Ерлік пен бірліктің ескерткіші

Газетіміздің өткен аптадағы бейсенбілік номерінде Шымкент қаласында 7 қазан күні Түркістандағы орталық алаңда орнатылған «Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары, батырлары мен игі жақсылары» атты ескерткіш тақтаға есімдері жазылған 49 батырдың тізімін бастап тұрған Тілеу батыр Айтұлы мен оның баласы Жолдыаяқ Тілеуұлына алып ескерткіш ашылғаны жедел хабарланған болатын («Ұлтты ұйыстыруға үндеген», Үмітхан Алтаева).
Танымал мүсінші Әбдікерім Ахметов сомдаған әкелі-балалы батырдың ескерткіші қаладағы көрікті гүлзарлы аймақтардың біріне, Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағына орналасты.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі аясында дүниеге келген ескерткішті ашарда Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Құдайберген Ержан мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков құттықтау сөз сөйледі. Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков пен Ардагерлердің республикалық кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай тағылымды ойларын ортаға салды. (М.Жолдасбеков сөзінің мәтіні төменде беріліп отыр). Ал оңтүстіктегі «Тілеу батыр» қоғам¬дық қо¬рының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Иман¬әлі Байдаулетов сонау Батыстан Сайрамға қалың қол келуі қазақ ынтымағының айғағы екенін қайталай келіп, осы бірлікпен Елбасы жанынан табыла берсек, алаш баласының көсегесі көгеретінін айтты. Сонымен бірге ол осы шаруаға үлкен қолдау көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахимовке ел алғысын жеткізді.
Әкелі-балалы қос батырдың ескерткішін мемлекет қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Зақаш Камалиденов және Сұлтан Сартаев ашты.
Тақтадағы алтынды жазулар жарқ ете түсті. Оң жақ: «Тілеу Айтұлы батыр. 1630-1684 ж. ж.»; сол жақ: «Тілеуұлы Жолдыаяқ батыр. 1665-1684 ж. ж.». Батырлар есімдерінен соң қысқаша мәлімет ұсынылған:
«Тілеу Айтұлы — би, қазақтың даңқты батыры, қолбасшы. Мөңке бидің әкесі. Күлтөбеде Тәукені хан сайлауға қатысқан.
1681-1684 жылдары жоңғарлармен болған Сайрам соғысына Ақтөбе өңірінен 17000 (он жеті мың) әскер қол жинап келіп, төрт жыл үздіксіз соғысқан. 1684 жылы Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші шайқаста өзі де, батыр баласы Жолдыаяқ та ерлікпен қаза тапқан. Екеуінің де сүйегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш тақтаға жазылған.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қос батырды халық жадында мәңгілік сақтау үшін арнайы орнатылған монументалды кешен».
Ескерткіш ашылуы салтанатынан кейін батырлар рухына арналып «Арман» мейрамханасында ас беріліп, олардың рухтарына Құран бағышталды.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ
Қазақ жүзге бөлінбейді, жүзден құралады
Шымкент қаласында Тілеу батыр мен оның баласы Жолдыаяққа арналған ескерткіштің ашылуында сөйленген сөз
Қымбатты бауырлар!
Тілеу батыр баласы Жолдыаяқ екеуі сонша жерден, Ақтөбеден он жеті мың қолмен келіп, Сайрам соғысында ересен ерлік көрсетеді. Сол шайқаста он жеті мыңның он бір мыңы шейіт болып, Тілеу батырдың өзі де, баласы Жолдыаяқ та ерлікпен қаза табады. Тілеу батыр баласы екеуі Түркістанға жерленеді. Осы жайында «Егемен Қазақстан» газетіне «Есімі ұрпағына ұран болған» деген мақала жариялап, ол кісіге ескерткіш орнатуды ұсынған едім.
Батырға ескерткіш қазанның бірі күні Ақтөбеде ашылды. Міне, бүгін баласы Жолдыаяқ екеуіне ескерткіш Шымкентте ашылып отыр. Батырдың ұрпақтарына, ылғи осындай елдіктің, игілікті істің басында жүретін, асылдарымыздың рухын асқақтатып, аруағына ас беріп жүрген Бекет Тұрғараев інімізге алғыс айтқым келеді.
