Мәдениет

Тағдыры тасқа біткен ақын

Биыл Алматыда «Арыс» баспасынан өмірден ерте өткен ақын, жерлесіміз Серік Сатановтың «Сағым дүние» деп аталатын жыр жинағы жарық көрді. Кітап аңдатпасында: «Өмірден ертерек кеткен ақын Серік Сатановтың артында өлмес сөзі қалды. Отан-ана мен отбасы аралықта алуан тақырыпты тілге тиек еткен ақын жырларының ауқымы кең. Жинақта ақынның туған ортасы, ондағы сан алуан адамдар, шежіре-тарих туралы толғаныстары жыр тілінде сәтті өрнек тапқан» деп жазылған.
Кітапты құрастырып, демеушілік жасаған Тәуіпбай Малышев пен Тоғжан Серікқызы.
Оқырмандар назарына осы жинақтың алғысөзі мен ақын жырларын ұсынып отырмыз.
Бұл уақыт шіркінді қойсаңызшы! Кеше ғана арамызда жүрген Серік ақын, Сатановтың да өмірден өткеніне едәуір мезгіл болыпты. Осы бір орта бойлы, ашаң жүзді жігіттен алматылық үлкен ақын ағаларымыз көп үміт күтетін. Ақынның көзі тірісінде шыққан жинақтарының өзі оны алдыңғы толқын ағалардың соңынан ерген ақындар сапына қосты. Бір жерден оқығаным бар еді. Онда ақын Блок: «Жазушы тағдыры — қиын да қиямет, қасіретті тағдыр» дейді. Соның растығына менің көзім жеткен секілді. Өйткені, өмірден Танабай, Артығали сияқты ақын замандастарым өткеннен соң, ұзамай Серік қатарым да қайтпас сапарға аттанды. Міне, осыған қарап уақыттың өтінде тұрған жас ақындар ауылдан арман іздеп, Алматыға келді де, тағдырлары тасқа біткен шынардай ғұмыр кешті. Олар пәтерден-пәтер жалдап, кімнің үйінде тұрмады десеңізші. Осынау абыр-сабыр дүниенің қиын-қыстаулы кезеңі олардың тағдырына әсер етпеді деп кім айтады. Соның бірі, досым әрі университеттесім ақын Серіктің де басынан өтті. Өмірге сәби көзімен қарап, бала мінез танытқан албырт ақын сол қаланың тастағына бітіп, сол тастағынан бой жаза алмай өмірден өтті. Ол ЕРКІНДІК пен КЕҢДІК атты қасиетті құбылыстың ұланы еді. Еркін жүріп, еркін күлгісі, ақындарға тән қадір-қасиеттердің бар мүмкіндігін сол өзіміз айтып отырған ЕРКІНДІК пен КЕҢДІКТЕ толық пайдаланғысы келді. Бірақ өмірдің қатал заңы оған ондай мүмкіндік берген жоқ. Өзі өмірден өтті, бірақ артында өлмес сөзі қалды. Ол бір өлеңінде:
Өмір — Уақыт!
Өлең — Бақыт!
Бердім саған өзімді,
Темір төзім, лапылдаған сезімді.
Жанымменен, қанымменен, барыммен
Құйдым ыстық көкірегіңе сөзімді, — дей келіп, бүкіл жан жүрегіменен толғай келе:
Ұлы тарих — Уақыт білер керегін,
Жүрегіне жазылсам деп келемін.
Қалса болды тасқа жазған жазудай,
Күндеріме күнделік боп өлеңім! —
деген еді. Осы бір өлең жолдарынан ақынның өзінің алдан соғар тағдырының лебін сезінгенін байқайсың. Иә, Серіктің өлеңдері бүгінде өзі айтқандай «тасқа жазған жазудай» болып қалды. Ендеше, осыдан кейін ақынға әлдеқандай бір күштің сырттан әсер етіп, оның ішкі әлеміндегі құбылыстарды жыр жолына түсіріп, жарық дүниеге әкеледі дегенге қалай сенбейсің. Бұл әулиелік пе, әлде не?! Ақын өмірден өткенде өзінің өлеңімен бірге, сан алуан жұмбақтарды о дүниеге алып кетедіге саятын әңгімеге ден қоятынымыз да сондықтан болса керек. Біз қазір Серік өлеңдерінің құпиясына үңіліп келеміз, оның төрешісі — уақыт. Сол уақыт тудыратын оқырман.
Серіктің кейбір өлеңдерін оқып отырып, оның туған жерінің қыр-сырын ұққандай боламын. Есенинше айтқанда: «Ақынды танығың келсе, оның туған жеріне бар». Қашанда да, ақын өзінің туған жеріне тартып туады. Жалпы, ақын атаулының туған жерін сағынуының сыры сонда болса керек. Мысалы, Серік бір өлеңінде:
Сағындым-ау туған жер бар аймағын,
Сағыныш боп бойыма тарайды ағын.
Туған-туыс, өзен-көл, аққу-қаздар,
Мен сендермен біргемін,
Қалай халің!?
Мен отырмын алыстан сәлемдесіп,
Өздеріңе кеудемнен әлем көшіп.
Аттандырып жатырмын жырларымды,
Өздеріңмен жүруге жер өңдесіп, — дей келіп:

