Мәңгілік сағыныш

Мен үшін өмірдегі ең қымбатты жан, аяулы анам, мен сенің алақаныңның жылуын мейірім қанып сезіне алмадым. Балалығымның сол бір кезеңдеріне ой жүгірткенімде санама бір салқындық ұрғандай болады. Әсіресе мектептен оралған кездерім көз алдыма келсе, күні бүгінге дейін өзімді қоярға жер таппаймын. Алдыңнан күлімсіреп шығатын анаңның жоқтығын сезіну қандай ауыр еді…
Бүгінде жігіт ағасы жасына келген адамның мұндай көңіл күйін екінің бірі ұғына бермес, бәлкім. Қалай болғанда өзіңе өмір сыйлаған, түн ұйқысын төрт бөлген жанның жарқын бейнесі қаншама уақыт өтсе де, ұмытылмайды екен.
Менің анам Қалиса Сағынтайқызы майданнан жаралы болып оралған әкем Тахау Байсадақовпен 1945 жылдың сәуір айында бас қосады. Бұл туралы әкемнің қалың дәптерге түсірген естелігінде былай деп суреттеліпті: «Үйге келгеннен кейін той істейтін күй жоқ. Мен Қарлаудағы басқарма Ізтақа ағайдан бір қой сұрағанмын, соны үйге әкеліп қойған екен. Малды сойып, садақа өткіздік, жазғытұрғы малда не берекет болсын, әйтеуір ретін жасадық. Міне, біздің үйлену жағдайымыз осылайша болды».
Анам бір әулеттің тұңғышы екен. Сондықтан да болар, жас кезінен үй шаруасына араласып, кейінгі бауырларына қамқорлық көрсетіп өскен.
Майданнан кеудесіне жауынгерлік Қызыл Ту, І дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен көптеген медаль тағып оралған әкем кешегі бейбіт күндерде Қарабұтақ өңірінде ферма басқарушысы, ауылдық кеңестің басшысы болып, тынымсыз еңбек атқарған адам ғой. Ол Белқопа ауылдық кеңесінің хатшысы, одан соң төрағасы, Бөгетсай селолық кеңесінің төрағасы болды. 1966-1976 жылдары «Бөгетсай», «Тасөткел» кеңшарларында басқару жұмыстарында, ал 1976 жылдан орман шаруашылығының бастығы болып қызмет жасады.
Сол кездерде үйге ауданнан, облыстан өкілдер жиі келеді екен. Анам байғұс солардың бәрінің жағдайын жасап, дастарқанын берекелі етіп жайып отырған. Бір күлкілі жағдайды үлкендерден естідім. Әкем Қарабұтақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Михаил Ионович Хвостовты түскі асқа ертіп әкеледі. Олар үйге кіргесін аты-жөнін айтып, шешеме таныстырады. Анамның аңқаулығы да бар еді, «фамилиясы қызық екен» деп жәйлап күледі. Ал Шалқар ауданының Қауылжыр деп аталатын станциясы бойында дүниеге келіп, кішкентайынан қазақтармен бірге өскен хатшы жайымен «келін, сол Хвостов деген кісі мен боламын» депті. Бір қызығы, фамилиясын қазақ тіліндегі мағынасымен айтыпты. Содан шешем көпке дейін қысылып, әкеме «ол кісінің қазақша білетінін маған неге айтпадың?» дей берсе керек.
Одан кейін аудан басқарған жас хатшы Рамазан ағай Нұржановтың «жеңгейдің тәтті шайы ұнайды, сағынамыз» дейтіні ел аузында сақталып қалыпты.
Бибізада апамның айтуынша, шынында да менің шешемнің үнді шайы үйде үзілмейді, оған қалампыр салады екен. «Анам қайнатпайды, бұқтырып қана қоятын еді. Сол кісіден көргенім болар, мен де шайды баптап ішкенді тәуір көремін» деп отырады ол қазірге дейін.
Замандастары анамның өзінің ортасында сыйлы болғанын айтады. Сол кездегі партком хатшысы Әлдерзин Тәкібай ағайдың үйіндегі Бибісара апай, Әуесов Сағынтай ағайдың әйелі Гүлжан апай, учаскелік милиция қызметкері Асауғали ағайдың үйіндегі Сәбила апа, жұмысшылар комитетінің төрағасы Ким Эн Хо деген кәрістің әйелі Соня апай, т.б. апалар — бәрі бірге жүріп, бірін-бірі қонақ қылып отыратын болған.
Ауылдық кеңестің төрағасы болған соң көптеген адамдар үйге де шаруа айтып келеді ғой. Сондайда әкем болмай қалса, шешем «жұмысыңды маған айтсайшы, ағаңа жеткізейін» деп мойнына міндет жүктеп алып қалатын болса керек. Сонан соң әкем келгенде «осы балаға көмектес ретін тауып мен үшін болса да» деп және қинайтын көрінеді.