Ардақты ағайын!
Теңдесі жоқ ерліктің символындай бұл ескерткіш елге керек, келешек ұрпаққа керек, қазақтың ынтымақ-бірлігі үшін керек.
Ит арқасы қияннан, сонша жерден Тілеу батыр Сайрамға салақтап, салтанат іздеп келген жоқ, басын бәйгеге тігіп, қазақтың қасиетті жерін қорғау үшін келді.
Бұл ескерткіш — қазақтың бөлінбейтіндігінің, халқымыздың қаһармандығы мен бірлігінің куәсі.
Сансыз қырғында бөлінбеген қазақты енді ешкім бөле алмайды. Қазақ ешқашан бөлінбейді. Өйткені қазақтың бірі — жиен, бірі — нағашы; бірі — іні, бірі — қарындас; бірі — күйеу, бірі — келін; бірі — құда-жекжат. Қазақ сұраса келе қарын бөле шығады.
Мен — Бәйдібек бидің ұрпағымын. Түп нағашым — Қоңырат. Кіші жүзден қыз алдым. Тұңғыш қызымды — Найманға, кіші қызымды — Керейге, немере қызымды — Кіші жүз Байбақтыға ұзаттым. Арғыннан келін түсірдім. Сонда мені кім бөле алады. Бөле алмайды.
Бізді бөлсе, кезінде сұрқия саясат бөлді: Қызылдың тұсында біз діннен бездік, Құдайдан да қорықпадық. Заман солай болды. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мәдениет күйреді; халық тарихынан, жадынан айырыла жаздады.
Қазақты аймаққа бөліп басқару жүйесі де саясатқа айналды — бізді Үш жүзге бөліп жіліктеді. Шындығында, қазақтың үш жүзі ұлтты бөлудің емес, тұтастырудың амалы еді. Қазақ Жүзге бөлінбейді, Жүзден құралады. Соншама сұмдық айла-әрекетке қарамастан, бәрі бір қазақ байтақ елін де, ұлан-ғайыр жерін де аман сақтап қалды. Қазақтың ұлылығы осында.
Бабалардан байтақ өнеге, терең өсиет, асыл аманат қалды. Сол өсиетке де, аманатқа да адал болуымыз керек.
Қазақ сорласа, бөлінгеннен сорлаған ел; алауыздықтан жапа шегіп, қайғы-қасірет кешкен.
Әйтпесе, осы Ұлы Далада салтанат құрған, әлемді аузына қаратқан, дүниенің төрт бұрышын билеген; хандары алтын тақта да отырған, алтын сарайларда тұрған, алтыннан киінген, тірісі түгілі өлісін де алтынға киіндіріп көмген, мінген атының да әбзелдерін алтындаған Сақ, Ғұн мемлекеттері, Түрік қағанаты қайда бүгінде? Алтын Орда қайда? Қазақ хандығы қайда? Олар ынтымақ-бірліктен айырылған күні биліктен де, елінен де айырылған.
«Күлтегін», «Тоныкөк» жырларынан оқимыз:
Ей, Түріктің бектері, халқы!
Сендер таққа кіріптарсыңдар,
Алауызсыңдар.
Әкелі-баланың ымырасыздығынан,
Ағалы-інілінің дауласқандығынан,
Бекті-халқының жауласқандығынан
Сен
Билігіңнен айырылдың,
Елдігіңнен айырылдың.
Жер-жерге босып сандалдың.
Біресе ілгері шаптың,
Біресе кері шаптың.
Барған жерде не пайда таптың? —
Бек ұлдарың құл болды,
Пәк қыздарың күң болды.
Өкін!
Сай-сүйегіңді сырқырататын осы бір жолдарды бабаларымыз бір көзінен — жас, бір көзінен қан ағызып тұрып, мәңгі өшпестей етіп тасқа қашап қалдырған.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегенді аталарымыз осындайда айтқан.
