Мақпал Жүнісова: Анам мен Ақтотыға ғана мұңымды айтамын…

Өткен аптада Ақтөбеге Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мақпал Жүнісова келіп, шығармашылық кешін өткізді. Араға төрт әңгімелескен біз оның сахна сыртындағы өмірі — қалың жұртшылыққа беймәлім тыныс-тіршілігін барынша білуге тырыстық. Газет оқырмандарына ізгі тілегі жазылған қолтаңбасын қалдырған әншімен сұхбатымыз төмендегідей өрбіді:
— Осындағы есеп беру концертіңіздің тақырыбын «Ерке қыз» деп қойыпсыз. Демек, сізді әлі де еркелететіндер бар ғой?
— Шүкір. Жасым 50-ден асса да, бұрынғыдай еркелегім келіп тұрады (күліп). «Көңіл қартаймайды» деген рас екен… Мәселен, әлі күнге дейін анама еркелеймін. Халқымның өзі-ақ алақанында аялап, жүрген жерімде құрмет-кошеметін көрсететіні тағы бар. Сосын…Мерейіме еркелеймін. Қызым маған еркелейді дегендей. Сөйтпесек, біздің бір-бірімізден басқа кіміміз бар? «Жанулям» дейтін Зәкең болса, енді жоқ. Оның да арамыздан ұзағанына он жыл болып қалыпты… Әйтпесе, мені одан артық еркелеткен ешкім жоқ.
Бір жағынан, репертуарымда «Қазақтың ерке қызымын» деген әннің барынан көпшілігі хабардар ғой. Негізінен, концерттің атауын сонымен байланыстырып қойғанбыз.
— Концерт демекші, біздің өңірге бұл 2011 жылдан кейін келуіңіз екен. Неліктен арасын тым ұзатып алдыңыз?
— Ешкім шақырмайды ғой. Осындағы кеш ұйымдастырушылар, болмаса мәдениет басқармасынан хабарласып, «Мәке, елге келіп, әніңізді шырқап кетсеңізші» дейтін жан жоқ, сенесіз бе? Мен де соның әсерінен тартыншақтап жүріп қалыппын. Өйткені бұның машақаты көп, бәрін өз деңгейінде атқара білу керек. Өзіңіз неге сұрау салмайсыз десеңіз, қанша айтқанмен, Қазақстанның халық артисімін ғой, жасым да біразға келіп қалды. Әрі жалғызбасты әйелдің әлдебіреулердің есігін қағып жүргені ыңғайсыз. Жұрт не ойлайды?
Бірақ, осындағы көрермендерім «инстаграмым» арқылы (Әлеуметтік желідегі парақшасын айтады — А.Т.) үнемі шақырып, «Бізге келмей кеттіңіз ғой» деген соң гастрольдік сапармен келуді ұйғардым. Ешкіммен қоян-қолтық жұмыс істемегендіктен, концерттік директорым немесе продюсерім болмағандықтан, осы жағынан қиындықтар болып тұрады.
— Әйткенмен, Ақтөбеге бәрібір жылына кемінде бірнеше рет келетініңізді естиміз…
— Иә, тойға келемін. Жердің шалғайлығына қарамастан, алдынала келісілген отырыстарға қатысатыным бар. Онсыз бола ма? Біздің, әншілердің негізгі табыс көзіміз сол ғой. Оны барлығы біледі деп ойлаймын. Мерей екеуміз ылғи жатарда: «Алла Тағала, халық аман болсын, бізді тойға шақырып тұрсын» деп тілегімізді айтып, артынша «Әумин» деп ұйықтаймыз. Сол тілегіміз қабыл болады-ау, ертеңіне жұрт хабарласып тұрады ғой (рахаттана күліп алды).
Әйтеуір, жиі шықпағанмен, шамам жеткенше шақырған жерден қалмауға тырысамын. Қолқа салатындар аз емес, бірақ көбіне-көп мүмкіндігіме қараймын. Алыс жер болса, ойланып қаламын дегендей… Қанша төлейтінін де алдын ала анықтап сұрап аламын. Амал жоқ, әдемі болып жүргің келсе, тойда ән айтуға тура келеді. Әсіресе, жаңадан көйлек кигім келген кезде, тойшы қауыммен кездесетінім бар (күліп). Десек те, ақшаның түбіне ешкімнің де жетпегені белгілі, шектен шығып, той қуып кетуге тағы болмайды.
