МәдениетТұлға

Табыл тағылымы

Қазақтың белгілі сатирик-жазушысы, ҚР Мәдениет қайраткері, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың иегері Табыл Құлияс алдындағы талай ағаларының ізін басып, кейінгі буынға үлгі болып, міне, 80 жастың сеңгіріне ат шалдырып отыр.
Ойыл өңірінде 1935 жылы дүниеге келіп, өз замандастары бастарынан өткерген сан қилы тірліктің ащы-тұщы дәмін түгел татқан қаламгердің бұл мерейлі мезетті шығармашылық өнеріндегі табыстарымен, отбасындағы шуақты шұғыламен, соған сәйкес сергек көңілмен қарсы алуы бақытты заңдылық.
«Ақтөбе» газеті осы мерейтойға орай қаламгер туралы айтылып, жазылып келе жатқан жақсы әңгімелер мен жылы лебіздердің бірқатарын ұсына отырып, той иесіне таусылмас игі тілектер арнайды.

Әнес САРАЙ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Табыл тағылымы
Қатар оқыдық. Журналистік жолымыз да бір кезеңде басталды. Одан да емес, қаламгерлердің иін тірескен жиын-жиналыс, құрылтайларында 400-500 адамның арасынан мені іздеп тауып, мұртынан жымиып тұрғанын көріп, маған алабөтен іш тартатынын, қас-қабағы, қуақы көзінің жылтылы, шын көңілден күлгенінен анық аңдайтынмын.
Шынында да, біз заманы бірге замандаспыз. Оның өмірбая¬нын не жастық шағында көрген-білгендерін көркем дүниеге аударған әңгіме, повестері кейіпкерлерінен мен өзімді көрем, ал өзімнің балалық шақ хикаяларымда Табыл бірге жүргендей елестейді. Біз бес жасымыздан өзен-көлдерден балық сүзіп, қоян мен үйрекке тұзақ құрып, орманнан отын тасып, колхоздың пішенін шауып, шөмелелерін сүйретіп, көнтері болып, сірідей қатып өстік. Сирағымыз қып-қызыл болып, жалаң аяқ қар кешіп, мұз бассақ та түшкіру, жөтелу дегенді білмедік. Біз «соғыс балалары» едік, жарым-жартылай сол аш-жалаңаш, тауқыметті жылдардың зобалаңынан шыға алмай, әр бұтаның түбінде жер томпайттық. Бізді «жоғалған ұрпақтың» өлмей тірі қалған жұқаналары десе де болады.
Менің жазған балалық шақ¬тарымды Табыл да жазып, оның жазғанын мен де жазып-пын. Біздің бір-бірімізге үйірсек¬ті¬гіміздің түп-тамыры осында. Бірде Қостанайда жолсапарда болғанымда үйіне іздеп барып, көрер таңды көзбен атырсақ та, балалық шақтарымыздың қиял-ғажайып ертегілерін айтып тауыса алмай тарасқанбыз.
Ол Ақтөбенің Ойылында туып, Алматыда оқып, Жамбыл¬ды төңіректеп өссе де құт қо¬нысын Арқадан тауып, осынау дастарқаны аста-төк, далиған кең өлкеге табаны жабысып, тұрақтап қалды. Ырыс қазанды Алматыдан жырақтап, ауылға, шет облыстарға кеткен қаламгерлердің кітаптарын шығара алмай қиындық көріп, қайсыбірінің кәдімгідей жүдеп, тоқырап қалатындары бар. Мен Алматыда баспа төңірегінде жауапты қызмет атқарып, ол алыс шалғайда жүрсе де, менен кітабымды шығарып бер деп бірде-бір рет көмек сұрамапты. Аяғынан тұрысымен өз қамын өзі қамдауға үйренген ол өз проблемасын өзі шешуге дағдыланған.
Сатира — баспалар сусап отыратын қашанда өтімді жанр. Оның үстіне Табылдың адаммен тіл табысқыш, жұғымды мінезі де жолын ашуға септескен сыңайлы. Ол тоқырау дегенді білмеді, шабыт пырағын дамылсыз қамшылап шаңдата шапты.
Табылдың қаламгерлік өмірде жолының болғандығы менменсуден аулақ кішік те биязы мінезінен, адаммен қыбын тауып сөйлесе білетінінен деп түйсінем. Бірақ шығармашылық талантың болмаса, дүниеауй бұл тірлік¬тің бәрі арамтер, әбігершілік. Қаламгер бағын жандыратын басқа емес, қабілет.
