Отыз жыл ел аралап, ән шырқаған

Қазақ кәсіби музыкасының негізін салушы Ахмет Жұбанов ашылуына тікелей қамқорлық жасаған, бүгінде 70 жылдық тарихы бар Ақтөбе облыстық филармониясында 30 жыл қызмет еткен, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, батыс өңірі әншілік мектебінің көрнекті өкілі Хайдар Өтеғалиев ағамыз 70 деген жасқа ширақ қалпында ентікпей жетті. Ұзақ жылдар бойы Мұхит Мералының, Ғарифолланың әндерін ауыл-елді аралап айтудан жалықпаған әншінің даусы әлі күнге баяғы қалпында.
— Ақтөбе филармониясына қай кезде келдіңіз?
— Жасымнан ән мен күйге әуес болдым, домбыра тартуды 8 жасымнан бастап үйрендім. Әкем Өтеғали да, анам Рәзия да ән-жырға жақын адамдар болды. «Саққұлақ» деген балаларға арналған әнді, Мұхиттың «Көкайдайын» өз әліме қарамай орындайтынмын. Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында туғанмын, 5 жасымда Жалпақтал (Фурманов) ауданына көшіп кеттік. Біздің жақта Мұхиттың әніне елтімейтін, ыңылдап болса да айтпайтын адам жоқ шығар. Оқушы кезімнен аудандық халық театрында ән айтып, рөлде ойнап жүретінмін. 1963 жылы Мұхамеджан Ғұмаров деген ағамыз шақырып, Алматыдағы республикалық конкурсқа алып барды, сонда «Қыз Жібектегі» Шегенің ариясын орындадым. Сол кездегі Қазақ КСР-і Мәдениет министрі Ләйлі Ғалымжанова апайдың көзіне түскен болуым керек, мені эстрада-цирк студиясына алып қалды. Ғарифолла Құрманғалиев әрі жерлес, әрі маған нағашылығы бар. Емтиханда Мұхиттың «Көкайдай», Ғарифолланың өзінің «Ақжайық», «Нұржамал» әндерін орындадым. Қазақстанның халық артисі Қажыбек Бекбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Әскербек Еңкебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әлмырза Ноғайбаевтармен бір курста оқыдым. Оқуды бітірген соң мені «Қазақконцертке» жұмысқа қалдырып еді, ата-анам қоярда-қоймай елге қайтарды. Содан Ақтөбе филармониясына жұмысқа кірдім. Ол кезде директор Тұрдыбек Оспанов екен, өте жайлы адам болатын. Сол жылдарда Ақтөбе филармониясының аты дүркіреп тұрды.
— Ғарифолланың шәкірті болудың жауапкершілігі де оңай емес шығар?
— Ғарекеңе шәкірт болғаныма әлі күнге өзімді бақытты санаймын, ол бір ерекше жан еді, ұстаз болғанда да көңілі кең, шәкіртіне бойындағы барын беруге тырысатын, бір қатты сөзі жоқ адам еді. Аузынан әзілі түспейтін, бала сияқты адам еді. Ғарекең әр әнді орындағанда домбыраны құбылмалы қағыспен түрлендіріп ойнаушы еді. Ғарекеңнің жанында гастрольдік сапарларда көп жүрдім, студент кезімде де білмегенімді үйіне барып сұрап алатынмын. Ұстаз ретінде өлшеусіз еңбегі сіңді деп ойлаймын. Домбырасын беріп кетті маған. Мен де ол кісінің үмітін ақтауға өмірімді арнадым. Әруағы ырза шығар жарықтықтың. Әрине, «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» деген атағым жоқ, мәселе атаққа тіреліп тұрмаса да, еңбектің еленгені жақсы ғой. Сол атаққа ұсынылып тұрсам да, түрлі себептермен бұйырмады… Бірақ өзімнің кәсібіме адал болдым әйтеуір…
— Филармонияға келген кезде алдыңғы толқын артистермен жолсапарларда бірге жүрдіңіз. Сол уақытты бір еске алсаңыз.