— Басқа-басқа, сіздің тойдағы «гонорарыңыз» айтарлықтай шығар…
— Ең азы — 1 мың АҚШ доллары. Онда да қатты қысылып, жағдайы болмай тұрғанда ғана келісемін. Егер таныс адам болса, кейде қазақы көңілмен 5-6 әнімді тегін-ақ шырқап кететінім бар. Бәрі де адамның қалтасына қарай шешіледі десем болады.
— Бүгінге дейін ең қомақты табысыңыздың қанша екенін білсек.
— Бізде атымтай жомарттар ілуде біреу. Көпшілігі еліміздегі әншілерден гөрі, ақшасын шетелден келген «жұлдыздарға» ұстатуға құмар.
Тойда өнер көрсетіп, ең көп қаражатты осыдан бірнеше жыл бұрын алғанмын. Белгілі бір кісінің кісінің атынан маған қоңырау шалған адам: «Мына күні келе аласыз ба?» деп ұсынысын білдірді. Содан тойға келген қауымды билетіп, 5-6 әнімді «шақ» еткіздім. Той аяқталды-ау деген тұста жиналып жатқанымда, замандасым «Келгеніңізге рақмет» деп қолыма конверт ұстатты. Үйге келген соң, ашып қарасам, 10 мың АҚШ долларын салыпты. «Ой, аман бол!» дедім (күлді). Ақшаны кім жақсы көрмейді дейсіз?! Еңбектің тиісті деңгейде еленгенін біз де қалаймыз.
— Мақпал Жүнісованың жанынан мұндайда оққағары табыла ма?
— Ондай адам Зәкеңнің тірі кезінде де болмаған, айналайын. Ол кезде болмаған оққағардың қазір керегі де шамалы. Ажал келсе, ешнәрсеге қарамайды екен…
Отағасым кезінде: «Саған көлік жүргізіп не керек?!» деп рұқсатын бермеген еді. Қанша жылдан бері менімен жұмыс істеп келе жатқан көлік жүргізушім бар. Сол екеуміз бүкіл шаруаны тындырамыз. Кешке тойға да барамыз, келесі күні ертемен шығып, үйге азық-түлік те аламыз.
Жалпы, ақша қалай келеді, солай тез жұмсалып кетеді. Қаржы жинап, оны «кассада» сақтауға мүлде ебім жоқ. Оған қоса, отбасымызда 9 ағайындымыз, бауырларым, олардың балалары бар… «Мақпал тәте» деп келіп тұрғанда, көңілін қимайды екенсің… Біздің көрген қиындығымызды солар өткермесінші деген ой ғой.
Іні-сіңлілерімнің балалары есейгенде бизнесмен атанады деген үміттемін. «Сондай кезде «мына кемпірді қайдан көрдім?..» деп танымай қалмаңдар, қартайған шағымда қызым екеумізге көмектесуді ұмытпаңдар» деп айтып қоямын (рахаттана күлді).
— Сіздей елге белгілі адамның сауда жасап жүргенін көзіме елестете алмай тұрмын. Ондай жұмыстарға үй қызметшісін жібермейсіз бе?
— «Шопырдан» басқа қарамағымда ешкім жоқ. Себебі ешкімге сенбеймін. «Осы адам дұрыс-ау» деген қыз-келіншектердің өзі ақырында көңілімді қалдырды. Кезінде Зәкең де үйде бөгде біреудің жүргенін жаратпаушы еді.
Үйде бізбен бірге апам мен оның қызы тұрады. Мен гастрольге шыққанда, Мерейге солар қарайды.
Қысқасы, аптасына кемінде бір рет базар жақты аралап қайтатыным бар. Ет, ұн, көкөніс, бәрін өзім таңдап жүріп сатып аламын.
— Арнайы тапсырыс беріп, тамақтың бәрін бір-ақ алып кетесіз-ау…
— Жоқ. Ондайда саудагерлер тауардың жақсысын сала ма? Жұрт қатарлы Алматыдағы кәдімгі «Көк базарға» тіке тартамын. Ертеңгі сағат 8-де сонда болып, қажетті деген заттарды ешкім келмей тұрғанда саудалайтыным бар.