Табылдың талантты фельетоншы деген аты өткен ғасырдың 70-ші жылдары ауызға ілікті. Фельетон «Ара-Шмельге» не «Социалистік Қазақстанға» шыққанда ғана фельетон. Өйткені бұл жанр Орталық комитет бақылауында, жергілікті партия ұйымдарының қырағы қадағалауында болды. Сын садағына іліккендер табанда жазаланды. Сондықтан фельетоншы Табыл Құлиястың төбесі көрінсе болды жергілікті қызмет адамдарының мазалары май ішкендей болады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, барша саналы өмірін фельетон, сатира жанрын зерттеуге арнаған ғалым Темірбек Қожакеев өз зерттеу еңбектерінде Табылдың 19 фельетонына талдау жасап, журналистерге үлгі етіп ұсынып, студенттердің оқу құралына енгізген. Өткінші мер¬зімдік баспасөз емес, шығар¬ма¬лары ғылымның кәдесіне жарап, нысанасына айналуы ілуде бір қаламгердің маңдайына жа¬зылған бақыт. Баз біреулер осындай марапатқа қолы жетсе, бас жармағанмен, тас жарар еді. Ал біздің Табыл досымыз — жайбарақат, үйреншікті жол бүлкілінен жаңылыспай келеді.
Бізде де фельетоннан бастап, үлкен сатирик қаламгерлерге айналған ақын, жазушылар жеткілікті. Асқар Тоқмағанбетов, Садықбек Адамбеков, Жүсіп Алтайбаев, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Есенжол Домбаев, Табыл Құлияс. Шығармашылық қуаты тұрғысынан Табыл осы аттары аталған сатириктердің ізін басып, дәстүрді жалғастырып келеді. Табыл сатиралық эпопея жазбады демесең, одан басқасының бәрін — әңгіме, хикаят, повесть, тіпті сатиралық роман да жазды. Оның шығармашылығы туралы мақалаларда алдымен ауызға алынатыны «Жыланның тілі» романы сатиралық туындылардың озық үлгілері қатарынан орын алады.
Бұл орайда «Кесілген бұ¬рым», «Жалмауыз», «Сауда сақал сипасқанша», «Қоңыраулы күл¬кі¬грамма», «Ши оқ», «Қара терең», «Ақ мылтық», «Жегі», «Миға қойылған бомба» жинақтары сатира жанрының сәнін келтірген нәрлі жинақтар.
Табыл қайда жүріп, қандай қызмет атқармасын газет-журнал редакциялары, республикалық, облыстық телеарна журналистері оны іздеп тауып, тапсырмалар беруден жалықпады. Қаламгер сөзі қай жарияланымға да қажет еді. Оны қызметсіз қоймады. Табылдың жетекшілік етуімен қазақ телевизиясында алғаш рет «Жебе» сатиралық телеар¬насы ашылып, электронды баспасөз жүйесіндегі елеулі құбылысқа айналды. Ақмола облысы теле¬визиясындағы «Бұғалық» сатиралық журналы да журналистика тарихының тамаша бір бетіне айналды. Астана қалалық газетінің қолқалауымен «Қалақай» сати¬ралық бұрышын Табыл ұзақ уақыт жүргізді. Өстіп, қаламгер ел баспасөзі кеңістігінде сатираның өрісін өрістетуге үнемі атсалысып¬ отырғанын байқаймыз. Менің замандасым ол сатира жан¬ры¬мен сатира қазанында біте қай¬насып, осы күрделі жанрды іл¬гері сүйреп, оның табыстары мен ме¬рейлі биіктеріне ортақтас болды.
Қаламгер соңғы жылдары өзінің шығармашылық сара жо¬лынан бір сәтке айнып, тари¬хи-деректі шығармаларға ден қойды. Әулет, ағайын-туғандары сталиндік зобалаңның нәубетін көп көрген қаламгердің бала кө¬ңілінде осы бір кезең уақиғалары жазылмас жараға айналған сыңайлы. Өз отбасы не айнала төңірегінде көз көріп, құлақ естіген әңгімелерімен шектелсе, қазаққа қырғын әкелген қасіретті толық қамти алмайтынын шамалап, архивтік материалдарға жүгініп, халықтық трагедияның ауқымын бажайлауға бел буғаны байқалады. «Қан жоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» жанрын анықтау қиын, көз көрген оқи¬ғалар, кейіпкерлердің естеліктері, дерек, архивтік материалдар мидай араласқан қаралы кезең суретін айнытпай салған, дәлелді, шыншыл заман шежіресі.
Табыл — шынында да әріптестерінен оқшау тұрған жазушы. Оның оқшаулығы — қолтаңба, жазу стилінде. Қаламгер қазақ әдебиетінде мектеп болып қалыптасқан баяндау, бейнелеу тәсілдерін толық меңгере отырып, сол шеңберде қалып қоймай, өзіне ғана тән қолтаңба қалыптаған қаламгер. Әріптесімде бір сарынды баяндау не бір ырғақты суреттеу жоқ, оқиға шапшаң өрбіп, ауытқып, өзгеріп, жаңаша аунап, толқып отырады. Мірдің оғындай дәл, қысқа, өткір тіл де сол ырғаққа лайық. Ол — әдебиетте өз соқпағы бар қаламгер.

