Мәселе

Жайылым жайы қалай?

Қазақта «Отынды шапқанға жақтыр, малды тапқанға бақтыр» деген мақал бар. Осы жағынан келгенде, Бақберген Қарақов — мал бағудың, пайда табудың жолын меңгерген, облысымыздың Байғанин ауданында ұзақ жыл шаруашылық басқарған, көпшілік есімін жақсы білетін белгілі маман. Сондықтан зейнеткерлікке әлдеқашан шықса да, еңбектен қалмай, шет жүріп, алыс қоныстанып, шаруа қожалығын басқарып келе жатқан ауыл шаруашылығы саласы шеберінің жайылым туралы мақаласы көпшілікке ой салар деп ойлаймыз. Еліміздегі бос жатқан егістік, жайылымдық жерлерді игерудің өзекті проблемаларын таяуда Қостанай өңіріне сапары кезінде Елбасымыз да айтқан еді.

Әр айдың өз оты бар

Қазақстанның барлық жерінің 80-85 пайызы немесе 187 млн. гектар жері жайылымдық. Осы жерлерге шығатын бірнеше жүздеген табиғи өсімдіктер бар. Бірақ олардың көпшілігі малға қолдан берер шөп ретінде шауып алуға келмейді, өнімсіздеу, сирек және аласа, тек мал жаюға ғана келеді. Жерің сондай жайылым-жайлау болғаннан кейін, шаруаң да мал бағу болары хақ. Мал бағу болғанда, мақсат — осы кең жайлауды игере бағу. Әйтсе де тап қазіргі шақта сол жайылымды толық игеріп мал баға алмай отырмыз.
Қолдағы барды, өз құндылығымызды бағаламай, өзгеге көзсіз еліктеу бұрын да, қазір де басым. Менің ойымша, бұл — адасу. Еуропа болғымыз келеді, дұрыс, болайық. Бірақ нағыз Еуропа болғың келсе, сол жайылысқа Еуропадағыдай шөп шығар. Бірақ олай біздегі бүкіл жайылыс әлеміне шөп шығара алмайсың. Табиғатты түбегейлі өзгерту әзір адамның қолынан келіп тұрған жоқ… Бірақ нағыз ниеттеніп еңбектенсе, ата-баба ұңғыл-шұңғылына дейін толық меңгерген жайлауды игеру бүгінгі ұрпақтың қолынан келер еді.
Ата-бабамыздың жайылысты игеруі әлемдік ғылым. Ал қазіргі тірлік «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегеннің кебі. Болмаса біздің жерден анағұрлым нашар, тіс шұқырға қылтанағы жоқ жерді мекен еткен өзге халықтар өз жерінен жеріп, ауып көшіп жатқан жоқ қой.
Толық меңгерсе қай істің де қоры, жаманы жоқ. Қазақ балаларына: «Бәріңе бірдей той жоқ, бірің тойшы болсаң, бірің қойшы бол» деген. Малшы болғаннан кейін малдың өрісін, жайылысын тауып жая білу керек, сонда шаруаң оңала береді. «Түгін тартсаң майы шығады» деген мақал осыдан шыққан.
