Мәдениет

Өзіне тартқан өлеңі

Сонау 1977 жылдың жазында әсем қала Алматыда республикамыздың түкпір-түкпірінен жиылып, бас қосқан абитуриенттер қатарында біз де бар едік. Бүгінде есімі елге белгілі ақын, қаламгер жолдасымыз Сағындық Ниянқұловпен осында таныстым.
Негізінде, біз маңдай тіреп барған журналистика факультетінің талапкерлері бірін-бірі көбінесе сырттай білетін болып шығады. Өйткені солардың қай-қайсысы да мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өздері тұратын жердегі аудандық газеттен бастап, республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттеріне дейін азды-көпті мақалаларын, кейбірі өлең-әңгімелерін жариялап, айналаға танымал болып қалады. Сағындықтың есімі де бізге осындай реттермен жақсы таныс болатын.
Алтықарасу атты ауылда төрт жылдай еңбек етіп, өмір көріп келген ол шығармашылық конкурстардан қиналмай өтіп, емтихандарды да алдыңғы қатарда тапсырып шықты. Қаламдарынан жел есіп, тай жарысына қосылған сынды көңіл күйде жүретін курстастарымыз оның ақын екендігін көп ұзамай мойындай бастады.
Сағындықтың өлеңдерінен өз өмірі, туған ауылы, оның ақжарқын адамдары айқын көрініп тұрғандай елес беретін сол кездің өзінде-ақ.
Ауылда өстім, тыңдадым бұлақ үнін,
Ата-анамның жалғыз ұл шырағымын.
Барған сайын көзге оттай басылатын,
Темір деген өлкенің ұланымын! —
деп ол өзі туып-өскен өңірді мақтан тұтатын ылғи да.
Әдетте шығармашылық айдынға қарай шығуыңа әсер тигізетін адамдар болады. Сағындық үшін сондай жандардың бірі Хайролла Евесов атты ұстазы болғандығын ол жиі айтып отырады. Бастауыш сыныпта сабақ беретін ол кісі аудандық, облыстық газеттерге жазған мақалаларын, сын-сықақтарын конвертке мұқияттап салып, «Сәкенжан, поштаға мынаны салып келші» деп жұмсайды екен. Көп ұзамай сол дүние басылым бетінде жарық көріп, бүкіл ауыл болып оқып жатқанда, осы дүниеге өзінің де қатысы барын сезініп, шәкірт бала іштей марқайып жүргенге ұқсайды.
Оның әдебиет ауылына жақын болуына аяулы анасы Тәбештің де игі әсері болған сияқты. Ол өзінің перзентін кішкентайынан әлдилеп отырып, «Мұңлық-Зарлық», тағы да басқа халық дастандарын жатқа айтып, әдемі әуенді құлағына сіңіре беріпті.
Мектепте өзінен бірер жас үлкендігі бар Әкімғали Мұстафиннің де өлең жазып, екеуінің туындылары аудандық газетке жарыса шығып, өзара бәйгеге қатысқандай күй кешкенін де Сәкең бұл күнде сағынышпен айтады.
Сағындықтың «Қазақстан» деген үш шумақ өлеңі 1969 жылы, яғни он төрт жасында республикалық жастар басылымы — «Лениншіл жас» газетінде жарық көріпті. Сондағы бірге оқитын сыныптастарының «Ой, Сәкен, сен ақын екенсің ғой» деп шуласқанын да әлі ұмытпайды.
Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Дүйкен Жұманов ағайының ақыл-кеңесін де өмірі ұмытпайды. Ол шәкіртін әдебиет әлеміне қарай тереңірек тартып, ізгілік иірімдеріне қарай жетеледі. Бүгінде ақсақалдық ауылының төрінде отырған сол ұстаз Ақтөбе қаласында тұрады, өз алдынан түлеп ұшқан талантты оқушысына әлі де тілектес қалпын білдіріп жүреді.
Мектепте оқып жүргенде Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтанов, Мұхтар Құрманалин, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Қажығали Мұқанбетқалиев секілді ақын-жазушылардың баспасөз бетінде жарық көрген әр туындысын іздеп жүріп оқитын Сағындық кейін есейгесін сол ағалардың біразының қолын алды, өз шығармашылығы жөнінде жылы лебіздерін естіді.
Белгілі ақын аға Есенбай Дүйсенбайұлының қаламгер інісі туралы ой-тұжырымы оқырман үшін қызғылықты болар. Ол «Мен Сағындық Ниянқұловтың өзін көрсем де, өлеңін оқысам да, неге екенін қайдам, ұлы лирик Қасым Аманжоловтың «Өлеңім өзіме тартқан» деген сөзі ойға оралады. Оның алғашқы тырнақалды жырларынан бір ұяң, сабырлы да ойлы ішкі әдеп, мәдениеттілік ұшқындарын байқадым да, жас ақынның алғашқы қадамына сәт сапар, ақ тілеу білдіріп, тұңғыш топтама жырларын облыстық «Коммунизм жолы» газетіне жариялағанмын» дейді.