Ынтымақ-бірлік қазаққа бүгін бұрынғыдан да керегірек болып тұр. Бірліктен айырылсақ, бәрінен де айырыламыз. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды. Бізге әрқашан дәл бүгінгідей ынтымақ жарасады.
Әрқашан ақылдасып жүрейік,
Ақылдассақ — адаспаймыз,
Тірегіміз де,
Тілегіміз де,
Жүрегіміз де бір болсын!
Алла Тағала Қазаққа:
Алатаудай арман берсін.
Бәйдібектей Баба берсін.
Домалақтай Ана берсін.
Фарабидей сана берсін.
Төле бидей дана берсін.
Абылайдай пана берсін,
Нұрсұлтандай бала берсін.
Халқымның бағы жана берсін.
Қазақтың басына бейнет салмасын,
Ынтымақ-берекесін алмасын.
Әумин!
ХVІІ ғасыр. Сайрам
Басқа кезеңді былай қойғанда, бір ғана ХVІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығына қатысты қандықасапқа толы деректердің өзі бірнеше атанға жүк болар еді. Есім хан, одан соң Салқам Жәңгір хан, сосын Тәуке хан билік құрған бұл ғасырдың соғыссыз өткен жылдары тым аз. Бұл жүзжылдықтың басы ілгерідегі жылдар секілді қалай қантөгіспен басталса, соңы да сол соғыстан көз жазған жоқ.
Мысалы, қазақ территориясындағы этникалық құбылыстарды зерттеген шығыстанушы ғалым К.А.Пищулина: «…ХVІІ ғасырда қазақтың оңтүстік және оңтүстік-шығыс жерлері де шапқыншылықтан тыс қалған жоқ. 20-жылдардың өзінде ойраттар Іле мен Таласты қыстайтын. Ал 80-жылдардың ішінде ойраттар Оңтүстік Қазақстан қалаларына жорық жасап, Сайрамды қиратқан еді» деп жазды.
Бұл жылдарды жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбай былай өрбітеді: «…Галдан Бошокту жоңғардың қазаққа қарсы аса ауқымды соғыс қимылдарын жаңғыртты. Арнайы дайындықпен жорыққа шыққан бес қаруы сай жоңғарларға қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Басқыншы Шу өзенінен өтті, Жетісу мен оңтүстік өлкеге басып кірді. Тарихта «Сайрам соғысы» деп аталған 1680–1684 жылдарғы шайқастар басталды. Қазақ әскерінің жан аямай көрсеткен қатты қарсылығына қарамай ілгерілеп, Сайрамсу мен Ақсу өзендері аралығындағы қорғаны биік, ірі де әсем шаһарды — ислам дінін таратушылардың уағыздарын алыс VІІІ ғасырда-ақ елти тыңдаған, керуен жолдары торабында жатқан сауда және қолөнершілер орталығы Сайрам қаласын басып алды. Басқа да қалаларға кірді. Басқыншыларға қарсы көтерілген халықты жуасыту үшін 1684 жылы жазалаушы жасақ жіберіп, Сайрамды мүлдем қаусатты, талан-таражға түсірді, бірқатар тұрғындарын Жоңғария мен Шығыс Түркістанға айдап әкетті».
«Казахстан. Летопись трех тысячелетий» деп аталатын кітапта да (С.Г.Кляшторный, Т.И.Султанов. Алма-Ата. «Рауан», 1992) осындай деректер келтіріледі: «…в 1681 г. Галдан-Бошокту проник за р.Чу и осадил город Сайрам, но не смог его взять. В 1683 г. он вновь предпринял поход на Сайрам; и наконец, в 1684 г. Сайрам был взять. Отвлеченные, однако, военными действиями с китайцами, калмыки вскоре покинули разгарбленный и разрушенный город, а многие жители тех краев были уведены в плен в Джунгарию».
