Тосын Тоқаш

19 қыркүйек — қазақтың көрнекті ақыны Тоқаш Бердияровтың туған күні.
«Өз өмірінің өгей баласы, бірақ қазақ жырының еркетотайы — Тоқаш» деп Мұқағали Мақатаев баға берген майдангер қаламгер бұдан 90 жыл бұрын, 1925 жылы дүниеге келіп еді.
…Қай дөңесті, қай көшені баспады
Керзі етігі солдаттың.
Алғы шепте,
Мыңғырған оқтың ішінен
О, өмір, саған жол таптым.
Тоқаш Бердияров («Өмірбаян орнына»).
Өтежан Нұрғалиевтің «Мақатаев көшесіндегі ой» деген өлеңінде «…Өмір деген тәтті ғой, Тағдыр деген қатты ғой. Кешегі өткен ер Тоқаш — Басы жерге тигенше, Автоматын… атты ғой» деген жолдар бар еді. Қалай қарастырсаңыз да, осы жолдарда бір шындықтың сұлбасы жатыр.
Ал Тыныштықбектің өлеңдерінен алған әсері туралы мақаласын бастаған шақта Әбіш Кекілбаев өз тұсындағы бірқатар белгілі ақындарды айта келіп, «…біресе есіктен қыз алдына келген ұялшақ жігіттей сыптия киініп, сыпайы кіріп, сыздиып тұрып, сыздана сөйлейтін Тоқаш Бердияров… көз алдыма келгендей болды» дейтіні және бар.
Өлеңдері өз алдына ғой, әсіресе, біз қарастырғалы отырған үш поэмасында («Оқ және гүл», «Ескі паровоз», «Жорық жолдар») Тоқаштың сол «сыптия киінген» жолдары кең қолтықтыққа салынбай, «сыпайы кіріп, сыздиып тұрып» үн қатады. «Ескі паровоз» поэмасының «Анама хат» тарауының бір үзіндісіне үңіліп көрейікші:
…Сұрасаң амандық,
Мен қызыл әскермін,
Фашисті атамыз күн ұзын.
Бәтеңкем кең еді…
сабанмен толтырдым.
Ал шинель етегі тым ұзын.
Жан Ана!
Әскери тәртіпке
Үйреніп кеткенмін.
Салмағы шамалас
Мылтық пен кетпеннің!
«Көкелерің кездессе сәлем де»,
Деп маған айтып ең.
Далалық пошта көп,
Оларды табамын қайтып мен?!.
Үш шумақта кенеттен қантөгіс майдан кешкен бозбаланың төбесін айналып жүрген біршама жекелеген шыншыл суреттер жатқан жоқ па?! Бәтеңке мен шинельдің пішім-мөлшері амандық күткен анаға тәптіштей айтылуы қаншалықты перзенттік ыстық сыр ашу болса, көкелерді тауып бере алмайтын далалық поштаның көптігі соншалықты шарасыз халді тағы бір анық пайымдатады. Және, ең бастысы, ұзынды-қысқалы әр жол әр жаққа елеңдемей, әрқайсысы өзіне ғана тиесілі жүкті тек жеке өзі көтеріп тұр. Әрине, қазақ поэзиясына тән сазды әуенге үйреніп қалған құлаққа еркін есілмей, қысқаша шалт қайырылатын жолдар өзгеше естілетіні рас. Бірақ, бұл дегеніңіз, өлең құрылысынан мақрұмдық емес, ақынның оқырманды кідірте ұстап, әр жолды назар аудара оқуын талап етуінен туған тағы бір ізденісінің ізі екендігі белгілі. Себебі бұл поэма жазылған кезде біздің әдебиетімізде, басқасын былай қойғанда, шет жұрттан келген форманың — ақ өлеңнің де бар болғандығын және ескерген жөн. Сол себепті бұлайша жазу мін ретінде қарастырылуы мүмкін емес еді. Өзінің осы майдандық поэмаларында, неге екенін кім білсін, Тоқаш Бердияров негізінен өзі таңдап алған осы форманы мықтап ұстанды. Сөз тамыршысы Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» еңбегінде: «Өлеңнің тосын түрлерін тұрақтатарлық ізденістер Абайдың бүгінгі ұрпақтарынан азды-көпті бой көрсетіп жүр… Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияровтың кейбір форма жаңалығы туған поэзиямыздың табиғатына жат емес», — дегенде, осындай жайттарды мегзесе керек. Бұған мына жайды қоса кетелік. Темірхан Медетбектің көне үлгілерден нәр алған «Көк түріктер сарыны», қалай десеңіз де, өлең-тұқым түрлері мол себілген біздің төл топырағымызды қайтадан құнарландырды. Бірақ мұны баршамыз жаппай сол күйі қайталай бастасақ, сәтсіздікке тұмсық тіреуіміз мүмкін, өйткені қымбат кілт әзірге тек Темірханның ғана қолында тұр. Сондай-ақ ХV-ХVІІ ғасырлардағы ежелгі жыраулар ізімен жазылған (әлі де жазылып һәм жарияланып жатқан) көптеген өлеңдер мен монологтар осы дәстүрді кезекті рет қайта жаңғыртқан, өзінше жаңғыртқан Есенғалидың бәріміз сүйсіне қабылдаған дара мақамынан («Бұл — менің аспаным емес…», «Ананың айдаһары бар…», «Қарға бойлы Қазтуған», «Арғымақ ару аттар жалында…», т.б.) аса алмай қалды, демек, бұл сырлы сандықтың құлпы да кілт таңдайды екен. Тоқаң поэмаларындағы форма да осындай ғұмырлы ізденістердің әріректегі бір берекелі бекеті. Бұл — бір.
