Мәдениет

Корифей

Академик Сейіт Қасқабасов 75 жаста

Сейіт аға туралы жазу қиын. Қиын болатын себебі, ол туралы жазатын адамның да белгілі дәрежеде деңгейі болуы керек, әне, сонда теңіздей терең ғалымның сыр-сыпатын жарқырата аша алмақ. Әйтсе де, мынадай айтулы мерейтой тұсында үндемей қала алмадық, хал-қадірімізше ғұлама ғалым деп ел таныған, әлемдік ғылыми орта қадірлеген, мойындаған Сейіт Асқарұлының өзгеше талантының бір қырының ұштығын көрсеткенді жөн деп санадық. Мақтау үшін емес (бізсіз де абырой-даңқтан, мақтаудан кенде емес), кейінгі талапты балаға үлгі үшін, содан соң ғылымда бізге жөн-жосық сілтеген ағаның мерейі үшін…

Фольклордың жаңаша зерттелуі
Бұрынғы КСРО-да және өзге социалистік елдерде «фольклор» терминімен тек халық әдебиетін, яғни халықтың ауызша туып, ауызша орындалатын шығармаларын атау орныққан. Совет тұсында фольклор тарихы — әдебиет тарихы деп қарастырылып, әдебиеттанудың теориясын, әдіснамасын пайдаланып келді. Фольклор ауыз әдебиетімен теңестірілді. Әлі күнге осылай деп жүрген ғалымдар бар. Жоғары оқу орындарында, орта мектепте «ауыз әдебиеті» деп оқытылады.
Батыстың этнология ғылымын, советтік фольклортану ғылымын, дүниежүзі фольклорын қарғадайынан зерделеп, тоқсан төңкере қарап салғастырған ғалым тәуелсіздік алған бетте өзгеше концепцияға бет қойды. Фольклордың тек сөз өнері ғана емес, ежелгі дүниетаным және көне мәдениет әрі мұра, сонымен қатар тұрмыстың бір бөлшегі екендігін айқындап, қазақ фольклорында осы айтылғандардың барлығы кездесетінін нақты көрсетті. «Фольклор — ежелгі дүниетаным және көне мәдениет әрі мұра. Ол — көп заманның, бірнеше дәуірдің, әртүрлі қоғамның жемісі, сондықтан көпқатпарлы, көпсатылы және көпмағыналы, көпқырлы. Ежелгі замандарда пайда болған ырымдар мен ғұрыптар, діни ұғымдар мен мифтер, – бір жағынан, фольклор, өйткені олар сол тұстағы адамдардың ауызша шығарып айтқан әңгімелері және іс жүзінде атқарған ырым-кәделері. Бұл тұрғыдан қарағанда, олар – екінші жағынан, сол дәуір қоғамының мәдениеті болды, себебі сол замандағы адамдар атқарған ырым-кәделер мен айтылған әңгіме-мифтер сол қауым үшін мәдени рөл де атқарды. Үшінші жағынан, әртүрлі ырымдар, ғұрыптар, діни нанымдар мен мифтер алғашқы қауым адамының дүниені танып-білу процесінде қалыптасқан руханият еді. Олар, түптеп келгенде, сол бір көне дәуір адамдарының дүниетанымы еді», – дейді ғалым.
Бағзыда өткен аталарымыздың дүниетанымы, рухани мәдениеті болған сенімдер, ырымдар, мифтер, әңгімелер бізге жеткен. Олар әр заманның белгісін, түсінік-пайымын да сақтап қалған. Солардың бәрінің басы фольклорда қосылады. Фольклордағы көрінісі — анимизм, тотемизм, магия, табу, сондай-ақ рулық қауымның дамыған тұсында қалыптасқан шамандық түсініктер мен аруаққа табыну.
