Жаңалықтар

Балаларға қуаныш сыйлады

Сейсенбі күні «Кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі бастауыш партия ұйымы Ә. Молдағұлова атындағы көпсалалы колледждің білім алушылары мен «Жайсаң» арнайы білім беру ұйымының тәрбиеленушілерін «Мега-Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығына апарып,
балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
2006 жылы құрылған бастауыш партия ұйымының бүгінде 210 мүшесі бар. «Кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі бастауыш партия ұйымының төрағасы Талғат Хамитовтың айтуынша, ұйым мүшелері жыл сайын мүмкіндігі шектеулі, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, қамқорлық көрсетіп келеді.
— Бүгін біз осы 28 баланы Ақтөбе қаласының көрікті жерлеріне апарып, қыдыртамыз. Орталық саябақтарға, балаларға арналған ойын алаңдарына апарамыз, түскі ас береміз. Бұл балалардың көңіл-күйін көтеріп, олардың жақсылап тынығуына ықпал етеді. Әр бала бақытты болуға лайық. Сондықтан оларға жан жылуын сыйлап, басынан сипасақ, олар өздерін бақытты сезінеді, — дейді Т. Хамитов.
Айта кетсек, бүгінде «Жайсаң» арнайы білім беру ұйымында денсаулығында ақауы бар 135 бала тәрбиеленуде. Оның 26-сы — жетім балалар.
— Біз бір үйдің баласындаймыз. Татумыз, үнемі біргеміз. Бүгін, міне, бірқатарымыз қалаға келіп, демалысымызды қызықты өткізіп жатырмыз. Бізге қамқорлық көрсетіп, осындай керемет жерлерді аралатып жатқан аға-апаларымызға алғысымызды білдіреміз. Еліміз аман болсын! — дейді «Жайсаң» арнайы білім беру ұйымының тәрбиеленушісі Аслан Ысқақов.
Іс-шара аясында балалар «Happylon» бағындағы аттракциондар мен ойын автоматтарын пайдаланып, алаңсыз ойнап, мәз болысты. Бұдан кейін олар 12 шағын аудандағы саябаққа барып, суретке түсіп, өзара әңгіме-дүкен құрды.
Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button