АСТАНА.
Серік Тұрғынбекұлы,
ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

ҚАЛАМ-ҚАРУ СЕРІК ҚЫП…

Бойындағы аямаған бар күшін,
Журналистер жаратылған халық үшін.
Хас қырандай келіп қонған қияға
Табыл аға, қалам-қару — тынысың.

Бір кісідей Сізді жақсы білемін,
Білгеннен соң жазамын деп жүр едім.
Талай рет бірге татып дәм-тұзды,
Табыл десе қабыл болды тілегім.

Жер бар ма екен біздің Тәкең бармаған,
Шетке шығып шетелді де шарлаған.
Ашу қысып, ашық кеткен кезің жоқ,
Кесел өсек асса дағы нормадан.

Мейлі, мейлі жүрсе дағы ол қайда,
Жер-ананың шын перзенті болмай ма?
Туған жерін айту қиын тап басып,
Ақтөбе ме, Ақмола ма, Торғай ма?

Жол сапардан оралса да ол жаңа,
Шығармасын тоғытады толғана.
Әттең, әттең, адамдарға көңілшек —
Тал бойында жалғыз міні сол ғана.

Бәрімізде жұмыр басты пендеміз,
Біреу-міреу өсек айтса сенбеңіз.
Әр қаладан үй салатын жайы бар,
Лұқсат етсе, сұлу біздің жеңгеміз.

Ерлік санар елдің мұңын қозғаса,
Қатарынан қалған емес, озбаса.
Басы ауырып, саусақтары сыздайды
Апта сайын бір фельетон жазбаса!

Нағыз жомарт, жаңылмаған жолынан,
Не берсе де жарылқайды молынан.
Қайынағадан аяп қалар сөзім жоқ,
Қарындасын алғаннан соң қолынан.

Қолда барын аямаған досынан,
Құба дүзде құландайын жосыған.
Қар жастанып, мұз төсеніп жататын,
Табылады жылқышының қосынан.

Талай кезген кең даланың самалын
Кере жұтса көкірегі толады.
Диқандармен дәмдес болса бір күні
Келесі күн қойшылардың қонағы.

Қайда барса ұсынады төрін ел,
Дәл осылай дала кезген серілер.
Әр түкпірі Қазақстан жерінің,
Ер Тәкеңе өз үйіндей көрінер.

Малшыны ойлап кеткен кезде мазасы,
Өткір сыны — басшылардың жазасы.
Күтеді ылғи Тәкеңді,
Әр ауылдың балдызы мен бажасы.

