Құқық

Тәртіп бұзу төркіні — жауапсыздық

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңестің төрағасы Қайыржан Тоқышевтың төрағалық етуімен өткен кезекті тәртіптік кеңес отырысында аудандық білім бөлімдері басшылары мен ауылдық округ әкімі тарапынан жіберілген қателіктер талқыға салынды.
Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының қызметкерлері жүргізген тексеру барысында Қарғалы аудандық білім бөлімінің 2013-2015 жылдар аралығындағы қызметінен көптеген заңға қайшы әрекеттер табылды. Мәселен, бөлімнің баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде хабарландыруды тек орыс тілінде орналастырғаны анықталды. Ал ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңының баптарына сәйкес, мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушының веб-порталға хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде орналастыруы тиіс. Бұдан басқа, бөлімнің мемлекеттік сатып алулар бойынша жасалған келісімшарттарды қазынашылық департаментіне заңға қайшы түрде, бес жұмыс күнінен кешіктіріп тіркеткені белгілі болды.
Дәл осы ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңының 30-бабының 2-тармағына сәйкес, біртекті тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде оларды орындау, көрсету орындары бойынша лоттарға бөлу қажет. Алайда тексеру барысында аудандық білім бөлімінің мектептерге ағымдағы жөндеу жүргізу жұмыстарын сатып алу кезінде жұмысты орындау орындары бойынша лоттарға бөлмегені анықталды.
Қарғалы ауданындағы білім беру мекемелерінде оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынушыларды таңдап алу үшін 15 лоттан тұратын конкурс жариялаған. Барлық 15 лот бойынша конкурсқа қатысуға тек жеке кәсіпкер Ермек Масақов өтініш білдірген. Кәсіпкердің қызметкерлердің біліктілігі туралы мәліметінде 13 аспазшының көрсетілгеніне қарамастан, тамақтандыру қызметі Қарғалы ауданының 15 мектебінде жүргізілген және әр мектеп үшін аспазшының еңбекақысы есептеліп, аударылған. Сондай-ақ, 2015 жылы тиісті педагогтық немесе кәсіптік білімін куәландыратын құжатсыз жергілікті бюджеттен үш жарым миллион, республикалық бюджеттен үш жүз мың теңге мөлшерінде еңбекақы төленген.
ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңына қайшы келетін әрекеттер Қарғалы ауданына қарасты Кемпірсай ауылдық округінің қызметін тексеру кезінде де анықталған. Аталған округте мемлекеттік сатып алулар туралы шарттардың уәкілетті органның тіркеуіне уақтылы ұсынылмауы, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарларын заңнамамен бекітілген үлгіге сәйкес жасалмауы сынды жайттар көрілген. Дәл осы жоспардың дұрыс жасалмауы себепті 2015 жылы жоспарда көрсетілмеген тауар, жұмыс және қызметтерді сатып алу үшін жалпы мөлшері 30 мың теңге болатын келісімшарт жасалған.
Тексеру кезінде аталған селолық округте 2013-2014 жылдарда 433 мың теңге мөлшерінде іссапар шығындары төленгені анықталған. Ал бұл іссапарлары туралы мекеме басшысы тарапынан бұйрық шығарылмаған және іссапарлардың іс жүзінде болғанын дәлелдейтін ешқандай құжат болмай шықты.
Тәртіптік кеңес мүшелері аталған олқылықтар үшін өз қателерін толықтай мойындаған Қарғалы аудандық білім бөлімінің басшысы Жолдас Қарағұлов пен осы аудандағы Кемпірсай ауылдық округінің әкімі Сапарбек Аманжоловқа қатаң сөгіс жариялау туралы шешімді бірауыздан қолдады.
Мердігер компания «Арт-Проект-Консалтинг» ЖШС-ның ағымдағы жылдың 16 маусымы күні жолдаған Байғанин ауданындағы орта мектептердің ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі жоба-сметалық құжаттамасын дайындау келісімшарты бойынша қалған қарыздарды төлеу туралы хатына Байғанин аудандық білім бөлімі тарапынан екі хат жолданыпты. Екі хаттың мазмұндары әртүрлі көрінеді. Біріншісінде қалған қарыздың толықтай қайтарылатыны туралы жазылса, екіншісінде компанияның өз міндеттерін толық атқармауы себепті төлемнің жасалмайтыны туралы айтылады. Ал хаттарға білім бөлімі басшысының орнына уәкілетті емес басқа адамдар қол қойған. Яғни ҚР «Әкімшілік процестер туралы» Заңының баптары бұзылып отыр. Байғанин ауданы білім бөлімінің басшысы Серғали Досқұлов өзінің бұл күндері қызметтік іссапарымен Ақтөбе қаласында болғанын айтып ақталды.
Тәртіптік кеңестің төрағасы Қайыржан Тоқышев айтып өткендей, бұл жерде мемлекеттік қызметшінің құжаттарды жүргізу ісіндегі жауапсыздығы орын алған.
Тәртіптік кеңес мүшелерінің шешімімен Серғали Досқұловқа сөгіс жарияланды.
Кеңес отырысында Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңдары мен ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс Кодексі талаптарының орындалуы туралы есеп тыңдалды.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button