Бақытқа ұмтылған адам

Осыдан бірер жыл бұрын Қарғалы өңірінде Сынасып әулиенің басы қарайтылып, атаға арнап ас беруге Жайық өзені бойындағы Қызылсай ауылына жиналдық. Сонда ортамыздағы үлкендер жағы осы алқапта болған талай оқиғаларды еске алып, кейбірі тіпті көздеріне жас алып жатты. Міне, осылардың ішінде ерекше көзге түскен, елдіктің туын алға ұстап, жоғын жоқтап, ата-бабалардың ұмытылуға айналған аттарын орнына келтіруге атсалысып жүрген Бақыт Ғизатов ағамыз да болатын. Осы ауылда өмірге келген Бақыт аға үлкен ауылдан қалған екі-үш үйдің сырт жағынан тоқтап, машинадан түсіп көп ойланып тұрды, жан-жағына көз жүгіртті.
Сырт көзге таңғаларлық ештеңе болмағанмен, Бәкеңнің қатты толғанғаны бет құбылысынан байқалып қалды. Сәл үзілістен кейін: «Шіркін, қандай құлпырған елді мекен еді, талай қазақтың тынысы мен тірегі болған ауылымның ұсқыны кетіп, төмпешікке айналып бара жатқанын қараңдаршы», — деп бізге бұрылды. Көзінің тұңғиық түбінен елге деген аянышты сезімі анық байқалып тұрғандай болды.
Осы толғанысымен ас берілетін үйге кірген соң, Қуаныш Өмірзақов ақсақалға бұрылып: «Мына жастар білмесе де, сендер білесіңдер, әулиеге қоныс болған, осы маңдағы қазақтарға қорған болған, сонау ашаршылық жылдары ағылып келген адамдарға өмір өткеліне айналған өлкеме қарап көңілім бұзылып тұр», — деді Бақыт ағамыз.
Ас қайтарылып, Сынасап әулиеге арналған Құран оқылған соң, Бәкеңнің ұсынысы бойынша ауылға тиіп тұрған Жайық бойына қарай беттедік. Жайқалған шөп, сылдыраған теректердің жапырақтары бойыңды тербетіп ерекше үн шығарып тұр. Өзен бойына жақындаған сайын судың дыбысы естіліп, сезіміңді оятып, ерекше қуат береді.
Бір кезде Бәкең: «Қара домалақ бала кезімізде аяқ-қолымыз күс-күс болып осы ағаштардың арасында асыр салып ойнаушы едік, арасындағы жемістерді теріп, жуасын жеп, аузымыз қожалақ-қожалақ болып мәз боп, шапқылайтынбыз», — деп, қасында тұрған бізге бұрылды.
Сарқыраған судың жағасына келгенімізде арғы бетте балыққа қармақ салып отырған балаларды көріп, «Әне, қараңдаршы, қандай тамаша, біз де жастық шағымызда осылай шабақ алып, мәз болып су жағалап жүруші едік», — деп тағы бір ойға шомылды. Жерден бір уыс қара топырақты алып құшырлана иіскеп, қолымен қысып, «Бұл жердің топырағына дейін қасиетті, майлы болып келеді, көнеде ақсақалдар шыбық тықсаң, терек өседі деуші еді», — деп бір толғанды.
Бақыт Базарғалиұлы Ғизатов 1935 жылы осы қасиетті Қызылсай ауылында дүниеге келген, көзін ашқаннан бастап, бала болып шапқылағанға дейін осы жердің таза ауасын жұтып, нәрі мен дәмін татқан болатын. Содан бері талай уақыт өтсе де, Бақыт ағамыз Жайық бойының хош иісін, жайқалған алабын, дәмді балығын, тәтті жемісін ойынан бір шығарған емес, тіпті ұмытуы мүмкін емес еді. Ашаршылықтың зардабын татып, қырылып жатқан қандастарын өз қолымен жерлеген Базарғали ұлды болдым деп қуанып, енді ашаршылық болмасын деген оймен баласының атын Бақыт деп қойыпты.
