Ирина Ерофеева ҚОЛБАСШЫ, БИЛЕУШІ ҺӘМ САЯСАТКЕР

(Соңы. Басы газетіміздің өткен №97-98 санында)
1725-1727 жылдары Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының амалсыздан солтүстікке қарай ығысуы Ресей империясына қарасты және отырықшы бірнеше халықтар мен қазақтар арасындағы жағдайды ушықтырып жібереді. Еділ қалмақтары, Жайық пен Сібір қазақтары, башқұрттар Жайық, Елек, Тобыл бойларындағы құнарлы жайлауларға иелік етуден бас тартқысы келмеді.
Ал қазақтар осы өңірлерді өздеріне заңды түрде қаратып алу үшін олармен талай рет соғысып, ресейлік кеңселермен келісім жасауға бірнеше рет талпыныс жасады. Тарихи құжаттарға қарағанда, қазақтар орыс шекарасындағы патша үкіметінің өкілдерінен Жайық, Елек, Тобылдың орта тұсы бойларында еркін көшіп жүруге, орыс бодандары — қалмақтар мен башқұрттардың, қазақтың шапқыншылығын тыюға кепілдік алуға көп әрекеттенген.
… 1726 жылғы қаңтардың 18-інде Қойбағар Көбеков бастаған, құрамында Сүгір, Едікбай, Қажыбай сынды бірнеше Кіші жүздің игі жақсылары бар қазақ делегациясы Молла Мақсұт (Максюта Юнусов) атты башқұрт көпесіне еріп Петербургке келіп, Сыртқы істер коллегиясына өтініш-хат тапсырады. Бірақ одан нәтиже болған жоқ.
Қазақ көсемдерінің мұндай қимылдары нәтиже бермегеннен кейін Әбілқайыр хан мен онымен одақтас Орта жүз билеушілері қалмақ тайшыларын Жайық жағасынан күшпен ығыстырып, қазақ жайылымдарын кеңейткісі келді.
1726 жылы Әбілқайыр хан, Орта жүз билеушісі Семеке, Барақ сұлтан, Семекенің ұлы Есім сұлтан бастаған 10 мың қазақ жасағы қалмақ тайшысы Лобжы Назаровтың ұлысына шабуыл жасады да, мұның соңы үлкен қантөгіске ұласты, «Әбілқайыр әскері Лобжы ұлысын талқандап, көптеген адамдарын қырып, әйелдері мен бала-шағаларын, малын түгел олжалап кетті» деп жазады тарихшылар. 1728 жылы еділ қалмақтарына елші жіберіліп, екі жақ татуласты да, бұл Жоңғар хандығының әскери-саяси агрессиясына күшті түгел жұмсауға мүмкіндік берді — қазақтың ту сырты тыныш еді.
… Қазақ даласының оңтүстігінде қалыптасқан қауіпті жағдай үш жүздің күллі күшінің бірігіп өте күшті, жақсы ұйымдасқан жауға қарсы тұруын талап етті.
Шамамен 1726 жылдың соңы, 1727 жылдың басында Шымкенттің батыс жағындағы Ордабасы мекенінде үш жүздің құрылтайы болды. Бұл жиынның көсемі Әбілқайыр хан болғанына дау жоқ. Ол бұл кезде есімі мен ерлігін, кемеңгерлігін күллі қазақ даласы мойындаған тұлға еді. Әбілқайыр күллі қазақ әскерінің бас қолбасшысы сайланды. Дәл осы сәттен бастап қазақ әскері жоңғар әскерін ығыстыра бастады.
… Жоңғарлар бірінші рет 1727 жылы Бұланты өзені бойындағы Қарасиыр деген жерде зор жеңіліске ұшырап, шайқас өткен жер «Қалмақ қырған» атанып кетті. Дәл осы шайқаста Кіші жүздің Жетіруының батыры Тайлақ пен оның жиені, Ұлы жүз батыры Саурық басқарған қолдар ерекше ерлік үлгісін көрсетті. Осы жеңістен соң қазақ халқының рухы асқақтап, өзінің күшіне деген сенімі бекіді.
… Әбілқайыр ханның, оның қолбасыларының Бұланты жағасындағы жеңісті жалғастыра отырып, жоңғарларды біржолата қуып тастауына сол тұстағы өзге оқиғалар себеп болды.