…Бөгетсай ауылында тұрамыз. 1975 жылдың оныншы қазаны. Күз кезі, таң жаңа атып келе жатыр. Мен сегіз жастамын, екінші кластағы оқуымды бастаған кезім. Шешем сырқат, бізде көңіл күй жоқ. Бала болсам да, ішім бір жамандықты сезеді. Оянып кетсем, үйдің іші абыр-сабыр, жылаған дауыстар шығады. Біз бесеуіміз, яғни әкем, мен және ағаларым Жолдыбай, Руслан, Ерлан бір бөлмеде жататынбыз. Қарасам, әкем біздің аяқ жағымызда отыр екен. Түтігіп кеткен. Түсіне қойдым. Жылағым келеді, сылтау жоқ.
Мен бірдемені сылтау етіп қоймастан жыладым, әкем мені кеудесіне басып жұбатып жатыр. Мен осы қазалы күннен кейін өзімді бірден есейіп кеткендей сезіндім. Сол күннен бастап бала күнімдегі кейбір көңілсіздіктер, реніштер әлі көз алдымда. Ұмытамын десем де ұмытылмайды. Анадан жастай қалған қиын екен, шеттету көп. Шешемнің садақасы қалай болды, қалай шығарды, есімде жоқ. Баламын ғой. Өмірі есімде қалғаны әрі ұмытылмайтыны — шешемді жер қойнына тапсырарда Қыдаш жездем өз қолыммен топырақ салдырғаны. Ол да бір міндет екенін есейгесін түсініп, бала демей сондай ырымды істеткен жездемізді ол кісі өмірден өткенше сыйлап кеттім.
Қазір ақылға салсам, шешем өзінің бүкіл күш-жігерін, мейірімі мен қуатын балалары мен соғыстан екінші топтағы мүгедек болып келген жарына беріле арнағаннан арамыздан ерте кеткен шығар деп ойлаймын.
Анаммен бірге болған кейбір сәттер қанша жасқа келсем де есімнен кетпейді. Бірақ мұндай көріністер жадымда аз сақталған. Әрине, бұл мен үшін өте өкінішті-ақ. Кейін білгенім, ол кезде біз Ақтастыда тұрғандығымыз. Шешем екеуміз кеңшардың автокөлігімен Ресейдің аумағындағы Дамбар селосына барғанымыз. Көлік жүргізуші Қамбар ағай болу керек, ауылдан алып шыққан бір қойымыз бар. Барған жеріміз — Мәрзия апамның үйі екен. Ол үйдің балалары Сәлімжан, Бақытжан, Даража және Алтынайлардың естияр кездері. Екі-үш күн қонақтап жаттық. Маған күнде балмұздақ әкеліп береді. Мен бақыттымын. Анам қасымда, күнде балмұздақ жеймін.
Мен бала болсам да анамның ауырып жүргендігін сезетінмін. Анамның жағдайын ойлағандықтан әкемде де көңіл күй болмай жүргенін аңғаратынмын. Әкем анамызды емдету үшін көп жерлерге апаратын. Мені көбіне бірге ертіп жүретін. Ақтөбе қаласына келгенде «Орталық» мейрамханасынан түскі ас ішетінбіз.
Шешем көбіне үйге қайыңның шырынын алдырып ішетін. Маған бөлектеп құйып беретұғын. Оны ішкенде мен ағаларыма мақтанатынмын.
Менің алдымдағы бауырларым Жанғали, Бибізада, Мырзағали, Жолдыбай, Руслан, Ерлан мен үйдің кішісі болған соң алдыма шықпайтын.
Шаңыраққа Мырзағали ағам Лиза жеңгемізді келін етіп түсіргенде шешеміз төсек тартып жатқан кезі. Беташар болар кезде оны далаға алып шығып отырғызды. Қиын жағдай, бір қуаныш, бір реніш. Менде ешкімнің ісі жоқ. Көпшіліктің ортасынан ілгеріге сығалай қараймын. Бет ашылған соң шашылған шашуды таласа алып жатырмыз. Тойдан кейінгі екінші күні ме екен, үйде өзіміз оңаша қалдық. Лиза шай жасады. Нан кескен екен. Кесілуі басқаша. Төр бөлмеде жатқан анама сол нанды көрсетіп мәзбіз, күлеміз. Шешем айтады, жайлап қана «тыңдаңдар, тентек болмаңдар». Бәрін кейін түсіндім ғой.
Анамның тойға барғаны, басқа да қыдырыстарға қатысқандары есімде жоқ. Мен білгенде аурушаң болды ғой. Жазғы күндері шуақ кезде Ұлмекен әжемнің анамды үйден арқалап шығып, аулаға ақ төсекке отырғызып қоятыны есімде. Мен өзімше анама аяушылық білдіретінмін. Жүріп кеткенін тілеп, бірдемеге қапаланатын едім. Бірақ ақыры анам жүрмеді, жатып қалды…
Әкем маған талай рет «Қасымжаным ең болмаса он бес жасқа толмады-ау» деп шешемнің бақилық болар алдындағы сөзін айтқан еді. Қайдағы он бес жас…
Бөгетсай орта мектебінде бастауыш сыныптарды үш ауысымда оқыдық. Оқушы көп, мектепте бөлмелер жетіспейді. Екінші сыныптағы біздің ауысым он бірден түс қайта үшке дейін оқитынбыз. Түскі ас жоқ. Мұғаліміміз Бәдигүл апай Әбдірахманова екі шәйнекке шай қояды. Шайға әркім үйінен аналары бергендерін әкеледі. Бәрінде кәмпит, печенье.