Бұл жылдар туралы әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаев былай дейді: «Қалдан Бошақтың тұсында жоңғарлар Жетісудың көп жерін иемденді. 1684 жылы оның бас қолбасшысы Сыбан Рабтан Сайрамды алып, күл-талқан етті. Егер жорық сол қарқынмен жүре бергенде, қазақтардың жағдайы не болары белгісіз еді. Бірақ сол кезде қоңтайшы мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қатты шиеленісуі жоңғарлардың басты назарын басқа жаққа аударып әкетті. Қазақ майданында толас туды Сол кезде қазақтар қалмақтардың мұншама еңсере қимылдауының сырын дұрыстап ұға бастады».
Мұндай жазбалар М.Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесінде», «Қазақ ұлттық энциклопедиясында», 1957 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихында», 2012 жылғы «Қазақ елінің тарихында», т.б. басылымдарда да бар.
Иә, тарихшылар баяндап беретіндей, 1635 жылы құрылып, әскери феодалдық күшті мемлекет ретінде қалыптасып, 1758 жылға дейін өмір сүрген Жоңғар хандығы (қалмақ, ойраттар) Қазақ хандығына еш тыным бермеді.
Ал Сайрамға оралсақ, бұл қаланың әуелгі ныспысы ескі деректер бойынша Испиджаб атауымен белгілі. 1093 жылы Қожа Ахмет Яссауи осы қалада дүниеге келген. «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы» бұл қала Х-ХІ ғасырлардан бастап Сайрам атала бастағанын баян етеді.
Сайрам тұрмысының, әсіресе, XIV-XVII ғасырлардағы кезеңінен мағлұмат беретін жазба деректер мардымсыз. Тіпті Сайрам түгілі ХVІІ ғасырдағы хандар билігі жөнінде де соңғы кездерге дейін нақты тұжырымдар айтылмай келді. Яғни Есім ханның өлген жылы мен Жәңгір ханның таққа отырған жылы және өлген жылы жөніндегі бұрынғы тасқа басылған мәліметтердің күмәнді тұстарын саралай отырып, мысалы, жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қойшығара Салғарин жаңадан «Хандар кестесін» түзгені мәлім. Әйтсе де бұл кестенің де дүдәмал тұстары бар. Бұл, бірақ, басқа әңгіменің еншісі.
Қол бастап Сайрам барып, тіккен шатыр…
Сол кезден қалуға тиіс жалпы деректеріміздің жайы осындай болғандықтан Сайрам соғысында шейіт болған Айтұлы Тілеу батыр мен оның баласы Жолдыаяқ туралы қолға ұстап, көшірмесін ұсынарлық құжаттарымыздың жоқтығын түсінуге болатын да шығар. Мұндайда ауызша тарихнамаға жүгінетініміз рас және аса қателеспейтініміз де шындық. Бір мақаласында жазушы Ақселеу Сейдімбек: «…Осы жолдардың авторы алпысыншы жылдары ұлытаулық Тай Тілегенов ақсақалдан әйгілі Жошы ханның (бейіті Ұлытауда) өліміне қатысты естірту жырын жазып алған еді. Кейін осы жырды ХV ғасырдан жеткен «Түркі шежіресі» («Шаджарат ат-таракима») атты еңбектегі жырмен салыстырғанда екі-ақ сөзде айырмашылықтың барын көріп, қайран қалғанымыз бар», — деп жазғаны бар. Солай дей келіп, жазушы әлгі жырды жеткізушілер мен қазақтың ауызша шежіресіне қатысты мынадай түйін жасайды: «Ең ғажабы, мың жылдай бұрын ғұмыр кешкен бабаларының жай ғана есімін атап шығумен шектелмейді, олардың өмірі мен өнегелі істері туралы, сырт тұлғасы мен мінез-қылықтары жайында, замандастары жөнінде небір ғажайып әңгімелерді айтып отыруды кісіліктің шыңына балайды».
Осы ретпен келгенде өлеңмен айтылған, ел аузында қалған шежіредегі мына жолдарға назар аударған жөн-ақ:
Айттың бір баласы Тілеу батыр,
Қол бастап Сайрам барып, тіккен шатыр.
Шейіт кетіп, Түркістан-Яссауиде
Баласы Жолдыаяқпен сонда жатыр.