Ғалым тағы да былай дейді: «Фольклор — тұрмыстың бөлшегі. Фольклор — адам тіршілігінің өн бойында қолданылып, әр саласында пайдаланылатын дүние. Ол күнделікті өмірде утилитарлық функция орындайды, яғни тұрмысқа қызмет етеді, қажетті бір істі атқарады. Сол себепті фольклордың біраз бөлігінде саналы көркемдеу болмайды. Осындай фольклордың қатарына тұрмыстық қызмет атқаратын ғұрыптық және үйлену салтына әрі жерлеу рәсіміне байланысты жанрлар жатады. Мысалы, сәби дүниеге келгенде жүзеге асырылатын әртүрлі ырым-кәделер мен соларға қоса орындалатын ғұрыптық өлең-жырлар, тілек-баталар, дұғалар, сол тәрізді сәбиді қырқынан шығару мен бесікке салу кезінде атқарылатын ырымдар мен айтылатын шарапатты сөздер, тұсаукесер мен сүндет той кезінде орындалатын кәде-жоралғылар мен өлеңдер – бұлардың бәрі міндетті түрде орындалуға тиісті фольклор. Ол ырымдарсыз, шапағатты тілек-батасыз, ақ тілеулі дұғасыз аталған шаралар жүзеге асырылмайды. Демек, бұл тұста фольклор – тұрмыстың бір бөлшегі, тіршіліктің қажетті ісі болып көрінеді. Осы сияқты үйлену салтындағы ырым-кәделер мен жар-жар, сыңсу, беташар секілді жырлар, ал адам қайтыс болғанда міндетті түрде айтылатын естірту, көңіл айту, жұбату, жерлеу рәсімі бойынша айтылуға тиісті жоқтау – адам өмірінің әр кезеңінде таза тұрмыстық, утилитарлық қызмет атқаратын фольклор. Бұларсыз үйлену тойы, жерлеу рәсімі болмайды. Ендеше, фольклор – тұрмыстың өзімен біте қайнап, қосылып кеткен руханият».
Ертеде қалыптасқан ұғымдар емін-еркін, табиғи түрде, ешбір күдіксіз қолданылған. Халықтың қолөнері, яғни терме алаша, оюлы сырмақ, кемер белбеу, қыздар киетін сәнді сәукеле, көксауыр етік, аттың күміс шаптырған ері, үнемі қолданыста болатын әдемі заттар, халық әндері мен күйлері, өлеңдері мен жырлары тұрмыстың бір бөлшегі ретінде тіршіліктің сәнін келтірді. Бұлар да фольклордың қолданбалы түрлері болып саналады.
Ғалымның көрсетуінше, сөз өнері ретінде қарастырғанда фольклор әдебиетке жақындайды, бірақ ол — әдебиет емес. Әрбір фольклорлық шығарма — дәстүрге негізделген, халыққа кең тараған, нұсқалары бар, ауызекі айтылатын, авторсыз туынды. Ал әдебиет туындысы — авторлық мәтін, онда автордың қайталанбас қолтаңбасы, өз стилі бар, оның нұсқалары болмайды. Автордың әр кейіпкері – дара, өзіне ғана хас мінез-құлқы бар, сөйлеу машығы бар тұлға. Совет өкіметі тұсында «совет фольклоры», оның ішінде «қазақ совет фольклоры» дейтін жалған теория шықты. Бірақ бұл мәселе 1960-1970 жылдары КСРО бойынша ғалымдар арасында талқыланып, ақыр аяғында «совет фоьклоры» болған жоқ деген тоқтамға келді. С.Қасқабасов осы мәселеге басқа бір қырынан қарап, совет тұсында да фольклор жасалып жатқанын дәлелдеді. Мұны түсіндіру үшін ғалым былай дейді: «Осыған орай есте ұстайтын нәрсе – фольклор деп тек қана ежелден келе жатқан авторы жоқ шығармаларды айту керек пе, әлде әр заманда туып, ел ішінде айтылып жүретін халық шығармашылығын да тану дұрыс па? Біздіңше, дәстүрлі фольклормен қатар бүгінде ел арасына тарап кеткен авторы беймәлім әртүрлі жаңа өлеңдер (әсіресе, қара өлең), мақалдар, әңгімелер мен анекдоттар – халық шығармашылығы ретінде фольклор болып саналуға тиіс. Әрине, бұлар ерте заманнан келе жатқан фольклордан ерекше, мұнда дәстүрлі фольклорлық поэтика жоқ, бірақ халықтық этика мен ұғым-түсініктер бой көрсетеді. Демек, бүгінгі таңдағы халық шығармашылығынан ежелгі фольклорды іздемеу керек. Сонымен бірге заманның, қоғамның талап-талғамына сай халық шығармашылығының түрі, орындалу мәнері өзгеше болуы ықтимал екенін, сондай-ақ халық шығармашылығы жаңа формада, айталық, отбасылық ансамбль түрінде де болуы мүмкін екенін де ескеру қажет». Ғалымның дәлелі ғылымда мойындалды.

