Буын аурулары жасарып барады

Соңғы жылдары аяғын баса алмай, белін көтере алмай, қолын қозғаудың өзі мұң болған егде адамдарды ғана емес, жастарды да көп кездестіресіз. Түні бойы аяқ-қолы қақсап ұйқы бермей, күндіз тізесі бастыртпай, белі көтертпей ақсаңдап, бүкшиіп не таяққа сүйеніп жүретін адамдардың қарасының көбею себебі неде? Осы тақырыпқа байланысты Ақтөбе қаласындағы №2 емхананың ревматологы Татьяна Васильевна Панкратовамен әңгімелескен едік.
Ауру асқынбасын десеңіз, дереу дәрігерге қаралыңыз
— Татьяна Васильевна, остеоартроз, остеохондроз деген аурулардың неден пайда болатыны туралы айтсаңыз.
— Бұл бүгінгі күні өте өзекті мәселеге айналып отырғаны рас, аурулар бір күнде пайда болмайды. Қол-аяқ, омыртқа бағанасы буындарының өзгерістерге ұшырауын остеоартроз деп атайды. Бүгінде буын аурулары бүкіл әлем бойынша аурулардың алдына шығып кетті. Халық арасында кең таралған әрі мұндай сырқаттың соңы талай адамның мүгедек болып қалуына әкеп соқтырып отыр. Мұның ең қауіптілігі де сонда. Буын ауруларының ішінде остеоартроз көп кездеседі. Бұл буындардың арасын жалғап тұратын шеміршекаралық майдың, яғни желім сияқты сұйықтықтың ағып кетуінен болады. Одан кейін құрғақ сүйектер бірін-бірі қажап жүру қиындайды. Науқас тізесін бүге алмай, аяғын тең басуға зар болады. Буын ауруларында ең көп таралғаны да осы. Адамдар буыны қақсап ауырса да, онша елемей көп уақыт өткізіп алады. Буын аурулары егде адамдарда ғана емес, жастарда жиі кездесетін болды. Сондай-ақ остеоартроз ағзадағы зат алмасу процесі бұзылғанда, қатты соққыдан жарақат алғанда пайда болады. Қант диабеті, қалқанша безі аурулары, аяқтағы қан тамырларының кеңеюінен, артық салмақтың кесірінен де буын аурулары бас көтереді. Медициналық мәліметтер бойынша, ревматоидты артриттен бүкіл әлем халқының 2-3 пайызы зардап шегеді екен. Аталған аурулардың салдарынан адамдарда еңбек қабілеттілігі төмендеп, мүгедектікке ерте шалдығады.
Дәрігер науқасты емханада буындарды рентгенге түсіру арқылы, соның нәтижелеріне қарап анықтайды. Өйткені буындардағы өзгерістерді, яғни остеофит, анкелос тәрізді ауруларды зертханалық жалпы сараптамалар көрсете алмайды.
— Буын ауруларының алдын алуға бола ма?
— Әрине. Мысалы, буындары ауыратын адамдар төмендегідей кеңестерді ескерсе, ұтылмас еді. Қолдан келсе адам 5 келіден артық салмақты көтермеуі керек. Затты екі қолына тең салмақта ұстағаны жөн. Аяққа биік өкшелі немесе табаны тегіс аяқ киім кию зиянды, оның биіктігі 3-4 сантиметрден аспағаны дұрыс.
Салқын суды пайдалануға, тоңдыруға, аяғын салуға болмайды. Аяққа резеңке етік емес, былғарыдан тігілген, табаны полиуретан аяқкиім кигені пайдалы.
Қар тазалау, жер қазу сияқты ауыр жұмыспен айналысу ауруын күшейтеді.
— Бұл ауруды қалай емдейді?
— Бұл жерде әр адамның диагнозына қарай маман дәрігер шешім қабылдайды. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Және кез келген ем аурудың белгілерін бірден жояды деп ойлауға болмайды, ол ұзақ процесс болуы мүмкін. Дәрігердің кеңестеріне құлақ асып, тағайындаған емдеу курсынан өту керек.
Дәрігердің кеңестерін ескере отырып, емделсе, мүгедектікке ұшырау қаупі азаяды.
— Жастардың буын ауруларына ұшырауына не себеп?
— Көбіне спортпен шұғылданатындардың арасында кездеседі. Екіншіден, қазір адамдар, тіпті жастар да өте аз қозғалады. Қозғалыстың аздығы, артық салмақ, темекі шегу, алкогольді ішімдік сияқты нәрселер буын ауруларының белең алуына алып келеді. Жалпы салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтану тәртібін қадағалап, қимыл-қозғалыстың ауқымын кеңейту арқылы бұл ауруды азайтуға болады.
— Ақтөбеде ревматологтар санаулы ғана, неге бұлай деп ойлайсыз?
— Өзім 31 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Мединститутты терапевт мамандығы бойынша бітіргенмін, кейін сол жерде екі жыл резинтурада оқып, ревматологқа мамандандым. Қазір магистратура бар.
Қазір ревматолог дәрігерлер аз, бірақ оларға деген сұраныс үлкен. Ревматологтарды даярлауды ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Бір жағынан, ревматологтың жұмысы өте ауыр, мысалы, мүгедектікке душар болғандарды емдеу оңай емес, ұзақ мерзім бойы ұдайы бақылауда болады, олармен жүйелі жұмыс жасауың керек. Әрі дәрігердің жалақысы жарытымсыз. Жастар бір жағынан сол үшін де қызықпайтын шығар.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.