Екіншіден, он жеті жасында майданға түскен Тоқаш, соғыс тақсіретін өлеңдер арқылы баяндаудың шеңбері тар болатынын ойлады ма екен, әу бастан поэмаларға қол созыпты. «Мен өмір сүремін» поэмасы — екінші жыр жинағының сүбелі бөлігі. Осы поэмасы жарияланып, сол арқылы әйгілі Мұхтар Әуезовтің жылы ілтипатына іліккенде Тоқаң әскери өмірден (1942-1949) қол үзгеніне бес-алты жыл болған жас майдангер еді. «Мәлік Ғабдуллинге жауап хат» деген мақаласында М.Әуезов: «…Және, Мәлік, сіз жеке жолдарын сынағанмен, әңгіме желісін де қабылдамағыныңызбен, мен өзім тың табыс деп, жас Тоқаштың жаңа поэмасы «Мен өмір сүремінді» атар едім. Ол поэманың сіз сынаған кейбір ақындық теңеуінің жайына кейін тоқтаймыз» депті. Және мақаласының орта тұсында өзі айтқан осы жайға қайта оралып, «…Образ, іздену жөнінде батылдық керек. Жолдас Мәлік, бұл жөнде сіздің Тоқаш Бердияров поэмасына жалпы берген бағаңыз мен үшін түгелімен даулы. Сіздің сыныңыз бұл жөнінде әділ емес. Әсіресе оның «темір ми» деген теңеуінен үркуіңіз және де жол емес. Достоевский прозаның өзінде «Карамазовтың арының маңдайы жез еді» дейді. Ардың маңдайы боп, оның жез болғанын неше атадан көріп ек? Образ жөніндегі және түр тұсындағы ізденулерге соққанда, тегі біздің сыншылар, әсіресе, әдебиет сабағын жүргізетін оқытушыларымыз үйреншіктіден басқаны жатырқағыш мінезді аз қолдану керек. Орыс әдебиеті сыны көлемінде ондайды «академизм» деп атайды».
Бұл ретте біздің арада пәленбай жылдар өткен соң Мәлік батырдың талғамына төрелік айтқалы отырған ештеңеміз жоқ. Бізге қажеттісі — Тоқаш поэмаларының бастауы болып табылатын осы «Мен өмір сүремін» туындысының 1955 жылы жарық көргенін ескерте кету. Одан соң ақын қаламынан «Оқ және гүл» немесе «Ескі паровоз» әйтпесе «Жорық жолдар» тәрізді поэмалар және өрілді. Осының қай-қайсысының да тіні — сол сұм соғыс.
Тоқаңның осы поэмалары, егер мазмұнына қарай іріктеп көретін болсаңыз, өзінен тәлім алған Өтежанның «Соғыстың соңғы жазы» деген атпен бедерленген балладалары тәрізді өте үндес, бір-бірімен туыстас дүниелер. Және мәселе бұлардың тек қана тақырыптас болғандығына да тіреліп тұрған жоқ, авторлық баяндаулар бір сүрлеуге түсіп алған бір ізден ауытқымайды, бір поэмадағы суреттер үнемі екінші поэмада жалғасып отырады. Мысалы, «Оқ және гүлге» назар аударайықшы. Жоғарыда келтірілген «Ескі паровоздың» үзіндісінде кездескен ботинка мен шинель бұл жолы алғашқы жолдардан бастап-ақ тағы да алдыңыздан шығады:
Аяғымда қырық екінші номерлі
Қолпылдайды қызыл ботинка…
Лапылдаған қырық екінші отты жыл, —
Өтті бір…
Оқ — қыңыр…
Отты жыл кіреді түсіме;
Қытықтайды мойнымды
Шинельдің кірпі — жағасы.
