Мәдениет

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясына атсалысайық!

2015 жылдың наурыз айында Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Ұлттық музейге сый тарту» акциясын өткізген болатын. Бұл шара Алматы, Қызылорда қалаларында жалғасын тапты. Ұлттық музейдің қорын ел тарихына қатысты құнды жәдігерлермен толықтыруды мақсат еткен бұл акция қараша айында Ақтөбеде өткізіледі. Ақтөбеліктер де осы бастаманы қолдап, оған белсене қатысады деген ойдамыз.

Музей — заттық ескерткіштер жинау мен халықтың жадын, тарихын сақтайтын, қорғайтын және оларды жалпақ жұртқа көрсете алатын орын. Музейдің негізгі құндылығы — оның жәдігерлері. Музейге жиналған заттар — халықтың өмірінің айнасы, халықтың бүкіл рухының белгісі.
Музей қорын толықтырудың көптеген жолдары мен әдістері бар. Солардың бірі — халық арасында түрлі акцияларды өткізу, бұл өзі әлемдегі музейлерде дәстүрлі шараға айналған.
Ұзақ жыл музейде істеген тәжірибемнен түйгенім, біз жыл сайын жәдігерлер жинау үшін осындай акциялар арқылы халықтан көп жәдігер жинайтын едік. Акцияға қатысып, өз үлестерін қосқан кісілер кейін музейдің жанашыр достары болып кетті.
Еліміздің бас қаласы Астанада ашылған Ұлттық музей қызметкерлері жәдігерлер жинау мақсатында көпшілік қауымның қолдауына сенім артып, «Ұлттық музейге сый тарту» атты Акция өткізіп жатқанынан хабардармыз.
Бұл ауқымды шараны ең алдымен аға буын өкілдері, біздің қадірменді ардагерлеріміз қолдайды деп сенемін. Себебі олар тарихи жәдігерлерді сақтап, кадірлей білетін, орынды қолдана білетін дана кісілер.
Бұл акция барысында ғалымдар, ұстаздар қауымы, басқа да зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар белсенділік көрсетуі керек-ақ. Халқымыздың мәдени мұрасына үлес қосып жүрген суретшілер, мүсінші-көркем өнер иелері және қолөнер шеберлері, ағаштан, темірден, сүйектен, теріден жәдігерлер, зергерлік бұйымдар жасайтын және тоқыма, кесте, ұлттық киім тігетін шеберлер акциядан тыс қалмас деп ойлаймын.
Ата-бабаларымыз жасаған әрі тұтынған, бүгінде ұста-зергер, етікші-тігінші шеберлердің қолынан шыққан, қолдану аясынан шығып қалған бұйымдар мен олардың құрал-жабдықтары, тұрмыстық, шаруашылық, аңшылық, басқа да кәсіптік мүліктер өте құнды ұлттық мұра болып саналады. Оларды сақтап отырған кісілер Ұлттық музейге тапсырса, алғысымыз шексіз дейді акция өткізушілер.
Музейге сыйға тарту жасаған кісілерге мынаны ескерткім келеді. Қазір сіздің отбасы үшін қымбат, көненің көзі болып отырған затыңыз музейде ұлттық құндылыққа айналар еді, реті келгенде оны қалың көпшілік көретін болады.
Басты ескеретін жағдай, қандай да бір зат тапсырсаңыз, ол мұқият хатталып, оның тарихы жазылады. Сіз берген зат ешуақытта жоғалмайтынына, бұзылмай сақталатынына сеніңіз. Бұл тәртіпті музей қызметкерлері заңды түрде бұлжытпай орындайды.
«Көп түкірсе — көл» дегендей рухы биік, ұлтжанды халқымыз ел мұрасының ордасына өз үлесін қосатынына сенемін. «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына сәттілік тілеп, бір кісідей атсалысайық!
Рысжан ІЛИЯСҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,
облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды
қорғау комиссиясының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button