Денсаулық

Сары аурудан сақтаныңыз!

Вирусты гепатиттер — бұл жедел өтетін бауыр клеткаларының зақымдануымен жүретін аурулар тобы. Медицинада ауру қоздырғыш вирустарға қарай А, В, С, Д, Е деп бөлінеді. Ауру тамақ, су, жанасу, тұрмыстық жолдар және қан арқылы жұғуы мүмкін.

Халық арасында «сары ауру» деп аталып кеткен А вирусты гепатит аты айтып тұрғандай, дене терісінің және кілегей қабаттардың сарғаюымен, жалпы әлсіздікпен өтсе, гепатиттің кей түрлері, тіпті сарғаюсыз да болуы мүмкін.

Вирустардың бөлінуіне байланысты олардың белгілері де әрқилы. Жалпы бірдей белгілері тұмауға ұқсас болады. Оларға жалпы әлсіздік, кешкілік дене қызуының көтерілуі, ұйқының бұзылуы, ауызда ащы дәмнің болуы, жүрек айнуы, оң жақ қабырға тұсының тесіп ауруы, кейде құсу жатады.

Егер осындай шағымдармен дәрігерге қаралған адамға вирусты гепатит диагнозын толық қою үшін оның эпидемиологиялық жағдайын және зертханалық талдау қорытындысы ескеріледі. Сондай-ақ, осы аурумен аурыған адамның соңғы сатысы қан сарысуынан вирусқа қарсы антиденелердің табылуы болып табылады.

Егер ауру уақытында анықталып, сәйкесінше ем кешіктірілмей жүргізілсе, аурудан толық айығуға болады. Бірақ аурудың кейбір түрлерінің созылмалы ағымға өтуін де ескеруіміз керек. Ондай науқастар сәйкесінше диспансерлік бақылауда болады.

Аурудың алдын алудың негізгі жолы — имуннизация. Елімізде 1992 жылдан бері вирусты гепатитке қарсы екпе ұлттық алдын ала егілу күнтізбесіне енді. Соған сәйкес жаңа туылған балаға 24 сағат ішінде перзентханада вирусқа қарсы екпе салынады, әрі қарай 2 және 4 айлығында егіледі.

Медицинада вирусты гепатиттер — біршама зерттелген ауру. Оның өзіңізде және туыстарыңызда болмауы үшін жеке бас гигиенасымен қоса өз денсаулығыңызға аса мұқият болуға шақырамыз.

 Индира ОФИЕВА,

№5 қалалық емхананың дәрігері.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button