Кейін осы жыр жолдары ғылыми тілмен өрнектелді. Мысалы, «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы» би әрі батыр қолбасшы, Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы, Мөңке бидің әкесі, Күлтөбеде Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзизді пір сайлауға қатысқан Айтұлы Тілеу батырдың 1681-84 ж. жоңғарлармен болған Сайрам соғысына 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ, інісі Қалдыбай батырларды ертіп барып соғысқаны, 1684 жылы Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші ұрыста Тілеудің өзі де, баласы Жолдыаяқ та опат болып, екеуінің сүйегі Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіне жерленгені, есімдері кесенедегі ескерткіш-тақтада жазулы тұрғаны, Түркістан қаласында олардың атында көше бар екендігі туралы мәлімет ұсынды. Бұған қоса Тілеу батыр жөнінде республикалық, облыстық басылымдарда көптеген мақалалар жарияланып, бірнеше кітаптар жарық көрді.
Соның ішінде ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми алқасы шығарған «Шекті Тілеу батыр Айтұлы (1630-1684)» кітабынан мынадай жолдарды оқимыз:
«…1681/82 жылы жоңғар әскерлері Галдан Бошокту ханның жоспарына сәйкес, Сайрам қаласын басып алып, өз үстемдігін орнатады. Сайрамды алу — қазақ жерлерін жаулап алудағы алғашқы қадам болғандықтан, қазақтар жағы мұны жете түсініп, қаланы азат етуге күш салады. Қала жаудан тез азат етіледі, аман қалып, қашып құтылған жоңғарлардың бірі немесе хонтайшының жақтастары жоңғар билеушісіне хабар жеткізген. Хонтайшы көп әскермен қаланы қайта алуға аттанғанынан хабардар болған сайрамдықтар Тәуке ханға, бүкіл елге хабар жібереді. Міне, осы тұста Тілеу батыр өз жасағымен Сайрамға аттанады. Шамамен 1682-84 жылдары Сайрам маңында жоңғар әскерлері мен қазақ әскерлері арасында ұрыстар өтеді. Екі жақтың жалпы әскерлерінің саны белгісіз. Тек қана Тілеу батырдың 17 мың әскері және басқа да қазақ батырлары әскерінің осы соғысқа қатысқандығын ескере келе, қазақтар жағының жалпы әскер санын 40-50 мыңдай адам болған, ал жоңғарлар одан да көп болған деп айтуға болады.
Сайрам түбінде жоңғарлар қатты қарсылықтарға тап болады. Шайқастардың қанша күнге, қанша айға созылғаны белгісіз. Ауыр ұрыстардың бірінде Тілеу батыр және ұлы Жолдыаяқ батыр қаза табады. Қазақ әскерлері шегінуге мәжбүр болады, ал жоңғарлар Сайрамды екінші рет иемденеді. Бірақ олардың өз шабуылын одан әрі үдетуге шамасы жетпеген секілді. Өйткені олар Сайрамды иелену барысында күштерінің көбінен айырылып, жаулап алу жорығын ары қарай жалғастыра алмай кері оралады. Осылайша Тілеу батыр және сол соғыста қаза тапқан басқа да қазақ әскерлері өздерінің ерліктері арқасында жоңғарлардың одан ары қазақ жерлерін жаулап алу жоспарына тосқауыл қояды. Басқаша айтқанда, Сайрам түбіндегі ұрыстарда қазақ елінің болашағы шешіледі. Тілеу батырдың қазақ тарихындағы орны мен ролін осыдан көреміз.
Ел үшін, жер үшін жанын пида еткен қолбасшы әрі мемлекет қайраткері Тілеу батырдың денесі Иассауи кесенесі жанына жерленеді. Ұлы Жолдыаяқ батырдың денесі де әкесімен қатар қойылады. Осындай белгілі тұлғаның Түркістанда жерленуінің өзін заңдылық деуге болады. Біріншіден, Тілеу батыр секілді Отаны үшін жанын берген мемлекет қайраткері әрі қолбасшының қайда жерленетінін Тәуке хан анықтаған деуге толық негіз бар. Белгілі ірі тұлғалардың астанада жерленуі орталықтың, орталық биліктің маңызын арттырары анық. Екіншіден, Қазақ елінің қай аймағының өкілі болмасын Түркістанда жерленуі арқылы сол аймақтың орталықпен байланысын рухани тұрғыда байланыстырып, жалғастырып тұрады. Үшіншіден, Тілеу батырдың Түркістанда жерленуі — батырға деген құрмет, басқаларға үлгі-өнеге деуге болады. Өйткені халқын сүйіп, еліне, жеріне адал қызмет еткен, Отан үшін жанын берген азаматтың өзі өлсе де, аруағы ардақталып отыратындығын көреміз».
