Басты жаңалықтар

Әлеуметтік-экономикалық даму: он ай нәтижесі

«Дағдарыс өтеді, біз жұмыс істеуіміз керек»

Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында күн тәртібі негізінен Мемлекет басшысының қараша айындағы Үкіметтің отырысында берген тапсырмалары аумағын қамтыды.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев әлемдік дағдарыстарға қарамастан, экономикалық даму, ілгерілеу қадамдарын қамтамасыз ету бүгінгі уақыт талабы екеніне тоқталып, осыған байланысты жергілікті атқарушы билік өкілдеріне қойылатын талаптың бұрынғыдан да жоғары болатынын баса айтты.
— Ең алдымен барлық мәселеге қатысты экономикалық талдау жасалу қажет, екіншіден, көзделген тапсырмалардың орындалуын бақылау жүзеге асуы тиіс,— деп атап көрсетті облыс әкімі.— Қазіргі уақытта қосымша көздерді табу, барлық резервтерді іске қосу маңызды. Барлық сала бойынша комиссиялар құрылды, бірақ көбісінің тиімділігі аз. Әзірге Алға ауданында ілгерілеулер байқалады.
Біз халықтың жағдайын ең бірінші ойлауымыз керек. Отыз үш әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеуге қатысты жұмыс істейтін комиссия жұмысына да сын көп.
Жиында Ақтөбе агломерациясы аумағына кіретін елді мекендердің дамуына көңіл бөлу, жол бойы сервисін жандандыру, облыста суармалы жерлер мүмкіндігін пайдалануды ойластыру жайы да қамтылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы ұсақ қожалықтарды ірілендіру, оның тиімділігін жұртшылыққа түсіндіру сөз болды. Облыстың экспортқа ет шығару мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану тапсырылды.
Ауыл шаруашылығында мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндігі толық пайдаланылмайды, бірқатар жерлерде жұртшылыққа түсіндіру, оларға қолдау көрсету жағы жетіспейді.
Дағдарысты бұрын да бастан өткердік. Бұл дағдарыс та ерте ме, кеш пе, өтеді. Біз оған қарамастан жұмыс істеуіміз керек.
Облыс басшысы кіріспе сөзден кейін нақты мәселелерді қарауға көшті.

Он айдың үлесі

Өткен он айдың нәтижелері қандай? Бұл сауалға қатысты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашева баяндама жасады.
Оның мәлімдеуінше, макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша талдауда бірқатар салаларда көрсеткіштердің төмендеуі байқалады. Мәселен, өнеркәсіп көлемі жөнінен бұрынғы кезеңмен салыстырғанда аздаған шегіну бар. Қобда, Мұғалжар, Ойыл, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласынан басқа өңірлерде көрсеткіштердің төмендеуі орын алған. Сондай-ақ, өткен тоғыз айымен салыстырғанда көрсеткіштер Әйтеке биде — 39,7, Алғада — 96,3, Қарғалыда — 86,6, Темірде — 92,5 пайыз құрайды.
Инвестиция тарту ісі де кенжелеп тұр. Төрт ауданда ғана өсім байқалғанымен, Байғанин, Қарғалы, Темір, Шалқар аудандарында бұл жағынан төмендеу орын алды. Жалпы инвестиция көлемінің аз болуы құрылыс жұмыстарына да теріс әсерін тигізуде. Соның салдарынан құрылыс жұмыстары көлемі 101,1 миллиард теңге құрап, 29,3 пайыздық көрсеткішке дейін түсті.
Есепті кезеңде ауыл шаруашылығында өнім шығару 120,8 миллиард теңгені құрады, бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 1,1 пайыз өсімді көрсетеді. Ақтөбе қаласы мен Қарғалы ауданы бойынша жалпы өнім шығару көрсеткішінің төмендеуі орын алған.
2015 жылдың 1 қазанына дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 60,6 мың бірлікті құрайды. Оның сегіз мыңдайы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған жоқ.
Алға және Қобда аудандарында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны соңғы кездері азайып кеткен.
Облыста инфляция 107,2 пайыз деңгейінде тұр. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен 1 пайызға төмен, алайда биылғы жылдың 9 айы бойынша 102,3 пайыз болғанын ескерсек, тоқмейілсуге болмайды.
Инфляцияның өсуінің басты себебі ретінде бағаның көтерілуі дерегі алға тартылды. Соңғы бір айдың ішінде ғана азық-түлік емес тауарлар тобы бойынша 5,7-ден 29,9 пайызға дейін өсім орын алған. Азық-түлік тауарлары саласында да, сондай-ақ ақылы қызмет көрсетуде де өсім нышандары байқалады.
Облыс бойынша орташа еңбекақы 104,9 мың теңге құрап отыр.
Жұмыссыздықпен күреске қатысты облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 14,9 мың жаңа жұмыс орны ашылды, еңбекке орналастыру қызметі арқылы 9,2 мың жұмыссыз жұмыс тапты.