Біздің Тәкең жарқыратып маңдайды,
Бұрқыратып жазуынан танбайды.
Қанша жасқа келді десе Тәкеңді,
Біз нансақ та, басқа ешкім нанбайды.

Анау күннен, балаң күннен сырластым
Туған Торғай топырағын бір бастым.
Ердің жасын сұрамайтын рыноктың кезеңі,
Заманы бірдің бәріменен құрдассың!

Қарашы бір қарлы шыңға дұрыстап,
Қарсы алдыңда арулар жүр гүл ұстап.
Алла берген ғұмырыңды бағалап,
Қолыңдағы қаламыңды нық ұстап!

Дүкенбай Досжан,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Сатира сарбазы

Сөздің қасиетін білетін, қазақ сөзін байлықтан артық көретін, ақ мылтық журналистер үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу жұлынды тақырыптың бірі. Сатирик жазушылар да жемқорлық, өзімшілдік дертімен алысып келеді. Арпалысып жүреді. Тазалық жолында арпалыса береді. Әйтсе де әлгі жемқорлық дертінің сап тыйыла қалар түрі көрінбейді. Олжалау жолын анықтап алған. Мақсатынан таймайды, жемқорды сырт көзбен тану да оңай емес.
Тілге тиек етіп отырған, қаламынан көптеген дәмді, мәнді кітаптар туған сатирик жазушы Табыл Құлияс жемкорлықпен, нысапсыздықпен күрестің нәтижелі болмағын мүлде басқа полюстен іздейді.
Санасына «байысам» деген ашкөздік, нысапсыздық сіңіп қалған адамды ешқашан қорқытып, үркітіп қойғыза алмайсың дейді. Байыған сайын қанағаты кетіп тойғыза алмайсың дейді.
Ондай кісілер туралы, мейлі он фельетон, тіпті жүз фельетон жаз, сайқымазақ театрының бас кейіпкері ет, экономикалық және сыбайлас жемқорлық жөніндегі қылмысқа қарсы күрес жөніндегі комитет агенттерін қыр соңынан қалдырмай салып қой — бәрібір тыйым болмайды. Өркениетті, мынау деген алпауыт елдің ашық аспанында дүркін-дүркін жауар бұлттай дүркіреп өтетін осынау дүлей дертпен күресудің жалғыз жолы — адам жүрегіне шүкіршілік сезімін бесіктен бастап ананың ақ сүтінің киесімен егу дейді қаламгер.
Ең әуелі адам жүрегіне шикі жасынан тәубе, нысап, шүкіршілік қағидаларын сіңірсек қана бойымыз жеңілдейді дейді жазушы Табыл Құлияс. Мұндай кредо ұсыну ойлы адамнан шығады. Өмірдің көлеңкелі жағына күлу, әзіл-оспақ шығару, мысқыл айту көрінгеннің қолынан келеді. Тіпті өзі жығылып жатып сүрінгенге күлетіндер қаншама. Кіршіксіз мөлдір таза өмірді көре алмай күлетіндер қаншама? «Қолыма түспегенді құртқым келеді» дейтін жаман пиғыл да табылады.
Табыл Құлияс — ең әуелі мінездің адамы, мінездің адамы болғасын ба мінді, кемшілікті, келеңсіз жәйтті кісінің жүріс-тұрысынан, сырт пішімінен, кескін-келбетінен іздемейді, терең бойлап жан сырынан, арғы аңғарынан кілтипан тапқысы келеді. Тауып та жүр. Кейінгі жылдары жазған «Жебе сөз», «Алдардан кейін», үш томдық «Ақмылтық» шығармалары осы сөзіміздің куәсі. Әбіш әспеттеп алғысөз жазып шығарған «Қанжоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу», «Миға қойылған бомба» кітаптары — кешегі зұлмат заманының сияға малынған зары мен мұңы. Қалың қайғыны, халық басындағы үлкен нәубетті көзіңді суламай оқу мүмкін емес. Күле білген замандасымыз аталмыш кітабында күңірене де білген. Баяғыдан басталған сықақ, әжуа, фельетон жанры заманға сай ылғи жетіліп, түрлік әрі мазмұндық кемелдікке түсіп