Қатқан қара нан батады тісіме…
Ал «Майдандас құрдастарыма арнаймын» деп таңбаланған «Жорық жолдар» поэмасындағы мына шумақтар осы атауларды одан әрі жалғастыра түседі:
…Бұл күнде, батыры біз болдық —
Ертегі, хиссаның!..
Моншаға қашан түсіп ек?..
Ұмытылды иіс май, иіс сабын.
Солдатқа — қуаныш, салтанат,
Алса егер елден хат,
Келсе егер хат қабат.
Солдаттың үйі сол,
Солдаттың мүлкі сол: —
Котелок,
Көк қапшық,
Автомат.
Солдатқа сол қайғы, далбаса, —
Темекі болмаса.
Қапшықта жатса егер, тым жақсы-ақ,
Буханка,
Шпик,
Колбаса!..
Қарап көріңізші, мұнда да артық түсініктеме жоқ. Біз көрмеген майданның біз ұстамаған мүліктері мен біз татпаған дәм-тағамдары. Бірақ жәй ғана ақпараттық мәлімет тәрізді көрінетін, прозаға қара сөзбен енгізіп жіберсеңіз, сыдырта көз жүгіртіп өте шығарлықтай бұл жолдардың бұл ретте өз сиқыры бар. «Қобыланды батыр» жырындағы «…Ала тұлпар мінеді, Үстіне сауыт киеді. Алмас пенен садақты Беліне орай іледі. Арыстандай айбатты, Алып-ұшып жүреді. Үш қырлы жебе, көк найза Ордасына сүйеді. Қобылан атты батырдың Ел тілегін тіледі» деген, жүрегіңе жылдам құйыла кететін таңсық жолдар сияқты ретімен қаланған соң ба, әйтеуір, жұпыны әскери өмірдің осы бір тым тапшы әрі арзанқол жүк-жасаулары ерекше елең еткізеді. Тоқаң бұл жолдарды қағазға түсірерде «Батырлар жырын» қайталап оқыды ма, жоқ па, кім білген, бірақ сол асыл қазынаны ешқашан естен шығармағаны көрініп тұр — «Бұл күнде батыры біз болдық — ертегі, хиссаның!». Ілтипат пен құрметке негізделген бұл теңеудің авторы, әрине, жалғыз Тоқаң ғана емес. Белгілі орыс жазушысы әрі журналист, кеңестік кезеңде ауыздан түспеген, қазір де қадірін жоймаған «Нағыз адам туралы аңыз» туындысының авторы, екі мәрте Сталиндік сыйлықтың лауреаты Борис Полевойдың Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин туралы «Правда» газетінде жарияланған очеркі «Эпостың тууы» деп аталғаны есіңізде шығар. Тоқаңның өзгеше қызметі — әлгі теңеуді екі жолға ғана дәмді етіп сыпайы сыйғызғаны, өрекпімегені, қосыңқырап айтсақ, тіпті өздерінің батырлығын (бәлкім, эпостағы оқиғаларға қанықтығы себепті) астыртын қомсынуы.
Дәл осы тұста мына жайды айта кетпесек болмайтын сияқты. Тәуелсіздік алғанымызға дейін тежеу көріп келген тарихи тақырыптағы шығармаларды, соның ішінде сол заманның оқиғаларын баян ететін дастандарды оқып отырғанда қару-жараққа байланысты архаизмдердің көптігіне көз сүрінбесе де, көңіл тоғаяды. Бірақ сол архаизмдер толы сол шумақтар Қобыланды немесе Алпамыс әйтпесе Қамбар батырлар туралы жырлардағыдай көкіректі бүлк еткізе бермейді. Оның себебі көне заманның жыршылары қару-жарақ атауларын аз білгендігінен емес, сірә, «Батырлар жырының» бізге дейін әбден екшеліп жеткендігінде, яғни ауыз әдебиетін жалғастырушылардың қаптаған атаулардың ішінен тыңдаушыны жалықтырмайтын мөлшердегі ғана зат есімдерді ықшамдап пайдаланғандығында шығар. Бұлай қисындағандағы айтпағымыз, поэзия, әрине, дереккөзі болудан бас тартуға міндетті емес, бірақ, бұл — жанама жүк, негізгі салмақтың иесі — сол деректі көз алдыңнан кетпейтін суретке айналдырып пайдалана қоятын талантты тапқырлық, шабытты қырағылық. «Жорық жолдардағы» мына шумақты оқиықшы:
Қалалар.