Жайлау туралы айтсақ, жеріміздің көп жері жайылыс болғаннан кейін, ол байлық нағыз өз рет-жөнімен, қажетті тәртібін бұзбай, толық, ұқыпты игерілуі керек. Бірақ біз мал бағуды қор санайтын жағдайға жеттік. Бұл қалай? Мысалы, жылқы бағу қорлық болғаны ма? Жылқы баққан адам қай заманда қор болып еді? Еліміздегі осы кең жайылымды толық игерсе, қазақ елі дағдарыс дегенді білмес еді.
Менің ойымша, болашақта еуропаша мал бағудан көпшілік елдер бас тартатын болады. Себебі жайлауда өндірілген ет, еуропаша өндірілген еттен 60-70 пайызға арзанға түседі. Және ол — көкжасық, жасанды ет емес, дәрі. Кешегі қазақтар осыны білген және жақсы игерген еді. Демек, қазақтың бүгінгі ұрпағы да сол ата-баба қолданған әдісті толық меңгеруі керек.
«Кемшіліктен қорықпа, талапсыздан қорық» дейді халқымыз. Бұл жерде талап қажет. Қазақ жайылысты өлі шөп, ақ от, қара от деп кенеуіне, өсімдіктердің өсу мерзіміне, маусымға қарай бөлген. Мұның өзі ұлан-ғайыр жерлерді алып жатыр. Осы кең жайылыс, ұлы жайлауды жылқы малымен ғана толық игеруге болады. Өйткені аяқты малмен межелеген жеріңе жете аласың. Жылқы — табиғатында азығын таппай жатпайтын, ық-пана іздемейтін мал, өсімтал түлік.
Жайылым — қазақтың өмір тіршілігі, өте арзан, сапалы, ет, сүт, жүн өндіретін өндірісі десек қателеспейміз. Менің ойымша, тек біздің өңірде 120-ға жуық малдың азығы болатын өсімдіктер өседі. Осы өсімдіктердің әрқайсысының қадір-қасиеті жөнінде, өмірлік өз тәжірибеме сүйеніп кітап та жаздым. Оның бәрін бұл жерде айтып жату артық болар.
Жайылымды жылқы түлігімен ғана игереміз деген соң, оның негізгі жейтін шөптерін ғана қысқаша айта кетейін. Жазғытұрым қар ерігенде шөптің бәрі жер бетіне шығады. Мал таңдағанын жейді, қалауын өзі біледі. Бұны өлі шөп дәуірі дейді.
Өріс таңдау жаз ортасынан басталады, бұл кезде 2-3 айға төтеп берер тұрақты жайылыс таңдалады. Жылқыға ебелекті жайылыс тәуір. Ебелек — аса жұғымды, сапалы азық. Жазғы екі-үш ай бойы жылқының айнымас азығы осы шөп. Біле білгенге әр айдың, мезгілдің бөлек оты бар. Бізде қара отты жерлер көп.
Ғылымда оларды аса қажетті мал азығы деп санамайды. Мал азығы деп алдын ала шауып, малдың алдына әкелінген шөпті айтады. Меніңше, ол да толық азық емес, себебі малдың таңдау мүмкіндігі жоқ.