отырған. Бара-бара мылқауға тіл бітіріп, саңырауды саққұлақ етердей сарказм, сатира жанрына айналғаны мәлім. Аллегориямен жазылған әжуаны кешегі дүлдүл классиктерден оқыған едік. Арғы-бергі әдебиеттің үздік туындыларынан мол-мол сусындаған Табыл ағамыз қазақтың әжуа, сықақ жанрын биікке көтеруге ұзақ жылдар бойы аянбай күш жұмсап келеді. Қазақтың мақал-мәтелдерін сындырып, аллегориялық бір томдық өлеңдер кітабын да шығарды. Еңбегі еш емес, қомақты, қуантады.
Табыл әжуасының өзге сатириктерден айырма белгісі тайға таңба басқандай. Бірінші: осы күні жиі көрінетіндей күлкі шақыру үшін кісінің сырт келбеті, аузы-басын қисаңдатқаны сияқты арзан әжуаға бармайды. Күлкіні кісі мінезінен іздейді. Екінші: ұлттың намысына тиетін, менталитетін қорлайтын әжуадан бойын аулақ салады. Мысалы, сахнаға шығып алып ене мен келіннің салғыласуы, ерлі-зайыпты кісілердің бірін-бірі ащы тілмен іреп-союы, қазақтың кең қолтық, аңқау, иланғыш мінезінен мін іздеу секілді келеңсіз жәйттен әрдайым аттап өтеді. Тақырып өресін биікке құрып үйренген. Үшінші: осы күні көп сатириктер қоғамның келеңсіз жайттарын, мінін әкімнен, мемлекет мәшинесінің тегершігі болып отырған шенеуніктен іздейді. Әкім болғаны үшін — бюрократ, өзімшіл, әпербақан; шенеунік болғаны үшін — жұртқа жаны ашымайтын жатыпішер, робот-адам, қағазға көмілген көрсоқыр деп жазу бел алып тұрған кезде, Табыл ағамыз мүлде өзге полюстен, биік межеден табылады. Әкімнің де мықтысы мол, шенеуніктің бәрі қағаз жолбарыс емес дейді. Қоғамның келеңсіз қасиеттерін әркім өзгеден емес, өз бойынан, өзінің жан сарайынан іздесе — құба-құп болар еді деп пәтуа айтады. Мұндай пәтуалы сөз, қай заманда да, шыны керек, арғы-бергіні көп көріп, көкірекке мол тоқып, кемелденген кісіден ғана шығады.
Табыл Құлияс бұл күнде ауылдың әжуасын, әжік-күжігін шиырлап жүрген журналист емес, елдің, халықтың сөзін айта бастаған барақатты ойдың, көркемделген оқиғаның үлкен қаламгері. Өресі биік білімпаздың өзі! Ақын айтқан: «Ерлік санар — елдің мұңын қозғаса, қатарынан қалған емес, озбаса» деген сөздің шындығына көзіміз жетеді.
Әрине, дүниеде мінсіз адам болмайды, жазғанының бәрі алтын саналатын жазушы тағы жоқ. Табыл Құлияс қаламынан туғанның бәрі ғажайып деуге тағы аузымыз бармайды. Әйтсе де өмірде қарапайым жүріп қауқарлы іс тындыруға дағдыланған, Сарыарқаның сарабдал сарбазындай осы бір жанның бойында үнемі кемелдену, жетілу қасиеті еш кемімегеніне қарап іштартамын. Тәубе тұтамын. Сексен үшке келген Толстой өз күнделігіне: «Әлі маған көп жетілу керек екен», — деп жазған екен. Дүниеге ақыл үйретіп отырған классик жазушы, әлгіндей тәубаға келіп, шүкіршіліктен шықпай отырғанына қарап, мына біздердің бітірдік… тындырдық… қатырдық деп жүргеніміз шынашақтай ғана нәрсе ме, бәлкім. Содан келіп, қазақ сатирасының елу-алпыс жылдан бергі сөзін сөйлетіп, кұлақ күйін келтіріп жүрген кешегі Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков жүргізіп жіберген керуеннің бас жібін ұстап, түйесін қомдап жаңа қоналқаға апара жатқан аса қажырлы жампоз ағамызға жолың ұзақ болғай деп тілек тілейміз.