1941 жылы басталған Отан соғысының өрті Қызылсайды да аттап кетпеді. Есін енді жинап жатқан ауылдың берекесі кетті, ана еңіреп жарын іздеген, бала шыңғырып әкесін іздеген заман туды. Айыр шөп басында шаншулы, қора есігі жабусыз, үйлер қаңырап бос қалғандай болды. Міне, осы әкелеп өксіген баланың ішінде алты жасар Бақыт та бар еді. Базарғалидың жалғыз ұлы ата мен әженің қолында қала берді. Ең қиыны, осы соғыс сапарынан әкесі оралмай, Бақыт жетімдердің тізіміне ілікті. Үлкендермен бірге еңбек ете жүріп мектеп қабырғасына барған ол ауылдағы жеті жылдық мектепті алдыңғы қатарлының бірі болып тәмамдады. Ата мен әже қолдарынан келгенше балаға жағдай туғызып, маңдайына кір шалдырмауға тырысты. Ерте есейген Бақыт алғыр, қайсар болып өсті. Бұған ата тәрбиесінің көп көмегі тиді, ал әжесі бауырмашыл, елшіл болуына баулыды.
…Осындай өткен жайларды әңгімелей отырып, Жайық бойынан шыққаннан соң Қызылсайдың қасындағы ескі қорымға көлігімізді бұрдық. Бақыт ағай бір тамның қасына жеткеннен кейін тізерлеп отыра кетіп, қалтасындағы беторамалын алып, шаң болған құлпытасты сүрте бастады. Шамалы ойланып тұрды да: «мынау — менің әкем әрі атам болған Ғизаттың жатқан жері», — деді. «Жарықтық әкемнің бере алмай кеткен тәрбиесі мен жылуын маған берген, бар өмірін соған сарп еткен құдіретті атам», — деп көзін сипады. «Осы өңірді арбамен аралатып, осы атақонысымызға деген сүйіспеншілік сезімді бойыма сіңірген де осы атам мен әжем ғой», — деп сөзін аяқтады.
Содан соң біз саймен жоғары өрлеп, шағын су қоймасының жанына келіп тоқтадық. Түскен бойдан қармағын алған Бәкең суға қарай томпаңдап, жүгіре басып кете барды. Біз аяңдап қасына жеткенімізде, қармағын салып отыр екен. Артына бұрылып, «Мен балықшымын, осыны өте тәуір көремін. Соғыс кезінде негізгі тамағымыз осы балық болған. Міне, содан бері ең тәуір кәсібіме айналған», — деп шалқып жатқан суға бұрылды.
Жолда әңгіме әрі жалғасты. Жеті жылдық мектепті бітірген соң Бәкең Ақтөбе қаласына жол тартады. Соғыстан кейін ата-анасыз қалған, қауқарсыз отбасында болған балаларды Ақтөбе қаласындағы пансионатқа жинап, үкімет қаражатына оқытып-тәрбиелеу бағдарламасы болатын. Соған іліккен Бақыт аға қаладағы №6 мектепке келіп тіркеледі. Кішкене ауылда өсіп, тәрбие алған балаға қала тұрмысына бірден сіңіп кету оңайға соқпайды. «Өтірік айтпа, біреудің затына қол сұқпа, үлкенді сыйла, елді ұмытпа», — деген атасының сөздерін жадына сақтап қалған балаға қала өмірі күрделілеу көрінді.
Кішкентайынан алғыр Бақыт мектептегі жиындардың алдыңғы қатарында жүрді. Пионер, комсомол ұйымдарының қатарынан орын алды. Мектепті жақсы бітірген ол өз ауылына оралды. Өзін баулып, мәпелеп өсірген атасы мен әжесінен қашықтап кеткісі келмеді. Қолдарында өскен, пысық әрі қалаға барып тәлім-тәрбие алған Бақытты ауылдағы мектептің директоры мұғалім етіп алды. Бұған мәз болып қуанған атасы «балам азамат болды» деп кішігірім той жасады, төбесі көкке жетті.