Қаһармандық эпос қалай зерттеледі?
Қазақтың зерттеусіз жатқан дүниелерінің бірі — қаһармандық эпостары. Мұндай эпостардың саны төрт жүзге жетіп жығылады. Эпос қазаққа етене жақын. Сондықтан оңай сияқты. Бірақ «Алпамыс батыр» мен «Қобыланды батырдан» басқасы түбегейлі зерттелмеген. Бірен-саран атүсті айтылған сөздер ғана кездеседі. Оның өзі қазіргі ғылым талабына сай емес. Мұның біраз себептері бар: отарлық езгіде болдық, жаздырмады, айтқызбады, енді ғана қолға алынып жатыр, т.б. Мысалға, «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосын алайық. «Едіге» эпосы — Алтын Орда дәуіріндегі біздің ата-бабаларымыздың кейінгіге қалдырған үлгі-өсиеті, асыл аманаты. Күні кеше ғана күркіреп тұрған мемлекетін, тұтастығын, рухани бірлігін, басынан ұшқан бағын жоқтауы, жан дауысы, имандай сыры. Бұл жерде: «Народная поэзия не фактографическая хроника: дело здесь в общегосударственных и народных устремлениях и интересах, а не в изображении отдельных, частных событий», – деген Б.Я. Пропптың пікірінің дұрыстығына қол қоймасқа амал жоқ.
«Едіге» эпосын тек қазақ қана емес, татар, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, өзбек, түрікмен халықтары ХІҮ-ХҮ ғасырлардан бастап 1944 жылға дейін айтып келді. Жырды зерттеуге Ш.Уәлиханов, В.М.Жирмунский, П.М.Мелиоранский, А.Н.Самойлович, М.Тынышбаев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сияқты әйгілі ғалымдар азды-көпті өз үлестерін қосты. Бәрі де эпосқа жоғары баға берді.
1944 жылы 9 тамызда ВКП (б) Орталық Комитеті қабылдаған «О состоянии и мерах улучшения массово-политической и идеологической работы в татарской партииной организации» деген қаралы қаулы шықты. Ол қаулыда кейбір тарихшылар Татарстан тарихын ұлтшылдық тұрғыдан жазып жүр. Олардың еңбектерінде Алтын Орда тарихын мақтау, Едіге туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттау орын алған деген сияқты кінәлар тағылған. Сөйтіп, ғылымға жат тұжырым жасалды.
Мұндай қанды қылыш шешімнен соң Татарстандағы ғылыми-зерттеу институтының үсті астына түсіріліп, едігетанудың жолы біржола кесілді. Бұл қаулы сол сәтте КСРО-ның құрамындағы республикалардың барлығына жеткізіліп, ондағы зерттеулер де сол бойда тоқталды. Одан кейін «Едігеге», оның ұрпақтарына қатысты «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» эпостарына қарсы материалдар баспасөз беттеріне қаптап шыға бастады.
Міне, осындай зобалаңдар, ауыртпалықтар болғаны рас. Алайда, басты себеп – қаһармандық, тарихи-қаһармандық эпостарды зерттеудің өте қиындығында еді. Сейіт аға осы қиындықтан шығудың амалын тапты.