Разъезд…
Вагоннан жүз түсіп,
жүз міндік.
Саратовта қайнатқан котелок картоптың —
Сталинградта пісетінін біз білдік…
Әрине, дәлме-дәл дерек дей алмайсыз, екі шаһардың арасын бөліп тұрған уақытқа қиянат та жасалған тәрізді. Бірақ бұл ретте мәселе дәлдікте де тұрған жоқ. Зерделеп ойласаңыз, екі қала — екі әлем: Саратов — тыл, Сталинград — майдан. Дегенмен, Сталинград түсінікті, ал басқа қалалардың арасынан өзге емес, нақ Саратовтың тілге іліккен себебі неде? Себеп мынау — әскери офицерлер даярлаған отыз шақты училище мен мектеп осы Саратовта болған, соғыс жылдары Саратов қаласы 5 армия, 132 дивизия жасақталған әскери округтің орталығына айналған. Сондай-ақ, Сталинградпен байланыстыратын жалғыз автокөлік жолы осы Саратовтан шығатын еді, 200-ден астам әскери эвакуациялық госпиталь Саратов облысының территориясына орналасқан болатын:
— Сестра!
Айғайға басады
Жаралы дос қиқар.
Селоның шетінде орныққан
Әскери эвакогоспиталь…
Біз келтіріп отырған фактілердің бәрін автор тәптіштеп түсіндірер болса, біріншіден, поэма орынсыз шұбалаңқылыққа килігер еді, екіншіден, Саратовта отқа қойылған котелок картоптың неліктен Сталинградқа барғанша пісетіні әлдебір сырлы құпиясын жоғалтатыны анық. Оқырман онсыз да осы поэзиялық фактіде әйтеуір бір бөлекше негіз барын іштей сезінеді, оны қазбалай түсіндіруді қаламайды да. Тоқаңның «Дунайда суланған шұлғауды Берлинде кептірдік» дейтін жолдары да осы жүйеге жатады, түсініктемені қажет етпейді. Яғни автордың тісі шыққан балаға асты шайнап беруді мақұл көрмеуі дұрыстыққа шығады. Ақындық аңғарымпаз шеберліктің бір мысалы — осы.
Осы арада Тоқаштың майдандық поэмаларының біршама кірме сөздермен бедерленетінін еске түсіре кеткеніміз мақұл. Ол майдан шебіне қатысты шумақтарында ауызекі нақтылық пен дәлдікке басымырақ сүйенеді:
…Солдатқа талшық болмады —
Қай бақ-бақ, қай егін?!
Үнемшіл майдангер қапшығын ақтарып,
Іздейді «сухой паегін».
…Тоқымдай жерді біз
Жүз алып, жүз бердік.
Мушканың титімдей көзінен
Үлкен Жеңісті іздедік.
…Атылған оқтар
Ствол ішіне қайта кірмейді,
Тірілмейді өлгендер!
…Снаряд сауытын көтеріп,
Алдыңғы шепте де өсті гүл.
Соғыстан қорыққан жоқ,
Мықты ол.
Жамырап белеңнен
Солдаттармен атакаға шықты ол!
Үйренді ол порохтың исіне.
Сухой паек, мушка, ствол, снаряд, атака, порох… Шындап келсеңіз, бұларды (бұлардан жоғарыда келтірілген буханка, шпик, колбасаларды да) қазақшалауға әбден болады. Бірақ тап осы сөздерді тап осылай пайдаланбаған күнде майдан суреттерінің күнделікті реалистік сипатын көрсетудің тоқаштық әдісі әлсіздікке душар болар еді. Себебі ақын әу бастан-ақ негізгі салмақты осы сөздерге салуды мақсұт тұтқаны аңғарылып-ақ тұрады. Қосымшалап айтар болсақ, ол соғыс туралы поэзиялық туындыларда (әсіресе, поэмаларда) солдат тіліне сіңіп кеткен әскери терминдерден немесе амалсыз қолданылуға тиіс жаргондардан ат-тонды ала қашу қажетсіз сақтық деп ұққан тәрізді. Бұл ниет және сәттілікке де жетелеген. Әлгіндей кірме сөздер мен қазаққа етене атаулар поэмаларда әрқилы мінез көрсетпей, жарасымды жұғысып, бір ғана әуенді шырқап тұр. Мұндай қадамдарға қазақ ақындарының, сирек те болса, әдейі барған басқа мысалдары да жоқ емес.
