ЖаңалықтарЭкономика

Индустриалдық аймақ: басты міндет — инвесторларды тарту

Ақтөбе қаласындағы «Тұрғын үй құрылысы комбинатының» жұмысымен танысқаннан кейін облыс басшысы Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» индустриалдық аймағында облыстық әкімдіктің, облыстық мәслихаттың, бірқатар облыстық атқарушы органдар мен кәсіпорындардың, мекемелердің басшыларымен кеңес өткізді. Онда «Ақтөбе» индустриалдық аймағы құрылысының барысы» және «Ақтөбе» ӘКК ҰК» АҚ жұмысы туралы» мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұханов хабарлама жасады.
Индустриалдық аймақтың жалпы алаңы 200 га құрайды. Аймақтың инфрақұрылым құрылысы 2014 жылдың маусымында басталды. Құрылыс инвестициясының жалпы сомасы 5,5 млрд. теңге құрайды. Өткен жылы индустриалдық аймақтың сыртқы және ішкі инженерлік жүйесі құрылысына 3,0 млн. теңге бөлініп, игерілді. 2015 жылы 1,9 млрд. теңге бөлініп, осы жылдың 10 айы ішінде 1,7 млрд. теңгесі игерілді, бұл — есепті кезең жоспарының 97,6 пайызы.
Қазіргі кезде индустриалдық аймақтың аумағын көркейту жұмыстары және су, газ жүргізу, электрмен жабдықтау, автомобиль және теміржол тарту, ағын су кәрізін, телефон жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкімшілік-тұрмыстық кешен ғимараты салынды.
Индустриалдық аймақ аумағында 10-ға жуық ірі және орташа зауыттар, 30-дан астам шағын зауыттар орналастырылып, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі кезде бизнес нысандарынан 31,5 млрд. теңге құрайтын 5 тапсырыс түсті, оның ішінде «Ұлан компаниясы», «Спецтехника», «МР Ойл Газ Энерджи Инвестмент LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің тапсырыстары мақұлданды.
«Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Әлімжан Үсенғалиев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысы туралы баяндап берді. Ә.Үсенғалиевтің айтуынша, ӘКК-де әріптестерімен бірге мемлекеттік бағдарламаларды, инвестициялық қызметті және жерді пайдалануды іске асыру үшін қатысу үлесі әртүрлі 17 еншілес-тәуелді ұйым жұмыс істейді. Корпорацияның кірісі 2014 жылдың қорытындысы бойынша 11 млн. теңгені құраған.
ӘКК құрылғаннан бері әріптестермен біріге отырып, 6 179 млн. теңге құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, оның ішінде ӘКК инвестициясы — 672 млн. теңге (жобалардың жалпы құнының 11 пайызы).
Ә.Үсенғалиев инвестициялық және ағымдағы қызметтер, даму бағдарламасы, облыс аумағындағы инвестициялық және инновациялық қызметті қолдау жөніндегі проблемаларды да айтып өтті. Қарыздардың дер кезінде қайтарылмауы мекеменің жұмысын тежеп отыр.
Қаралған мәселелер бойынша хабарламаларды тыңдаған Бердібек Сапарбаев жүргізіліп отырған жұмыстарға көңілі толмайтынын білдірді.
«Индустриалдық аймақты құрудағы мақсат — инвесторларды тарту, ал бұл мәселе орындалып отырған жоқ», — деп атап көрсетті облыс басшысы. Ол «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ тарапынан бақылаудың жоқтығына айрықша назар аударды. Еншілес-тәуелді ұйымдар жұмысында да олқылықтар орын алып отыр. Жұмыстың қалыпты жүруі үшін ӘКК индустриалдық аймақ жұмысының бастамашысы және үйлестірушісі болуы тиіс екенін қадап айтты. Облыс орталығындағы «Табыс», өзге де коммуналдық базарлар және көкөніс қоймасы секілді мемлекет қаржысына салынған нысандар шығынмен жұмыс істеуде. Коммуналдық базарлардағы әлеуметтік маңызды азық-түлік бағалары басқалармен салыстырғанда жоғары. Бұл жерде ӘКК-ден тапсырыс алушы «Asia Agro Holding» ЖШС өз міндетін дұрыс атқармай отырғаны байқалады. Сондықтан алдағы уақытта серіктестікпен арадағы келісім күшін жойып, ӘКК әлеуетін арттыру мәселесі қозғалды. Ал баға тұрақтылығын бақылауды «Нұр Отан» партиясы жанындағы халықтық бақылау тобына жіті қадағалау тапсырылды.
«Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ инвестициялық қаржыларын қайтару жұмыстарын жандандыруы тиіс. Жақын күндері АҚ директорлар кеңесінің мәжілісін өткізіп, құрамына депутаттар мен кәсіпкерлер тарту керектігі атап көрсетілді.
Аймақ басшысы ӘКК жұмысын жандандыру қажеттігін, индустриалдық аймақ құрылысының инфрақұрылымын жүргізуді жеделдету, барлық техникалық жұмыстарды 1 желтоқсанға дейін аяқтау қажеттігін айтып, бұл істі бақылауды өзінің орынбасары Ғали Есқалиевке тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button