Сонау бір балаңдау кезде «Жігер» деп аталған жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне қатысқан кезінде поэзия секциясына жетекшілік еткен Сағи Жиенбаев аға да оның өлеңдері туралы жақсы пікірін білдірген-ді. Сол фестивальдің қорытындысы бойынша «Солдатқа хат» деген өлеңі жазушы Софы Сматаевтың қолымен «Жұлдыз» журналының 1978 жылдың сәуір айындағы санында жарияланғанда мәртебесі бір өсіп қалғаны бар. Журналистика факультетінің бірінші курс студенті үшін бұл аз олжа емес еді.
Ол университет қабырғасында жүрген бес жылда Алматыдағы көптеген әдеби-мәдени шаралардан қалмайтын. Сол тұста есімдері дүрілдеп тұрған Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Шаханов, қазақтың ақын қыздары Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметовалармен өткен кездесулерден көп нәрсе үйренгендей болды. Даңқты қолбасшы, жазушы, халқымыздың аяулы ұлдарының бірі, «Халық қаһарманы» атанған Бауыржан Момышұлымен болған жүздесу әсері бүгінге дейін санасында сайрап тұр.
Сағындықтың әкесі Егінбай ақсақал ауылдың шаруа адамы болған, мал баққан, баласын да еңбекке баулып, үлкен азамат болса деген тілектің соңында жүрген. Әке үлгісін көріп өскен бала оны жерге қаратқан жоқ. Университет бітіріп келген соң облыстық «Коммунизм жолы» газетінде әдеби қызметкер болып журналистік еңбек жолын бастады. Сексенінші жылдардағы басылым беттерінен жас журналистің жазбаларын оқырман жиі кездестіретіні жадымызда.
Бұл күнде асқар таудай болған әке де, аяулы ана да мәңгілік мекендерінен қоныс тапты. Бірақ олардың жарқын бейнесі бала көңілінен ешуақытта шықпайды. Соның бір дәлеліндей, Сағындық өзінің кезекті кітабын «Әкеммен сырласу» деп атады.
Тағы бір айта кететін сүйінішті жайт, ақынның бұл туындысының жарыққа шығуына «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясының президенті, бес жыл бірге оқыған жолдасымыз Қонысбек Ботбаев көмегін тигізгені.
Әрине, жұртшылық жақсы білетін Сәкең біреудің алдына барып, көмек сұрайтын, я болмаса біреуге жағынып-жалбарынатын адамдар тобынан емес. Былайынша аңқылдап, ақ жүрегін ұсынып жүргенімен, қажет жерінде ақиқатын айтып салудан тайынбайды. Сол тура мінезден өмірде таяқ жеген де кезі болған шығар, бірақ бойға біткен өзгеше қасиеті оны басқалардан өзгешелеп тұратыны ақиқат. Сонысымен де айналасына сыйлы.
Әйтпесе, Ақтөбедегі ірі құрылыс компаниясын басқарып отырған Бижан Қалмағанбетов сынды азаматтар өздері бұрылып келіп, «Аға, бір кітабыңызды шығарып берейін» деп тілегін айтар ма еді?! 2005 жылы баспадан шыққан «Бір қуанту — арманым» өлеңдер жинағы осындай ізгі ниеттің арқасында халықтың қолына жеткен.
Бала кезден бірге өскен достары «ортамыздан бір ақын шықты» деп мақтанып, шаттанып жүреді өзара. Солардың бірі кәсіпкер Марат Алдашев қат-қабат жұмыстан қолы босай қалса, Сағындыққа хабарласады, жаңа өлеңдерін сұрайды.
Сағындықтың күні бүгінге дейін төрт кітабы жарық көрді. Әлі де баспаға ұсынылмаған, жылы күйінде өзінде сақтаулы тұрған жырлары да аз емес.
Пролетариаттың ұлы жазушысы Максим Горький «егер өміріңді азапқа салғың келмесе, жазушының әйелі болма» деп жазған екен кезінде. Бұл сірә, қаламгер еңбегінің қиындығына жасалған сілтеме болса керек. Осындай «азапты» бастан кешуге өз еркімен мойынсынған Атыраудың аруы Зияш Сейілханқызының ерлігін бүгінгі күні айтпай кетуге және болмайды. Ол Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының қабырғасында білім алып жүрген кезінде Алтықарасуға келін болып түсті. Ол кезде Алматыда оқитын студент Сағындық жаулығы желбіреп отырған жас келіншегін ата-анасының қолында қалдырып, оқуына қайта кетеді. Студенттер отбасында сол кезде үш перзент дүниеге келіп, ата-әжесінің көз қуанышына айналды.
Зияш әулеттің сүйікті келіні болып қойған жоқ, ақын күйеуінің оң жағынан шығып, қай кезде де оның жағдайын жасады. Қуанған кезінде бірге жадырады, күйінген сәтінде жұбатты. Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем қызметінде білікті дәрігер ретінде танылып, талай адамның алғысына бөленді.
Талай рет айтсақ та өзгеге сын,
Білем енді мені ешкім жөндемесін.
Кемшілігім жетерлік, сонда да сен,
Қол жетпестей асылға теңгересің, —
деуі оның өмірлік серігіне деген адал көңілі, шын пейілі.
… Кешегі студент достың алпысқа келіп қалғаны бір түрлі қызық екен. Ол әлі де жарқылы мол жастықтың ауылында жүрген сияқты. Мен үшін Сағындық сол баяғы қалпында. Өйткені ол — қызығы мол сол бір шақтың, қайталанбас кездердің куәгері.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button