Дегенмен, Тоқаң бұл поэмаларында тек әскери жарғының, солдаттық мүкәммалдардың тілімен ғана сөйлемегені және анық. Ол көптеген көріністерді кез келген қазақтың ұғымына сыйымды тілмен өрнектейді: «Жүректің дүрсілін Көкшіл мұз тыңдады»; «Оққа шашалар Тыныштық»; «Күлге көмілген көмештің Түйірін де ыдыратпай жедік біз»; «Жап-жаңа сарғыш балдақтар Мүлгиді кереуетке қисайып»; «Окоптар — жердің әжімі, Біз бір жылжыған тамшы тер»; «Дөңдегі пәнер жұлдызды зиратқа Сүт болып құйылды Ай». Немесе тұтас шумақтарды алайық:
…Солдатқа сұр шинель — құс төсек,
Кең дала,
Әр бұта — баспана.
Қарын аш…
Тым артта қалыпты-ау
Әскери көшпелі асхана.
…Ажалды, әманда,
Өзімнен ілгері оздырман.
Өлімнен көп бұрын
Бұл өмір иткөйлек тоздырған!
Немесе мына шумақты алып көрейікші. Базбір сәттерде қазаққа әбден сіңісті боп кеткен кейбір жалғыз ауыз сөздің, ретімен пайдаланылса, бір арқа жүктің салмағын елестетіп тұратыны бар. «Қарағым» — сондай сөз. Қазақ «Қарағым-ай, Қырға шығып жолыңа қарадым-ай» деп те үздіккен әйтпесе «Түскенде сен есіме, беу, қарағым, Сағынып сарғаямын санаменен» деп те қиылған. Осы сөзді Тоқаң соғысқа да кіргізіп жібереді. Әуелгіде «Әр сүйем, әр адым, Ол менің сүйікті Отаным» деп келетін ықыласын іле одан әрі былай өрбітеді:
Ілгері жылжып барамын,
Бойымда қару-жарағым.
Әр сүйем жер, әр адым —
Ол менің қаракөз қарағым…
Кезінде Өтежан «Отан-әке, қай ұлыңнан артықпын, Қайтсем ғана борышымды өтеймін» деп, Отан-анаға ғана үйренген оқырманды Отан-әкемен табыстырып, оқыс сүйсіндіре бір елең еткізгені бар. Тоқаңның өлеңінде әр сүйем жердің қаракөз қарағымға теңелуі сондай бір тұтқиыл ізденістің ұшқыр нәтижесі ретінде көз арбап тұр. «Ол менің қаракөз қарағым». Расында да, соғыста жүрген бозбала Отанға қатысты осыдан артық теңеуді қайдан ойлап таппақ?!
Осы ретте кезінде Есенғалидың қаламынан туған бір мақаланың («Жанның жұпар жаңбыры», 24.09.2009, «Жас Алаш») бір үзіндісін келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз: «…Жалпы, шынын айтсақ, соғысқа қатысқан ақындардың бәрі бірдей ашыла алмады. Басқасын айтпағанда, көбі соғыс тақырыбының өзін шырайын шығарып жырлаған жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Тоқаш Бердияров секілді үш ұстынның, үш бәйтеректің орны бөлек».
Бұл мысалдарды осымен доғарып, енді мақаламыздың екінші бөлігінің міндетіне, яғни Тоқаш Бердияровтың өз объектімізге мысал етіп алып отырған поэмаларының ерекшеліктеріне қарай ауысайық.
Біріншіден, Тоқаштың бұл туындылары тіпті де таза эпикалық немесе толық сюжетті поэмаларға жатпайтыны мәлім. Қыстырма әңгіме ретінде айта кетсек, сол кезеңде, дәлірек айтқанда, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шенінде әрідегі орыс әдебиеті қауымы арасында да, біздегі қазақ әдебиеті өкілдері ортасында да поэмалар туралы үлкен мәселе көтеріліп, бұл жайт, мысалы, сюжетті поэмалар мен сюжетсіз поэмалардың қайсысы тартымды екендігі туралы ұзақ талқылауларға ұласып, ақыры, түр мен тақырыпта тұрған ештеңе жоқтығы, негізгі қазықбау көркемдіктің қолында болатындығы жөнінде байлам жасалғаны бар. Ал ондай кең аудиториялық әңгіменің өрбіп кететін себебі жоқ та емес еді, осы кезеңде сюжетсіз лирикалық-философиялық поэмалар көптеп жазыла бастаған болатын. Мысалы, «Адамға табын, Жер, енді» (О.Сүлейменов) немесе «Мен — қазақпын» (Ж.Молдағалиев). Рас, Тоқаш поэмаларында есімдері аталмаса да жеке адамдар (бірінші жақтан сөйлейтін лирикалық кейіпкер, ана, жауынгер, сестра, т.б.) бар. Тіпті «Жорық жолдарда» бірер есімдер де (Петро, Иванов, Шалидзе), нақты деп айтуға боларлық оқиғалар да («Марштағы рота», «Төбешікке тігілген ту», «Концерт», «Блиндаж ішіндегі салют», «Соңғы атылған оқ», т.б.) бар. Бірақ бұлар поэманың жалпы тұтастығы үшін қызмет еткенімен, бір шаңырақтың ортақ жабдықтары емес, жеке отаулар — бөлек-бөлек эпизодтар, біреуіне екіншісі жармаса сүйенісіп тұрған жоқ. Сол себепті де бұл эпизодтардағы оқиғалар басқа көріністермен алмастырылса да, поэмаға еш нұқсан келмейтіні анық аңғарылып-ақ тұр.