Сулы жер — нулы жер

Ата-баба дәстүрі мен мал өсіруден алшақтамайын деп, кешегі кезде Байғанин ауданының қиыр шетінен жер үлесімді алған болатынмын. Кейін балам сол жерден шаруашылық құрды. Жерді алдық, шаруашылық құрылды, енді өндірісті жүргізу керек. Өндіріс болғанда, бұл жердегі кәсіп тек мал өсіру болуға тиіс. Өзге шаруа істеуге мүмкіншілік жоқ. Мал ішерге де, адам ішерге де су жоқ. Су өте тереңде, 600-650 метрден шығуы мүмкін бұрғылап қазса. Қолдағы малымыз 18 бие, екі айғыр, бір ат, оларға күніге 220 литр су керек. Мен 220 литр су үшін миллиондаған теңге қаржыны қайдан табамын? Қалай есептесем де, құйылып, ағылып тұрған шығын. Электр қуаты тағы жоқ, оны 35-40 шақырым жерден өз күшіммен қалай тартып жеткіземін?
Жанымыздан «ҚазақТүрікМұнай» ЖШС-ы мекемесі мұнай өндірді, оларда су да, скважина да бар. Сұрасақ су түгілі, есігінен қаратпайды. Олай-бұлай айтып көріп едік, бізді тыңдар ешкім болмады. Оның жөні былай ғой дейтін жан тағы табылмады. Сотқа беріп едім, менікі заңды болғанымен, солардың сөзін сөйлеп, жығып берді. Сөйтіп жүргенде 17 жыл өтті. Шаруамыз күйзелуге айналды. Мынадай жағдайда қалай өркендейміз деп, ренжіп жүрдік. Солай жүргенімізде, құдай айдап өткен жылы «ҚазақТүрікМұнай» ЖШС-ы мекемесіне басшы болып Құдайберді Орақ деген азамат келді. Барып өтінішімді айттым. Бір сөзге келген жоқ, құжатыма қол қойды да берді. Іс бітті. Су да, жарық та болды. Теледидар келіп, телефон орнап, бір күнде «коммунизм» орнады да қалды. 17 жыл бойы болмайды деп жүрген шаруа бітіп, малшының шалғайдағы тұмшаланған өмірі жайнады да кетті. Осыған осы кезге дейін кедергі болған не, заман ба еді? Жоқ, адам еді. Осындай көзқараспен еліміздегі ен жатқан жайылысты қалай игереміз? Кәсіпкерлік жолдағы мен сияқты талай адамның осындай жағдайда жүргеніне менің еш күмәнім жоқ. Егер осы кедергілер жойылса, жоғарыда айтылған жайылымды игеруге, соның нәтижесінде мол ет, сүт өндіруге жол ашылады. Тек еңбек ете біл!
Алайда еңбегің жану үшін халқына болсын деп қол ұшын беретін Құдайберді Орақ сынды басшы керек. «Мың қосшыдан бір басшы» деп қазақ бекер айтпаған.
Енді кең-байтақ жайылымдық жерлерді халық игіліне қалай пайдалануымыз керек, сол жөнінде бірер сөз.
Біз — бүгінгі заманның аталары мен әкелері, ер балаларымызды жасампаздық іске тәрбиелей алмадық. Бұл — біздің үлкен кемшілігіміз. Ер-азамат түзде еңбек етуге жаралғанын ұмыттық. Өкінішке орай, бүгінгі еркек үйкүшік, бойкүйез болып алды. Олардың отбасы, ошақ қасынан ұзамауы осындай ұсақталуға әкелді. Ер-азамат неге жер сыпырып немесе қоғамдық көліктерде кондуктор болып жүреді? Болмаса, садақа-тойда қазан басында тамақ асып, базарда арба итеріп жүру ер жігіттің істейтін ісі ме?
Елбасымыз Ұлы дала елі атап отырған елдегі ұшан-теңіз жайылымды кім игереді? Әлде бұл байлығымызды баяғы тың игерген замандағыдай сырттан біреу келіп игеріп бере ме? Мен бұл жерде ер-азаматтарға ренжимін. Қазақта «Әйел ерге қарайды, ер жерге қарайды» деген мақал бар. Бүгінгі азаматтарымыз неге жерге қарайды, сол далада мұз жастанып, қар жамылып еңбек етпей ме?