Көп ұзамай қазақ жеріне тың көтереміз деп талай ұлттың уәкілдері ағылып келе бастады. Бұлардың кеңшарлары да шет қалған жоқ. Жас ұстаз, тілге жүйрік, ұйымдастыру жұмыстарынан хабары бар Бақыт осы жастардың ортасынан өзінің елеулі орнын алды, соларға көсемдік көрсете бастады. Бұл кезде кәріліктен хабар келген ата мен әже Бақыттың отбасын құрғанын тәуір көрді. Оның үстіне өткір жігіт көзге түсіп ортада жүрді. Міне, қылшылдаған жас жігіт атасының шаңырағына 1955 жылы Нәзира деген келін түсірді.
Қашыққа барып білім алуға мүмкіндік болмағаннан кейін Бәкең Ақтөбедегі екі жылдық мұғалімдер институтын бітіріп шықты. Жастарға ұйытқы болған ол аудандағы әр саладағы жастар бригадасын құруға атсалысты, соның басында жүрді. Міне, осы еңбектері, қабілеті ескеріліп 1957 жылы аудандық комсомол комитеті жұмысына шақырылды. Бұл ұйымдастыру қабілетімен қатар, саяси жұмыстарға араласуының бастамасы болатын. Көп ұзамай сол ұйымның хатшысы болып, аудан ісіне белсене кірісті. Екі жыл өтпей жатып аудандық партия комитетіне жұмысқа ауыстырылды. Осында жүріп Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, сол кездегі деңгеймен ең жоғарғы саяси білім алып шықты. Адаммен жұмыс жасау әдістерін толық меңгерген Бақыт Базарғалиұлы аудандық партия комитетінің нұсқаушысынан бастап, сол партия комитетінің екінші хатшысына дейін өсті.
Бұл кездерде Ленин ауданында өндіріс қадам алып, ауыл шаруашылығы шарықтаған заман еді. Күндіз-түні тапжылмай жүріп, Бәкең барлық салаға да ат салысты, талай адамға қол ұшын берді. Ауданның, облыстың талай мамандары осы кісінің қолынан тәлім-тәрбие алды. Кейбіреулері осы күнге дейін облысқа, рсепубликаға белгілі тұлғалар. Мысалға, Аманғос Төлеуов — қазір Қарғалы деп аталатын сол ауданның экономикасын дамытуға ең негізгі тірек болып отырған азамат, Бәкеңнің інісі, ізін басып өскен бауыры.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында ішкі істер жұмыстарын жақсарту үшін Орталық партия ұйымдары қаулы шығарып, іскер партия қызметкерін облыстық ішкі істер басқармасына жұмысқа ауыстырды. Ақтөбе облысы бойынша таңдау Бақыт Базарғалиұлына түсті. Осы басқарманың жаңадан ашылған саяси бөлімін басқару ағамызға тапсырылып, бір сәтке иығына погон таққан милиция қызметкері болып шыға келді.
Осы күнге дейін бірге қызмет жасаған азаматтар бұл кісіні көргенде Бақыт Базарғалиұлы деп тікесінен тік тұрады, құрметтейді. Солардың бірі, өзі ертеректе жолдама беріп милиция қызметіне жіберген Кеңшілік Жұмабаев болатын. Екеуі де зейнеткерлікке шықса да, Бәкең полковник шенінде, ал Кеңшілік генерал болса да, Бәкең кіріп келгенде, Кенекең орнынан ұшып бұрын сәлемін жолдап, қолын алуға қарсы жүгіретін. Сондай абыроймен демалысқа шыққан ағамыз үйде отырып қалмай, «Валют Транзит Банкі» акционерлік қоғамы президентінің Ақтөбе облысы бойынша аға кеңесшісі болып қызмет атқарды.
Елімізде жасалған «Атамұра» бағдарламасы жарыққа шыққанда ол көптен аңсап жүрген ойының үстінен түскендей қуанды, бірден кірісіп кетті. Жанына жақын жігіттерді топтастырып, атажұртымызды зерттеуге кірісті. Ор өзені мен Жайық өзендерінің алқабы көп тарихтың куәгері екенін білген Бәкең жан-жаққа хабарласып, елдегілердің Хромтау ауданындағы Ойсылқара әулиенің басына белгі қою ниетінен хабардар болды. Сол шараға барып, жас азаматтардың ата-бабаға деген сүйіспеншілігін көзбен көріп, өте риза болды. Ойсылқара жерінде дүниеге келген, елге еңбегімен елеулі болған үлкен қайраткер Дербісәлі Беркімбаевтың есімін жаңғырту үшін Бәкең Орск қаласына барамын деп шешті. Жігіттермен хабарласып, сол қаладан 27 шақырым жерде жетімсіреп жатқан Дербісәлі қорымының басына барды, тағзым етті.