Осыдан 15 жыл бұрын, 2000 жылдың тамызында Түркістанда Тілеу бабаға арналып ас берілген болатын. Кейін Тілеу, Жолдыаяқ, Қалдыбай батырларға көше есімін беру қуанышына ұласқан осы жиында сөйлеген сөзінде Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің сол кездегі президенті, Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұрат Жұрынов былай деген еді:
«…Қалмақтар Жетісудан бастап, көзіне көрінгенді қырып-жоя отырып, Сайрам қаласына тірелді. Осы тұста қазақ даласының батысынан қол бастап келген Тілеу бабамыз сіз-біз деп бөлінбей, елдің болашағы үшін соғыста шейіт болды. Егер осы бабаларымыз болмаса, олар елді қасық қанын аямай қорғамаса, қазақ халқының болашағы не болар еді? Ұлт тағдырына қауіп төнген уақыттарда тарихта бір шешуші кезеңдер болады. Міне, осы бір шешуші кезеңде Тілеу батырдың алатын орны ерекше дер едім. Тілеу батыр осы уақытқа дейін неге дұрыс бағасын алмай келеді, мұның ретін тарихшылар айтатын болар. Қазақ хандығының алғашқы іргетасы қаланып жатқан кездегі ұлы шайқаста ерлік көрсетіп қаза болған қазақтың ең бірінші батыры кім дегенде мен осы Тілеу батырдың атын атау керек дер едім. Өйткені, қалмақтардың қолында Сайрам кетсе, Түркістан кетсе, қазақ елі не болар еді? Иранға, парсы еліне сіңіп кетер ме еді, кім білген?! Қазақтың жеке-дара хандық құрып халық болып отыруына, ерліктің, елдіктің туын көкке көтеріп жеңіске жетуіне, ұрпақтарының бүгінгі күнге аман жетуіне Тілеу бабамыздың қосқан жанкешті ерлігі орасан».
Міне, осындай бабамыздың, оның баласының алып ескерткішінің Шымкент қаласында ашылуына еңбек сіңірген азаматтар туралы қалайша сүйсінбей айтпассың. Рас, барлығын тізбелеп шығудың мүмкіндігі де жоқ. Дегенмен оңтүстіктегі қадірлі қариялардың бірі Құдайберген Оңғаров, Шымкенттегі «Тілеу батыр» қоғам¬дық қайырымдылық қо¬рының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Иман¬әлі Байдәулетов, заң ғылымдарының докторы, профессор, осы салтанатты өткізу комиссиясын басқарған Бекет Тұрғараев, Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, Қазақстанның құрметті сәулетшісі Асқар Мамырбаев тәрізді бірқатар елжанды азаматтар мен олардың ұсыныс-лебіздерін жалпы жұртқа жеткізіп отырған қаламдас әріптестерімізге, журналистер қауымына айтылар алғыс шексіз. Ал бұл бастаманы қолдап, нәтижелі аяқталуына тілектес болған шымкенттік, оңтүстікқазақстандық барша ел-жұртқа ақтөбеліктердің дән ризашылығын сөзбен айтып, қаламмен жазып жеткізу оңай да емес. Ақтөбе мен Шымкент қаласындағы қос ескерткішті сомдаған танымал мүсінші Әбдікерім Ахметовтың өнер өрнегіне сүйсінбеген жан жоқ шығар.