2010 жыл.

Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты

Ізгі мұраттардың іздеушісі

Жазушы Табыл Құлиястың ойылдық оқырмандармен жүздесуінде сөз алған
Қазыбек Нұрымгереев:
— Білгілерің келсе, біз мына Табыл екеуміз бірінші категориялы жетімбіз, — дей салды.
Үлкендер «рас, рас» деп құптаңқырап жіберді де, мектептің жоғары класс оқушылары, жалпы жетімдіктің не екенін кітаптардан жақсы білгендерімен, тап бірінші категориялы жетімнің қандай болатынын аса түсініңкіремей, көздерін жыпылықтатып-жыпылықтатып алды.
Ал атам қазаққа айтқызсаң, «жетім қозы тас бауыр, түңілер де отығар». Қосымша сөз иесі Қазыбек те, сөз тақырыбы Табыл да әлдеқашан отыққандар. Оты бар жайлау, әрине, алдымен кешегі кеңес өкіметі, сосын бүгінгі тәуелсіз Қазақстан. Содан ба, Табыл ағамыз кешегі заманда кең жайылған аралас дәмді дастарқанды да, бүгінгі ешкімнің таласы жоқ берекелі ырысты да қызғыштай қорғайды.
Қазыбек зейнеткер сөз барысында оқушылардың миына сіңуі қиын тағы бір мысал айтты.
Көктемгі каникулға шыққан тоғызыншы класс оқушылары (ортасында Қазыбек, Табыл бар) мынау Ойылдан анау тоқсан шақырым жердегі Қараойға тартып кетеді ғой. Әрине, жаяу. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында бала таситын көлік қайдан болсын. Құбылмалы көктем. Қатқақ-қатқақ дөңес, ойдым-ойдым шалшық. Қыз деген құрымағырың қашанда сұңғыла ғой. Батырлыққа қол созған бұларға олар ермей қалған, сол дұрыс та болыпты. Сол тоқсан шақырымдағы ауылға екі тәулік дегенде әзер жеткен ұзынды-қысқалы ұлдардың жолшыбай бастан кешкендері ұзақ әңгіме.
Ал, біздің қосарымыз, Табыл аға содан бері дәл сол мибатпақ жолдың сорабынан шыға алмай тартып келе жатқан жанкештілердің бірі. Қараойдан, Жекендіден, Жетікөлден, Ойылдан, Темірден асқан жол Көкшетауға, Жамбылға (қазіргі Таразға), Арқалыққа, Алматыға, Ақмолаға сүйреді. Тіпті сол жол осы күні де тыным берер емес, екі күннің бірінде десек өтірік шығар, Табыл аға екі айдың бірінде Ресейге кетіп бара жатады, Ресейден келе жатады. Бұның себебін кейін әңгімелерміз.
Ең алдымен айтарымыз, журналист, газетші деген ағайынның бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ екендігін іс жүзінде дәлелдегендердің бірі қазір Астана қаласының байырғы тұрғындарының біріне айналған Табыл Құлияс екенін әлгі аталған қала атауларынан-ақ байқауға болады.
Оның үстіне бұл кісі үнемі кеңсе бағып, көкжем болған қаламын сорғылап отыратындардың сортынан емес. Қай шақта да қырғын шаруаның ортасында, қилы мінезді адамдардың арасында жүрді. «Осы өмірімде жиырма бес жылға үш рет сотталдым» деп мақтанатын айтқыш ағасына, «басыңыз жас қой, әлі талай сотталарсыз» деп басу айтатын осы Табыл ағамыз. Осылайша «басқа пәле тілден» екенін білсе де, тілін тартып көрмегендердің бірі және осы кісі. Осы сөзімізді қаузайық.