Бабаға мазар тұрғызу, ас беру оңайға түспейді. Осы шараларды іске асыру үшін Бақыт аға жан-жақтағы ақсақалдарды, арлы азаматтарды іздеді, оларды тапты. Астаналық Арынғазы, ақтөбелік Аманғос, Мерғали, генерал Кеңшілік, тағы басқа азаматтар осы істің басы-қасында болды, аянбай қызмет істеді. Уақытында жарты патша аталған бабамыздың басына салтанатты мазар тұрғызылды, өмір жолын баяндайтын кітап жазылды. Ақтөбе мен Хромтау қалаларында көше аты берілді, Орынбор облысы Орск қаласының Крыловка ауылындағы орта мектеп енді Дербісәлі Беркімбаев атымен аталатын болды. Осыны көрген халық Бақыт ағаға зор алғысын айтты, батасын берді.
Бақыт Базарғалиұлының тікелей қатысуымен және басқаруымен Шәмші Қалдаяқов қоры құрылды. Бұл да себепсіз болған жоқ. Жиналған жерде Шәмшінің аталары Жайық бойынан шыққан деген сөзді естіген Бәкеңде тыныштық кетті. Өзінің Жайық десе іші-бауыры елжіреп тұратыны бар, Шәмшімен өзін бір жерден шыққандай сезінді. Көп ұзамай қор құрылып, қолдаушы азаматтар топтастырылды. Міне, Бәкең бастаған топтың ұсынуымен Шәмші Қалдаяқовтың атына Ақтөбе қаласына көше берілді. Қарғалы ауданына қарайтын Александровка ауылы қазір композитор ағамыздың атымен аталады. Інісі Қайрошпен екеуі күндіз-түні жүріп, Шәкеңнің атына бұл ауылдан саябақ ашты, соған Шәмші ағаның ескерткішін қойды. Бұл шаралар Шәкеңнің аруағына тәу ету, соның барысында болашақ ұрпаққа тәрбие беру болатын.
Бәкеңнің белсенділігі соншама, Ақтөбе өңірінде өтіп жатқан игілікті шаралардан құлағына хабар тисе болды, араласуға, баруға, қатынасуға құштар. Жем өзенінің бойында Сәрке батырға ескерткіш қойылып, үлкен ас бергенде де Бақыт ағамыз топты жарып жүрді. Бұл кісі Бекқұлы әулиенің тамын жаңарту, оны халыққа жария ету, шырақшы қою, қасындағы ауылдың атын беру жұмыстарына елеулі үлес қосты.
Бүгінгі күні халықтың алғысына ие болған елге белгілі аға 80 жасқа келді. Жеңгеміз Нәзирамен алпыс жыл бірге өмір сүріп, сүйікті ата-әже атанды. Өздерінен тараған бес баланы өсіріп, әрқайсысы әр салада қызмет жасап, елге еңбегін сіңіріп жатыр. Ішінде әкесінің жолын қуып ішкі істер қызметінде жасап, үлкен қызмет атқарып жүргені де бар. Солардан он үш немере сүйді. Шөберенің қолынан су ішкен Бәкең мен Нәзира жеңгеміз балаларына дән риза.
Жақында ғана ол кісімен кездесіп, «аға, қалайсың?» дегенімде, «жаман емеспіз, қаһарман ханымыз Әбілқайырға кесене көтеріліп, той жасалды, даңқты Тілеу батырымызға арналып ас беріліп, ескерткіш қойылды. Халқымыздың ескіргені жаңарып, Елбасымыздың салиқалы саясаты арқасында батыр еліміздің өткені мен болашағын көтеріп жатырмыз. Бұл үлкенге мақтаныш, кішіге өнеге болары сөзсіз», — деп ақсақалдық әңгімесін білдірді.
Баянғали ҚҰЛТАЕВ,
Ақтөбе қаласы.



