Үкі жасаушылар

Қазақ үкіні киелі құс санайды. Наным бойынша, оның денесінде және қанатында қасиетті Құранның құпиясы жазылған бедерлер бар деп есептеген. Сондықтан, оның үлпілдеген жүнін жын-перілерден қорғасын деп баланың бесігіне, бақыт, табыс әкелсін деген ырыммен қыздардың сәукелесі мен сал-серілердің домбыраларына таққан. Тағы бір аңызға сенсек, жерді топан су басқанда Нұх пайғамбарға Қазығұрт тауына баратын жолды осы құс тауып берген деседі.
Негізінен Еуразия елдерінде, Қазақстанда мекендейтін үкі саны тым азайып кеткен деседі. Зерттеушілердің айтуынша, үкінің азайып кету себептерінің бірі — оның үлпілдек жүнінен әлгіндей тұмарлар, әшекейлер жасау үшін ұядағы балапандарды алу.
… Ақтөбеденің Пригородный ауылында тұратын Айтмағамбетовтер отбасы үкі жасайды екен. Алайда олар үкінің жүнін пайдаланбайды, ағаштан, экотоннан, пенопластан, басқа да түрлі материалдардан үкінің мүсінін жасайды:
— Қазақ үкіні киелі құс санаған. Қазір де үкінің жүнін жын-перілерден сақтасын деген наныммен пайдаланатындар көп. Десек те, онсыз да азайып бара жатқан құсты қолдан өлтірмей, осындай мүсіндер жасап, сыйға тартсақ та теріс емес. Сондықтан, осы істі қолға алдық, — дейді шебер Алтынбек Айтмағамбетов.
Бәрі достардың көңілін аулау үшін сыйлық іздеуден басталған. Достардың қуаныштарында сыйлау үшін сауда орындарындағы, арнайы сувенирлер сататын дүкендердегі үкі біткеннің барлығын сатып алатын. Ал шебер ағаштан осы үкілерді орналастыратын арнайы сүйемел жасайды.
— Табиғатта үкі құсының өлгенше жұбымен жүретіндігі белгілі. Балапанды да көп салады. Әрі оны даналықтың символы деп те атайды. Сондықтан, үкі мүсінін алғанда тек біреуін емес, екеуін, кейде тіпті үшеуін алып, арнайы сүйемел жасап, соған орналастырып, «жұптарың жазылмасын, шаңырақтарың берік» болсын деген тілекпен береміз. Осылайша біздің отбасы атынан үкі мүсінін сыйға беру дәстүрге айналды. Бірде Гүлзада есімді досымның ұлы институт тәмәмдап, сол қуанышты бөлісуге барамыз деп әдеттегідей дүкеннен үкінің үлкен мүсінін сатып алдық. Алайда, қасына қосып беретін кішкентайын таба алмадық. Дүкендерде, базарларда үкінің мүсіні бітіп қалған! Бүкіл қаланы айналып шықтық. Бізді әбден танып алған сатушылар: «Үкіні бітіріп тастадыңыздар», — деп күледі. Сөйтіп, тығырықтан шығу керек болды — отағасы үкінің кішкентай мүсінін өзі қолдан жасады. Осыдан кейін бұл мүсінді сатып алу үшін дүкен аралап сабылмайтын болдық, — дейді шебердің жолдасы Рая Айтмағамбетова.
Қазір Алтынбек шебер үкітанушы болып алған. Табиғатта үкінің қандай түрлері бар, оны түстері қандай болады, оның ерекшеліктері қандай — бәрін-бәрін тыңдаушысын жалықтырмай айтып береді.
— Үкінің ерекшілігі — түнде көретін құс. Сондықтан үкі жасау кезінде оның көзіне үлкен мән беремін. Көздерін көбіне ілгектерден жасаймын. Қазір мені қаладағы ілгек сататын барлық дүкендер танып алған. Бара қалсам: «Мынадай жаңа ілгектер келді, аға» деп алдымнан жүгіріп шығады. Жақсы ілгек тауып алсам, қуанамын. Өткенде бір жақсы ілгектер сатып алдым. Кейін сол ілгекті пайдаланып жасаған үкіні сыйға берген досым: «Мына құстың көздері оттай жанып тұр ғой», — деп мәз болып қалды, — дейді Алтынбек.
Олар қолынан шыққан мүсіндерді сатпайды. Тек сыйға береді. Сыйлықтар қазір кемі отыз-қырық отбасының төрінде тұр.
— Қызымыз Інжу Орал қаласындағы институтта оқыды. Бірде ұстаздарымен Қарағандыға олимпиадаға барып жүлделі орын алып келді. Поезд Ақтөбе арқылы өтетін болғандықтан, қызымды, оның жолдастарын, ұстаздарын жолдан күтіп алып қонақ қылдық. Ұстазына үкі мүсінін сыйға тарттық. Арада біраз уақыт өткенде институт ұстаздары үкі мүсініне тапсырыстар берді. Егер біздің еңбегімізді бағалап, қолдан жасалған сыйлықтың құнын біліп, құрметтеп жатқан адамдар болса, қуана-қуана жасап берер едік, — дейді шебер.
Үкі мүсінінен басқа шебер ағаштан арнайы киім ілетін ілгіштер, гүл қоятын арнайы тіреуіштер жасайды. Бұдан өзге сувенир ретінде ағаштан кішкентай домбыралар дайындайды.
— Табиғаттың өзі шебер. Кейде сүйемел, тіреуіш, ілгіш жасауға ыңғайлы аша күйіндегі ағаштар тауып аламын. Оны Пригородный ауылындағы бала-шаға, қарттар түгел біліп алған. Сондай ағаш көрсе, міндетті түрде тастамай, біздің үйге алып келеді. Ал кейде тіпті осындай ағаштарды өзіміз арнайы іздеп шығамыз, — дейді ерлі-зайыпты шеберлер.
Алтынбектің өзі ғана емес, келіншегі Рая да алтын қолды адам екен. Балаларына киімнің бәрін өзі тоқып береді. Ұлы Нүркен мен егіз қызы Інжу — Маржанның да қолының місекерлігі бар. «Әке көріп, оқ жонған, шеше көріп, тон пішкен» балалар.
— Біз ешқашан мұны бизнес қылмаймыз. Жай жанның қалауы ғой бұл. Әрі достарымызды, жақын-жуықтарымызды қуанту үшін жасалып жатқан дүниелер,— дейді Рая.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