1931 жылы өзінің Ырғыз өзені бойындағы ордасында А.И.Тевкелевті қабылдаған Әбілқайыр «қонтайшымен соғыстың нәтижесіне ырза еместігін… бұхарлықтармен соғысуға тура келгенін…
… қазір Хиуа мен Бұқармен татуласқанын» айтқан.
…1725 жылы қазақтардың көптеген рулары Хиуа мен Бұқарға қашып барып, сонда қалып қойған-ды. Олардың жағдайы мәз емес-ті. Орта жүз батыры шақшақ Бөгенбайдың айтуынша, «олардың ең жақсы дегенінде қара құрымнан істелген көлеңке қыларлық қана жаппа, жалғыз ат, бес-он жандық қана бар еді».
…1727 жылдың желтоқсанында Хиуа тағында 13 жыл бойы отырған Шерғазы хан өлтірілді де, ықпалды кісілер Әбілқайырдың ағасы Тоқтамыс ханның баласы Мамай сұлтанды хан көтерді. Көп ұзамай ол аттан құлап өлді. Енді таққа Әбілқайырдың жиен-күйеуі Батыр сұлтан отырды. Ол да көп ұзамай өзіне жасалмақ болған қастандықтан қашып құтылды. Ақыры Хиуаны он жыл бойы Әбілқайырдың немере інісі Елбарыс (Жолбарыс) сұлтан биледі. Хиуамен қарым-қатынас түзелгеннен кейін Әбілқайыр басқарған қазақ қолы жоңғар майданында табысқа жете бастады…
…1728 жылдың соңғы айларынан бастап Әбілқайыр басқарған қазақ жасағы шабуылға шықты. Ұлы жүз қолы Қазықұрт тауының батыс беткейінен Орта жүз жасағы олардың солтүстік қанатынан, ал Кіші жүз әскері Қаратаудың батыс беткейінен шабуылға шықты. Ел тәуелсіздігі үшін болған осы жорықтағы қазақ жасақтарының топтарын Әбілмәмбет, Барақ, Абылай, Бұлқайыр сияқты Шыңғыс ұрпақтары басқарды. Ал ұрыстарда «қарадан шыққан» батырлар жетірулық Бөкенбай (табын) мен Есет (тама), қанжығалы Бөгенбай, оның аттасы шақшақ Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, шақшақ Жәнібек, Өтеген, Тайлақ, Саурық, Малайсары сияқты әйгілі батырлар ерекше ержүректікпен көзге түсті.
…1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауынан 120 шақырым жердегі Аңырақайда осы соғыстағы ең ірі шайқас болды да, Әбілқайыр әскері жеңіске жетті.
Ұзақ жылдарға созылған соғыс эпопеясының соңғы нүктесін қойған осы шайқастағы жеңіс Әбілқайырдың ұлы қосбасшылық дарыны, ерлігі мен батылдығын үш жүз қазақтарына паш етті. Оның әйгілі Ақсақ Темірге әлдебір жақындығы барлығы, шексіз ерлігі мен қайраты туралы аңыздар дәл осы кезеңде дүниеге келді. Балқаштан Алакөл қолтығына қарай созылып жатқан тау сілемі Әбілқайыр-Сұңқайты, қазіргі Подгорное селосының маңындағы жазық Әбілқайыр деп аталды.
Атақты жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенді (Галдан Церен) жеңген Әбілқайыр ханды тек Кіші жүз ғана емес, Қалмақ, Жоңғар, Хиуа, Бұхара сияқты мемлекеттердің ақсүйектері де ерекше құрметтеді, онымен жақындасуға ұмтылды. Жиырмасыншы жылдардың орта шенінен бастап Әбілқайыр іс жүзінде күллі қазақтың толық билеушісі, аға ханы болды…
***
ХVІІІ ғасырдың отызыншы жылдарында Әбілқайырдың іс жүзінде аға хан дәрежесіне көтерілгені анық, оны Кіші және Орта жүз батырлары (Бөкенбай, Есет, Жәнібек, Құдайназар, т.т.) қолдады.
