Автотұрақтар мәселесі қалай шешіледі?

Соңғы жылдары Ақтөбе қаласындағы көліктердің саны күрт өсті. Қазір облыс орталығының өзінде көліктер 140 мыңнан асады. Мамандардың айтуынша, орташа есеппен әр үйде кем дегенде бір-бірден көлік бар. Сол себепті, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына автокөлікті қою тұрғындардың «бас ауруына» айналып отыр. Аула маңында көліктерге арналған жер тапшы. Үйлердің маңына көліктер ретсіз қойылуының себебі содан. Тіпті балалардың ойын алаңдары мен жүргіншілерге арналған жолға да көліктерін қойып кететіндер бар. Кейбір үйлердің аулаларында ойын алаңдары да жоқ. Көліктердің тұрағына айналған. Көпшілік ата-ана балаларға арналған ойын алаңдарының жоқтығына немесе тарлығына емес, балаларының қауіпсіздігі үшін жаны алаң. Өйткені ығы-жығы көліктердің ортасынан ересектердің өздері әзер өткенде, балалар қайтіп жол табады? Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы мәселелерді көтеріп, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын ретке келтіріп, балалардың ойын алаңдары мен автокөлік қоюға арналған орындарды белгілеуді Ақтөбе қаласындағы тиісті мекемелерге тапсырған болатын. Облыс басшысы жүктеген міндеттерді орындауда қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Біз бұл туралы білмек ниетпен құзырлы мекемелердің басшыларын сөзге тартқан едік.
Қалада қанша автотұрақ бар?
Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаевтың айтуынша, облыс орталығының аумағындағы жалпы көлемі 78 328 шаршы метр жерде автотұрақ орналасқан.
— Барлығы 35 жер учаскесі тіркеліп отыр. Көпқабатты тұрғын үйлердің маңында 270 автотұрақ бар. Олардың жалпы көлемі — 34 263 шаршы метр жер. Бұл автотұрақтардың көпшілігі жаңадан салынған элиталы үйлерге тиесілі. Өйткені қазір құрылыс компаниясына көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат берілгенде автотұрақтарды да салу міндеттеледі, — дейді Ұшқын Мыңбаев.
Қаладағы кейбір көпқабатты үйлердің ауласында ақылы автотұрақтар орналасқан. Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысынан бұл туралы мардымды мәлімет ала алмадық.
— Белгілісі жоғарыдағы дерек. Алдымен талдау жасамасақ, үйлердің ауласында нақты қанша ақылы автотұрақ бар екенін дөп басып айту қиын… Шамамен көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында 4-5 ақылы автотұрақ бар. Олардың иелері он жылға келісім алған. Келісім мерзімі әлі біткен жоқ.
Автотұрақ ашуға рұқсат бергенмен, аулалардағы автотұрақтардың қызмет көрсету сапасын, салық төлеп, төлемейтіндігін қадағалау біздің құзыретімізге кірмейді.
Жақында түрлі кәсіпкерлік нысан салуға рұқсат берілген жерлерге тексеру жүргіздік. Қорытындысында 15 жер учаскесінің игерусіз тұрғаны анықталды. Олардың ішінде көліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтары да бар, — дейді Ұшқын Мыңбаев.
Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы ақылы автотұрақтар көлік иелері үшін тиімді. Іргедегі тұраққа көліктерін қояды. Көліктері үшін алаңдамауына да сеп. Дегенмен автотұрақтардың бәрінде бірдей жағдай мәз емес. Біз барған 2-3 автотұрақта күзетшілер көлік үшін аса көп бас ауыртпайтынын айтады. Өйткені жалақы аз төленеді.
— Нан табу үшін ғана амалдың жоқтығынан жүрмін. Жасым 53-те. Әлі зейнет жасына да жеткен жоқпын. Мұнда жұмыс істеу әйел адамға қол емес. Көріп тұрсыз, бұл күркешікте күзетші үшін ешқандай жағдай жоқ. Ұйықтайтын жерім де, тамақтанатын асүй де, жуынатын бөлме де, тіпті әжетхана да осы аядай ғана күрке. Су құбыры жоқ болғандықтан, қол жуатын су да тапшы. Қысқасы, санитарлық талапқа сәйкес келмейді.
Кезектесіп үш адам жұмыс істейміз. Екі күзетші — ер адамдар. Кейде бірі арақ ішіп, жұмысқа шықпай қалады, бірі ауырып жұмысқа келмейді. Сондайда үйім қашықта болса да, солардың орнына шығамын. Өйткені ақша керек.
Зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Әрине, жалақымыз үшін салық та төленбейді. Көліктерін қойған жүргізушілерге ақы төлегені үшін чек шығарып бермейміз. Себебі кассалық аппарат жоқ.
Қаланың ортасында орналасқан автотұрақ болғандықтан, бұл жерде жүретін адам көп. Түнгі мезгілде бұзақылар сыраның шынысын лақтыра салса-ақ, көліктің әйнегі сынады. Оларға қарсы тұратын қайратым бар ма? Абырой болғанда, ондай келеңсіздік болған емес. Әйтпегенде, көліктерді иелері бізге сеніп тапсырғанмен, көліктің қауіпсіздігі үшін жауап бере алмаймыз, — дейді аты-жөнін көрсетпеуді өтінген күзетші.
Көпқабатты үйлердің ауласында орналасқан бұл автотұрақтың иесімен сөйлескіміз келген. Ұялы телефоны сөндірулі болды. Автотұраққа бірнеше рет барсақ та, басшысын кездестіре алмадық.
Үш жылдық кешенді жоспар
Талғат МАДИЯР, Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
— Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында көліктер өте көп. Көліктер жиектастардан (бордюр) шығып, балалардың ойын алаңдарына да қойылады. Бұл — үлкен мәселе.
Негізі, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында көлік қоятын жер жоқ емес, бар. Дегенмен жеткіліксіз. Неге орын тапшы? Біріншіден, қазір біздің шаһардың тұрғындарының саны 500 мыңнан асады. Бұрын қалада 150-200 мың адам тұратын еді. Екіншіден, көлік өте көп. 80-90-жылдары салынған үйлердің аулаларының маңынан соншалықты көп көлік үшін жер қарастырылмаған. Өйткені ол кезде автокөліктер қоюға аса қажеттілік бола қойған жоқ. Яғни кез келген үйде көлік болған жоқ. Қазір, шүкір, халықтың әл-ауқаты жақсы. Кейбір үйлерде үш көліктен бар.
Былтыр көлік тіпті көбейді. Ресей рублінің құны түскендіктен, көптеген ақтөбеліктер Ресейден көліктер сатып әкелді. Сөйтіп, көлік саны 2-3 есеге артып кетті.
Соңғы 2-3 жылда қала көшелеріндегі көлік қозғалысын ретке келтіру үшін, көлік кептелісін барынша азайту мақсатында біраз көшеде оң бағыттағы жолдар салынды. Егер бағдаршамның реттеуін қажет етпейтін осы оң бағыттағы жолдар салынбағанда, қала көшелерінде көлікпен жүру мүмкін болмайтын еді. Көшелерді жөндеуге көп қаржы бөлінудің арқасында көлік қозғалысын ретке келтірдік. Алайда әлі де шешілмеген мәселелер бар. Қосымша көпір керек. Айналма жол салу қажет.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен 2016 жылдан бастап қаланы көркейтуді, көріктендіруді мақсат еткен үш жылға арналған кешенді жоспар құрылады. Сол үлкен жоспардағы маңызды бағыттардың бірі — көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау. Мұның ішінде балалардың ойын алаңы, автотұрақ мәселесін шешу де бар.
Балалардың ойын алаңы мен автотұрақты бір алаңда, бір аулаға салу мүмкін емес. Әсіресе, 11,12-шағын аудандардың жағдайында тіпті қиын. Иін тірескен 9,10 қабатты үйлер. Халық та көп. Көлік те көп. Ауласы тар. Мұндағы 4-5 үй дөңгелене, аулалары қоршала орналасқан. 4-5 үйге ортақ бір аула. Мұндай үйлердегі балалардың ойын алаңдары мен көліктердің тұрағын бір ғана жолмен шеше аламыз. Бұл үшін арнайы жоба әзірлеп жатырмыз. Жалпы ауланың көлемінің 80 пайызына заман талабына сай жабдықталған екі қабатты кешен тұрғызылады. Оның бірінші қабатында үлкен автотұрақ салынады. Автотұрақтың төрт жағынанан да көліктердің еркін кіріп-шығуы үшін есіктер салынады. Әр көлікке тиесілі орындар белгіленеді. Қысы-жазы қалыпты температура сақталады. Ғимараттың екінші қабаты екі бөліктен тұрады. Бір бөлігі — балалардың ойын алаңы. Екінші бөлігінде ересек адамдардың тынығуы, демалуы үшін жағдай жасалады. Тұрғындардың бәрі бірдей күнде тынығу үшін ойын-сауық орталықтарына, жаттығу залдарына, мейрамханаларға бара алмайды. Сол себепті, осы бөлікте тұрғындардың таза ауа жұтып, серуендеуі үшін қолайлы жағдай жасалады. Күрке тұрғызылып, орындықтар қойылады. Спорттық ойындарға арналған алаңдар жасалады. Ғимаратты күтіп-ұстаудың тиімді тәсілдерін қарастырамыз.