Өткен ғасырдың орта тұсында «Алпамыс батыр» эпосын зерттеген әйгілі ғалым В.М.Жирмунский оның әртүрлі версияларындағы ортақ сюжеттік жүйені, ортақ мотивтерді анықтаған болатын. Кейінгі белгілі ғалым А.А.Петросян өзінің «Проблемы изучения народного эпоса» деп аталатын зерттеуінде қаһармандық эпосқа тән төрт мотивті бөліп көрсетті. Олар: кейіпкердің дүниеге келуі және оның батырлық балалық шағы; үйлену алдындағы сынақ және батырдың үйленуі; батырдың ат таңдауы және оны баптап өсіруі; батырдың соғыстағы ерліктері, жекпе-жектері. Бұл эпостың «әмбебап мотивтерінің» бірі болып табылады.
Академик С.Қасқабасов «Ертек пен эпостың сюжеттік типологиясы» дейтін іргелі еңбегінде эпос пен ертектің ұқсастығына зейін аударып, көптеген халықтардың ертегісі өзінің сюжеттік құрылысы жағынан негізінде біркелкі екендігін дәлелдеді. Ғалым ертектің сюжеттік құрылысының шартты қалыптарын саралап, оның негізгі желісі бес бөліктен тұратынын көрсетеді: 1. Кәрі ата-ана; 2. Кейіпкердің дүниеге келуі (ғайыптан тууы; тотем-бабадан тууы; баба рухының жәрдемімен тууы;
мұсылман әулие-әмбиелерінің, пірлердің көмегімен тууы; әкесі үйде жоқта тууы);
3. Кейіпкердің қалыңдығын іздеп шығуы; 4. Қайын атасының аулына танылмай келуі; 5. Еліне оралауы.
Ғалым аталған еңбегінде эпос сюжетінің де жалпы қалыбын (схемасын) жасайды. «Біз енді эпостың сюжеттік схемасын қарайық. Ескертетін жай: эпоста кейіпкердің толық өмір жолы баяндалмайды, оның қарекеті әйел алумен ғана тынбайды. Үйлену – эпос батырының тек кәмелетке жеткендігінің белгісі. Бұл – оның азамат ретінде қалыптасуының айғағы. Оның ерлік өмірі енді осыдан кейін басталады. Бұдан былай ол өз тағдырының қожасы емес. Ол, енді халық адамы. Сондықтан батыр үшін өз басының немесе әулетінің қамынан гөрі ел бақыты, ел өмірі маңызды. Міне, осы тұсты бейнелейтін кезде эпостың сюжеттік қана емес, жанрлық ерекшелігі де айқындалады. Басқаша айтқанда, эпостағы ертегі сюжетінің элементтері осымен шектеледі. Бірақ жалпы ертегілік сипат тұрғыда олар мұнда да ұшырасады.
Ендеше біз енді мына сұраққа жауап беруге тиіспіз. Әр елдің эпосын салыстыру үшін неге ертекті таңдап алдық? Оған былай деп жауап беруге болады. Эпос жанр болып қалыптасқанда, бірнеше тірекке сүйенеді, яғни оның бірнеше қайнар көзі, төркіні бар: миф, өлең, кантилена, тарихи жыр, т.б. Соның бірі — ертегі. Ертектің сюжеттік желісі эпостікіне жақын», — дейді.
С.Қасқабасов жасаған эпос сюжетінің жалпы қалпы сегіз бөліктен тұрады. Оның алғашқы бесеуі жоғарыдағы ертек сюжетінің қалыбына ұқсас: 1. Перзентсіз ата-ана, олардың хал-жағдайы; 2.Кейіпкердің керемет болып тууы; 3. Баланың өте күшті батыр болып ерекше өсуі; 4. Батырдың әйел іздеп шығуы; 5. Ғашығын (қалыңдығын) іздеп табуы және одан әрі: 6. Батырдың өз елін қорғауы, ерлік жорықтары; 7. Ұлан-асыр қуаныш, той, тыныштық өмір, батырдан ұл тууы; 8. Батырдың баласының ерліктері.