Сонау кеңес заманында фельетон деген жанр болды, фельетоншы деген жалпы алғанда (көпшілік үшін) сүйкімді, жекелей алғанда (кейбіреулер үшін) сүйкімсіздеу кәсіп болды. Ойдан оқиға құрастырып фельетон жазу онша қиын да шаруа емес. Шөп шабу науқаны кезінде тұралап қалған техника, алты ай қыс бойы жабық тұратын клуб, құлап қала беретін көпір тәрізді тақырыптар көп. Бірақ фельетоншы Табыл ондайды місе тұтқан емес. Бұл кісінің қармағы ұсақ-түйектерден гөрі, қызметі ірі болған соң өзі де ірі сүйек асайтындарға, мемлекеттің мүлкін оңды-солды оңдырмай жымқыратындарға, ең кемі облыста «крышасы» бар менмен бюрократтарға, міне, осындай-осындайларға түсетін. Ал мұндай фельетонның соңы ызы-қиқы айқай, тексеру, фельетоншыны құртып-жоюдың тәсілдерін ойластыру сияқты әбігерлерге ұласады. Т.Құлияс сондай талай у-шуды бастан кешті. Тұтылып қалған кезі жоқ, ақ болды, ешкім де тіреп тұрған аспанын төбесінен тастап жібере алған жоқ, ондай аспан ешкімде жоқ та екен.
Қазір ұмытыла бастады ғой, бағзы бір замандарда үнемі май-шаңның ортасында, денсаулыққа зиянды өндіріс орнында жүретіндерге тегін сүт беру туралы қаулы шығып, мінсіз орындалған. Журналистикадағы денсаулыққа зиянды цехтардың бірі һәм біріншісі осы фельетон еді. Бұл ретте біз кейіпкеріміздің газет-журналдардағы фельетондарын ғана айтып отырғанымыз жоқ. Мәскеулік үлгімен бір кезде Қазақ телевизиясы «Жебе» атты сатиралық киножурнал шығарған. Табыл аға, міне, сол журналдың тура 37 номерін қолынан өткерді. Осы тұста бір ой көңілге ілігіп отыр, маған кейде фельетон деген жауынгер жанр Табыл ағалардың қайраты тасып тұрған замандармен бірге келмеске кеткен сияқты көрінеді де тұрады.
Қалай десек те, осындай фельетоншының сатирик жазушыға айналмауы мүмкін де емес еді. Ағамыз уытты тілін көркем сықаққа жұмсауға кірісті. Көзі тірілерді көстеңдеткен авторға ойдан жасалған кейіпкерлерді сомдау аса қиындық тудырмаса керек. Жинақтар бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты: «Кесілген бұрым», «Қоңыраулы күлкіграмма», «Сауда сақал сипағанша», «Жалмауыз…» Кейін бұл жинақтарға «Ши оқ», «Жегі» тәрізді сатиралық романдар қосылды. Филология ғылымының докторы, қазақ сатирасының теориясын жасаған Темірбек Қожакеев мақалаларының бірінде Табыл Құлиястың сатиралық әңгімелеріндегі типтендірілген кейіпкер Ешкібасқа ерекше назар аударғаны бар-ды.
…Сонымен тәуелсіздік таңы атты, мәскеулік нұсқауларға алаңдаудың күні өтті. Енді тарихшылар, философтар, әлеуметтанушылар секілді жазушылар да бұған дейін не жазып қойғандарына қайта үңілетін кез келді. Рас, Табыл Құлиястың аса қиналатын ештеңесі жоқ-ты. Жемқордың аты жемқор, бюрократ қашанда бюрократ, қысастық көргендердің көздері тірі, кезінде сын садағына іліккендердің қай-қайсысының да «мен ол кезде ақ-адал едім, Құлиясов мені жазықсыз құртты» дей алмасы анық-ты. Себебі істері әлдебір папкаларда қаттаулы тұр. Бұлардың не мемлекеттік құрылымға қатысты саяси көзқарасы үшін, не ұлтқа жанашырлық қимылдары үшін қудаланған ештеңесі жоқ-ты. Кәдімгі жемқорлар. Олар енді тұғыры әлі нықталмаған, тәжірибесіз жас мемлекет басынан кешкен өтпелі кезеңнің заңнан айналып өтуге болатын тұстарына тұмсық сұқты. Біздің кейіпкеріміздің сол кезде жазғандары «Қара терең» деп аталатын кітабына азық болды. Бірақ сатирик жазушы ғұмыр бойы жемқорлармен тартысуға міндеттеме алмаған еді. Бұл көбеймегірлерден басқа да шаруалар қылаң берген.
