Атаулар мен ұғымдар «Қонжар» этимологиясы туралы
Облыстық «Ақтөбе» газеті бұдан екі жыл бұрын, атап айтқанда, 2013 жылғы сәуір айының 13-і күнгі санында Қайыр Тілеуовтың Мұғалжар ауданындағы Қонжар және Жұрын мекендерінің аталуы туралы «Жер атаулары — ел тарихы» атты материалын жариялап, кіріспесінде: «Мақаланың дүдәмал, даулы тұстары барын көріп тұрсақ та, оқырман өзі танып алар, пайымдар деген оймен газет бетінде жариялауды жөн көрдік» деп, оқырмандарынан пікір күтетінін ескерткендей жазып еді.
Алайда, содан кейін газетте өзге пікір ұшыраспаған секілді. Облыс аудандарының көпшілігі, соңғы жылдары әрқайсысы да өз энциклопедияларын шығарып келгені белгілі. Солардың ішіндегі, әсіресе, өңірдің тарихи-танымдық тақырыбын біршама тәуір қамтыған «Мұғалжар ауданы энциклопедиясы» жоғарыдағы «Қонжар» атауына байланысты қазақтар «Қалмақ ханы Хонтәжіні жарып өлтірді, содан бері ол жер Қонжар (Хонтәжі жарылған) болып аталады» деп жазған («Мұғалжар ауданы энциклопедиясы», «Полиграфкомбинат» ЖШС, 2011 ж., Алматы қаласы, 385-бет).
Ал Қ.Тілеуовтың айтуында қалмақтың Конон деген ханын Есет Көкіұлы батыр жекпе-жекте өлтіреді. Содан Конон ханды көмген жер «Конон жар – Қонжар» деп аталып кеткен дейді. Осы екі деректе де, сондай-ақ «Жұрын» атауын да анықтайтындай дәйек көрсетілмегендіктен бұл екеуінен өзгеше пікір айтудың реті келіп тұр.
Аталған материалдың авторы Қ.Тілеуов байырғы жер-су атауларын анықтауға ықыласты болғанынан шығар, лингвистика, яғни тіл білімінің өзекті салаларының бірі топонимика туралы тұжырымдары оның ережелеріне сәйкестігімен назар аудартады. «Топонимика, — деп жазады ол, — мыңдаған жылдар жемісі. Жер, су, елді мекен атаулары халқымыздың бай тілі негізінде жасалып, халық тарихымен байланысты дамиды». Осы тұжырым тұрғысынан келгенде «Қандыағаш», «Қонжар», «Жұрын» атаулары тереңірек ізденістерді қажет етеді.
Қазақта «әпсана», «аңыз», «хикая», «ертегі», «ойдан шығарылған» сияқты нақты дерегі жоқ ұғымдарды ғылыми әдебиетте гректің «миф» сөзі жинақтайды. Мұның әлгідей атауларға қатыстылығын халықтық этимология деп те атайды. Біздің ұлттық тарихымыздың көптеген қырлары ғасырлар бойы ауызша жалғасқандықтан, өзгере кетуі қиын емес халықтық атаулармен, ұғымдармен алмастырылып келеді. Осыдан келіп, тарихи-топономикалық абсурд пайда болады. Басқаны былай қойғанда, әлгі «Қонжар» аталудың төркінінде бірде «Хонтәжі», бірде «Конон» болды деудің өзі-ақ осыған дәлел болғандай.
Егер осылар байыппен терең зерттелсе, шындыққа жақындай түсудің мүмкіндігі жоқ емес. Қонжар — қон және жар болып біріккен сөз ретінде біріккен қосақты топонимикаға жатады. Осының екеуі де, бізге өзгерістермен жеткен түркілік өте көне сөздер. Көне тарихымыздан хабардарлардың бәрі біледі — ғұндар бірлестігі ыдырап, көк түріктердің алғашқы мемлекеті — Түрік қағанатына (552-745) дейінгі төрт ғасырлық оқиғаларды қамтитын ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі — «Ергенеқон» дастанында жауынан жеңілген түркі жұрты Ел атты ханына еріп, қолайлы қоныс іздегенде тапқан жерін «Ергенеқон» деп атаған. Бұл да қосақты топоним — Ергене және Қон болып біріккен атау. Біздің дәуірімізден, шамамен, мың жыл бұрынғы сөздердің мағынасын ашу, әрине, оңай іс емес. Біздің лингвист ғалымдарымыз да көне түркі сөздерінің сөздіктерін жасай қойған жоқ, соның өзінде ғасырларға мүдірмей жеткен түркілік қазақ сөздері сырын да, сынын да әліге жоғалтпай келе жатқандығы таңқалдырады. Мұндағы «Ергене» сөзінің күрделілігін талдамай тұрып, екінші — «қон» сөзіне тікелей шығудың қисыны бар. Қазақтың бір ғана «ақ» сөзінің 120 мағынасы бары сияқты, кез келген өзге де сөздер көптік ұғымға ие екені белгілі. Әлгі «қон» сөзі де солай, соның өзінде ол негізінен «көшу мен қонуда», «бақ қону», «қоныс», «қонақ»… сияқты сан-алуан сөздерде бір ғана — тұрақтылық ұғымын беретіні мәлім. Көнедегі түркі бабаларымыз іздеп келіп тұрақтаған жердің Ергенеге қоныстануының жайы, сірә, осы. Оны қалмаққа телудің, әрине, қисыны жоқ. Қазақ лингвистикасында «қон» фонетикалық ережелерге бағынумен «қон», «көн», «көң» болып өзгеріп, біріккен сөздердің басында да, аяғында да тұра береді. Осы сияқты біріккен сөздердің басында да, аяғында да жүре беретін «жардың» негізгі мағынасы «жер». Ақжар, Қаражар, Көкжар құрамындағы «жарлар» ақ, қара, көк түстерді білдіргендей бедерлік белгілерді меңзейді.