Осы қалыпты түсіндірген автор: «Байқап отырсыздар, ертектің де, эпостың да сюжеттік негізгі бөлшектері дәлме-дәл қайталанады. Бірақ, әрине, ол бөлшектер әр жанрда біршама өзгеріске ұшырайды. Себебі, біріншіден, ертекте әр мотивтің көне түрі сақталса, эпос оның дамыған типін көрсетеді. Екіншіден, эпос сюжетіне тарихи элементтер кірігеді», – дейді.
Бұл тақырып туралы ғалым тағы да былай дейді: «Жырда батырдың үйленгеннен кейінгі басынан кешетін оқиғалар – көбіне-көп жорықтар, шайқастар, батырдың көрген қиындықтары болып келеді. Бір қызығы, ертегі мен ғашықтық дастандарда кейіпкердің үйленуімен әңгіме тәмам болса, батырлық эпоста қаһарманның үйленуі соңғы нүкте болмайтын жағдай жиі кездеседі». Бәрі де тайға таңба басқандай. Қысқа Һәм нұсқа. Қарапайым. Енді зерттей беріңіз. Шамаңыз жетсе, алдыңызға алып отырған жырыңыздағы осы мотивтерді анықтаңыз, кейбірі жоқ болса, оның неге жоқ екенін пайымдаңыз.

Тұтастану құбылысы
Қаһармандық эпостағы тұтастану құбылысы да — өз алдына бір проблема. Мұны алғаш ғылыми тұрғыдан классификациялаған В.М.Жирмунский шығыс пен батыс халықтары эпосындағы тұтастануды өзара салғастыра келіп, оның төрт түрін анықтады: Сюжеттік тұтастану; биографиялық тұтастану; генеологиялық тұтастану және эпопеялық (дәуірлік) тұтастану, яғни бір ел басшысының немесе батырдың айналасына әр дәуірдің батырларының топтасуы. Тұтастанудың осы төрт түрінің қазақ эпосындағы көрінісі бойынша 1976 жылы С.Садырбаев кандидаттық диссертация қорғады. С.Садырбаев «Қырымның қырық батырындағы» «Қарадөң батыр мен оның ұрпақтары» бөлімі бойынша зерттеу жасады. Ол өз зерттеуінде қазақ эпосына сюжеттік, өмірбаяндық, генеологиялық тұтастанулардың тән екенін атап көрсетті. Фольклортанушы Ш.Ыбыраев та өзінің батырлық жырлардың поэтикасын қарастырған «Эпос әлемі» атты еңбегінде тұтастанған жырлардың кейбір ерекшеліктеріне тоқталып өтеді. Ал С.Қасқабасов «Қазақ фольклорындағы тұтастану құбылысы» деп аталатын іргелі еңбегінде қазақ фольклорында тұтастанудың алты түрі бар екенін анықтады. Олар: сюжеттік; ғұмырнамалық; шежірелік; тарихи; орталықтық және географиялық тұтастанулар.
Қаһармандық эпостың сюжеттік қалыбы да, алты тұтастану да аспаннан алынып отырған жоқ, қазақтың қаһармандық эпосында бар нәрселер. Мәселе осы барды көре білуде. Көру үшін Сейіт ағадағыдай көл-көсір білім, терең ой керек. Оған ұқсап өзі игерген ғылым саласында дүниежүзілік деңгейге көтерілу қажет. Қазақ әдебиеттану ғылымының корифейі, академик Серік Қирабаев жазғандай, ғұламалыққа жету керек.
Міне, ҚР ҰҒА акдемигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Асқарұлы Қасқабасов туралы бір үзік сырлар осындай.

Жұбаназар АСАНОВ,
Абат ПАНГЕРЕЕВ,
Қ.Жұбанов атындағы
Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессорлары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button