Нұрлы жүзді Нұрпейіс

Ақын, жырау Нұрпейіс Байғаниннің 155 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп жатыр.
Жыр және жырау
Байғананың шаңырағында 1860 жылы дүниеге келген Нұрпейіс Байғаниннің кіндік қаны тамған жері, азан шақырып Нұрпейіс атын қойған жер — Сүлікті-Шілікті. Бұл — Темір ауданының Шұбарқұдық мұнай өндіріс орнының және «Кеңес туы» шаруашылығы орналасқан жердің төңірегі. Нұрпейістің есімі көпшілікке оның бозбала шағынан белгілі. Оралдың оңтүстігі, Сырдария бойы, Қарақалпақ, Хиуа, Түркіменстан мен басқа да өңірдегілер Нұрпейісті 16-17 жасында-ақ ақын, шешен, жырау әрі домбырашы, отауызды, орақ тілді бозбала ретінде таныды.
Қазақ халқының өрлік пен ерлікті, әділдік пен адалдықты, ізгілік пен мейірімділікті, қайырымдылық пен бауырмалдықты, достық пен батырлықты насихаттайтын, адамгершілік құндылықтарды әспеттейтін ұлттық жыр-дастандары мен аңыз-әңгімелері, ертегілері мен қазақ батырлары туралы шығарылған әфсаналарды өскелең ұрпаққа өшірмей, жеткізушісі болған Н.Байғанин «Төрехан», «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Құбығұл», «Қарасай-Қази», «Орақ пен Мамай» сынды жыр-дастандарды жырлай жүріп, өзінің төл туындыларын шығарады. Нұрпейіс Байғанин жырлаған «Қобыланды батыр» жыры сол жырдың ең көлемді нұсқасы саналады. Жырдың көлемі — 9300 жол. Бұл жырды ақынның алғашқы әдеби хатшысы А.Ескендіров 1940 жылы латын әріптерімен жазып алған.
Ұлтының құрметі мен сүйіспеншілігіне бөлене білген Н.Байғаниннің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді Е.Ысмайыловтың, О.Нұрмағамбетованың, Қ.Сейдехановтың зерттеулерінен көруге болады. Ал оның шығармаларын М.Хакімжанова, Қ.Шаңғытбаев, А.Ескіндіров сынды ақындар жүйелі әрі ұқыпты қағаз бетіне түсірген. Бұл орайда ақынның өмір жолы мен шығармашылығын зерттеуде өлкетанушы ғалым Беркін Құрманбековтің еңбектерін ерекше атаймыз. Ғалымның шығармашылық табыстарының бірі — ақынның 150 жылдығына арналған «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» аталатын еңбегі.
Өкінішке қарай, кеңестік замандағы оқулықтармен бірге тарих бедерінен қазақ әдебиетіндегі Байғанин салған із өшіп бара жатыр. Нұрпейіс Байғаниннің аты қазіргі қазақ әдебиеті оқулықтары мен оқу бағдарламаларында кездеспейді. Соңғы рет 1991 жылы «Таңдамалы шығармалары» мен 2006 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты мен «Арыс» қорының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі болып табылатын «Қазына» жобасының шеңберінде Н.Байғанин туралы естеліктер мен оның өлеңдер жинағы жарық көрді. Жүрегі елім, жерім деп соққан ұлы ақынның мұрасын жеткізу мақсатында «Халық ақыны Нұрпейіс Байғанин атындағы мәдени қорды» құрған Н.Байғаниннің немересі Ерболат Байғанин ақынның қазақ және орыс тілдеріндегі «Қарасай-Қази», «Нарқыз» бен «Ақкенже» драмалық поэмасын «Нарқыз» альбомына шоғырландырды. Қазақ КСР-і еңбек сіңірген қайраткері Е.Сидоркиннің қырықтан астам графикалық және түрлі түсті еңбектерімен безендірілген «Нарқыз» альбомының басты мақсаты — ұлы ақынның шығармашылығын ұлттық мұрамыздың құрамдас бір бөлігі ретінде қайта жаңғыртып, Н.Байғаниннің шығармашылығын мектептерде оқу бағдарламасына қайта енгізуге ықпал ету.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне облыста ауқымды жоба — «Ақтөбе кітапханасы» сериясы қолға алынды. Идея авторы және жоба жетекшісі — белгілі публицист, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы. «Ақтөбе кітапханасының» алғашқы томы «Адырна» деген атпен шықты. Мұнда өңірімізде ізі қалған көне жыраулар, кеңес дәуіріне дейін өмір сүрген ақындардың шығармалары топтастырылған. Оқырман екінші томнан әйгілі Н.Байғаниннің туындыларын таба алады.