Әлі есімде, кластағы шешесі жоқ жалғыз мен болдым. Мектепке алып келуге қолыма кейде бірдеме тиеді, кейде жоқ. Сондайда Бәдигүл апа басқаға да, маған да білдірмей әркімнен кәмпит, печенье ауыстырып беретін.
Бар болса да біреуге молшылық, ал біреуге…
Анам мені Ақтастыдағы кеңшардың үйіндегі пештің түбінде босанған. Кіндігімді Аққыз деген ер мінезді, тура айтатын, ауылда өз беделі бар әжей кескен екен. Мен ол кісіні көргенім жоқ, бірақ қызы Жұмаш апайды танимын. Қызы байсалды сияқты, ал мен…
Айтушылардың сөзіне қарағанда ұқсастық бар-ау деймін. Ақтастыдағы мен туған үй әлі бар. Ол үйде тұратын Бағила апаймен бүгінге дейін қатысып тұрамын. Ол кісімен кездескенде анамды көргендей боламын, сағыныштан жүрек тулайды. Өзім немерелі болсам да, апайдың анам туралы әңгімелерін тыңдай бергім келеді.
Өзім де білмеймін, бір сағыныш…
Әкемнің елге, ағайынға, өз ортасына сыйлы болғанын айтудың өзі артықшылық. Ол өмірде өзін-өзі дәлелдеп, кез келгенге мойындатып кеткен адам екені мен үшін үлкен мақтаныш. Мен ол кісіге қай уақытта да бас иемін әрі өзім балаларыма әкемдей болғым келеді.
Осындай ел ағасына жар болу анамыз Қалисаға бұйырған ғой. Үй тар болғанмен, көңілдің кеңдігі қиыншылықтардың бәрін ұмыттырып отырған. Әке-шешемнің тәрбиесінде өз балаларынан басқа қаншама өзге ағайынның ұл-қыздары болған. Сол азамат болып кеткен, бүгінде қадірлі аға-апаларымыздан анам туралы жылы сөздер естимін. «Е, менің анам сондай адам болған екен ғой» деп іштей мақтанамын.
Оған да шүкір. Үсті-үстіне келіп жатқан қонақтарды жайлау, тәрбиесіндегілердің бабын жасау әйел адамға тіпті оңай шаруа емес. Меніңше, оған да күш, мінез, пейіл керек деп ойлаймын. Осы істегенінің өзі бүгінгі келіндерге үлгі боларлықтай қасиет қой.
Анам сырқаттанып жатқанда көңіл сұрап келген азаматтардың бірі жағдайдың қиындығын байқап, «бұрын бұл үйге келгенде көженің суы бар ма деп еркінсіп келетін едік, енді ол әңгімені кімге айтамыз?» деп налығандық білдіріпті.
…Мен үйленгенде әкем өз балаларымның соңғы тойы ғой деп үшінші күні тойдан басқа ағайын, жолдастарын және азаматтарды жинап, бөлек қонақасы берді. Дастарқан отырысын ашқанда ұзақ сөйледі. Біз Кәмила екеуміз түрегеліп тұрып тыңдадық. Шешеден жас қалғанын, көрген ашаршылық, соғысқа қатысып, бір аяғын майдан даласында қалдырып, комсомол, кеңес және шаруашылық салаларындағы қызметін айтып, жиналғандар алдында есеп бергендей болды. Сонда әкем өз сөзінде анам туралы бөлек тоқталып, сыйластықтары туралы әңгімеледі. Осы қызықтарды анамның көре алмағандығына өте қатты өкініш білдірді.
Әке сөзін тыңдап тұрған мен де осы тойдың басында анам тұрмады-ау деп қатты қиналыста болдым…
Сенің жарқын бейнеңді өзің көрмеген немерелерің, кейінгі ұрпақтарың сезініп жүрсін деп «Мәңгілік сағыныш» атты жинақ әзірледік. Өзіңнің көзіңді көрген, жақсы істеріңе куә болған замандастарың біздің анамыздың келбетін осы еңбекте берген секілді.
…Бір әфсанада былай делінеді: Анасы бар адамдардың төбесінде алтын тәж жарқырап тұрады-мыс, бірақ оны өзі көрмейді екен.
Менің алтын тәжімді жоғалтқалы тұп-тура қырық жыл болыпты.
Иманың жолдасың болғай, аяулы анашым…
Қасымжан БАЙСАДАҚОВ.