— Тым болмаса, бетіңізді тұмшалап, өзгелердің танып қоймауы үшін амал-әрекет жасайсыз ба? Әйтпесе олар жан-жағыңыздан қоршап алады ғой.
— Ондайлар баршылық… Көпшілігі көргенде амандасып та жатады. Мен ешкімге зияны жоқ адаммын, айналамдағылардың барлығы қазақтар, олардан қорықпайтыным сондықтан. Көп болса, «Суретке түсейікші» деп жібермес. Оған етім үйренген, біз үшін қалыпты құбылыс қой бұл.
Тіпті, «Көк базардың» қайыршыларына дейін мені күтіп жүреді. 3-4 кемпірім бар. Барған сайын соларға 5-6 мың теңгеден ұстатып кетемін. «О-о, Мақпал келе жатыр» деп, олар әрдайым мәз болғанда, кәдімгідей жаным ашиды… Кейін араға апта салып, қайта келгенде, «Өткендегі ақшаны мынаған жұмсадым» деп кәдімгідей есеп беріп жатады (күліп).
— Сіздің үй шаруасына ғана емес, өзіңізге де ерекше кірпияздықпен қарайтыныңызды құлағым шалған-ды…
— Енді ақшаны тауып жатқан соң, өзімнен ештеңені аямайтыным рас. Концерттерге жарқырап шыққанға не жетсін?! Отандық маңдайалды дизайнерлерге тапсырыс беріп, қалауымдағы көйлекті тіктіріп, бұл жағынан осалдық танытпауға тырысамын.
Бабым соншалықты қатты демегеніммен, бет күтіміне айрықша мән беремін. Пластикалық операцияны жасай қойғаным жоқ. Десе де, түрлі «процедураларды» жасатамын, қымбат кремдерді жағамын. Арнаулы мамандарға жолығамын. Анау-мынау заттарды қолданудан аулақпын. Басқа бәлендей ештеңе істемеймін.
Өнер адамы болған соң, ылғи бір қалыпта жүрген дұрыс қой. Көшеге нан алуға шықсаң да, боянбай, айнаға қарамай аттап басуға болмайды. Әйтпесе, «Масқара, мына Мақпалға не болған?» — демей ме халық? Оларға біз әрдайым экрандағыдай әп-әдемі түрімізбен көрінуіміз қажет. Басқасын қарапайым жұртшылық онша қабылдай алмайды.
— Бәрібір де осынша жаста бұлай ширақ болу мүмкін емес сияқты…
— Табиғатымнан көңілді адаммын ғой, ылғи күліп жүремін. Соның әсері бар болар, кім білсін?!
Айтпақшы, сосын міндетті түрде күн сайын түс ауа көз шырымымды алуды әдетке айналдырғанмын. Қандай жағдай болса да, «обедте» терезелерді қараңғылап, 1-2 сағат ұйықтап аламын. Содан ба, түнге дейін сергек боп жүремін.
Табиғи өнімдерді тұтынамын. Сүт, айран, тары-талқан дегенді отбасымызбен жақсы көреміз (күліп). Ауылдың дәмі бөлек қой.
— Ал сырыңызды кімге ақтарасыз? Жақын достарыңыз бар ма?
— Ақтоты Райымқұлова есімді жалғыз құрбым бар, оның өзімен анда-санда ғана кездесеміз. Қолымыз тимейді. Негізінен, бар мұңымды анама айтамын. Көзімнің жеткені, шешемнен артық мені түсінетін жан кемде-кем. Несін айтайын, өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді, соны біреумен бөліскенге не жетсін?! Алайда, аталған екі адамға ғана жан сырымды жеткіземін, қалғанына жұмбақ жанмын…
Көңілім жабырқаған кезде Мұқағали Мақатаевтың кітабын қолыма аламын. Ақиық ақынның өлеңдерін оқып, бір тұшынып алатыным бар.
Бұдан бөлек, қызымды көргенде көңіл күйім бірден өзгереді. Қанша айтқанмен, барым да, нарым да сол ғой… Оңашада отырғанда ойлаймын, сол Мерейім болмағанда, бүгінде осылай отырмас та едім?.. Мен талай ауыртпалықты қызыма деген махаббатымның арқасында жеңдім ғой, жеңіп те келе жатырмын. Неше түрлі «депрессиядан», одан бетер сұмдықтардан құтқарып қалған адам бар болса, ол — қызым деп білемін…
— Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