Бастауын Ұлытаудан алып, Жезқазған және Қостанай облыстары арқылы өтетін Ұлыжыланшық өзенінің бір саласы да «Қонжар» деп аталады. Осы екі Қонжардың арасы өте үлкен қашықтық, бірақ қазақтың ғажап ұғымдары мен сөздері қашықты білмейді. Ұлытаудан басталған өзеннің осы қысқа саласын тұма деп те атайды, себебі тұма жер қойнауынан шығатын кішірек бастау, көз екендіктен ағысы, жайылуы қар, жаңбыр суына тәуелді екендіктен, көбінесе тартылып ағады. Қысқа өзеннің реті. Мұғалжардағы Қонжар да Ойыл өзеніне құятын қысқа сала, оның да ағысы ылғалға тәуелді. Соның өзінде екі Қонжар да өзгенің емес, жердің атауы, яғни жұртына ертеден құтты қоныс, автордың өзі де айтқандай, «халқымыздың бай тілі негізінде жасалған» топоним сөз.
Енді «қон», яғни қоныс сөзінің қосақты топонимнің басында тұруына келсек, мұның да айғақты мысалдары аз емес. Бұл ретте ойыма ақиық ақын Өтежанның ертеректе, бозбалалықтан әлі көп ұзай қоймаған шағында жазған «Жүргем жоқ Төбекөңде жалғыз болып, ымыртта түндігіне байғыз қонып. Болса да жасы кіші, жаны құрдас, ойнайды ерке өлеңім балдыз болып» деген шумақпен басталатын әсем туындысы оралады. Осы ғажап өлеңнің соңғы үш жолының әрқайсына ақындық асқан шеберліктің мысалы ретінде талдау жасауға болар еді. Алайда ол ықылас тақырыптың нысанасы емес, нысана — Төбекөң деген атауға қатысты. Бұл да Төбе және көң болып біріккен сөз. Төбесі баршаға белгілі — биік жер, ал көңі ше? Көң — ол жерді көрмеген, білмеген адамға қордаланып қалған мал қиын елестетеді.Ал, ол фонетикалық заңдылықтарға сәйкес (ілгерінді, кейінді ықпал әсерінен) о мен ө, қ мен к дыбыстарының алмасуы негізінде «қон» сөзінің дыбыстық өзгерісі ғана, дұрысы — Төбеқоныс. Әлгі айтылғандай, «қон», «көн» сөздерінің біріккен атауларда бірде басында, бірде аяғында тұруының мысалы. Бір замандары белгісіз түркі ақыны жырлаған «Ергенекөн» мен кейінгі көрнекті түркі-қазақ ақыны Өтежан Нұрғалиевтің ән секілді қалқыған Төбекөңінің арасында екі мың жылдай уақыт жатса да мағынасы туыстығынан ажырамай келуі осыдан.
Автор көрсеткен «Жұрын» атауын да мифтік қалмақ батырының есімінен емес, ұлтымыздың ұғымынан іздеген дұрыс. Оның бір мағынасы — киімнің етек, жеңіне жіңішке етіп, жиектете жүргізген өрнек. Мұғалжардағы Жұрын да негізінде, ылғалға тәуелді бірде бар, бірде жоқ жіңішке аққан қысқа өзен. Ол сонысымен-ақ кезінде ауданға, елді мекенге атау болған. Ал, Қандыағаш атауы талай айтылғандықтан оны қайталай берудің қажеті болмас деп ойлаймын.
Идош АСҚАР,
Ақтөбе қаласы.



