Мәдениет

Ақын мен «ар»

Осыдан жетпіс жыл бұрын қазақ поэзиясына өзгеше құбылыс болып «Ар» өлеңдер жинағы қосылған еді. Кітаптың авторы жиырма жастағы Қуандық Шаңғытбаев болса, сол жас ақынның алғаш тұсауын кесіп, кітабына батасын берген ұлы жазушы Мұхтар Әуезов болатын.
Өкінішке қарай, тарих парақтары «Ар» жинағының солақай саясаттың құрбаны болып үлкен сынға ұшырап, өртелгенін, автордың қудаланып біраз қиындық көргенін айтады. Алайда кітап өртеліп, жойылғанымен өнерді, соның ішінде сөз өнерін ешқандай күш көміп, өшіре алмасы анық. Бұған дәлел — бүгінгі ұрпақтың Қуандық Шаңғытбаевты іздеп оқып, мақтан тұтуы.
Өз заманында тағдырдың бар сынағын сабырмен жеңе білген, қайталанбас талантымен Қазақ өлеңінің Шайыры биігіне дейін көтерілген ақынның туғанына 90 жыл, тырнақалды жинағы — «Ар» кітабының жарық көргеніне биыл 70 жыл толып отыр.
Осы мерейтойлар аясында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби-қонақжайында «Ақын мен «Ардың» мерекесі» атты әдеби кеш өткізілді. Оқырмандар назарына ақын Қ.Шаңғытбаевтың өмір жолдары мен шығармашылығы туралы фотослайд пен «Жыр зергері» атты кітап көрмесі ұсынылды. Әдеби кешке Ақтөбе қаласының әдебиет өкілдері, ақын-жазушылары мен жас ақындар, қаламыздағы мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
Кешті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев жүргізді. Сөз кезегінде кеш жүргізушісі мен ақын, аудармашы, көсемсөз шебері Мейірхан Ақдәулетұлы ақынның қиындыққа толы өмірі мен шығармашылығы, адамдық қасиеттері, ешкімге ұқсамайтын табиғаты және «Ар» жинағының шығу тарихы мен көркемдік кестесі туралы әңгімеледі.
Ал ақын Кәрім Айнабеков өзіне ұстаз санайтын ақынды ең алғаш көрген сәті туралы баяндаса, сатирик-жазушы Төрежан Мәндібай Қ.Шаңғытбаевтың Омар Хайямнан аударған өзгеше өрнегі бар өлеңдерінен мысалдар келтірді.
ҚР Мәдениет қайраткері, әдебиет жанашыры Еркін Құрманбек ақынның қарапайым болмысы туралы естелігімен бөлісіп, ақынның сөзіне жазылған әндердің шығу тарихын айтып өтті. Осы орайда Ақтөбе қаласындағы «Нобель» баспаханасының директоры Нұрлан Жұмағалиевтің көмегімен Қ.Шаңғытбаевтың сөзіне жазылған Ілия Жақановтың «Ойыл толқыны» әні тыңдатылды.
Жас ақындар Гүлжайнар Қалдина, Балагүл Бакиева, Индира Кереева, Гүлжаһан Төреханова зергер ақынның тамылжыған өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Қорытынды сөз алған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан қазақ поэзиясының шайыры Қ.Шаңғытбаевтың мерейтойы жыл соңына дейін жалғасын тауып, ақын өлеңдері көпшілікке кеңінен насихатталуы үшін түрлі шаралар өткізілетінін айтты.
Ақынның мерейтойына байланысты биыл «Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында оқуға Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевтың 5 томдық «Шайыр» шығармалар жинағы таңдалып алынғаны белгілі. Оқырман қауымды қазақ әдебиетінің поэзия, драматургия, аударма саласында өшпес мұра қалдырған жерлес қаламгердің шығармаларын оқуға шақырамыз.

Балагүл БАКИЕВА,
С.Бәйішев атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button