Басты жаңалықтар

Суармалы алқаптар түгенделеді

Облысымыз аумағында барлығы 28 мың гектар суармалы жердің, өкінішке қарай, бүгінгі күні бар болғаны 33 пайызы ғана пайдаланылады. Ал 103 мың гектар аумақты алып жатқан көлтабанды суармалы алқаптардың жартысы ғана кәдеге асырылуда. Бұл туралы сейсенбі күні облыстық әкімдік ғимаратында суармалы жерлерді көбейту және ол жерлерді тиімді пайдалану мәселелері бойынша өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді. Алқалы отырысқа «Қазсушаруашылығы» РМК Ақтөбе және Алматы облыстарындағы филиалдарының басшылары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері қатысты.
Осыдан екі апта бұрын облысымызға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің арнайы жұмыс тобы келіп, облысымыз аумағындағы гидротехникалық құрылғыларды түгендеу мақсатында жұмыстар жүргізген болатын.
— Облыста құрылған жұмыс тобы осы уақыт аралығында аудандардағы су жүйелері мен су қоймаларын зерттеп, олардың сандарын анықтау жұмыстарын жүргізді. Сол кезде аудандарға тапсырмалар берілген еді. Бүгін сол тапсырмалардың орындалуын пысықтау үшін жиналдық, — деді жиынды ашқан облыс әкімі.
Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ең алдымен осы суармалы жерлерді тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар, мал басын көбейту үшін де әсіресе көлтабанды суармалы жерлерді дұрыс кәдеге асыру күн тәртібінде. Бұл мақсатта нәтижелі жұмыстар жүргізілгенде ғана елімізде, оның ішінде облысымызда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол жеткізуге болады.
— Осы жұмыстарды дұрыс жүргізсек, Елбасының азық-түлік өнімдері бойынша импорт алмастыру тапсырмасын да орындай аламыз, — деді Бердібек Машбекұлы.
Жиында аталған бағыттар бойынша біршама нәтижелі жұмыстар атқарған Алматы облысының тәжірибелерімен бөлісу мақсатында арнайы шақыртылған «Қазсушаруашылығы» РМК Алматы облыстық филиалының директоры Сейілхан Мухамадиев те өз ойларымен бөлісті.
— Суармалы жерлерді қалпына келтіру мәселесін өткен жылы Алматы облысына жасаған сапары кезінде Президент Н.Назарбаев көтерген болатын, — деді Сейілхан Мухамадиев. — Бір жылдың ішінде облыстағы гидротехникалық нысандардың құқықтық құжаттарын қалпына келтіріп, реттедік. Сонан соң олар мемлекет меншігіне қабылданды. Қазір 4 ауданда 47 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру үшін инвестор — Ислам даму банкімен келісімге келдік. Бұл келісімшарт Үкімет тарапынан бекітілетін болса, мемлекеттің кепілдігімен аталған жерлерді игеру үшін несие алынбақшы.
Екі апта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облысымыз аумағындағы гидротехникалық нысандардың, яғни суармалы жерлер мен көлтабанды суармалы алқаптардың нақты меншік иелерін анықтауда қиыншылықтардың кездесіп жатқаны анықталды. Мұны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қаржаубай Ыбырайым мәлімдеді. Мәселеге байланысты жиын кезінде әрбір аудан әкімінен жеке-жеке мәліметтер сұрап білген облыс әкімі аталған гидротехникалық нысандардың меншік иелерін анықтап, тиісті құжаттарын дайындау үшін нақты тапсырмалар берді.
— Біз бұл нысандарды тезірек республикалық меншікке беруіміз керек. Сонда ғана республикадан қаржы ала аламыз, — деді өңір басшысы.
Алматы облысында жүргізілген нәтижелі жұмыстарды да тілге тиек еткен ол облысымызда жердің бетіндегі және астындағы су қорларының тиімді пайдалану үшін жеткілікті мөлшерде екенін айтты.
— Бүгінгідей экономикалық дағдарыс кезінде қаржы көзі ретінде халықаралық қаржы институттарымен жұмыс жасауымыз керек. Ол үшін алдымен облысымыз аумағындағы су қоймалары мен тоғандарын түгендеп, құжаттарын ретке келтіріп, мемлекеттік меншікке алуымыз қажет. Бұл жұмыстарды аяқтау үшін желтоқсан айының 15-іне дейін мерзім беремін, — деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button