Сендер маған демеңдер жыр азырақ,
Өзіме де әзірге жүр аз ұнап.
Арғымағым жаратып жүрген жанмын,
Көрінбей жүрмін содан біразырақ…—
десе, біз неге таңғаламыз. Бұл — ауылда туып, Алматыда ақын боп қалыптасқан әрбір қаламгердің басынан кешкен күй-жай. Осыны Серік қалай дөп басып айтады десеңізші. Ол өмірден өтті, ал біз әлі күнге дейін сол Серік ақын жазған көңіл күйді бүгінгі күнге дейін кешіп жүрміз. Жалпы, ауылдан шыққан ақындардың тағдырындағы қала өмірі өзінше бір әңгіме. Ал Серік сол тағдырды басынан өткізді, өлеңіне арқау етті. Бұған неге таңғалмасқа, тамсанбасқа.
Жалпы, Серік сыршыл ақын еді. Сыршылдықтың арғы жағында шыншылдық пен шынайылық жататын. Ол, соны дәлелдегендей, «Ақынның монологы» атты өлеңінде:
Ғашық алма — қыз ғұмыр!
Көзіңнен көрдім сезімді,
Сөзіңнен көрдім өзіңді,
Түріңнен көрдім сөзімді,
Өзіңнен көрдім өзімді, — дейді де:

Үзуге сені қақым жоқ,
Өтпейін онда ақын боп,
Бағыма біткен бақытым,
Жүректе жүрсін жақын боп, —
деп термелетеді. Бұл — ежелгі қазақтың жыраулық үлгісінен қалған өлеңнің түр-сипаты. Төкпе жыр. Серік осы бір қасиетті жақсы меңгеріп, болашақта осыны дамытсам дейтін. Сол арманына ақын жете алмай-ақ кетті. Ал оны одан әрі өрбіту келер ақындар еншісінде. Айта берді, алып Алматыдағы ақындардың қайсысы туған ауылын сағынып, балғын балалығын еске алмайды дейсіз. Серік те сүйткен, оның бір куәсі төмендегі жыр:
Шоң дала кіші бесінде,
Шоқтығы күннің шөкелеп,
Шашақты жылдар есімде
Шалғайға тартқан төтелеп.

Жондарды жатқан арқалап
Айдау жол шықса алдынан,
Жүгіргім келер бұрқап ап,
Оятып түзді қалғыған! —
деген ақынға неге сенбеске. Осындағы «айдау жол» оны ауылдан ғана алып шыққан жоқ, ауылға алып баратын да күре тамыр еді. Ақын соны сезінетін. Сол бір арман кеудеде кетті-ау, шіркін!
Не екенін қайдам, ауылдан келген өндір жас ақындар үшін Алматы қаншалықты сүйікті болса, соншалықты қиындығын да алдарына тосты. Соны біз жан-тәнімізбен сезіндік те. Сондай бір кездері келер жазды, өтер күзді жырға қосатынбыз. Серік те сөйтті. Қараңызшы: «Жеттің бе, жазым, ән салып» атты бір өлеңіңде, ол сол көңіл күйді қалай жеткізеді десеңізші. Онда ол:
Шоң дала кіші бесінде,
Шоқтығы Күннің шөкелеп,
Шашақты жылдар есімде,
Шалғайға тартқан төтелеп.

Жүруші ем жонда қой жайып,
Жусанды қадап төсіме.
Маздаған шоқтай ой жанып,
Көрінетін еді-ай көзіме.

Шегіртке ұшса шекілдеп,
Тарайтын талғау гөзәл ән,
Адасқан бақа селкілдеп,
Таңдайы тілеп «бозадан».

