Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет жауапкершілігі

Тәжірибе алмасу тағылымы

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдарының мүлтіксіз орындалуы — бүгінгі күнгі маңызды міндеттер қатарында. Осы ретте тиісті мемлекеттік органдар көтеретін жауапкершілік жүгі салмақты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті ұйымдастырған дөңгелек үстел басындағы өңірлік семинар тақырыбы «Аумақтық департаменттердің атқаратын қызметтері бойынша тәжірибе алмасу» деп аталды.
Жергілікті департамент басшысының орынбасары — Тәртіптік кеңес төрағасы Қайыржан Тоқышев жиынды аша отырып, атап көрсеткендей, аталған заңдар аясындағы нормативтік-құқықтық актілер жобаларын талқылау, күнделікті іс-тәжірибе тағылымдарымен қатысты жоғары органдарға ұтымды ұсыныстар жолдау тиісті құжаттардың өміршеңдігін арттырады. Осы ой желісін батыс өңірі бойынша көршілес облыстардан келген өкілдер одан әрі өрбітіп, өздерінің жұмыстарымен таныстырды, сондай-ақ қалыптасқан әдіс-тәжірибелерін бөлісті.
Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары бойынша департамент басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес төрағасы тізгінін ұстаған Мұрат Қалдарбеков, Нұрлан Сүйінбаевтар күн тәртібіндегі мәселе бойынша Елбасы белгілеген бағыттарға тоқталып, мемлекеттік қызметкерге қойылатын жаңа талаптар, олардың еңбектерінің бағалану өлшемдері туралы айтты. Олар сонымен бірге мемлекеттік қызметті кәсібилендіру, қызметкерді сатылап өсіруге қатысты жаңа міндеттер жайын әңгіме арқауына айналдырды.
Жиында Ақтөбе облысындағы тәртіптік кеңес хатшылығы меңгерушісі Жақсылық Үмбетқалиев биылғы жылғы қызмет ахуалына шолу жасады. Оның баяндауынша, өткен мерзім ішінде 9 мәжіліс өткізіліп, 49 тәртіптік іс қаралған. Сонымен бірге, мемлекеттік органның 16 басшысы тәртіптік кеңес мүшелері алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдылықтардың өздері жетекшілік ететін ұжымдарда сақталуы туралы баяндаған.
Семинарда Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменттің мемлекеттік қызмет және жемқорлықтың алдын-алу басқармасының басшысы Аманқос Жұбаныш өзі жетекшілік ететін сала бойынша тәжірибесін бөліссе, Маңғыстау облысы бойынша департаменттің тәртіптік-әкімшілік тәжірибе және мемлекеттік қызмет бөлімінің кеңесшісі Нұрбол Долдашев әкімшілік істер бағытындағы орын алатын мәселелер жөнінде айтты.

«Тіл мәртебесі — ел мәртебесі»

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ғимаратында осындай атаумен өткен сайыс ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрт облыстағы аумақтық бөлімшелері қызметкерлерінің мемлекеттік тіл мәртебесін көтерудегі біліктіліктерін сынға салды.
Аталған шараның мақсаты — мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік қызметшілер арасында оның мәртебесін көтеру және қолданыстағы аясын кеңейту, мемлекеттік тілді жетік білетін қызметкерлер деңгейін анықтау, сондай-ақ, қызметшілердің мемлекеттік тілді оқып-үйренуге қызығушылықтарын арттыру.
Ұйымдастырылған сайыс бес кезеңнен тұрды. Алғашқы кезекте құрамалар өздерін таныстырды. Қонақтар ең алдымен, ақтөбелік «Аққу» би ансамблінің өнерін тамашалап, әсемдік әлемінен рухани ләззат алды.
Бірінші болып сахнаға көтерілген атыраулық «Бейбарыс» тобы «Жасай бер, ана тілім — қазақ тілім!» деп өз ұстанымдарын білдіріп, команда мүшелерінің аты-жөнін, атқаратын қызметтерін көпшілікке өлең шумақтарымен жеткізді.
Ақтөбеліктер жиналған алдына «Әділет қырандары» атауымен шықты. Олар әрбір қызметкердің өзіндік ерекшеліктерін тап басып айтып, ортақ іске қосып жүрген үлестерін нақтылап айтып берді.
Ал Батыс Қазақстан өңіріндегі департаменттің «Тілдарын» тобы «Тіл — Тәуелсіздік тұғыры» ұранын алға ұстанды. Маңғыстаулықтар «Бақ сынауға келіп тұрмыз Ақтаудан» деп сөз желісін өрбітіп, тілге құрмет — елге құрмет екенін айтумен ойларын түйіндеді.
Бұл күні әр облыстан келген құрама командалар бейнероликтер арқылы өздерінің қызметтерін көрсетумен бірге, қазақтың салт-дәстүрлерін қаншалықты білетінін ортаға салып, патриоттық әндер шырқады.
Жеңімпаздар алғыс хаттар алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақтөбелік «Әділет қырандары» топ жарып шығып, республикалық сайысқа жолдама алды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button