Жаңалықтар

Дамудың жаңа белестері

Ғылымды қамтитын экономиканы құру және жаңғыртудың дүниежүзілік тәжірибелері, инновациялық саясаттың басты бағыттары, Қазақстан Республикасының кластер саясаты, еңбек өнімділігін арттырудың факторы ретінде экономиканы әртараптандыру, ауылшаруашылығы кешені саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерліктің жаңа формалары. Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне қарасты «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ тарапынан «Ғылымды қамтитын экономика салаларын дамыту» тақырыбы бойынша өткізілген семинар-кеңесте экономиканың жоғарыда аталған аса өзекті мәселелері талқыланды.
Аймақтық семинар-кеңеске өңіріміздің мемлекеттік органдары, ғылыми ұйымдары, бизнес қауымдастықтары, мемлекеттік емес ұйымдары мен жоғарғы білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін сараптау және мониторингін жасау шаралары шеңберінде ұйымдастырылып отырған бұл семинар-кеңестің мақсаты — бизнес қауымдастығы өкілдеріне және жалпы халыққа үкімет тарапынан жасалынып жатқан жұмыстар туралы мағлұматтар беру. Оның үстіне, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылданып, Әлемнің дамыған 30 елінің сапына ену секілді ауқымды межелер қойып отыр. Үкімет бұл бағытта көптеген жұмыстар жасады.
— Мұндай семинар-кеңес еліміздің бес аймағында өткізіледі. Әр аймақта өткізілетін семинар-кеңестің тақырыбы әртүрлі. Мәселен, осының алдында Қарағандыда өткен семинар «Адам капиталын дамыту» тақырыбы бойынша өткізілді. Бұдан кейін Шымкент, Алматы қалаларында ұйымдастырылмақшы. Ең соңынан, Астана қаласында өткізілетін семинар-кеңес «Институттық ортаны жетілдіру» тақырыбына арналмақшы, — дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау және сараптама департаментінің бас сарапшысы Серік Ожаров.
Қаламызда өткен семинар-кеңестің қатысушылары «Ғылымды қамтитын экономика — экономикалық өсудің тұрақты моделінің негізі» және «Экономиканы әртараптандыру және экономикалық өсудің жаңа көздерін іздестіру» мәселелері төңірегінде ой өрбітті. Өңірімізде өнеркәсіп инфрақұрылымының жақсы дамығанын ескерген семинарды ұйымдастырушы — «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ біздің облысымыз үшін осы тақырыптарды таңдап отыр. Семинар-кеңестердің қорытындылары бойынша экономиканың түрлі салаларын дамыту бағытында нақты ұсыныстар дайындалатын болады. Министрліктің бас сарапшысының айтуынша, экономикаға шынайы пайдасы тиеді деген ұсыныстар үкімет деңгейіндегі бағдарламаларды дайындау кезінде есепке алынбақшы.
— Дүние жүзінің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру үшін Қазақстанның алдында атқарылуы тиіс үлкен жұмыстар күтіп тұр. Ғылымды қамтитын экономикаға өту үшін технологиялық негіз құру керек. Ол үшін барлық мүмкіншілікті экономиканың өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуға бағыттау қажет. Бұлар — экономиканы әртараптандырып, жүйелік өзгерістер енгізу жұмыстарын жүзеге асыруды қажет етеді, — дейді семинар-кеңесті ашып, пікірталастарға модератор болу міндетін атқарған «Ғылым қоры» АҚ Жобаларды басқару орталығының басшысы Анатолий Ким.
Ғылыми мекемелер, бизнес қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылардың пікір алмасулары үшін үнқатысу алаңы қызметін атқаратын семинар-кеңесте сонымен қатар, облыстық индустриялық-инновациялық даму және экономика, бюджеттік жоспарлау басқарамаларының, облыстық кәсіпкерлер палатасының, жоғарғы оқу орындары мен ірі кәсіпорындарының өкілдері де сөз алып, еліміз экономикасын дамыту жөніндегі пікірлерімен бөлісті.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button