Кітаптар мен көрмелер
Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының іргетасы 1960 жылдың
25 тамызында қаланды. Сол жылы кітапханаға Н.Байғаниннің есімі берілді. Бүгінде ақын атын қастерлеген киелі шаңырақтың ұжымы Нұрпейістің әдеби мұрасын жас ұрпаққа насихаттап, жеткізуді үлкен мәртебе санайды. Кітапхананың жұмысындағы негізгі бағыттар — балаларға арналған кітаптарды және мерзімді басылымдарды сақтау, жетілдіру, олардың бос уақытын тиімді өткізу.
1981 жылы кітапхана Ақтөбе қаласының Кереев көшесіндегі жаңа ғимаратқа көшірілді.
Балалар кітапханасы ашылған күннен бастап мұнда түрлі мерекелік бағдарламалар, кездесулер, жарыстар, акциялар, қолданбалы бейнелеу шығармашылығы көрмелері жиі өткізіліп тұрады. Бүгінде кітапхана қорында 104 000-нан астам баспа құжаттары бар, соның 31000 данасын мемлекеттік тілде шығатын басылымдар құрайды. Жыл сайын кітапхана қорына 4000-нан астам жаңа кітап түседі. Кітапхананың кітап қоры мемлекеттік тапсырыс есебінен, «Кітапханаға — кітап» акциясы негізінде толықтырылып отырады. Сондай-ақ, кітапханаға 200-ден астам мерзімді басылымдар жаздырып алынады. Кітапханада көркем классикалық әдебиеттерден бастап қазіргі жазушылардың шығармаларын оқуға мол мүмкіндік бар.
Ақынның ұрпағы Момын Байғанин кітапхананың тұрақты әрі құрметті оқырманы. Бүгінде кітапхана ұжымы Нұрпейіс бабаның немересі Ерболат Момынұлы Байғанинмен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс жасайды. Жақында Е.Байғаниннің басшылығымен «Нарқыз» киножобасы жүзеге асырылды. Ақынның мерейтойы құрметіне орай кітапхана қоры Н.Байғаниннің тағы бір шығармалар жинағымен толықты.
2001 жылдан бері кітапханада талантты ұл-қыздарды елге таныту мақсатында «Ақтөбе жыр құшағында» поэзия және сурет байқауы тұрақты ұйымдастырылып келеді. «Мейірімділік және қамқорлық» жобасы да жыл сайын өткізіледі. 2013 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы «Ғажап» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінде Н.Байғанин атындағы облыстық кітапхананың жылжымалы кітапханасы ашылды.
Балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында отбасылық «Шаңырақ», «Негеш», экологиялық бағыттағы «Ақбұлақ», әдеби бағытта «Желкен», өлкетану-патриоттық тақырыпта әңгіме қозғайтын «Атамекен», «Болашақ» салауаттылық клубтары жұмыс жасайды. Кітапханада тұрақты «Ақынның асыл мұрасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылады. Онда ұлы тұлғаның шығармалары мен мұрағаттан алынған құнды деректер тізбегі жинақталған. Жыл сайын 9 сәуір күні кітапханада дәстүрлі Байғанин оқулары ұйымдастырылады. «Байғанин оқуларының» қатысушылары ақынның өлеңдерін, дастандарынан үзінділерді жатқа, мәнерлеп оқуы қажет.
P.S. 13 қараша күні облыстық Достық үйінде ақын Н.Байғаниннің 155 жылдық мерейтойына орай «Н.Байғанин — тарихымыздың атаулы тұлғасы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция және Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының құрылғанына 55 жыл толу құрметіне орай «Шабыт сыйлаған орын» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
Эльмира КАШКЕНОВА,
Н.Байғанин атындағы облыстық
балалар кітапханасының қызметкері.



