Мәдениет

Ақын келді алпысқа

«Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Сағындық Ниянқұловтың 60 жасқа толуына орай «Жұмадағы жүздесу» телехабарына түсірді.
Кездесуді «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының директоры Раукен Отыншин жүргізіп отырды. Раукен Сағызбайұлы Егінбай ақсақалдың жалғыз ұлы Сағындықтың өмірі мен шығармашылығына тоқталып өтті. Белгілі айтыс ақыны Нұрлыбек Қалауов С.Ниянқұловтың облыстық «Ақтөбе» газетінде 18 жыл қызмет жасап, Бибігүл Төлегенова, Асқар Тоқпанов сынды қазақ өнерінің белгілі тұлғалары туралы толымды мақалалар жазғаны, оның ерекше еңбекқорлығы туралы айтты. Сондай-ақ филармонияның әншісі Гүлсім Юсупова жайында формасы өзгеше дүниесі жарық көргенін тілге тиек етті.
«Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі, Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-да қатар оқыған Нұрмұханбет Дияров курстасы әрі әріптесі Сағындық туралы лебізін білдірді:
— Сағындық екеуіміз бес жыл бірге оқыдық. Сәкең — бір үйдің жалғызы, еркесі болғандықтан, ол біз сияқты жатақханада тұрған жоқ, оған арнайы пәтер жалдап қоятын. Ай сайын алыс ауылдан марқұм анасы Тәбия үйіндегі қазы-қартасын, жылы-жұмсағын арқалап Алматыға жетеді. Сол кезде курстасым міндетті түрде мені үйіне шақырады. Студенттің бір тойғаны — шала байығаны. Одан 1982 жылы университетті бітіріп, облыстық «Коммунизм жолы» газетіне қатар қызметке келдік, — деп студенттік шақтарын еске алды.
Өзіне көз кезегі тигенде С.Ниянқұлов өзінің журналистік ұстанымын, мінезін танытатын мынадай бір әңгіме айтты: «Бірде Мәртөк ауданының Дзержинский атындағы ұжымшарына мал қыстату науқанына байланысты іссапарға бардым. Жер лай су, аяғымда туфли, сол ұжымшардың бас агрономы менің аяғымды жерге тигізбей арқалап өткізді. Кейін газетте сол ұжымшар туралы сын мақалам жарық көріп, әлгі бас агрономды қызметтен алып тастапты»,— деді.
Ақтөбе облысы, Темір ауданының Алтықарасу ауылында туған Сағындық Ниянқұлов бала кезінен өлең жазған. Журналист бола жүріп өлеңнен қол үзбеді. «Жауқазын жырым — жастығым», «Бір қуанту — арманым», «Ауылға хат» атты кітаптары жарық көрді.
Облыстық газетте 20 шақты жыл өнімді еңбек етіп, өңірдің қоғамдық-саяси, мәдени өміріне етене араласты. Оқырмандарға республикалық «Ана тілі» газеті арқылы да жақсы танылды. Кейін облыстық қаржы басқармасында және Ақтөбе қалалық әкімдігінде баспасөз жөніндегі бас маман болып қызмет жасады.
Зайыбы Зияш — дәрігер, денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет етіп жүр. Сағындықтың бабын жасап, отының басының берекесін кіргізіп отыр.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button