Екіншіден, Тоқаш поэмалары, таразыға салып өлшесек, негізінен соғыс жөнінде емес, бейбітшілік туралы екені байқала береді. Мысалдар келтірейік. «Салқын окоп ішінде Ыстық махаббат туралы ойладым» немесе «Хат жазып отырмын жер үйде, Шамымыз — снаряд құтысы… Жер жырту керек қой, Жөндеуден шықты ма «ХТЗ»?», әйтпесе « Қайтесің оқ деген немені, Айтсайшы даланың гүлдерін! Сыбдырлай ма жапырақ, Шөпілдей ме еріндер?.. Ғажап қой айлы түндегі үн!!!» болмаса «Бораған оқтың астында, Қара нан кеміріп, Ойладық Жеңіс туралы», сондай-ақ «Жидеге асылып тұр-ау, ә, Талмаурап, Ай талып. Анашым, күт мені!.. Паровоз Жеңіспен ауылға Барады қайта алып». 1942 жылы майданға кірген Тоқаш ақынның, әрине, жан алысып, жан беріскен шайқастарды, адамдардың қаны судай аққан қолма-қол ұрыстарды, жүріп өткен мыңдаған километр соқтықпалы соқпақсыз сапарында кездескен сан қилы бүліншіліктерді суреттеуге сөз таппай қалған ештеңесі жоқ шығар-ақ. Бірақ бұлайша тергілеп жазу етек-жеңі кең пішілген сабырлы прозаға қол болғанымен, шамасы келгенше рабайсыз көпсөзділіктен қашқалақтауға тиіс тиянақты поэзияға жараса бермейді. Ақын осыны жадында ұстаса керек. Яғни бұл поэмаларда сол себептен де бірінші планға соғыс емес, бейбітшілік шығарылады.
Үшінші ерекшелік те осы өрістен жамырай қосылады. Әуелгіде ауылдан, әсіресе, табиғаты өте көркем оңтүстік өңірден шыққан ақынның шабыты ылғи сол ауылды айналып ұшқысы келіп тұрады. «Ескі паровоздағы» соғыс алдындағы ауыл тірлігі шамамен былай болып келеді: «Иіскей де алмадық Сәуірдің алқызыл гүлдерін. Арбаға жегілген қос өгіз Тұсады сағаттың тілдерін» немесе «Ағалар барады тым сиреп, Бір қора бойжеткен қыздарды Қызық-ау, кім сүймек?!.» әйтпесе «Аяқты қажады Әкейдің етігі» болмаса «Паровоз дауысы — Бесіктегі әкесіз балдырған». Ал бейбіт ауылдың суреттерін «Оқ және гүлден» оқып көрейік: «Жұмыр дәнге Жер жерік, Қарны тырсиып. Сұп-сұлу жарық дүние Көзіме тұр сыйып!»; «Қымыздай сапырып, Ішеді құлағым жапырақ сыбдырын»; «Кірпігін қадап Әлемге Оқиды Күн газет». Ал мына жолдарды бөліп-жару тіпті қиянат болар еді:
Көктем, көктем!
Құйылды жерге балқып нұр.
Жыртылған жер иісі,
Піскен нан аңқып тұр.
Осынау алқапқа
Сәуір жаңбыры жұпар бүркеді.
Күннің ұзын құрығынан
Тайлақ-қар үркеді.
Сай-сала, жылғадан
Су емес, күй ақты.
