Мәдениет

Жас режиссердің тырнақалдысы

Ахтанов театрында жас режиссер Ринат Уәлиев қойған «Алдар Көсенің сиқырлы дүрбісі» атты спектаклі балдырғандар үшін керемет мерекеге айналды десек жарасар. Спектакль кейіпкерлері мен көрермендердің арасында жылы қарым-қатынас орнады. Көрермендер де қызды-қыздымен сиқырлы сахнада өтіп жатқан ертегідегі оқиғаларға белсене араласып кетеді. Жас драматург Мейіржан Әлібектің тұңғыш пьесасында ауыз әдебиетіндегі кедейдің хақын жейтін байларды алдап, сазға отырғызып кететін, әрқашан әділдіктің сойылын соғатын Алдаркөсе ғана емес, қарны қампиған бай мен қарақшыдан да басқа, балаларға жақсы таныс Америкадан келген Өрмекші-адам, мультфильмдегі желдей ұшатын Маккуин, ешкімге бағынбайтын тентек қыз Маша тәрізді кейіпкерлер оқиғаға араласады.
Жолда келе жатып, дорба тауып алған бай мен қарақшы «Мен тауып алдым, жоқ, мен бірінші көрдім!» деп бір-біріне десте бермей, дауласып келе жатып, Алдардан әділдік сұрайды. Алдар: «Ойпырмай, мына дорба жақында жоғалтып алған менің дорбамнан айнымайды екен», — дейді, ана екеуі: «Сенікі болса, айта қойшы, ішінде не бар?» — деп сұрайды. Сонда Алдар: «Ішінде менің су ішетін торсығым бар еді» дейді. Бай мен қарақшы дорбаны ашып көрейін десе, Алдар жолатпайды: «Әуелі қолдарыңды жуып келіңдер» деп алдап жібереді де, әлгі дорбаны өзінің дорбасымен ауыстыра қояды. Бай мен қарақшы дорбадағы алтын емес, торсық екенін көргеннен кейін, өзара керілдесіп жүріп көзден ғайып болады. Алдар әлгілер таласып жүрген дорбаның ішінен жан-жақта не болып жатқанын көрсететін сиқырлы дүрбіні тауып алады. Сол дүрбі арқылы оқиға одан әрі өрбиді. Америкадан келген Өрмекші-адам шыр көбелек айналып сахнаға шыққанда балалар шу ете қалады. Оның ағылшын тілінде қойған сұрақтарына жауап береді, қонақтың «Кока-кола» сусынын, «Сникерс» шоколадын, тағы да басқа базарлықтарын көргенде тіпті дүрілдеп кетеді. Өздеріне жақсы таныс Маккуин мен Машаға да қатты қуанады. Бойшаң қуыршақ түріндегі жалғыз көзді Дәу де оларды қатты қызықтырады, көрермендер тіпті оның айтқан әніне де қосылып кетеді. Балаларды баурап алған осы оқиғаның көрігін қыздырып жүрген Алдар Көсе де
(жас актер Қадір Құттыбаев) сондай сүйкімді.
Жас режиссердің қадамы сәтті басталды деуге негіз бар.

Театр — өзгеше әлем

Енді осы спектакльді қойған Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлегі, майталман режиссер Маман Байсеркеновтің шәкірті Ринат Уәлиевке бірер сұрақ қойдық.
— Ақтөбеліктерге өзіңізді таныстырып қойсаңыз.
— Мен қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы (бұрынғы Ақсуат) Қызылесік ауылында туып-өскенмін.
Режиссерлік мамандықты бірден таңдағаным жоқ. Біресе ұшқыш, біресе дәрігер, біресе тәртіп сақшысы болғым келді. Мектеп бітірген жылы Жүргенов атындағы өнер академиясына құжат тапсыруға кешігіп қалып, Семейдегі Абай атындағы облыстық драма театрда, Дариға Тұранқұлованың «Дариға-ай» атты жеке театрында жұмыс жасадым. Облыстық театрдың үлкені тоқсанның үстіндегі атақты актриса Күләш Сәкиева болса, кішісі он сегіз жастағы мен болдым. Біраз рөлдерде ойнадым. Мені есейткен осы театр болды. Өнер адамы болудың біз айтқандай оңай нәрсе емес екенін ұқтырды маған.
Келесі жылы Маман Байсеркенов режиссерлер курсын қабылдап жатқанын естіп, сол кісіге келдім. Өте талапшыл, тәртіпті сүйетін Маман ағаның сұрақтары қызық болды: — «Семей театрында Мұхтар Әуезов деген актер әлі күнге жұмыс істеп жүр ме?» — деді. Мен таңғалып: «Ол кісі жазушы ғой, баяғыда қайтыс болған жоқ па?» — деп едім, күліп жіберді. Сөйтсем, «Иә, иә, ондай актер әлі істеп жүр» дейтін талапкерлер де кездесіпті. «Мұхтар Әуезов деген футболисті білесің бе?» — деді. Мұхтар Әуезовтің жас кезінде Семейдің футбол командасында ойнағанын айтып отырғанын түсіндім. Не керек, сөйтіп, оқуға қабылдандым. Терең білімді ұстаздан тәлім алғаныма қуанамын.
— Ақтөбені жатырқап жатқан жоқсыз ба?
— Қазақстанның батысы мен шығысы бір-біріне ұқсайды, бөтен көрінбеді маған, адамдарының сөйлеу мәнері де бірдей, бізді де жатырқап жатқан жоқ. Театрда спектакль қоюға мүмкіндік берді, жаңа қойылымға көрермен баға береді ғой.
Енді Жаңа жылға арналған ертегі қоюды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылы Мольердің «Еріксіз емші» деген комедиясын қойсам деймін. Жалпы театр көрермендерге бір сәт басқа әлемге енгендей әсер етіп, күйбең тірлікті ұмыттыратын, мәнді демалыс сыйлайтын мәдени орын деп санаймын.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button