Ауланың қалаған 20 пайызы жүргіншілер жолы мен көлік қозғалысына арналады.
Бұл жобаны алдымен өзіміз салып, кәсіпкерлерге үлгі көрсетеміз. Дегенмен қаншама аулаға мұндай кешендерді салуға бюджет қаржысы көтермейді. Сол себепті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін енгізіп, кешен құрылысын кәсіпкерлермен бірлесіп салу жоспарда бар. Мұндай жағдайда бұл кешенді күтіп-ұстау кәсіпкердің мойнында болады. Олар ақылы автотұрақ ашқанмен, балалар мен ересектерге арналған алаңдарды өз есептерінен қаржыландырып, тегін пайдалануға береді.
Айта кету керек, бұл жоба тек қана дөңгелене салынған көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында салынады.
Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағынның тапсырмасымен осы айдың аяғында Астана, Алматы қалаларына іссапармен барамын. Мұндағы мақсат — аталған үлкен шаһарлардағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласының жағдайы, көше жолдары, жарықтандырылуы, жалпы қаланың абаттануы, сәулеттік келбеті туралы көзбен көріп, білікті мамандармен тәжірибе алмасу.
Жер актісін рәсімдеуге асығыңыз!
Жұлдызбек БИСЕМБИН, Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы:
— Қазір Ақтөбе қаласында 1615 көпқабатты тұрғын үй бар. Басқарусыз қалған үйлердің саны 300-ден асады. Қанша аула бар екені нақты белгісіз. Жақында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы жағдайды сынға алды. Сыннан қорытынды шығару үшін жұмыс жасап жатырмыз. Қазір қала әкімі Бекбол Сағынның тапсырмасымен аулаларды түгендеуге кірісіп кеттік. Жұмыс барысында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларының жалпы жағдайын да есепке аламыз. Балалардың ойын алаңы, аулада асфальт жамылғысының бар-жоқтығы, жүргіншілер жолы, автокөліктерді қоюға арналған жерлердің жалпы көлемі туралы қысқаша сипаттама жазылады. Соған байланысты аулаларды абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Жоспарға сәйкес, аула толық жаңартылып, көріктендіріледі.
Былтыр балаларға арналған 19 ойын алаңы салынды. Биыл бұл мақсатта қаржы қарастырылған жоқ.
Көлік жүргізушісі балалардың ойын алаңына көлік қоятын болса, онда тұрғындар қалалық жол полициясына хабарласып, шағым айтуына болады. Көлік қоюға тыйым салынған жерлерге көлікті қойғаны үшін көлік жүргізушісіне айыппұл салынады.
Жақында бір көпқабатты үйдің маңынан он шақты көлікке арнап салынған автотұрақты көрдім. Шамасы, тұрғындардың өзара келісімі негізінде салынған болу керек. Дегенмен ешкімнің меншігіндегі жер жоқ. Ауладағы жер тұрғындарға ортақ пайдалануға беріледі.
Қазір қаладағы үйлердің 60-70 пайызының жерлері рәсімделмеген. Мәселенің бәрі осыдан шығады. Тұрғындар ауласында құрылыс салынып жатса, «бізге тиесілі жерге құрылыс салып жатыр» деп шулайды. Ал зерттеп қалғанда, бұл рәсімдемеген жер болып шығады. Заң бойынша, ортақ пайдаланудағы жерге тұрғындардың толық келісімінсіз ешбір кәсіпкер құрылыс жүргізіп, кәсіпкерлік нысан аша алмайды.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларына, жалпы қала тұрғындарына тұрғын үйлерінің маңындағы жерлерді уақыт созбай рәсімдеулері қажеттігін айтқым келеді. Егер аула маңындағы жердің құжаттары рәсімделіп, заңдастырылса, сол жерде әр тұрғынның үлесі болады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