— Иә, ол кездерді тебіренбей еске алу мүмкін емес. Филармонияның алғашқы артистерінің ішінде жырау-термеші Жүсіп Сейілов, Қазанғаптың шәкірті, мықты күйші Жәлекеш Айпақов, соғыстың алдында Ақтөбедегі қазақ театрында небір рөлдерді сомдаған даусы керемет актриса-әнші Рахила Ақжаровалар болды. Үшеуі де Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артистері. Балтұрсын Сарыбаева деген он саусағынан күй төгілген апамыз бар еді. Тамара ханумнан сабақ алған Базаргүл Омарова деген биші апай, сондай-ақ әнші Алтынзер Есенова, домбырашы, көркемсөз шебері, концерт жүргізуші Сұлтанғали Дәрібаев, домбырашы, биші, актриса, әнші Сафура Қарақожаевалар болды. Қобызшы Ысқақ Райымбергенов ағамыз да біраз уақыт жұмыс жасады. Бұл адамдар кезінде қыста ат-шанамен, жазда ат-арбамен жыл бойы ел аралап, концерт қойып жүрген. Сахнада ондық шамның жарығымен дыбыс күшейткішсіз, табиғи даусымен 5-6 шығармадан орындап шығатын. Ол кезде филармонияда кесімді айлық болмады. Осы апа-ағаларыммен гастрольдерге бірге шығу бақыты маған да бұйырды. Бүгінде ол кісілердің дені өмірден өтіп кетті. Жарықтықтар бап тілемейтін, қабақ шытуды білмейтін. Ел іші филармония артистерін асыға күтіп отыратын, бір ауылдан бір ауылға шығарып салып жүретін. Өз замандастарымның ішінде өте келбетті, көркемсөз шебері, көкшетаулық Кеңес Исмаилов, әнші Зәйтуна Ғұбайдуллина, концертті жүргізуші Шалабай Санаев, әнші, елі ерекше сүйген Геннадий Шульга, биші Ханбибі Үршібаева, әнші Ерсайын Елеубаев, биші Үміт Ғайнитденова, дәстүрлі әншілер Қамбар Мінайдаров, Тұрсынай Қыстаубаева, Ұлбосын Матанова сияқты талай таланттар болды.
1959 жылы филармонияны шаруашылық есепке көшірген, содан ұжымның айлығы концерттен түскен қаржыға ғана тіреліп қалған. Концерт қоймасаң, табыс жоқ.
Содан жылына 240 концерт беріп, филармонияның артистері қыстың суығына, жаздың аптабына қарамай, табанынан тозып жүретін. Ертеден кешке дейін аш жүріп, ұйықтарда бір жерден қонағасы жеп, бабы келіспей, кейін денсаулықтары сыр бергендері қаншама. 1980 жылдары Ақтөбе филармониясы КСРО бойынша екінші орынға шығып, ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алатын.
Екі рет өлімнен қалғаным бар. Қақаған қыста Атырау облысын аралап жүргенде, автобус бұзылып, үсті ашық машинаға мінгенде қол-аяғымның жаны кетіп қалған. Маңғыстауда жүргенде де осындай қиындықтар кездескен. Бүгінде аяқ-қолымыз сырқырап ауырғанда сол күндер еске түседі. Оның үстіне қайбір жылы клуб бар, жайшылықта адам кірмейтін, аузында қара құлып тұратын азынаған клубтарда концерт береміз. Бірақ сол кездегі елдің ықыласы сұмдық еді, сол бізге бар қиындықты ұмыттырып жіберетін.
— Отағасы айлап-апталап жолда жүргенде, үйдегі тірлікті дөңгелентіп отырған жеңгей туралы, жалпы отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз, сіздің жолыңызды қуған немерелер бар ма?
— Үйде бала-шағаға ие болып отыратын Дариға жеңгең болды ғой. Ол кісінің мінезі жайлы болды, осы жасқа аман-есен жетуіме әуелі Алланың, сосын сол кісінің үлесі болған шығар. Үш ұл тәрбиелеп өсірдік. Үшеуі де жоғары білімді, қызмет істейді. Үлкен ұлым Амангелді Алматыда ішкі істер саласында қызмет етеді. Ортаншы ұлым Төлеген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетте, кіші ұлым Сансызбай Ақтөбедегі экономика колледжінде сабақ береді. Бүгінде үшеуі үш үй, немерелер өсіп жатыр. Балаларымның бәрі де ән-күйге жақын. Немерелерімнің ішінде 5 жасар Қайсар домбыраға құмар, маған: «Қашан кішкентай домбыра әпересің?» дейді, осыдан үмітім бар. Мен гастрольде жүргенде ұлдарға ие болу оңай жұмыс емес еді, бірақ зайыбым менің алаңсыз жұмыс жасауыма жағдай жасады. Қазірдің өзінде аптасына 1-2 рет айғайлап ән айтып отырмасам, ішкен асым бойыма сіңбейді. Оған құлағы үйренген. Дариға өзі қазіргі облыстық әкімдіктің ( бұрынғы Кеңестер үйінде) асханасында зейнетке шыққанша 33 жыл жұмыс істеді.
P.S. Ақтөбеліктерді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның ұйытқы болуымен Т.Ахтанов атындағы театрда 9 қараша күні сағат 18.00-де өтетін мәдениет майталманы, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, әнші Хайдар Өтеғалиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған концертке шақырамыз. Оған Оралдан Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері: ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сәуле Таудаева, ҚР мәдениет қайраткері Сағадат Рақымжановтар қатысады.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