Соның бірі — Ойылдың немесе Ойыл тәрізді қазақ өңірлерінің өткен-кеткен тарихи деректері. Содан бері жазушы Табыл Құлияс, жоғарыда айтқанымыздай, Ресейге кетіп бара жатады, Ресейден келе жатады. Осы сапарында Ойылға жол жүрердің алдында да төрт-бес күнге Орскіге (Жаманқалаға) барып архивтің біраз шаңын қағып шықты. Ал Орынбор архивіндегілермен арқа-жарқа дос-жолдас болып кеткелі қашан. Сол сапарлардың нәтижесі — «Қанжоса ғасыр», «Қырғын», енді шығуға тиіс «Қан кешу» деп аталатын кітаптар. Атауларынан-ақ байқалып тұрғандай, бұл шығармаларға өткен ғасырдағы зұлматтар мен асыра сілтеулердің қағаз бетіне түсіп қалған деректері өзек болды.
… Қазақта өте қарапайым кісі дейтін сөз тіркесі бар. Бұл тіркес, әсіресе, ірі өнер иелеріне, тым жоғары лауазымды шенеуніктерге, қысқасы, қалың көпшіліктің көз алдында жүретіндерге қарата айтылады. Осы жолдар авторының Табыл ағамыз бен сол үйдегі қадірлі Күләш апамыздың қолында тұрып, Арқалықта, Торғайдың облыстық газетінде қызмет еткені бар-ды. Сол кезде Қазақ радиосының Торғай облысындағы меншікті тілшісі болып істейтін ағамыз облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің қарапайым мінез-құлықтарын жиі айтып келетін. Және Өз-ағаңның әлгі мінездері, солай болып көріну үшін жасалатын жасанды әрекет емес, туабітті мінез екені аңғарылатын. Табыл ағамыз да, сірә, әу бастан-ақ алдындағы басшы-қосшы ағаларынан қалай кісімсінуді емес, қайткенде кісімсінбей, туабітті мінезбен жүріп-тұруды үйренсе керек. Осы күні Астанадан келген қай жазушы атаулыны көрсек те, Табыл ағаны сұрағанымызда, еш іркілмей, сүйсіне сөйлеп қоя береді. Егер де ғайыптан тайып туған өлкесіне әйтпесе жүрген жеріндегі адамдарға тек жақсылық ойлайтын, қолдан келгенше соны жүзеге асыратын адамдардың тізімі жасақтала қалса, сол парақтың бас жағында Табыл Құлиястың тұратындығына дауымыз болмайтын сияқты…

Ақтөбе қаласы.

Жаралы жылдарды жаңғыртты

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің кезекті қонағы жазушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Табыл Құлияс болды.
Бірлестік жетекшісі, белгілі өнер қайраткері Кенжеғали Мыржықбай жазушының өмір жолымен таныстырды. Қуғын-сүргін, аштық жылдарын зерттеп жүрген Т.Құлияс зобалаң жайлы «Қанжоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу», «Миға қойылған бомба» сынды кітаптардың авторы. Осы шығармаларды ол Ресей мұрағат-мұражайларын ақтара жүріп, нақты деректерге сүйеніп жазған. Жазушы қасіретті жылдар және өзінің ізденістері жайлы студенттерге тартымды етіп әңгімелеп берді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауаптар алды.
Үш сағатқа созылған кездесуді университет проректоры, филология ғылымының докторы Дихан Қамзабекұлы түйіндеп, қонақтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Аманғали ШМИТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button