Сапардың сыры
Тілеу батыр мен оның баласы Жолдыаяқтың екі қаладағы ескерткіштері тұрғызылғанға дейінгі аралықтағы әңгіме өз алдына бір сала, оны осы істің ортасында жүріп, куә болғандардың еншісіне қалдыралық. Біздің бұл жолғы айтпағымыз — Шымкент сапарының жайы.
Жоғарыда бір сөзімізге бұдан тура 15 жыл бұрын Түркістанда болған алқалы кеңесті тілге тиек еткенбіз. Сол сапардан соң қадірменді ағамыз Кемейдулла Төлеубайұлы «Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу Айтұлының рухына тағзым» атты мақала жазып, оның ішінде мынадай лебіз білдірген: «…Ғасырдың соңына қарай сол кезде Шалқар ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет істеп жүрген, Тілеу бабаның ыждағатты да талапшыл ұрпақтарының бірі Қанатбай Елеусізов және филолог ғалым Жұбаназар Асанов екеуі көптеген ізденістерден кейін Түркістан қаласына барып, қала басшыларымен, киелі Қожа Ахмет Иассуи кесенесі-мұражайы басшыларымен — ғалымдармен кездесті. Тілеу бабамыз, оның баласы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбайлар туралы көңіл тоқтататындай деректер жинады. Кейін Қанатбай Елеусізов арнайы қор құруды, қаржы жинап, Түркістан қаласында Тілеу бабамызға ас беруді, қаланың бір көшесіне Тілеу батыр мен Жолдыаяқ батырдың есімін, тағы бір көшесіне Қалдыбай батырдың есімін беруді ұйымдастырды… 2000 жылғы тамыздың 18-і күні 200-дей ақтөбеліктер арнайы 3 вагонмен киелі Түркістанға бардық».
Сөйткен Қанатбай Елеусізұлы биыл да делегация жасақтап, Шымкенттегі ескерткіш ашылар күн қарсаңындағы сапарды қос батырдың асыл сүйектері жатқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне тәу етуден бастағанды жөн көрді. Дегенмен бұл жолғы негізгі қуаныш әкелі-балалы қос батырдың оңтүстіктегі облыс орталығында ашылған ескерткіші болғандықтан, жеке көліктермен жолға шыққан делегациямыздың жүрген-тұрған жөн-жосығын қысқаша ғана мәлімдегенді мақұл көрдік.
Түркістан маңайына келген жұрт Арыстанбапқа тәу ететіні мәлім. Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы, атақты жырларда «Түркістанда түмен бап, Сайрамда бар сансыз бап, Отырарда отыз бап, Баптардың бабын сұрасаң, Ең үлкені Арыстан бап» деп бейнелейтін, ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен, Мұхаммед пайғамбардың елшісі болған Арыстан бап қабіріне тәу еткен шағымызда кесене қызметкерінің зерделі әңгімесіне құлақ түрдік, Арыстан бап туралы бұрынғы білетіндерімізді санамызда тағы да жаңғырттық, тағы да ғажайып хикаяларға сусын қандырдық.
Ал Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралаған сәтімізде ұлы ұстаз бейітіне ғибадат етумен бірге осы қасиетті орынға жерленген тұлғалардың асыл сүйектері орналастырылған бөлмеде болдық, көңілдерге берік орныққан аяулыларымызды, соның ішінде Тілеу, Жолдыаяқ батырларды еске алдық. Тайқазан, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, кітапхана, құдық, құйма майшамдар, шырағдандар, не керек, қазақ жұртына мәлім бұдан да басқа талай жәдігерлерді тағы да тамашаладық.
Бізді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбек жылы шыраймен қарсы алды. Ол 1380 жылдан бастап іргесі қалана бастаған қасиетті кесенеде жерленген тұлғалар туралы ұзақ әңгіме өрбіте келе олар туралы қазірдің өзінде 18 кітапша шыққанын айтты. Сол еңбектердің бірі Тілеу батыр туралы екенін жоғарыда келтіріп өткенбіз. Мәулен мырза жуықта Тілеу батыр туралы сол басылым шамамен 1,5 данамен тағы да қайта басылғанын баяндады. Сондай-ақ ол 18 кітапша ауқымды істің басы ғана екенін, сондықтан бұл шаруаға ғалымдармен бірге ата-бабаларының тарихынан деректер бере алатын ыждағатты жандардың да атсалысқанын қалайтынын білдірді, кезінде бұл туралы газеттер арқылы сұрау салғандарын да айтты.