Жайылым қуып, жылқы бақ

Кең-байтақ жайылымды игерудің бізде алғышарттары бар. Қазір олардың көпшілігінің үстін басып, тәуелсіздік жылдары салынған теміржолдар өтіп жатыр. Тіпті «Бейнеу –Жезқазған» сынды жаңа теміржол бойларында үлкен станциялар мен бекеттер орнап қалған жерлер бар. Солардың маңындағы көп өңірлерде ата-бабаларымыз жасап кеткен шегенді құдықтар әлі жатыр. Алғашқы кезде осы құдықтарды пайдаланып, ұсақ жылқы табындарын дамытуға болар еді. Бұл үшін жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетіп, осы жұмыстарды жүргізуге несие қаржы бөлу керек. Олар құдықтарды қалпына келтірудің қамын жасасын. Жайылым бастарынан шағын қостар салсын. Осы көп қаржы тілейтін қиын жұмыс па? Іс оңға басса, мұны жылқы табынының пайдасы бірер жылда артығымен өтер еді. Мен жайылымын пайдалануға болатын жерлердің көпшілігін білемін. Бірақ олардың барлығын мойыныма алып сөйлегенім ыңғайсыз болар, мұның бірсыпырасын әр ауданның, әр облыстың көзіқарақты азаматтарына қалдырайын. Мен тек қана Ақтөбе облысы Байғанин ауданы жерінің үстімен өтетін теміржол бойындағы жайылымдық жерлер туралы сөз қозғамақпын. Менің ойымша, Тассай станциясы, Сағыз, Сәңкібай бекеттері, Көрсай станциясы, Тоқсанбай, Жарқұм бекеттері маңындағы байырғы құдықтарды пайдаланып, жылқы өсіруге әбден болады. Ақтықы-Беркін әулие шыңырауы Тассай станциясына 30 шақырым, Шиқұдық шыңырауына 21 шақырым, Ащыбұлақ-Сұлтанүббі шыңырауы мен Ақсай-Жұмағали ахун құдығына 32 шақырым жерде тұр. Жетіқұдық, Беласар құдығы , Көлтабан, Қайнар, Тасастау, Көксай, Алтықұдық, Ордабай, Қызыл ой, Құлтай, Шағыр, Изенді, Сәңкібай, Сарыой, Он құдық, Отыз құдық, Тұщы Көлтабан, Қос құдық, Мүлкаман, Үйек, Алтықұдық, Қырғын, Көксай, Ши оба, тағы басқа құдықтар осы теміржол бойынан қашық емес.
Бұлар — осы жерлерді қоныс еткен бір кездегі қазақ байларының құдықтары. Сондықтан да бірен-саран байлардың аттары осы кезге дейін жер атауымен қоса айтылып, жазылады. Бұл жерлердегі су көздері арада қанша уақыт өтсе де, сол күйінде бұзылмай тұр. Тек аршып тазалау керек. Көпшілігі ақ тастан (ракушняк) шыққан. Мысалы, Беркін шаңырауының тереңдігі 44 метр, түгел ақ тас. Біз атаған құдықтардың әрқайсысы кезінде мың, мың жарым жылқы су ішкен құдықтар.
Мен жылқы шаруашылығы шығыны аз, аса тиімді, жұмсалған қаржыны келер жылы-ақ еселеп өтейтін сала деп есептеймін.
Мәселен, бір биеге күніге 10 литр су керек, қалған азығын қысы-жазы өрістен өзі тауып жейді. Жыл ішінде әлгі биеден сүтін айтпағанда, 100-120 мың теңге тұратын құлын алынады. Бүгінде бұндай өнім беретін ешбір өндіріс орны жоқ.
Жылқы етінің сапасы таңдай қақтырады, себебі бірнеше жүздеген дәрі шөпті өрістен таңдап жүріп жейтін мал. Бұл шаруаның тез өркен жаюы үшін әуелгі кезде иен далада мал бағатын малшыларға азды-көпті мемлекеттен қолдау керек.
Көп шығынға ұрынбай, теміржол станциялары, бекеттері маңындағы әр құдыққа 25-30 биеден бір отбасына бақтырса, қаншама адам нәпақа табады? Бұл арзан жылқы етін өндіруге жол ашады.
Мен айтып отырғандай құдықтар әр өңірде бар. Кешегі кеңес кезінде алыс жайылымдарда қазылған қаншама шахталы құдықтар пайдаланылмай текке тұр. Осылардың бәрін есепке алып, кәдеге жаратудың жолын қарастырған дұрыс.
Жазғы ебелектен кейінгі жылқы жайылысы қара от, бұйырғын мен жусандар. Бұлар келесі жазғытұрымға дейінгі жылқының өзгермес жайылысы болып есептеледі. Әрине, жайылыстың, тебіннің тозуына байланысты орын алмастырып отыру керек болады.
Жылқы түлігі үшін қыста қауіпті жағдай — шөптің басына мұз түсуі. Мұздақ көп уақыт тұрып қалса, биелер іш тастайды. Сондықтан күз, қыс кездерінде ауа райындағы жылымықтарды мейлінше ескеріп жүрген дұрыс. Мұздақтан құтылудың жолы жылқыны сортаң жерге жаю. Сосын ащылы, жусанды жайылыстарда мұздақ болмайтынын тәжірибелі жылқышы білуге тиіс.
Менің маман ретіндегі болжамым бойынша, тек осы теміржол бойында миллион бас жылқы өсіруге болады. Осы істі бүкіл қазақ болып қолға алып жүзеге асырсақ, Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасына қосылған сүбелі үлес болар еді.

Бақберген ҚАРАҚОВ,
зейнеткер.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button