Мәселе

Адамдар ажалға неге асығады?

Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отырған суицид бүгінде қазақстандықтарды да ерекше алаңдатады. Өйткені жыл өткен сайын өзіне-өзі қол салатындардың саны, өкінішке қарай, бізде де азаймай отыр. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулерінің көрсеткішіне сәйкес, еліміздің ТМД мемлекеттерінің арасында бұл жағынан алдыңғы шепте екенін ескерсек, дабыл қағатындай-ақ жөніміз бар.

…Бөріктілер бейім!

Суицид терминінің өзі XVII ғасырда пайда болған деседі. Латын тілінен аударғандағы мағынасы — «өзін өлтіру». Жалпақ тілмен айтқанда, бұл адамның өзіне-өзі қастандық жасап, мақсатты түрде өмірімен қоштасуы. Негізінен бұған рухани жағынан әлжуаз, жүйке жүйесі сыр бергендер барады. Суицидтің өзі күнделікті қайталана беретін күйбең тірліктің, болмаса белгілі бір ұрыс-жанжалдың салдарынан туындаған күйзелістің ақырғы әрекеті болуы бек мүмкін. Қанша ғасырдан бері зерттегенмен, бұл салаға машықтанған ғалымдар да оның негізгі себебін дөп басып айта алмай отыр. Бір белгілісі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мынадай басым факторларды атап көрсетті: адамдардың 1,2 %-ы — денсаулықтың кінәратынан, 1,5 %-ы — өмір сүрудің қиындығынан, 3 %-ы — қаржы тапшылығынан, 6 %-ы — нашақорлық тәуелділіктен, 18 %-ы — отбасындағы кикілжіңнен, 18 %-ы — рухани жалғыздықтан, 19 %-ы — жазасын өтеуден жалтару мақсатында өз қалауымен о дүниеге аттанса, қалған 30 %-дан астамының сыры ешкімге белгісіз. Сондай-ақ, суицидке баратындардың өзіне тән мінез-құлқы, ұқсастықтары болатынын келтіре кетейік: олардың болашаққа деген ешқандай үміт-сенімі болмай, жақын-жуықтарынан өзін оқшау ұстайды. Көзінің нұры таятыны және бар. Өзін-өзі құрбан еткендердің көбіне-көп қандай «жолмен» бақилық болатыны турасында да зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Мұндай ер-жігіттердің дені асылып өлсе, әйелдер дәрі-дәрмектің «көмегіне» жүгінгенді қалайтын боп шықты.
Психолог Индира Мұқашеваның бұған қатысты өз айтары бар. Оның сөзінше, барлығы айналып келгенде отбасыдан басталады. Және ешбір адам мұндай шешімді оңай қабылдай салмайды.
— Суицидтің өршитін мезгілі — көктем. Себебі бұл уақытта айналаның бәрі құлпырып, әдемі күйге енеді. Ал адамның көңіл күйі соған сәйкес болмаса, сол жаман.
Кімдер бұған бейім келетініне тоқталсақ, олар — ер-азаматтар. «Әйелдің қырық жаны бар» деп бекер айтылмаса керек, әйел адамдар не нәрсеге де төзімді келеді. Ал бөріктілер өмірдің ауыртпалығына шыдай алмай, не зиянды әдеттерге салынады, не біржолата өмірмен қоштасады. Әрі олар бұған жоспарлы түрде барады. Яғни бәрін алдын-ала ойластырып жүреді.
Қай адам болсын, өзіне-өзі жайдан-жай қол жұмсамайды. Бұған бір проблемаға кезіккеннен, соны шеше алмағаннан баруға мәжбүр болады. Ондай кезде қасында бір адамның болуы, соған шеріңді тарқатып, сырыңды ақтару өте маңызды. Одан да нәтиже болмай, адам бірнеше мәрте өлімге ұмтылса, дереу дәрігер-психиатрға жүгіну қажет, — дейді Индира.
Психологтың пікірінше, отбасы-ошақ қасында құпия-сырлар болмауы тиіс. Ата-ана баласымен ашық сырласып, өмірде бәрі болатынын ұғындырса игі. Әрі-беріден соң адамға берілген ғұмырдың өз құндылығы, миссиясы барын баланың санасына жастайынан сіңірген артықтық етпейді. Соны сезіне білген жан өмірін әп сәтте тәрк ете салмайды.
Жалпы, жантанушылардың ақыл-кеңесіне жүгінсек, «жылы сөздің жан семіртетіні» рас. Егер жаныңызда ылғи мұңайып, мазасы болмай, өзін тұйық ұстап жүрген адам кездессе, бейтараптылық танытуға мүлде болмайды.

Қаралы статистика

Ата Заңымызда да «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі» делінсе де, жан дүниесінің тоқырауынан жантәсілім етіп, көңілсіз статистиканы құрап отырғандар аз емес. Олардың арасында төрт құбыласы тең жандар да бар.
Бас прокуратураның таратқан мәліметінше, осы жылдың бес айы бойынша кәмелет жасына толмағандар арасында өзіне-өзі қол салған 86 адам тіркелген. Ал өткен жылы 18 жасқа толмаған 189 қазақстандық өз еркімен өмірмен қош айтысыпты.
Өңірдегі жағдай да мәз емес. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ардагер Уайдиннің айтуынша, жыл басталғалы өзіне-өзі қол салу дерегі бойынша 81 оқиға орын алған. Оның 12-сі өз мақсатына ақыры жеткен… Құзырлы орган мамандарының мәліметіне сай, ақтөбеліктердің басым бөлігі суицидке тұрмыстық жанжалдардың кесірінен барады екен.

