Білім

12 жылдық білім жүйесіне көшу — уақыт талабы

Жаңа оқу жылында еліміздегі 15 ауыл, 15 қала мектебі жаңа білім беру жүйесіне көшті. Осы 30 мектептегі биыл мектеп табалдырығын аттаған 3 мыңнан астам балаға жаңа мазмұндағы стандарт бойынша білім беріліп жатыр. Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназия және қалаға қарасты Жаңақоныс ауылындағы Новый орта мектебі осы пилоттық мектептердің қатарына енді.
Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты балаларға не береді? Оның тиімділігі неде? Біз бұл туралы пікірлерді топтастырып беруді жөн көрдік.

12 жылдық білім 12 жыл партада отыру деген сөз емес

Бірғаным ӘЙТІМОВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

— Әлемде жалпы білім берудің 12 жылдық мектепке арналған халықаралық стандарты бар. Мысалы, АҚШ, Канада, Жапония, Швеция, Францияда балалар мектепте 12 жыл оқиды. Германия, Чехия, Италия, Швейцарияда 13 жылдық білім беру жүйесі бар.
12 жылдық білім берудің негізі — адамның жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыру. Адам тұлға болып тумайды, ол тәрбие арқылы қалыптасады. Қазір ғылым мен білім тұрақты жаңарып, техника мен технологиялар қарқынды дамып жатыр. Біз осы жаһандық процестен кейін қалмауымыз керек. Адами капиталды дамыта түсу мақсатында Білім және ғылым министрлігі Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары бірлесе, «Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартын» дайындады. Бұл — бастауыш білім беруді ұйымдастыруға арналған негізгі құжат.
Қазіргі қолданыстағы стандарт педагогке бағытталған. Көп ақпаратты мұғалім айтады, бала оқулықтағы материалдарды оқып қана шектеледі. Жаңа жүйе оқушыға бағытталады. Бала өз бетінше ізденіп, ғаламтордан түрлі материалдарды пайдаланып, 1-сыныптан бастап-ақ зерттеу жұмыстарына дағдылануды үйренеді.
12 жылдық білім берудің басты ерекшелігі — оқушының жан-жақты дамуына, ой-пікірін ашық жеткізуіне және шығармашылық әлеуетін толық іске асыруына ықпал етеді.
Біздің елімізде 12 жылдық оқу жүйесіне көшу процесі «11+1» үлгісінде жүргізіледі. Бұл қосымша бір жыл мектепке дейінгі дайындық аясында жүзеге асады.
12 жылдық білім 3 сатыдан тұрады. Біріншісі — бастауыш (1-4 сыныптар) сыныптар. Бұл сыныптардың педагогтары балалардың оқуға деген ынтасын арттыруға көп көңіл бөледі. Екіншісі — 5-10 сыныптар. Бұл сатыда балалар толық орта білімге ие болады. Үшіншісі — 11-12 сыныптарда болашақ мамандық таңдау негізге алынады. Сондықтан көпшіліктің: «Баламыз 12 жыл бойы мектеп партасында отырады» деп үрейленуі дұрыс емес. Егер бала кәсіптік колледжде білім алғысы келсе, жұмысшы болғысы келсе, онда 10-сыныптан кейін-ақ колледжге түсуіне болады. Ол үшін 2 жылды жоғалтып, 12 жылдықты бітіру міндет емес. 12 жылдықты тек жоғары білім алғысы келгендер ғана оқығаны дұрыс.
12 жылдыққа көшу — орта білімнің жаңа мазмұны

