шепті бұзып, белді асып», адам естімеген өзгеріс, адам көрмеген дауыл әкеле жатқан жиырмасыншы ғасырдың басында туғанын қайдан білсін!» – деп сөйлегені бар» – деп еске алады. Біздіңше жеті атасын білгеннің зияны жоқ. Тек ол басқа адам мүддесіне, қоғам мүддесіне қайшы келмегені дұрыс дейік.
Белгілі қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Ишанбай Қарақұлұлы ел болашағы жастарда деп біледі. Жас кезде алған тәрбиенің күллі өмірге, болашақ отбасына, өсірер ұрпаққа тигізер әсері өзгеше болмақ. Сондықтан да тәрбие деген сөзді көбінесе жастарға байланысты айтамыз. Өзінің жастық шағын, өз өмірін Ишанбай аға жиі еске алады және оны бүгінгі күнмен ұштастыра баяндайды, бүкпесіз ашығын айтады: «ол кез мен үшін, бір жағынан, қуанышты әрі жеңіл, екінші жағынан, ауыр әрі қиын заман болды. Жеңіл болатыны – есім кіргеннен бастап қазіргі күнге шейінге бүкіл ғұмырым көз алдымда сайрап тұр. Ал ауыр дейтінім – осы сексен жасқа дейінгі бастан кешкен өмірім, әсіресе жастық шағым бейнебір «тар жол, тайғақ кешу» сияқты. Елде аштық болды, жағдай қиындады, амалсыз қоныс аударуға тура келді. Біз қазіргі Қарақалпақстанға түйемен көшіп, 63 күн дегенде зорға жеттік. Сол уақыт ішінде көрмеген азабымыз қалған жоқ. Жейтін тамақ аз, су одан да қат, аштықтан шөл қиын екенін сонда білдік. Қатты шөлдеп аузың құрғағанда сілекей шақырып, таңдайды ылғалдау үшін тілдің астына әйелдің шашын, немесе аттың жалын, түйенің шудасын бүктеп салатынын білдік.
Көп ұзамай он жасқа жетер-жетпей алдымен Базарбайдың, одан соң Төлеу, Сапар, Сұлтан дегендердің жалшысы болып күн көрдім. Малды да бақтым, үйді де сыпырдым, жаялық та жудым, тамақ та пісірдім. Егін егіп, жер суарып, арық қаздым. Түсініспестіктің салдарынан жаңаны жақтағандардың, жаңа оқуға ұмтылғандардың зәбір көргені, қаза тапқандары аз болған жоқ. Оқуға өз ықтиярымен барғандар да болды. Солардың бірі мен едім. Үш айлық курсты бітірген соң Түркіменстандағы Ташауыз қаласында асханада жұмысшы болдым, кейін сондағы округтік партия комитетінде курьер болып жүріп, кешкі саяси сауатсыздықты жою курсында оқыдым. 1925 жылы комсо![]()
молға кірдім. Онан соң Қарақалпақстандағы өзім батрақ болған ауданда жұмыс істеп жүргенімде, Орынбордағы интернатқа оқуға жіберді. Онда 1926-1929 жылдары оқып, 1929-1930 оқу жылы Оралдағы медицина техникумына ауыстым».
Профессор өз өмірін осылайша еске алды. Он алты жасында алты, жеті жасар балалармен бірге алғаш мектепке барған, институтқа даярлықсыз түсіп, оны сәтті бітірген, өте жауапты қызметтер атқара жүріп, 1946 жылы кандидаттық диссертация қорғап, диплом алып, онан соң екі жарым жылдың ішінде докторлық диссертация қорғаған, жоғары атақтарға ие болған – осының бәрі, өмір тәжірибесі аз кейбір жастарды таңдандыру былай тұрсын, тіпті сенбеушілігін туғызуы да мүмкін-ау. Алайда, бұл – сол кезеңдегі талапты жастардың көбінің басында болған жағдай.
Олар өз уақытында ұлттық мәндегі жан-жақты тәрбие ала алмады. Бірақ білмеймін, түсінбеймін, шамам жетпейді деп қол қусырып та отырмады. Соған қарамастан олардың замандастарының көрген азабы, тамған тері мен аққан қаны, еткен еңбегі босқа кеткен жоқ.
