Жеңіс

Жүз жасаған жауынгер

«Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Адайбек Бөкенов жақын күндері жүз жасқа толады.
Қайғы мен қасіретке толы жылдарды басынан өткерген қарияның бүгінде денсаулығы сыр берсе де, әңгімесі түзу. Ол бала күнінен тыныштық пен бейбіт өмірді аңсап өсті. «Екі қасіретті басымнан кештім. Бірі — ашаршылық, екіншісі — қанды қырғын. Ашаршылық кездегі елдің бейнеті көз алдымнан кетпейді. Бүгінгі ұрпақ осынау тоқшылық, бейбітшілік заманның қадір-қасиетін сезініп өссе деймін», — деп әңгімесін бастаған ақсақал жанында отырған қызы Розаға ескі шабаданындағы соғыс жылдарынан сыр шертетін құжаттар мен майдан даласындағы ерлігі үшін командирлер атынан жазылған қызметтік міздемелерін, Алғыс хаттарын алдыртып, қасына қойды.
Ғасыр жасаған қария өткен өмірінен сыр шертті. Шалқардың Аяққұм өңірінде дүниеге келген Адайбек атаның өзінен үлкен Тайшан және Ноғайбек есімді екі ағасы болған. Ел басына күн туған нәубет жылдар қарапайым шаруа отбасын, яғни Баймұханбет пен Жазықтың шаңырағын да айналып өтпеді.
— Әкем ашаршылықтың құрбанына айналды. Әкемнің сүйегі Ресейдің Пенза аумағында қалды. Ол кезде менің жасым небәрі 15-16-лар шамасында болатын. Ауылдағы Тереков деген ұстаздан аз-маз білім алған біздің болашағымызға әкем қатты алаңдады. Сол кездегі ауыл басшылары бүтін бір ауылдың халқын емес, шағын топты жүк пойызына тиеп, Ресей жеріне аттандырды. Бұл топтың арасында біздің отбасы да болды. Жол-жөнекей бұдан әрі жүруге шамалары келмей, аштықтан қалжырап өлгендердің саны көп еді. Ашаршылық әлсіретіп, ауруға шалдыққан әкем көп ұзамай Ресей аймағында көз жұмды. Артынша анам қайтты. Кейін айықпас дерттің кесірінен ағам Ноғайбектен айырылдық. Енді Тайшан екеуіміз бір-бірімізге сүйеу болып, жат жерде күнелтуімізге тура келді. Ртищево қаласында аштықтан өлген адамдардың мәйітін ат-арбаға тиеп, белгілі бір жерге дейін жеткізу міндеті біз секілді бозбалаларға жүктелді, — деп, ақсақал сол уақыттың бастан өткерген ауыр күндерін осылайша есіне түсірді.
Кейін Адайбек ата көппен бірге Тұзтөбе мен Орал аралығындағы жол салу ісіне араласады. Сол тұста ағайынды екеудің жолы екіге айырылып, Тайшан Ақтөбеге оралады. Ал Адайбек ата жиырма үш жасқа қараған шағында әскер қатарына алынып, Белоруссияның артиллериялық полкінде бір жыл оқу-жаттығу жиынында болады. Әскери борышын өтеп жүрген шағында, яғни Бобруйск қаласында соғыс өртіне тап келеді.
Шекарадан 300 шақырым жерде орналасқан Бобруйск қаласына жау әскерлері үш күнде басып кіреді. Адайбек атаның айтуынша, әскери аймақ алаңында полктің бір батареясы ғана қалдырылады. «Сол батареяның құрамында мен де болдым. Бізге полк батареясы тұрған аумаққа немістер жақындағанша үш зеңбірекпен қаланың фабрика, зауыт және басқа да нысандарын атып, бұзуға тапсырма берілді. Дрезден қаласы маңындағы өзеннің көпірін де қиратуымыз керек болды. Бұл тапсырмаларды біз мүлтіксіз орындадық. Зеңбіректен атылған снаряд 18 шақырым жерге жететін», — деп сәл кідірістен кейін әңгімесін жалғаған Адайбек атадан біз әскери техникамен жұмыс істеудің қыр-сыры жайында сұрағанбыз.
— Мен зеңбірек көздеушісі болдым. Әскери тілде мұны «наводчик», яғни нысанашы деп атайды. Менің міндетім — нысананы дәлдеп ату. Яғни, ату кезіндегі оқ ізі нысана мен қалаған нүкте арқылы өтетіндей етіп зеңбірек ұңғысы каналының осін бағыттау. Зеңбіректі көздеу арнайы құралдар арқылы жүзеге асырылатын. Бұл әскери техниканы бір ғана адам меңгермейді. Бір зеңбірекке шамамен 15 солдат бекітіледі. Зеңбіректің өз салмағы 25 тонна, ал снаряды 100 келі тартатын, оған 15 келіге дейін оқ-дәрі салынады, — деп жауап берді.
Адайбек ата Литва, Латвия, Шығыс-Пруссия, Беларуссияда болған шайқастарға қатысқан. Шығыс-Пруссияның әкімшілік орталығы — Кенигсберг қаласы мен қамалын алу үшін кеңес әскерлерінің құрамында болды. «1945 жылдың сәуірінде Кенигсбергті басып алу шайқасы басталды. Қаланы қорғау жүйесі өте күрделі, берік қамал болғандықтан, оны тек кеңес әскерлері бесінші күні ғана басып кірді. Осы шайқастың бел ортасында мен де болдым», — дейді жауынгер.
Қызы Розаның айтуынша, қарт майдангер бір өзі қалған сәтінде үнемі үнсіз ойға шомады. Сол бір отты жылдар еріксіз ойына түседі.
Бүгінде оның омырауындағы әртүрлі ұрыстарда Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі үшін тағылған медальдармен қатар бір өзі дараланып тұрған «Қызыл жұлдыз» ордені оның майдан даласында жасаған ерлік істерінің айқын дәлелі. 1946 жылдың 9 мамырында Адайбек Бөкеновтің атына жазылған Алғыс хатта Балтық майданында Армия генералы болған Баграмянның қолы бар. «Военный Совет благодарит за безупречное служение Отчизне Вас, воина победоносной Красной Армии, прошедшего славный боевой путь в Великой Отечественной войне. Вы возвращаетесь домой в знаменательные дни…» деп басталатын Алғыс хатта жауынгер Бөкеновтің ерлігі мен оның атына айтылған жылы лебіздерді оқисың.
Осылайша қан майданнан елге аман-сау оралған Адайбек ата ұзақ жыл Жұрын жерінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Жұмыс жасай жүріп, ауыл шаруашылығы техникумын зоотехник мамандығы бойынша тәмамдайды.
Бүгінде Адайбек атаның отбасында бес бала өсіп-өнді. Осыдан төрт жыл бұрын көз жұмған зайыбының ақ жаулығы мен кәжекейін жауынгер қарт әрдайым жанында ұстайды. Қазір олардан тараған немере, шөберелер бейбіт елдің болашағы үшін білім алып жатыр.
Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button