Жаңыл ЖОНТАЕВА, Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде зияткерлік ұлт қалыптастыру туралы айтқан болатын. Әрине, зияткерлік ұлт білім мен тәрбие арқылы қалыптасады.
Мемлекет басшысы еліміздің әр өңіріндегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін басқа да мектептерге тарату жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінде Назарбаев зияткерлік мектептері Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, халықаралық тәжірибелердің негізінде және жүргізілген эксперименттің оң нәтижелерін ескере отырып, жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартын әзірледі.
Елімізде 7563 мектеп бар. Соның ішінде 30 пилоттық мектепте жаңартылған білім мазмұны апробациядан өткізіліп жатыр. Осы мектептердің табалдырығын аттаған 3 мыңнан астам бала 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша білім алуда.
Стандарт жобасы ел болып талқыға салынды. Соның негізінде өзгерістер енгізілді. 12 жылдық білім беру жүйесіне жауапты мамандар еліміздің әр өңірінде 78 кездесу өткізіпті. Биыл апробациядан өткізіліп жатқан мектептердегі жұмыс нәтижесі де сарапқа салынады. Қажетті түзетулер енгізіледі. Сөйтіп, 2016-2017 оқу жылы жаңа жүйе еліміздегі барлық мектептерге енгізіледі.
Бастауыштан соң, орта буын, одан кейін жоғары сынып оқушылары кезең-кезеңмен, сатылап 12 жылдық білім беру бағдарламасына көшеді.
12 жылдыққа көшу орта мектепке бір жылды қоса салу емес, бұл — орта білімнің жаңа мазмұнын анықтау деген сөз.
Жоғары сыныптарда міндетті пәндердің санын қысқарту бойынша жұмыстар жасалады. Тізім екі топ — «вариациялық» және «инварианттық» құрамға бөлінеді. Бірінші санатқа оқуға негізгі пәндер, ал екінші санатқа оқушының таңдаған пәндері кіреді.
Еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің құрамына енуі үшін 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің ықпалы зор.
Жаңа пәндер. Ерекшеліктер

Гүлжан ҚҰЛЫБЕКОВА, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

— Жаңа жүйе бойынша оқу бағдарламасына жаңа пәндер енгізіледі. Пилоттық мектептердегі 1-сынып оқушылары жаңа пәндерді оқып та жатыр. Жаңа пәндердің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, «Әлемтану» пәні оқушылардың қызығушылығын тудырып, олардың: «біз кімбіз?», «қайда тұрып жатырмыз?», «бізді не қоршап тұр?» деген сұрақтарға жауап іздеуіне мүмкіндік береді. Оқушылар өзі, өзінің отбасы туралы ой қозғаудан бастап, қоршаған ортаның, әлемнің сырларын түсіне бастайды. Бұл пән балаларға тарихи, географиялық тұрғыдан ойлауды дамытып, өзіндік шешім қабылдай алуына көмектеседі. Оқушыларда отансүйгіштік қасиет қалыптастырады.
«Әлемтану» пәнінің бағдарламасы «отбасы, демократия, көші-қон, елді мекендер, климат, ландшафт, ұлт және дін» сияқты негізгі ұғымдарды қамтитын оқуды ұйымдастырудың, топтастырылған құрылымын пайдаланатын, кіріктірілген және сабақтастық принциптеріне негізделген.
«Әлемтану» пәнінің негізі — тарих, география, қоғамтану пәндері. Бұл оқушыларға пән мазмұнын меңгеруде ойлау қабілеттерін дамыта отырып, нақты білімдерінің неге негізделгенін түсінуіне, дәлелденген, тиянақты қорытындылар жасау мақсатында өз зерттеулерін жүргізуіне мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе бойынша 3-сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні енгізіледі. Соңғы кезде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қарқынды дамуда. Бұл пәнді оқыту оқушылардың логикалық, алгоритмдік, жүйелік және сыни бағалау тұрғысынан ойлау қабілеттерін қалыптастыруына және дамуына ықпал етеді.
«АКТ» пәні оқушыларды компьютермен жұмыс істеу барысында техникалық қауіпсіздік ережесін үйретеді. Сондай-ақ, ақпараттық іс-әрекеттің құқықтық және этикалық нормаларын сақтауға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
«АКТ» пәнін оқыту барысында оқушылар компьютер туралы алғашқы ұғымдарды түсінеді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар құралдарын пайдалана отырып, ақпаратты іздеп, жинақтап, өңдеп, сақтап және әртүрлі формаларда жіберуді үйренеді. Сонымен бірге әртүрлі программалық қосымшаларды пайдалана отырып, нақты жүйелер мен оқиғалардың моделін өңдеп, талдап, түрлендіре алатын болады.
Жаңа пәндердің енді бірі — «Жаратылыстану». Бұл пәннің оқу бағдарламасының мақсаты — «Биология», «Химия», «Физика», «Математика» пәндерінің кіріспе курсы ретінде оқытылады. Сондай-ақ, балалардың күнделікті өмірде (үйде, мектепте, табиғатта) байқалатын процестер мен құбылыстарды, табиғат объектілерін болжау, сипаттау, түсіндіру мақсатында алған білімдерін қолдануға дағдыландырады. Бұл пән оқушылардың ой-өрісінің дами түсуіне сеп.

Сонымен, елімізде жаңа мазмұндағы білім беру стандарты бойынша нақты жұмыс басталып кетті. Жаңа жүйенің қаншалықты тиімді болатынына уақыт — төреші.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button