Жаңалықтар

Еркiндiк, теңдiк, татулық мұраттарының бастау көзі…

Облыстық мәслихат пен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл толуына арналған конференция өтті.

Конференцияға зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихаттың бірінші-бесінші шақырылымдарының депутаттары, Ақтөбе қаласы және аудандар мәслихаттарының хатшылары, мемлекеттік органдар басшылары, саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері, т.б. қатысты.

Жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова:

— Бұдан 20 жыл бұрын, 1995 жылдың 30 тамызында, жалпыхалықтық референдум негізінде Ата Заңымыз қабылданған еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Конституцияны қатаң ұстану  — бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру — бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет — Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау» — деп атап көрсеткен еді. 20 жылдан бері мемлекетіміз бен қоғамның дамуындағы оң өзгерістердің, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу жолындағы қадамдардың бәрі Ата заң аясында жүзеге асырылды, — дей келіп, жиналғандарды ҚР Конституциясының 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Профессор, философия ғылымдарының докторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің екінші және үшінші шақырылымдарының депутаты Амангелді Айталы «Конституция — Қазақстан Республикасының негізгі заңы» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамашы заң саласында қазақ халқының ежелден бай қазынасы, өз сара жолы бар екенін айта келіп, қазіргі Конституцияның сол бұрынғы дәстүрлік заңдармен сабақтас екенін, солардың жалғасы болып табылатынын атап өтті.

— Конституцияда биліктің үш тармағы белгіленген: атқарушы билік, заң шығарушы билік және сот билігі. Бұрын бұл қазақта хан билігі, билер кеңесі және билер соты түрінде болды, — деді Амангелді Айталы.

1995 жылы қабылданған Конституция — тәуелсіз қазақ елінің екінші Конституциясы. Бірінші Конституция 1993 жылы қабылданған еді. Бірақ оның кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шықты. Оның үстіне, Конституцияда қазақ ұлтының атап көрсетілуін кейбір сепаратистік пиғылдағы күштер пайдалануға тырысты. Ал 1995 жылғы Конституцияны әзірлеген кезде, әсіресе, осы жайт ерекше ескерілді. Сөйтіп, «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» — деп басталатын жаңа Ата Заңда Қазақстан халқының біртұтастығы, бөлінуге жол берілмейтіндігі нақты атап көрсетілді.

Амангелді Айталы 20 жыл бұрынғы оқиғаларды еске ала отырып, қазіргі Конституцияны қабылдау барысында, әсіресе, қос азаматтыққа жол бермеуге үлкен күш жұмсалғанын айтты. Ресейде екі елден қатар азаматтық алуға құқық берілген. Сол кездегі Қазақстандағы Ресей елшісі Козырев осыны алға тартып, біздің елімізде де қос азаматтыққа жол ашылуы «тиіс» дегенді барынша қолдаған. Солтүстік көршімізде бұл құқықты, негізінен, еврейлер пайдаланып отыр. Ал Ресейде олардың үлесі — 0,3-0,4 пайыз. Егер Қазақстанда бұл құқықты, мысалы, сол кездегі халықтың 40 пайызын құраған орыс ұлтының өкілдері пайдаланар болса, не болмақ? Халықтың 40 пайызы қос азаматтық алып отырған жерде үлкен қиындықтар туындайтыны, айтпаса да түсінікті. Бұл даудың Қазақстан пайдасына шешілуіне Елбасымыз бен сол кездегі Ресей Президенті Борис Ельциннің достығы себепкер болған.

Профессор Амангелді Айталы Ата Заңымыздың тұрақтылық пен келісім кепілі болып отырғанына, осы мәселеге әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарау керектігіне ерекше тоқталды.

— Табиғи байлық таусылады. Ал келісім мен ынтымақтың құны ешқашан түспейді. Ынтымақ — бар байлықтың көзі, — деді.

Сондай-ақ, ол:

— Конституциямызда астамшылықтың қай түріне де, соның ішінде рулық астамшылыққа да жол берілмейтіні айқын айтылған. Бірақ арамызда астамшылықтың бұл түрінен құр емес адамдар бар, — деді.

Конституцияның қабылдануы бар да, іске асырылуы тағы бар. Осы орайда баяндамашы:

— Конституцияда көрсетілген барлық игілікке бірден қол жетпеуі мүмкін, бұған тарихта мысалдар көп. Көзделген мақсат ұзақ уақыттан, кейде тіпті араға ғасыр салып жүзеге асады. Мысалы, көптеген елдер ерлер мен әйелдер құқы тең дегенді әлдеқайда бұрын айтқанымен, бұл ХХ ғасырдың орта тұсында ғана жүзеге асырыла бастады, — деді.

Келесі баяндамашы — тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев қазақтың ата заңдары тарихы Шыңғыс ханның «Жасағынан» бастау алатынын айтып, одан берідегі Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» төңірегінде сөз қозғады. Бір қуантатыны, «Жеті Жарғының» кей тұстары жөнінде жазба деректер сақталып қалған.

Жиында, сондай-ақ, еңбек ардагері, ҚР еңбек сіңірген дәрігері Ізбасқан Аймағамбетов, ҚР мәдениет қайраткері, облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы саяси кеңестің үйлестірушісі Еркін Құрманбеков баяндама оқыды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орай, мемлекеттің конституциялық негізінің қалыптасуы және дамуына қосқан елеулі үлесі мен еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі белсенділігі үшін бір топ ақтөбелік азамат «Қазақстан мәслихаттарына — 20 жыл» медалімен және облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды. Оларға өз марапаттарын облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова табыстады.

Марапатталғандар арасында «Шамшырақ — Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Қазақстан—Ақтөбе» телекомпаниясының директоры Раукен Отыншин, облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы саяси кеңестің үйлестірушісі Еркін Құрманбеков, т.б. бар.

 

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button