Жаңалықтар

Шәмшінің әні тіл үйретті

Украин ұлтының өкілі Любовь Нешко мемлекеттік тілді қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндерінің арқасында үйреніпті.
Ол — «Оксана» халықтық хорының әншісі. Репертуарында қазақтың халық әндері де бар. Кейіпкеріміз ұлттық өнерімізді насихаттауға зор үлес қосып жүр.
Любовь Нешко халықтық хорға 8 жыл бұрын келіпті. Бұған дейін ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет атқарған. Ерекше дауысымен, қабілетімен көзге түскен кейіпкеріміз ол жерде жүргенде де түрлі байқауларға қатысып, жез таңдай әнші атанады.
— Біздің украин халқы көңілді, үнемі ән-бидің ортасында жүретін халық қой. Мені де ата-анам жастайымнан өнерге баулып өсірді. Мектеп қабырғасында жүргенімде ән айтып, ұстаздарымның ыстық ықыласына бөленгенім әлі есімде. Жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезімде де әртүрлі жарыстарға қатыстым. Алайда өнер жолын қумадым. Оқуымды аяқтаған соң ішкі істер департаментіне жұмысқа қабылдандым. Сол жерде 36 жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шықтым, — дейді ол.
Зейнет демалысына шыққан соң Любовь Григорийқызы көп ұзамай «Оксана» украин ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Валентина Моисеенконың қолқа салуымен халықтық хорға келеді. Мұнда келген соң хор әншісі болып украин, орыс, қазақ тілдеріндегі әндерді орындайды. Қазақ тілін білмеген. Тек ауызекі бірнеше сөзді ғана түсінеді екен. Оны да оқушы кезінде өзінен екі жас кіші, көрші тұратын Роза Имжарова деген құрбысынан үйреніпті. Жоғары оқу орнын орысша тәмамдаған Любовь Нешко алғаш хорда өзгелердің қазақ тілінде ән айтқанын естігенде аң-таң болыпты. Әсіресе, қазақтың халық әндерін айтқандағы таңданысын әлі күнге дейін есіне алып, бір күліп алады.
— Алғаш хордағы өзге әншілермен бірге қазақ әндерін орындағанда ән мәтінінің не жөнінде екенін ұқпадым. Арада бір-екі жыл өткен соң хор ұжымы Астана қаласында өтетін фестивальге қазақ композиторларының әндерін апаратын болды. Біздің хор Шәмші Қалдаяқовтың әндерін таңдады. Оның ішінде «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсі», тағы басқа әндер болды. Әннің мәтінін жаттау, оны ырғағына келтіріп орындау қиынға соқты. Дегенмен қабілетім мен ынтамның арқасында кедергілерді жеңіп, тілімді жаттықтырдым. Күні-түні дайындалып, әннің сөздерін оңай санама сіңірдім. Сөйтіп, Шәмшінің әндері арқылы қазақ тілін үйрене бастадым. Әр сөздің мағынасына мән беретін болдым, — дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен өмірге деген құштарлықты, келешекке деген сенімді аңғаруға болады. Сондай-ақ, оның музыкасы әуезділігімен және лирикалық әсерлілігімен қымбат.
— Бүгінде Шәмші Қалдаяқовтың әндерін тек қазақ халқы емес, әртүрлі ұлт өкілдері де сүйсіне шырқайды. Мүмкін, олар оның әндерінен өздеріне әлдебір күш-қуат құйылатынын немесе жан жылуын сезінетін болар. Ал оның кең тараған, бүгінде еліміздің Гимніне айналған «Менің Қазақстаным!» әні барша қазақстандықтардың мақтанышы. Мен осы әнді сүйіп тыңдаймын, — дейді Л.Нешко.
Қазақ тілінде жатық сөйлейтін украин ұлтының өкілі әңгіме арасында Шәмшінің «Сыр сұлуы» әнін айтып берді. «Жайраңдап жазда ағатын еді, Есімде қайран Сыр сұлу» деп басталатын әнді өзіндік мәнерімен нақышына келтіре орындағанда хор әншісінің ықыласы мен құрметіне ерекше риза болдық.
Любовь Нешко бұл әнді осыдан алты жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге орындағанын айтады. Сол жылы мемлекет басшысы Ақтөбе облысына келген сапарында облыс орталығындағы Достық үйінің ашылу салтанатына қатысады. Елбасы әртүрлі ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдерімен жүздесіп, олардың жайған дастарқанынан дәм татады. Жүздесу барысында этномәдени бірлестіктердің әншілері Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге қазақ, орыс тілдерінде ән шырқап, Елбасының сүйікті әндері орындалады.
— Сол жиында Елбасымен бірге «Сыр сұлуы» әнін айту мен үшін үлкен қуаныш, жетістік болды. Мен сол мерекені ешқашан ұмытпаймын, — дейді Любовь Григорийқызы.
Ол бұл әнді 2012 жылы Шәмші Қалдаяқов ауылында композитор атындағы саябақтың ашылу салтанатында да шырқады.
— Сол жиынға Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Домбаева келді. Ол кісі менің «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы» әндерін орындағанымды көріп, көзіне жас алып, ризашылығын білдірді, — дейді кейіпкеріміз.
Қазір Любовь Нешко еңбек ететін халықтық хор ұжымының репертуарында 100-ге жуық ән бар. Оның ішінде 30-дан астамы — Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов сияқты белгілі сазгерлердің әндері.
— Хор ұжымында 35 адам бар. Сондай-ақ, хордан бөлек дуэт, квартет болып өнер көрсетеміз. Жыл сайын фестивальдерге, байқауларға қатысамыз. Аудандарға да шығып жүрміз. Халық біздің әндерімізді жылы қабылдайды. Әсіресе, ауыл тұрғындары Шәмші әндерін сүйіп тыңдайды, — дейді ол.
Бүгінгі күні хор ұжымы қазан айында Астана қаласында өтетін республикалық фестивальге қызу дайындық үстінде. Олар аталған байқауға белгілі сазгер Өмірбек Байділдаевтың «Туған ел» әнін апармақшы. Сондай-ақ, украин, орыс тілдерінде де бірнеше ән дайындайды.
— Халық арасында «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшінің әндері арқасында мемлекеттік тілді меңгергеніме қуанамын. Бар білгенімді немерелеріме үйретіп жүрмін. Қазақ тілі өзінің даласындай бай, таза, оралымды. Сондықтан Елбасымыз айтқандай, әр қазақстандық мемлекеттік тілді білуі керек. Ал қазақ тілін үйрену арқылы біз ұлтаралық бірлікті нығайтып, татулығымызды сақтаймыз. Биылғы Ассамблея жылы — осы игі істердің бір көрінісі. Біз еліміздегі бірлік пен татулықтың нығаюына өз үлесімізді қосуға әзірміз, — дейді Л.Нешко.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button