Мәдениет

Айгүл ҚОСАНОВА: Әлібек Дінішевпен ән айтсам деймін

— Қазақтың ән өнерінде Айгүлдер аз емес. Қосанованың өзгешелігі неде?
— Өз басым басқалардан айырмашылығымды жіпке тізіп, мақтануға жоқпын. Ол жағын халықтың өзі біледі деп ойлаймын. Қанша дегенмен, жиырма жылдан бері жұрттың назарында жүрміз ғой… Әйтсе де, басты ерекшелігім — екі бағытты да, яғни дәстүрлі әрі эстрада жанрларын қатар алып жүргендігім шығар. Оны айтпағанда, Мұхит Мерәліұлы мен Ғарифолла Құрманғалиев сынды халық композиторларының әндерін орындаймын. Менің басты «көзірлерім» осы.
— Сіз эстрадаға мойын бұрғаннан бері кейбіреулер «Айгүл дәстүрлі өнерді қойып кетті» деп жүр?
— Жоғ-а, сахнаға эстрадалық әндерді орындап шықсам — заман талабына икемделгенім ғой. Ұмытпасам, ең алғаш «Ән мен әнші» бағдарламасы ұйымдастырған кеште Саят Медеуовпен қосылып, Нұрғиса Тілендиев ағамыздың «Құстар қайтып барады» әнін орындаған болатынмын. Тыңдарманның талғамынан шыққаннан кейін «осы бағытта да неге ән айтпасқа?!» деген ой туды. Содан бері қос қанатым — дәстүрлі әнді де, эстраданы да қатар алып келемін. Бірақ дәстүрлі ән өнері жүрегіме жақын. Егер «екеуінің біреуін таңда» деп шарт қояр болса, ойланбастан дәстүрлі музыканы таңдаушы едім. Неге десеңіз, өнер атаулының шырқау биігі, бетіндегі қаймағы — дәстүрлі өнер ғой. Мен оны ешқашан басқаға айырбастамаймын. Айгүл Қосанова тірі жүргенде дәстүрлі өнерім де еш уақытта өлмейді.
— Бала кезіңізде қандай болдыңыз?..
— Мен көп балалы отбасынан шықтым, жеті ағайындымыз. Бала кезімде өте зерек едім. Мектеп қабырғасында жүріп түрлі шараларға атсалысып, белсенді оқушылардың бірі атандым. Ауыл ғана емес, аудан орталығында концерт өткізілсе де соның басы-қасында жүретінмін. Ән де айтып, би де билеп, әйтеуір, халықтың алдында өстік қой.
Қазір халық арасында «әншілер сауатсыз» деген әңгімелерді құлағым шалып қалады. Құдайға шүкір, ондай сөздерді өз атыма қабылдамаймын. Өйткені мен кішкентайымнан білімге құмар болдым. Мектепте «өте жақсы» деген бағамен оқыдым. Өмір бойы мұнай саласында қызмет еткен ата-анамыз біздің оқу үлгерімімізді қатаң қадағалап отырды. Оның үстіне өзім киелі Маңғыстау өңірінің қызы болғаннан кейін бойымда ерекше бір намыс бар десем, асыра сөйлегенім болмас. Қай кезде болсын, ата-анамды жерге қаратпауға тырысып, солардың үмітін ақтағым келді.
— Студенттік кезіңіз қалай өтті?
— Мектепті жаңа бітірген жас қыз үшін Алматыға бару басқа әлемге барғанмен бірдей еді ғой. Басында қатты қорықтым. Әйтеуір, жолым болып, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға оқуға түсіп кеттім. «Халық әні» бөліміне қабылданып, ән өнерінің дүлдүлі атанған адамдардан тәлім алдым. Кейін осы қара шаңырақтың аспирантурасына қалып, Қайрат Байбосынов, Сәуле Жанпейісова секілді ұлағатты ұстаздардың шәкірті болдым. Бұл — кез келген өнер адамына бұйыра бермейтін үлкен бақыт.
Біздің кезімізде білім алу өте қиын болатын. Қазіргідей қалтаның қалыңдығына қарап баға алу жоқ. Бәрін өз еңбегіңмен тапсырып, маңдай теріңді төккеннен кейін ғана лайықты бағаңды аласың. Күрделі әндерді, одан қалды нотаны меңгереміз деп, таңға дейін көз ілмейтінбіз. Таңертең тұра сала қара шайымызды ішіп, азын-аулақ бұйырған асты талғажау етіп, сабаққа барамыз. Содан кешке дейін бітпейтін дайындық, таусылмайтын сабақтар… Бірақ одан жаман болғанымыз жоқ, өмірді көрдік. Нағыз студенттік өмірдің не екендігін сезіндік.
— Үлкен сахнаға алғаш шыққан сәтіңіз есіңізде ме?
— Ондай оқиғаны ұмыту мүмкін емес қой. Үлкен сахнаға алғаш рет оқушы кезімде шықтым. Наурызда көптеген көрермендердің алдында өнер көрсеттім. Сахнаға тұңғыш рет шыққанымда аздап толқып, қобалжығаным рас. Ол кезде әлі баламыз ғой, сонда да жүрексінбей, жүздеген адамның алдында ән салғанымды есіме түсірсем, өзіме-өзім таңғаламын. Ал кәсіби өнер иесі, дәстүрлі әнші ретінде ең алғаш рет 1995 жылы Алматы облыстық Сүйінбай Аронұлы атындағы филармонияның сахнасында ән шырқадым.