Ағұстың ақшыл сонасы
Бауырында аттың андыздап,
Жыңғылдың ағып сорасы,
Дірілдер, соқса аңызақ.

Жондарды жатқан арқалап
Айдау жол шықса алдымнан,
Жүгіргім келер бұрқап ап,
Оятып түзді қалғыған… —
дейді. Осындағы жан қозғалысы мен өлең динамикасындағы үндесу нағыз ақындықтың жақсы көрінісі. Мұнда сарала сағынышпен қоса, поэтикалық қуаттың ерекше нышаны үндесіп, Серік ақынның жан дүниесін көрсетеді. Міне, осындай жан толқытар жырлардың авторы Серіктің жаңа жыр жинағы ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Бұл жинақта ақынның бар болмысы толық қамтылып, оның туған жерге деген сағынышы ерекше көзге ұрып тұрады. Менің көз алдыма Серіктің өзі емес, көзі — жырының иесіз тұлпардың әлдеқандай бір алыс алқаптарға бет түзеп бара жатқанындай әсер береді. Мұны айтып отырғаным, жылқыдан өткен жершіл жоқ. Оны қайда болмасын, қай жерде жүрмесін туған жері тартып тұрады. Оның иесі жоқ болса да, өзінің туған жеріне көз жұма тартып кететіні сондықтан. Серіктің жырлары да сондай. Ол да, міне, жыр жинақ болып туған жеріне, алдағы оқырмандарына бет түзеді. Жолың болсын, ақынның көзі, жақсы өлеңдер, асыл жинақ!
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері.

Серік САТАНОВ

Ақынның монологы

Ғашық алма — қыз ғұмыр!
Көзіңнен көрдім сезімді,
Сөзіңнен көрдім өзіңді,
Түріңнен көрдім төзімді,
Өзіңнен көрдім өзімді.

Үзуге сені қақым жоқ,
Өтпеймін онда ақын боп,
Бағыма біткен бақытым,
Жүрекке жүрсің жақын боп.

Ғашықтық жырын шерте бер,
Аяулың менмін еркелер.
Еркеле ерке ақынға,
Кезіміз осы өртенер,
Ғашықтық сырын шерте бер!
Тәкаппар қарап кейде сен,
Алма деп маған сөйлесең,
Түсінем оны, түсініп,
Күмбірлеп кеуде күй кешем!

Арыңдай сенің арым бар,
Жаныңдай сенің жаным бар.
Махаббатпенен маздаған,
Осылай мәңгі жаныңдар!

***

Ұйқы деген демалыс қой,
Бірақ та, Уақыт қой ол тұрмайтын тұрақтап.
Ағып жатыр ақ өзендей ағысты,
Өмірімнің сағатынан жырақтап.

Сол себепті ұйқы көрмей түнімен,
Тілдесемін тіршіліктің тілімен.
Ұры мысық — ұйқы қашар шошынып,
Мен сыйынған поэзия пірінен!

Көктем өтсе жапырағы жайқалмай,
Шабыт шіркін, шарасында шайқалмай.
Онда мынау марғау өмір жартысы
Ұйқы болып жоғалады-ау байқалмай.

Прометей боп кезіп ой мен от елін,
Осы түннің шегіне бір жетемін.
Өлім деген — мәңгі ұйқы бар, сондықтан,
Өмір үшін кірпік ілмей өтемін!

Сыр

Жыр жазбадым көптен мен жалындатып,
От жалыны барады жаным шарпып.
Бойымдағы қуатты көрсетейін,
Серпілетін күн жетті әнім шалқып.

Тайсалмай талай шықтым қақтығыстан,
Дариға-ай, өткір екем ақ қылыштан.
Тұрғам жоқ көздің жасын сорғалатып,
Ер тұлғам құйылғандай көк құрыштан.

Әлдилеп жаз дүниенің даналығын,
Жанымның солдырмадым лала гүлін.
Елсіздегі ерке елік сияқтанып,
Қайтейін, жүрді бір кез балалығым.

Кеудемде шетсіз-шексіз сыңсып арман,
Жанарға сіңіп жатты тылсым орман,
Ақ түтек қарсы борап қапылыста,
Алдымнан қара мақпал түн шығарған.

Сырласам үлкенмен де, өренменен,
Сыйғызып өмірімді өлеңге мен.
Көтердім қиындықты қарағай боп,
Кезім жоқ адамдықтан төмендеген.

Желбіретіп көңілдің құрақтарын,
Атып келед менің де бір ақ таңым.
Кезім бұл жарқылдаған жай отындай,
Белгісіз қай биікте тұрақтарым!