Әрине, дүние бір орында тұрмайды. Бұл дүниеден бір ұрпақ көшіп, орнына жаңа ұрпақ келеді. Оларға бұрынғы және қазіргі аға ұрпақтардың кейбір істер ұнамауы да мүмкін. Бұл заңды да. Өйткені жер бетіндегі тіршілік, қоғам, адамдар үнемі тынымсыз жетілу, жаңғыру үстінде болды.
Ал бүгінгі жастар балабақшаны, балалар алаңын, мектеп, театр, клуб, радио, телевизорды, көкті кезіп жүрген самолетті баяғыдан бар үйреншікті заттай көреді. Бұл үшін жастар кінәлі де емес. Өйткені, оларды «Әзір асқа тік қасық» етіп тәрбиелеп жүрген өзіміз ғой. «Баланы кішкентай кезінде қабырғасы қатпаған әлі жас қой деп жұмсамаймыз, сөйтіп жүріп ұл-қызымыздың кер жалқау болып өскенін аңғармай да қаламыз. Енді ол жұмсасаң тіліңді алмайды, тіліңді алмайды емес, істің көзін тауып атқара алмайды. Содан соң ыза боласың да бар шаруаны өзің істейсің. Бұл өтірік пе, ағайын?» – деп Ишанбай аға артындағы біздерге сұрақ қоя ой тастайды. Шындық, сондықтан келіспеске шараң жоқ. Тек тағылым алу, қорытынды шығару керек.
«Аз ба, көп пе, әйтеуір, ойда жүрген біраз жайды ағынан жарылып сіздердің ортаңызға салғаным, еңбегімнің ел талқысына түсуі бір олжа болса, кейінгі ұрпаққа көрген-білген, бастан кешірген талай жағдайды айтқанымның өзі қандай ғанибет. Осы еңбекпен дұрыстап танысқандардың көпшілігі мұндағы көтеріліп отырған мәселелердің болашақ үгітшілері деп ұғамыз. Білген кісіге бұл да аз олжа емес. Сөйтіп, көптен көңілде жүрген бір істі тындырып, сыншыл да, шыншыл жас достарыммен кездескеніме қуаныштымын» – дейді аға ағынан жарылып.
Жастарға арнап: «Жас достарым! Гүлдің қауыз жарып, жұпары аңқып, төңірекке әсемдік, сұлулық тарататыны сияқты адам баласының да жарқырап жайнайтын шағы мына сенсіңдер. Олай болса, бекер масайрап, орынсыз мастанбай, елге, қоғамға қосқан үлестеріңе қараңдар. Әр жасты халық мақтап, сыйлайтын болсын. «Еңбекпенен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» деп халқымыз бекер айтпаған ғой! Осыны естен шығармаңдар! «Асыл ағаш тік тұрып қурайды»- демекші жастай алған тәрбие өмір бақи тозбақ емес» – деп өсиет айтады.
Жастарды жан-жақты тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы аса күрделі де абыройлы міндеттердің бірі. Бұл жөніндегі өзінің білгендері мен ойда жүргендерін ұлағатты ұстаз жұртшылық талқысына салған.
Тәрбие сан алуан. Оның барлық түрін түгелдей қамту да мүмкін емес. Сондықтан ол тек солардың басты-бастыларына ерекше тоқталып, келер ұрпаққа байыппен әңгімелеп берген.
«Игілікке ұмтылу – жастардың бойында кездесетін таптырмас қасиеттердің бірі екені ежелден белгілі. Бұл еңбекті жазу үстінде біз болашақ жас достарымызға сендік. Біздің айтқандарымыз жас ұрпақтың күнделікті кәдесіне жарап жатса, онда еңбегіміздің зая кетпегендігі», – деп аяқтапты «Сырласу» кітабын Ишанбай аға. Біздің де осы мақаланы жазғандағы ойымыз осыған саяды. Ұлт үшін, ел игілігі үшін ерен еңбек еткен тұлғаларымызды ұлықтап, олардың өсиеттерін, өнегелі әңгімелерін еске алып отыру – жастарымыздың болашағы үшін керек деп білдік.
А.ТАЙЖАНОВ, философия ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік
Ғылымдар Академиясының академигі,
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан
Мемлекеттік медицина университетінің кафедра жетекшісі.



