Жаңалықтар

Созылмалы бүйрек ауруы «жасарып» барады

Созылмалы бүйрек ауруы — өзекті мәселе. Жыл өткен сайын науқастар саны артып барады. Бұдан екі жыл бұрын гемодиализ арқылы ем алатындардың саны — 50-60 адам болатын. Қазір облыста бүйрек ауыстыруды қажет ететін 200 –ден астам науқас бар. Олардың өмірі «жасанды бүйрек» аппаратына тәуелді.
1990 жылы созылмалы бүйрек дертімен ауыратындардың орташа жасы — 54 жас болса, қазір — 44-45 жас. Яғни, ауру «жасарып» барады. Бүйрек ауруына шалдыққан балалар да бар. Бұл мәселе өткен бейсенбі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйытқы болуымен өткен шарада айтылды.
Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Мәмбетжанова қатысты. Сонымен қатар облыс орталығы мен аудандардан дәрігерлер, нефрологтар жиналды.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы созылмалы бүйрек ауруын жүрек-тамыр, өкпе, онкологиялық аурулар және қант диабеті секілді әлеуметтік мәні бар аурулардың қатарына қойып отыр.
— Мемлекет тарапынан созылмалы бүйрек дертіне шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету сапасы жыл өткен сайын артып келеді. 2013 жылдан бастап, «Дару» медициналық орталығында созылмалы бүйрек дертіне шалдыққан науқастарға арнап бөлімше ашылды. Сонымен қатар «Биос» жеке меншік медицина орталығында да науқастар гемодиализ арқылы ем алады, — дейді Гүлнар Мәмбетжанова.
Созылмалы бүйрек ауруының емі — бүйрек ауыстыру. Дегенмен, мұндай мүмкіндікке кез келген науқастың қолы жетпейді. Өйткені, бүйрек жоқ, донор тапшы. Ал бүйрек ауыстырудан кейінгі аурумен «күресудегі» тиімді тәсіл — гемодиализ арқылы ем қабылдау.
— Емнің бұл түрі қолданылмаған кезде созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастардың арасында өлім көбейіп кеткен-ді. Қазір гемодиализ арқылы емдеудің арқасында бұл науқастардың өмір сапасы жақсарып келеді деуге болады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Дегенмен, дәрігерлер созылмалы бүйек дертіне шалдыққан науқастар санының артып кеткеніне алаңдаулы.
— 2013 жылы шамамен 50-60 адам «жасанды бүйрек» аппаратына тәуелді болса, қазір олардың саны 200-ден асып кетті, — дейді Гүлнар Мәмбетжанова.
Ауру себебі неде? Дұрыс тамақтанбау. Бұл — бір. Екіншіден, экологиялық жағдай кері әсер етеді.
— Әр адам өз денсаулығына жауапты болса, асқан жауапкершілікпен қараса, науқастар саны азаяр еді. Біздің қоғамда қалыптасқан жаңсақ түсінік бар: «Бала сабақты дұрыс меңгермесе, мұғалім — кінәлі, ауырса, дәрігер — жауапты». Осы түсініктен арылмай, нәтижеге қол жеткізу мүмкін де емес, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Мемлекет тарапынан халықтың денсаулығын жақсартуға көп көңіл бөлініп жатыр. Ауруды ерте сатысынан анықтау мақсатында тегін скринингтік тексерулер жүргізілуде.
— Дегенмен, онда барып тексерілуге көпшіліктің ықыласы жоқ. «Медбикелер телефон шалып, тыным бермей жатыр» деп өзіңді кінәлайтындар бар, — дейді Гүлнар Мәмбетжанова. Ол өз сөзінде жас аналардың сәби күтіміне немқұрайлы қарайтындығын, соның салдарынан түрлі аурулар пайда болатынын тілге тиек етті.
— Қазір әжелер «институты» дұрыс жұмыс істемейді. Нәресте денсаулығына жете көңіл бөлмейтіндер көп. Бұрын үлкендердің тәрбиесінің арқасында анасы сәбидің дүниеге келгеніне 40 күнге жетпей, үйден шығармайтын, 1 жасқа дейін ауладан алысқа апармайтын. Соңғы кезде ұшақтарда бір жасқа толмаған балалармен жол жүретіндер көбейді. Кіп-кішкентай балапандар ұшақ биіктікке көтерілгенде, төменге беттегенде айқай салып жылайды. Неге? Өйткені, мұның бәрі олар үшін үлкен күйзеліс. Ауру осындайдан пайда болады. Жас келіншектер жасқа толмаған баланы құшақтап алып, көпшілік жүретін орталарға (поезда, сауда орталықтарында, т.б.) апарады. Ал бұл орталар — тұнып тұрған инфекция!
Көпшілік тамақтанудың қарапайым қағидасын білсе де, елеп, ескермейді. 2-3 жастағы баласының қолына құрамында қандай заттар бар екені түсініксіз сусындарды беріп қойған жас келіншектерді көшеден жиі кездестіреміз. Мұны анасының баласына жасаған қастандығы, тіпті қылмыс деуге болады. Дүкендердегі құнарсыз, зиянды азық-түлік — (шұжық, консервіленген өнімдер, попкорн, кептірілген нан, чипсы, кока-кола, пепси, т.б.) біздің денсаулығымыздың бірден-бір жауы. Сол себепті мұны әркім әр кез ескеруі тиіс, — дейді Гүлнар Мәмбетжанова.
Жиын барысында дәрігерлер өзекті мәселеге айналған аурудың алдын алуда атқарылатын жұмыстар туралы жан-жақты әңгімелеп, журналистердің сауалдарына тұшымды жауап берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button