Өмір туралы ой

Амал бар ма ажалдан арашалар,
Жазды жұтып жатқанда қарашалар.
Той тарқайды, өмірдің базары өтіп,
Тірлік сапар таусылып — тамашалар.

Қарамайды жасыңа, кәріңе де,
Дәм-тұз бітсе, бір өлім бәріңе де.
Ескерткіш боп өзіңе өнер-еңбек,
Тербетеді қара жер тәніңе ие.

Таптырмайтын ұшығын құйын-сұрақ,
Мазасызбын өткеннің құнын сұрап.
Өлім деген әмірдің өлшемі емес,
Өлшемі емес дейміз ғой, қиын бірақ.

Тіршілікке келдік біз жаралуға,
Жол табайық қайтадан оралуға.
Бір-ақ рет ән салып мына өмірде,
Хақымыз жоқ қайтадан жоғалуға.

Тірлік, міне, бітпеуге көшкен білем,
Бастан бәрін ұнатам кешкенді мен.
Қорқыт атам қобызын қолыма алып,
Қорқытамын өлімді, сескендірем.

Өмір — күрес, адаммен аламын дем,
Қуат берем ауруға қаламыммен.
Авиценна жасаған өлтірмейтін
Дәріні іздеп түбінде табамын мен!

Жаратылыс

Жеткен жоқпын дүниенің шегіне,
Жете алмаспын дүниенің шегіне.
Бар түкпірін көрсем деп ем ғаламның,
Аспанымның күмбез жасап көгіне.

Қоссам деп ем жердің күллі жолдарын,
Қыссам деп ем бүкіл адам қолдарын,
Үлгере алмай жатырмын-ау бәріне,
Оқып бітпей тіршіліктің томдарын.

Таппай-таппай құпиясын, ғажабын,
Тартамын мен ойдың ауыр азабын.
Әлди-әлди, дүниені әлдилеп,
Өз әлімше зерттеп соны жазамын.

Күн менен түн тұрған мынау алысып,
Ақ пен қара жұлқысады сайысып.
Бәрін-бәрін көрсе дағы кешіріп,
Қария жер көгереді қайысып.

Өмір сүріп жазықсыз бен жазықты,
Шортан болса шабақтарды азық қып,
Көрінгенге көрінбейтін күрес бар,
Жүрегіңді қарамасаң жарық қып.

Ормандар да үнсіз ғана мүлгиді,
Өткізсе де бастарынан мың күйді.
Неше түрлі қияметін жасырып,
Қарауытып қара түн де жылжиды.

Мінсіз мүсін сұлулығын сымбатты
Көз алдыңда құбылтып ап қымбат қып,
Жаратылыс бойындағы қызығын
Тартады екен алдымызға жұмбақ қып.

…Талай күннің жырлар жазбай өткені-ай,
Болар едім шегіне өмір жеткен-ай.
Жаным менің жетем дейді, дегенмен
Тәні құрғыр тозады ғой, әттең-ай!

Жан күйі

.. .Табағын тартып түлкінің,
Қабағын бағып кірпінің,
Жүре алмадым жан бағып,
Жалданып жалған күлкіні.

Өнерім — менің өлеңім,
Көзіндей абыз көненің.
Бебеулеп тұрған күй-ішекті
Бесік қып, бөбек бөледім.

Жырымда тірлік нәрі бар,
Болмыстың бүкіл бәрі бар.
Жазықсыз жанған көз жасы,
Жаһандық дару дәрі бар.

Махамбет айтқан екенін,
Өмір — майдан екенін.
Қапыда жеткен ақынның
Қайғысын қалқан етемін.

Жырларым ұзақ жол шегер,
Жамырап дүние ол көрер.
Адасып жүрген ауада,
Ақиқат дауыс болса егер.

Күңіренген теңіз күй толқын,
Күйремес көңіл күн жалқын.
Сәулесін төгер жанының,
Жапырақ жанған жыр жарқын.

Тастан да тамыр таптым мен,
Тау төсін тіліп тасқынмен.
Кеудесі мұңлы күйсандық,
Арбаған көзді аштым кен.

Қанымды кетті қозғап бар,
Жандауыс жетіп маздақ хал.
Айызы қанып шаба алмай,
Арманда кеткен боздақтар.

Тіршілік күйін толғаған,
Адамның жанын қорғаған,
Арманның әппақ әні бұл,
Ақ жүректерге жолдаған…

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button