— Домбыраның киесі бар дегенге сенесіз бе?
— Сенгенде қандай! Оған ешқашан күмәнім болған емес. Сезе білген адам үшін домбыраның қадір-қасиеті ұшан-теңіз. Тек көпшілігі мұны әлі күнге түсінбей жүр. Мен бала кезімнен бері бар болғаны үш-ақ домбыра ұстадым. Үшеуі де үйде ілулі тұр. Домбыраны анау айтқандай жыл сайын алмастырып, өзгертіп тұруға құлықты емеспін.
— Домбырадан басқа қандай аспаптарды тарта аласыз?
— (Күлді). «Мына аспаптың «құлағында ойнаймын» деп мақтана алмаймын. Домбыраны жақсы тарта білу де үлкен өнер. Десек те, дос-жаранның арасында аздап қобыз тартамын. Кәсіби сахнаға алып шығатындай деңгейде емеспін. Оны мойындаймын.
— «Шәкіртсіз ұстаз тұл». Өкшеңізді басып келе жатқан кішкентай «Айгүлдер» бар ма?..
— Құдайға шүкір, шәкірттерім баршылық. Алды үлкен сахналарға шығып, өзіммен бірге өнер көрсетіп жүр. Бұл да бір бақыт. Өзім дәріс беріп, кейін өнерге баулыған ақтөбелік дәстүрлі әнші Гүлмарс Аманбаеваны ерекше атай аламын. Болашақта осы сіңлімнің биік белестерді бағындыратынына сенемін.
— ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреатысыз. Осы атақ-марапаттарға көңіліңіз тола ма?
—Кейбір әріптестерім «Маған атақтың керегі жоқ. Бермесе де көңілім баяғыдай» деп жатады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Неге десеңіз, атақ — еңбектің бағалануы ғой. Жасыратыны жоқ, атақ беріп жатса, қарсы емеспіз. Қайта қуана-қуана аламыз. Біз, өнер адамдары, еңбектің еленгенін қалаймыз.
— Сіздің ойыңызша, еңбегіңіз өз деңгейінде еленіп жүр ме?
— Аллама мың да бір рахмет айтамын, билікке де, халқыма да ешқандай өкпем жоқ. Ретіне қарай бұйырғанын алып жатырмыз. Мәселен, жыл сайын Үкіметтің қолдауымен алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапармен барып қайтамыз. Өнерімізді шеттегі ағайындарға танытып, қазақтың әндерін насихаттаймыз. Бұл да болса, әншіге деген үлкен құрмет емес пе?! Сондықтан алғыстан басқа айтарым жоқ.
— Бірер жыл бұрын Елбасы тарапынан өнер адамдарына берілген пәтердің біріне ие болғаныңыздан да хабардармыз. Астанадағы жаңа үйіңізде тұрып жатырсыз ба, әлде өзіңіз үйренген қонысыңызда тұрып жатырсыз ба?..
— Иә, бұл да өнер иесіне көрсетілген қолдау ғой. Еңбегімнің аз да болса еленгені деп білемін. Өздеріңіз білесіздер, әншілер қауымы бір орында тұрақтап отыруға үйренбеген. Сол себепті, қазір Алматыда да, Астанада да тұрып жатқан жайымыз бар. Ең бастысы, өзімізге осы ыңғайлы.
— Жалпы, өнерде бақталастық бар ма?
— Өмір мен өнерде бақталастық болуы — заңды. Адамға бәсеке де керек. Барлығының өз орны, реті бар. Бәсеке мен бақталастық жүрген жерде өсек-аяң да болады. Бірақ, мен не нәрсенің де шектен шықпағанын қалаймын.
— Продюсер, менеджерлермен жұмыс істейтін шығарсыз?
— Бұл жағынан аздап ұяттымыз. Көбіне-көп сондай жұмыстарды өзім атқарып, біраз жылдар бойы жалғыз жұмыс істеп келемін. Жолдасым да жәрдемін беріп, қолғабысын жасап тұрады. Алдағы уақытта қасыма білікті мамандарды алмақ ойым бар. Қазір ыңғайлы адамдарды іздестіріп жатырмын.
— Қай әншілермен шығармашылық байланыстасыз? Болашақта сахнада қай әншілермен жұп құрағыңыз келеді?
– Бұған дейін Саят Медеуовпен, Ақылбек Жеменеймен, өзімнің шәкірттеріммен дуэт болып, сахнада өнер көрсеттім.
Мүмкіндік бола қалса, Әлібек Дінішевпен қос дауыста ән айтсам деймін. Бұл менің өнердегі армандарымның бірі десем болады.
— Ол кісіге тілегіңізді жеткіздіңіз бе енді?
— Жоқ. Соның сәті түспей жүр…
— Оқырмандарымыздың сіздің отбасыңыз жайында білгісі келері анық?
— Жүніс есімді жолдасым бар, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Өзім осы Ақтөбенің келінімін. Айша, Тұрлан, Айнамкөз атты балаларымыз өсіп келеді.

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button