Алма ағаш гүлдері
Шампан көбігі сияқты…
Сәл іркіле айта кетсек, алма ағашының гүлдерін қазақ даласына кейін қосылған шампан көбігінен кем түспейтін басқа бір қазақы теңеумен де жеткізуге болар еді. Бірақ бұл поэма («Оқ пен гүл») жазылған шақта (1967 жыл) біздің поэзиямызға интернационалдық сөздер ғана емес, интернационалдық ұғымдар да дендей еніп келе жатқан болатын. Осы поэмасында Тоқаңның мынандай оптимистік қайырымы бар: «Мен өмірге құштармын! Өлген күнде де естігім келеді Табытыма қағылған шеге үндерін!». Бәлкім, жалпы адамзаттық үндестік тұрғысынан алғанда бұған дау жоқ та шығар, бірақ, қалай десеңіз де, осы жолдар ағаш табытқа салып жерлеуді ұстанбайтын қазақы салт-санаға ұйқаспайды-ақ. Дегенмен, біржола сыңаржақтыққа салынып, «Москваның қызыл қабырғасына Сауыт боп киілдім» немесе «Сөйлесе Шындық, Ақиқат, Құмарым менің тарқамақ! Коммунизм Отауына мен кірем Оқ салған дорбаны арқалап» деген тәрізді жолдарға кешірімсіздікпен оқшырая қарауымыздың және жөні жоқ.
Төртіншіден, Тоқаш, жоғарыда айтқанымыздай, бұл поэмаларында қазақ поэзиясында ең көп қолданылатын өлең өлшемдеріне тым аз аялдаған. Айталық, ылғи кезектесіп келіп отыратын төрт тармақты шумақтарды немесе бірін-бірі өкшелеген, баспалдақтанып қаланған жеті, сегіз, он бір буынды тармақтарды ілуде бір тауып аласыз. Сол себепті, әрине, ұйқастар да бір сапта тізіліп тұрмайды. Қазақ өлеңінің қанына сіңген, жұмсауға ыңғайлы егіз ұйқас немесе шалыс ұйқас әйтпесе кезекті ұйқас тәрізді түрлер де көп көзге түсе бермейді. Ақын ырғақтық-интонациялық сан алуан мүмкіншіліктерді барынша мол пайдаланып, көңіл күй әуенін сол арқылы жеткізуге тырысқан, яғни орыс, Еуропа поэзиясындағы өрнек, ырғақ, ұйқас үлгілерінің біздің топырағымызға себілген өскіндерін одан әрі молайтуға тырысқан. Басқаша лебізбен айтқанда, бірауық әдейі штамптан (жаттандылықтан, бірсарындылықтан) қашып, өз еркімен «ереже бұзған». Бірақ соның барлығы «кетігін тауып қаланған кірпіштей» жымдасып-ақ кететінін қайтерсіз?! Рас, бұл тәсіл осы поэмаларда ғана емес, басқа поэмаларда да («Бар ондай партия» немесе «Есіктің алды көк терек»), ақынның ілгерілі-кейінді қағазға түскен бірқатар өлеңдерінде де («Көгілдір ымырт», «Оңтүстік — өз үйім», «Сырласу», «1418 күн», т.б.) жылыұшырай кездеседі.
Бесіншіден бөліп айтпағымыз осы төртінші бекетімізге бірге аялдайды. Көпшілігіміз-ақ жақтырмайтын «Еліктеу» дейтін ұғым бар. Бұл сөздің, расын айтқанда, бастапқы үлгі-өнеге болғанынан басқа жазығы да жоқ. Ұлы ақындар бұны жоққа да шығармаған. Мысалы, М.Лермонтов («Байронға еліктеу»), Н.Некрасов («Шиллерге еліктеу»). Тіпті А.Пушкиннің «Құранға еліктеуін» қайда қоясыз?! Ал Пушкиннен әрідегі К.Батюшковтің «Ежелгіге еліктеуі» оның шығармашылығындағы орны бөлек бір әдемі дүниеге жатқызылады. Демек, Тоқаш та тақыр жерден тау тұрғызған жоқ. Бірақ өзге өлкеден келген жалпы леп сезілгенімен, бұл ақынның өлеңдерінен әлдекімдерді ізбе-із қайталау байқалмайтыны және шындық. Себебін ақынның өзі айтып кеткен: «…Біреуге еліктеп жазуды өз басым о бастан-ақ оншалықты ұнатыңқырамаймын. Қаншама күшті ақын болса да, ол бізге өлең жазып беруден аулақ. Ал жақсы шығарма ой туындатуы әбден мүмкін. Абзалы, дарынды ақынның сәтті шыққан өнегелі еңбегінен, оңтайы келсе, одан да асыра жазу дұрыс-ау деп топшылаймын. Бұл үшін, әрине, шеберлік, үлкен талант керек. Жан салып әсіре қызығу, естен айрыла еліктеу — «еліктегіш» қаламгердің ой-қиялына тұсау салып, эмоциялық дүниетанымын бәсеңдетеді. Яғни әлгі өзін «дуалаған» мықты ақынның жетегінен айналсоқтап шыға алмайды. Өз еркінен айрылып, ой-өрісі тұтқындалады. Өрмекшінің торына оралған қауқарсыз қара шыбындай ызың қағуы айдан анық». Бұл пайымды Тоқаң өзі ғана ұстанып қоймай, сірә, өзіне ерген талантты інілерінің зерделеріне де мықтап тоқыса керек. Олай деуімізге айтулы сыншы Құлбек Ергөбектің мына сөзі дәлел: «…М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Ө.Нұрғалиев сынды тегеурінді таланттарымыз Тоқаш поэзиясынан көп үйренген. Ол тапқан өлең өрнегін іліп алып кетіп дамытып өз жолын тауып жатты олар. Ол тапқан образды шәкірттері дамыта жырлап, тамаша жемістер үзгені мәлім».
