Мәдениет

Мерейтойға тарту — «беу, қыздар-ай!»

Биыл Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев сынды қадірлі жерлесіміздің туғанына 90 жыл толды. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың қазақ труппасы Қуандық Шаңғытбаевтың қазақ сахна өнерінің майталманы Қанабек Байсейітовпен бірігіп жазған «Беу, қыздар-ай!» комедиясын қойды.
Қуандық Шаңғытбаев Қанабек Байсейітов туралы естелігінде: «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедияларын, «Достық жолымен» балетін және «Айсұлу», «Алтын таулар» атты операларын бірге жазғандағы шығармашылық еңбегімізді айтсайшы! Сол кездердегі асыл сөздерің мәңгі жүрегімде жазылып қалды. Сенің ұлттық мәдениетімізге қосқан өлшеусіз үлесіңді халық жақсы біледі. Абзал ақсақалдармен дәмдес, сырлас болған кездерімді өмір-бақи ұмытпаймын, аға!», — деген екен. Сахнаның сырына қанық әйгілі актер әрі режиссер Қанабек Байсейітов пен Қуандық шайыр жазған «Беу, қыздар-айдың!» әлі күнге сахнадан түспей келе жатуының сыры комедия драматургиясының мығымдығында әрі онда көтерілген мәселенің өзектілігінде болса керек.
Қуандық Шаңғытбаевтың егізінің сыңарындай болған досы Тахауи Ахтановтың атын алған театрда аталған комедияның бұл екінші рет қойылуы. Он жылдан астам уақыт бұрын театр режиссері Мағзом Бақытжанов сахналаған болатын, ол спектакль де көрермендерінің көңілінен шыққан еді.
Бұл жолы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының шақыруымен Алматыдан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері әрі режиссері Сағызбай Қарабалин келіп қойды. Режиссер бұрын да «Екі езу» театрында бірнеше спектакльді ақтөбеліктердің назарына ұсынған еді.
— Күзде туған жері Ақтөбеде аталып өтілетін Қуандық Шаңғытбаевтың 90 жылдық мерейтойына арнап ақынның қызы Гауһар мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Нәзира Сәрсенбайқызы осы пьесаны Ахтанов театрының «Екі езу» труппасымен сахналау туралы ұсыныс жасады. «Беу, қыздар-ай!» алдыңғы толқынға жақсы таныс. Жасымыздан сахнадан да көріп, радиодан да естіп өстік. Либреттосын Қуандық жазған Сыдық Мұхаметжановтың «Айсұлу» операсы да бар, сондағы Ермек Серкебаевтың орындайтын ариясын Қазақ радиосынан әлі күнге ынтыға тыңдаймыз. Социалистік Еңбек Ері Зылиқа Тамшыбаеваның жас кезінде мал фермасында жас қыздардан құрылған бригаданың өмірі өзек болған комедия алғаш Әуезов театрында қойылды. Онда Зәмзәгүл Шәріпова, Нүкетай Мышпаева, Фарида Шәріпова, Салиқа Қожақова сияқты талантты актрисалар мен Райымбек Сейтметов, Сәбит Оразбаев сынды небір мықтылары ойнады. Пьесадағы Айсұлу, Күнсұлу, Жансұлулар ақынның өзінің апаларының аттары екен. Бұл пьесаны қазақ театрлары ғана қойған жоқ, тіпті орыс, өзбек, қырғыз, түркімен, татар, қарақалпақ, ұйғыр, кәріс ұлтына да таныс, олардың тілдеріне аударылып қойылыпты.
Енді осындай комедияны қайта қоюдың жауапкершілігі де оңай емес. Барынша жинақы, әндері мен билері көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлайтындай болса деген ойым орындалған сияқты, — дейді ол.
Елбасын Н.Назарбаев дәстүрлі Жолдауларында еңбек адамын дәріптеуге, отбасы құндылықтарын насихаттауға аса көңіл бөледі. Осыдан алпыс жылдай бұрын жазылған Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясы да еңбек адамдарының өміріне арналған. Спектакль егде жастағыларға жалынды жастығын еске түсірсе, жастардың жанын ондағы махаббат тақырыбы баурап алады. Қыздар бригадасы жұмыс істейтін аруларға ұжымшардың шопаны Серкенің арқасында күйеу жігіт те табыла кетеді. Қалада сұлуларға жыр арнаудан жалықпай жүрген Әубәкір ақын, ғылымның жолында жүріп отбасын құруды есінен шығарған доцент Хасан, қиялилау суретші Сұлтан секілді сүр бойдақтар газеттен ферма меңгерушісі Айсұлу Асанованың суретін көріп, ғашықтықтан естері шығып кетеді. Оқу орнында сырттай оқитын Серкенің доцентті іздеп жүріп, осыларға тап келмесі бар ма? Үш бойдақтың «Айсұлу» деп аһ ұрып жүргенін көріп, «Мен Айсұлудың туысқанымын» деп олардың бастарын шыр айналдырып, қулыққа басады.
Сүр бойдақтар мен уақытында жұбын таба алмай жүрген қыздардың мәселесі о заманда некен-саяқ кездессе, қазір тіпті ушығып тұр. «Дипломмен ауылға!» деп ұрандатқалы біраз болды, ауылды сақтап қалудың бір жолы — онда зиялы ортаны қалыптастыру, бұл пьесада ол да бар. Басты мақсат — мына үш бойдақты «Көкдаладағы» үш сұлуға үйлендіру. Ақыры ұжымшар төрағасы Әбдіқадыр (актер Берік Нұрмағамбетов) , шопан Серке, полиция әйел Гүлшара (актриса Майра Ілиясова) дегендеріне жетеді.
Спектакльде доцент ролін сомдаған Бекбол Тәтебаевтің ойыны еріксіз иландырады, ғылыми ізденістің соңында жүрген, айналадағы тірлікке икемсіздеу доценті сүйкімді, оның әрбір сөзі анық, айтары көрерменіне қапысыз жетеді, әзіл әні де құлаққа жағады.
Заманауи әндермен әдіптелген спектакль көрерменге қуаныш сыйлайды. Қаймағы бұзылмаған қазақы қалжыңға, астарлы әзілге құмар адам бір жасап қалатын қойылымда суретші Сұлтан кейпіндегі жас актер Әсет Сисенов, Әубәкір ақын — Құралбек Құрманғалиев, Серке — Мұхит Жақсығали өздерінің рөлдерін барынша шынайы шығаруға тырысты. Айдай сұлу аруларды ойнаған Асила Төреғалиева (Айсұлу), Гүлсім Қаратаева (Күнсұлу), Жанна Өтеген (Нұрсұлу), Гүлшат Мәмбетова (Жансұлу) сияқты актрисалардың әрқайсысы өз кейіпкерлерін даралауға ұмтылды. Ауыл клубының қызметкері рөліндегі Есет Оразалиннің сахнада бір жылт ететін маскүнемі жұртты күлкіге қарық қылды.
Тек қана шығармашылық адамдарын тым әсірелеп, делқұлы етіп көрсетуге тырысу, сайқымазаққа айналдыру онша тапқырлық емес сияқты.
Бұл қойылым — Қуандық Шаңғытбаевтың мерейтойына арналған тамаша тарту деп есептеуге болады. Шынайы бағасын көпшілік көрермен береді деп ойлаймын.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button