Азап суицидпен аяқталмайды

«Сабыр — иманның жартысы». Асыл дініміз — Исламда мұсылман баласының шыдамды болуы ләзім екені жайлы көп айтылған. Алла Тағала өзінің сүйген құлын ғана сынайды. Ол көтере алмайтын қиындықты Жаратушының бермейтіні хақ. Әйткенмен, өзіміздің қаракөздеріміздің арасында да мұндай таңдау жасап жатқандар ұшырасады. Теологтар бұл жөнінде не дейді?
— Ақыл-есі дұрыс адамның мына өмірде жақсылыққа ұмтылып, денсаулығына мән беруі — қалыпты құбылыс. Басқалай айтқанда, сана-сезімі орнықты адам өлмеудің қамын ойлайды. Ал өзіне жамандық жасап, денсаулығы жақсы болса да, алдында кездескен түрлі себептерге бола өмірмен қоштасып кете беретіндерді Ислам ғалымдары науқас ретінде қарастырады. Өйткені жөні түзу кісі ондай қадамға бармайды.
«Құран кәрімде» бұған қатысты әр түрлі аяттар бар. Онда адамның денсаулығы — Алланың аманаты делінген. Қасиетті кітапта «Өздеріңіздің денсаулықтарыңызға әдейілеп зиян келтірмеңіздер» деп қатаң ескертіледі. Мысалы, «Ниса» сүресінің 58-аятында аманатты өз иесіне (Алла Тағаланы айтады) табыс етуді бұйырып тұр. Бұл жерде аманат деп ет пен сүйекті, жалпы денені айтып отырмыз. Сонымен бірге, өзіңді ойламасаң да, ата-ананы ойлау керек. Өйткені сен, бір жағынан, олардың да аманатысың.
Кейбіреулер бар «қиындықтан құтылып, демалайын» деп өзіне-өзі қол жұмсайды. Бұл — қате түсінік. Керісінше, одан кейін мәңгілік азап басталады. Бұған дәлел — «Тахрим» сүресінің 6-аяты. Онда: «Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар» делінген. Яғни суицидке баратын адамның тозақтан құтылып кетуі мүмкін емес. Сондай-ақ, өзін-өзі тұншықтырып өлтірген адам екінші өмірде де тұншықтырылып өлтіреді, өмірінің соңындағы азап қайта жалғасады. Өзіне пышақ салып өлтірген адам да тозақта пышақталып өледі. Бұл туралы Шариғатта тайға таңба басқандай етіп жазылған. Осыны да естен шығармайық. Қысқасы, өзіне-өзі қол салған адамды ақыретте ешкім де жарылқамайды, қайта ол екі дүниеде де қорланады. Сол себепті, кез келген адам суицид — тығырықтан шығатын жол емес екенін түсіну керек, — дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан.
Бауыржан Әбдірашұлының пайымынша, әр әке-шеше баласымен досы есебінде әңгімелесуі керек. Кез келген күйзелістен шығуға болады, тек Құдайдан соны шын жүрегіңмен тілесең, дұға етсең болғаны. «Адам мейлінше жалғыз қалудан қашуы тиіс. Әйтпесе, өзі қалған адам түрлі ойларға беріледі. Ойыңды бөлісіп, жай ғана сөйлесетін адамды қай кезде де табуға болады. Бос отырмай, кітап оқып, көңіліңді аулау қай жағынан да пайдалы», — деп түйіндеді сөзін ол.

P.S. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі десек те, соны қиып кетіп жатқандар қаншама! Оның себептері де көп. Бір анығы, өмірдің күн мен түннен тұратыны сияқты, әр адамның тағдырында көлеңкелі тұстар ғана емес, күнгей жақтар да болады. Соны көре білсек, кәнекей?! Одан бұрын адам баласы өзінің өзге тіршілік иелерінен басты айырмашылығын ұмытпаса екен. Ол — сезімді сезіне білуі. Өзіне, өзгелерге деген Мейірім сезімі!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
САНДАРДЫ «СӨЙЛЕТСЕК»…
(жасы мен жынысына қарай):
Жасы 5-14 15-24 25-34 35-44 45-54 55-64 65-74 75+ Барлығы
Ер адамдар 66 657 860 656 522 240 143 86 3241
Әйелдер 19 239 152 120 97 52 41 47 768
Барлығы 85 896 1012 776 619 292 184 133 4009
Қазақстан, 2008 жылғы есеп бойынша. «Уикипедия» сайтынан алынды.

«СЕНІМ ТЕЛЕФОНЫ» ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Ақтөбе қалалық білім бөлімі жанынан ашылған ғылыми-әдістемелік орталық арнайы топтағы оқушыларға қызмет етеді. Онда «Сенім телефоны» қызу желісі кез келген жас ақтөбеліктің қоңырауын қабылдап, оған рухани көмек, ақыл-кеңес береді. Мұндағы әдіскер-психолог Роза Құлжанованың айтуынша, 2014-2015 оқу жылдары бойынша ұл-қыздардан 155 қоңырау келіп түскен. Ал тәртібі нашар, өзіне қастық жасауға бейім балалардың санын орталық өкілі айтудан бас тартып, облыс орталығындағы мектептерде 104 психолог маманның барын ғана тілге тиек етті.
«Сенім телефонының» нөмірі — 8 (7132) 21-14-63

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button