Кесене алдындағы мұражайда төрт бөлек тізім тұр: «Хан-сұлтандар», «Би-абыздар», «Батырлар», «Игі жақсылар». Осындағы «Батырлар» тізімін Шекті Тілеу батыр Айтұлы (1630-1684 ж. ж.) бастап тұр екен.
Айтпақшы, Мәулен Жарылқасынұлы делегациямыздың басшысы Қанатбай Елеусізұлына соңғы Халықаралық кітаптар көрмесінде, жаңылыспасақ, екінші дәрежелі диплом алған Яссауи кесенесі туралы көркем безендірілген бағалы кітапты сыйға тартты.
Шымкентке бет алған шақта жолшыбай ортағасырлық Отырар қаласының орнына соқтық. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта бағзы заманғы құрылыс-бөлмелер, аулалар, қақпалар қалпына келтіріліп жатыр екен. Ең биік жері іргеден есептегенде 18 метрге жететін ауқымды зор төбенің әр аттам бөлігі шежірелі сыр шертіп қоя беретін секілді.
Осы ретте ескерткіш ашылардан бір күн бұрынғы бұл сапарымыздың 7 қазан күнгі салтанатты шара өткен соң да жалғасқанын еске сала кеткеніміз жөн.
Бұдан бұрын шымкенттік журналист Суханберді Оразалыұлының бір мақаласынан мынадай жолдар оқыған едік: «Сайрам қалашығы бойынша 32,6 гектар жерге VIII-XVII ғасырлардан қалған мұра ретінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмейтін болды. Шынында да, сондай бір белгі Сайрам қалашығының орталығында сақталып қалған. Ол — биіктігі 10-15 метрден кем түспейтін, беткейі екі-үш үйдің ауласындай кішігірім төбе. Батыс жағын базар, теріскей тұсын мазар алып жатыр. Ортаны асфальт жол бөлген. Тау бөктеріне қиялай салынған тұрғын үйлердің қора-жайлары төбеге ентелеп-ақ тұр. Өткен жылы бір бизнесмен жігіт осы төбені тегістеп жіберіп, орнын пайдаланбақ болған. Алайда экскаватордың ожауы төбеге алғашқы түскен бойдан адамдардың сүйектеріне тап болады. Содан тарихшы ғалымдар ара түсіп, қазір ол жер де мемлекет қорғауына алынған».
Біз осы төбеге келдік. Сайрам соғысының шейіт болған сарбаздарының асыл сүйектері осында дамылдап жатқан болуы да мүмкін. Әзірге зерттелмегендіктен тап басып айту қиын болғанымен көпшіліктің пікірі осыған саяды.
Бұдан соң сол Сайрам аймағындағы әйгілі Мәртөбеге шықтық. Тасқа қашалған «Жүгірткен ойын жыраққа, Бар қазақ қанық бұл атқа. Қазақта не көп, төбе көп, Мәртөбе жалғыз бірақ та» деген жазумен қарсы алатын Мәртөбенің ең басына қойылған ескерткіш-тақтада мынадай жазу тұр: «Мәртөбеде (1684-1718 ж. ж.) Тәуке хан бастаған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды қазақтың ірі тұлғалары мемлекеттік саясатты нығайту, елдің ынтымағы мен бірлігін арттыру мақсатында халықтық жиындар өткізіп отырған. Тәуке хан «Жеті жарғыға» мөрді осы төбеде қойған. Қазақ тарихында Мәртөбе дала парламентінің ролін атқарған орын ретінде белгілі».
…Бабалар аруағына сыйынып, жолға шыққан бес күндік сапарымыздың мән-жайы тым қысқартып баяндағанда осындай болды.
Ертай АШЫҚБАЕВ,
Ақтөбе-Шымкент-Ақтөбе.




Мәртөбедегі 4 қатар өлеңнің авторы кім