Осы әңгімені одан әрі жалғастырайық. Әрідегіні таразылаған жоқпыз, ал соңғы жылдар бедерінде Тоқаш Бердияров шығармашылығы туралы екі тамаша мақала жарық көрді: «Тоқашқа айналған Торқысбек» (Құлбек Ергөбек) және «Көке» (Есенғали Раушанов). Бұл екі мақаланың салмақтылығын толық дәлелдеп шығу үшін тағы бір мақала жазуға болар еді. Оны қоя тұрып айтарымыз мынау. Тоқаш өлеңдерінің (поэмаларының емес) поэтикалық өзгеше қуат-қайнары (нақтылық, шынайылық, образ, бояу, пафос, деталь, штрих, т.б.) осы мақалаларда жеткілікті жазылғандықтан, сол өлеңдерге, ақынның тіпті соғыс тақырыбындағы өлеңдеріне де тоқталуды жөн деп таппадық.
Дегенмен жеткілікті жазылмаған тұстар да жоқ емес. Ақынның біз сөз еткен поэмалары мен ең таңдаулы өлеңдері барынша мол көлемде «Шынар» кітабына («Шынар», өлеңдер мен поэмалар, 6000 дана, «Жазушы» баспасы, 352 бет, 1985) жинақталған еді. Бір тоқталып өтерлігі, бұл кітаптың аннотациясы (аңдатпасы) тым шолақ қайырылыпты: «Белгілі ақын Тоқаш Бердияров көптеген өлеңдер жинағы мен поэмалардың авторы. Ақынның бұл кітабына оқырман қауымға бұрыннан таныс жырлары топтастырылды». Бар-жоғы — осы. Бірақ бұған ренжуге де болмайтын сияқты. Өйткені осыдан үш жыл бұрын (1982 жылы) жарық көрген Мұқағали Мақатаевтың екі томдығының бірінші томы «Ақын Мұқағали Мақатаевтың «Соғады жүрек» атты екі томдық жыр кітабының бұл бірінші томына таңдаулы өлеңдері мен «Мавр», «Ильич», «Бала шақтан — Болашаққа» («Өмірдастан»), тағы басқа поэмалары енгізілді» деген бір сөйлеммен таныстырылса, осыдан екі жыл кейін (1987 жылы) жарық көрген Фариза Оңғарсынованың екі томдығының алғашқы томына арналған лебіз «Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, талантты ақын Фариза Оңғарсынованың екі томдық жинағының бірінші томына 1956-1976 жылдар арасында жазған өлеңдері енді» деген және бір сөйлемге сыйыпты. Қазіргі көптеген ортақол жинақтарға жазылған бәденді аңдатпаларды оқығанда баспаларымыздың сол өткен замандағы ұстамды (орынды) сыпайылықтарына жылап көріскендей болады екенсің.
Міне, енді сол Тоқаш та, сол Мұқағали да, сол Фариза да жоқ. Олар туралы әрқилы әңгімелер ғана бар. Бір сұхбатында Алматы қаласының өткен шақтары туралы сыр шаша отырып жазушы Жұмабай Шаштайұлы жастау кезінде осы шаһардың беделді көшесін жол тәртібіне бағынбай қақ жарып өтіп бара жатқан Тоқаш Бердияровты көргенін, зырлаған көліктер амалсыз тоқтайтынын, ақынның сол сәттегі соншалықты сол қияс еркелігіне, сол тосын әрекетіне осы күнге дейін таңғалатынын айтқаны бар. Бажайлап қарасаңыз, өлеңде де, өмірде де тап осы Тоқаңдай тосын мінезді болғандар көп те емес екен ғой.
Ертай АШЫҚБАЕВ.