Индустриалды-инновациялық даму

Ақтөбе өңірінде мұнай және газ өндіру, тау-кен-металлургия кешенін дамыту, сондай-ақ химия өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, азық-түлік өнеркәсібі алдыңғы орында тұр.
Инустрияландыру картасына барлығы 800,1 миллиард теңге тұратын 91 жоба енді. Осы аумақта 12,7 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Аталған жобаның екінші бесжылдығы аясында жалпы құны 247,4 миллиард теңге тұратын 20 жобаны іске қосу көзделуде.
Іске қосылған 70 нысанның алпысы қалыпты жұмыс істеуде, тоғыз кәсіпорын төменгі жүктемемен жұмыс істеуде, екі кәсіпорын әзірге тоқтап тұр. Оның қатарындағы «Жан Ами и К» ЖШС жылдың аяғына дейін іске қосылмақшы, «ҚазКупер» ЖШС-да сауықтыру шаралары жүргізілуде.
Биылғы жылдың он айы ішінде 246,4 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 63,5 пайызды құрайды. Бұл төмендеудің басты себебі — өткен жылы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен байланысты. Сондай-ақ экономикалық дағдарысқа байланысты инвестициялық белсенділіктің төмендеуі де бұған әсер етуде.
Ақтөбе қаласындағы Индустриалды аймақта жұмыс істеу үшін 25 миллиард теңгеге 6 өтінім берілді. Сондай-ақ Инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылды.
27 қарашада өтетін «AktobeInvest 2015» халықаралық инвестициялық форумында отандық және шетелдік инвесторларды тарту мүмкіндіктері қарастырылады.

Жария ету және жекешелендіру

Елбасы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде жария ету мен коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіруге қатысты сын айтқаны мәлім. Облыс басшысы осы мәселеге қатысты облыстық қаржы басқармасының басшысы Алтын Дәулетованың хабарламасын тыңдады.
Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында 2014-2016 жылдары облыс аумағында коммуналдық меншікке қарасты 18 кәсіпорын және «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ-ға тиесілі 20 ұйым жекелендіруге тиіс деп белгіленді. 2014 жылы 17 нысан жалпы сомасы 12 290,7 мың теңгеге жекешелендірілді. «Тілдерді дамыту орталығы» кәсіпорны мен «Велес Актобе LTD» ЖШС саудаға бірнеше рет қойылғанына қарамастан, иесін таппады.
2015 жылдың жоспарына сәйкес 4 коммуналдық кәсіпорын мен 1 еншілес ұйым 48 868,0 мың теңгеге жекешелендірілді.
Жекешелендірілген ұйымдар қатарында Шалқар, Ырғыз және Алға аудандық газеттері бар.
Жылжымайтын мүліктерді жария ету биылғы жылдың соңына дейін жалғасады. Облыс бойынша бұл ретте 13 комиссия құрылды.
Биылғы 19 қарашаға дейін тұрғындардан 7706 нысанды жария етуге қатысты 3894 өтініш түскен. Өтініштер бойынша мүліктердің жалпы құны 18,2 миллиард теңге құрайды. Әлі құрылысы аяқталмаған нысандар жария етуге жатпайды, бірқатар өтініштердің кері қайтарылуының себебі осыдан.
Облыс басшысы жария ету және жекешелендіруге байланысты тұрғындар хабардарлығы әлі де жеткіліксіз екенін айтып, аудандардың басшыларына қалған уақыт ішінде осы жағына мән беруді тапсырды.

Мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту

Облыс басшысы жиында сынға алған бір мәселе — мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытуға қатысты болды.
— Қазіргі уақытта бұл саланы қолға алу үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда, ең бастысы — құқықтық-нормативтік актілер бар. Бізде сөз жүзінде жиі айтылады, алайда нақты нәтиже көрінбейді. Бүгінгі күнге дейін бірде-бір жобаның жүзеге асырылмауы осының дәлелі. Сондықтан тиісті орындарды бұл тұрғыдан жауапкершілікке шақырамын,— деді облыс басшысы.
Облыста осыдан екі жылдай уақыт бұрын облыс әкімдігінің «Мемлекеттік-жеке әріптестік өңірлік орталығын құру туралы» қаулысы шыққан және оған концессиялық жобаларға кеңес беру арқылы қолдау мәртебесі берілген. Соның негізінде өмірге келген бұл орталық былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеуде.
Бүгінгі күні салалық басқармалардың ұсыныстарына сәйкенс мемлекеттік-жеке әріптестік механизмін пайдалану бойынша білім беру бойынша — 7, денсаулық сақтау бойынша — 4, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша 3 жоба қарастырылуда.
Бердібек Машбекұлы бұл ретте аудандардың самарқаулық танытып отырғанын тілге тиек етіп, аудан әкімдерінің жергілікті кәсіпкерлермен жұмыс істеп, оларды осындай іске тарту қажеттігін айтты. Аталған әріптестікке қатысты айқын ақпараттар жұртшылыққа жете бермейтіндігі, көпшілік арасында түсіндірме жұмыстарының жүрмейтіндігі басты кемшілік екендігі атап көрсетілді.
Концессия туралы заңға сәйкес облыстың жалпы кіріс бөлігінің 20 пайызынан аспайтын шекте лимиттерді пайдалануға болады, бұл қазіргі бюджет жағдайында шамамен 16,0 миллиард теңгені құрайды.
Демек, мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау бар, жекелер тарапынан енжарлық басым. Облыс басшысы осы кемшілікті жедел түрде жоюды талап етті.
…Он ай қорытындысына облыс басшысы Бердібек Сапарбаев көңілі толмайтындығын айқын білдірді. Қандай да бір көрсеткіштері төмендеген немесе жоспарлы тапсырмалары орындалмай отырған аудандардың басшыларынан бірден түсінік алып, кемшіліктерді жедел жоюды талап еткен облыс басшысы алдағы уақытта сұраныс қатаң бола түсетінін айтты.
Ол аудандардың және Ақтөбе қаласының әкімдері алдында жылды белгіленген межеде аяқтауға байланысты міндеттер қойды және жауапкершілік терең сұралатынын білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button