Оның күллі қазақ көсемі болғандығын тарихи құжаттар да дәлелдейді. 1730 жылдың 29 қыркүйегінде Кіші жүз ханның елшілерін Петербургке ертіп әкелген белгілі башқұрт билеушілері Алдар Есенгелдин, Таймас Шаимов, Кәдірас Муллокаевтар Сыртқы істер коллегиясына «қазақтарда алты хан бар… тек олардың ең үлкені Әбілқайыр хан. Өзге хандар қандай істе де оны, Әбілқайырды, тыңдайды» деп хабарлайды. Мұны елші болып барған Сейітқұл батыр мен Құтлымбет би де растайды. «Ұлы жүз ханы Жолбарыс та, Орта жүз хандары Семеке мен Күшік те оған, Әбілқайырға, бағынады» дейді олар. Табын Бөкенбай батыр да «Тәуке ханнан кейін басты хан болып, ешкімнің кедергісінсіз өз билігін толық жүргізген осы Әбілқайыр хан» екенін А.И.Тевкелевке айтып берген. Орта жүз ханы Семеке де «Әбілқайыр қазақтардың басты ханы екенін» орыс үкіметіне баяндаған.
Аталған фактілердің барлығы да «Кіші жүз билеушісінің қарсыластары оны аға хан ретінде мойындамаған, Әбілқайырдың Орта жүздік Жәдік ұрпағынан тарайтын сұлтандармен жауласуына осы себеп болған» деген пікірді толығымен теріске шығарады.
Қазақтың жақсы-жайсаңдарының аталмыш пікірлері ғана емес, Барақ сұлтанның, (1736 ж.) болашақ хан, сұлтан Абылайдың жазған хаттарындағы Әбілқайыр туралы пікірлері Кіші жүз ханының билігін оның жақтастары да, қарсыластары да мойындайтындығын, үш жүз ақсүйектерінің арасында оның үстемдігін мойындамайтын ешкім жоқтығын айқын көрсетеді.
…1736 жылдың жазында Әбілқайырды Ырғыз өзені бойындағы жайлауында кездестірген ағылшын суретшісі Джон Кэстль оның «ұзын бойлы, мығым денелі, қызылшырайлы жүзінен ізгілік сәулесі шашырап тұратын, өте күшті, қуатты, садақ тартқанда ешкімнің қайраты тең келе алмастай қуат иесі» екенін айтады. Сонымен қатар, Әбілқайырдың ірі ұйымдастырушылық және қолбасшылық дарынына теңдесер адам да Қазақ даласында болмаған. Оған дәлел — оның ірі жеңістері мен үш жүздің басын қосып, жауға қарсы майдан ұйымдастыра білген кемелдігі мен кемеңгерлігі. Қалың ел қасіретке ұшырап, тоз-тоз болып бара жатқан сәтте айқын ақылы мен сабырын, ерен күш-жігерін жоғалтпай, халықты жауға қарсы тұруға батыл ұйымдастыра білген Әбілқайыр хан ғана. Сол қиын- қыстауда ірі стратегиялық, тактикалық шешімдер қабылдап, соны ерлікпен жүзеге асыра білген, сөйтіп, есеңгіреген елдің етек-жеңін жинаған, жеңіске жеткізген — сол ғана.
Әбілқайырдың қолбасшылық дарынын ерекше атайтын патша әкімдері оның кісі сенбестей ерекше батылдығына қайран қалады.
«Аты жиі аталатын Әбілқайыр хан, — дейді Орынбор экспедициясының басшысы И.К.Кириллов, — барлық қырғыз-қайсақ хандарының ең қадірлісі һәм ақылдысы».
«Ақылы да, айласы да жеткілікті адам» дейді ол туралы А.И.Тевкелев пен П.И. Рычков.
Кіші жүз ханының өзі тұрғыластардан ақылы басым екенін оны өмір бойы жек көрумен өткен Орынбор генерал-губернаторы И.И.Неплюев те мойындайды. Ол Әбілқайыр қаза тапқаннан бір ай кейін «қырғыз-қайсақ хандығы дейтін түк те емес, ол Әбілқайыр сияқты адам билегенде ғана күшейіп кетеді» деп жазған…
* * *
Жиырма жыл хан тағында отырған Әбілқайыр үлкен өмір мектебінен өтіп, қазақ елімен шектес Ресей аймақтарының, ортаазиялық мемлекеттердің саудасы, әскери ісі, саяси құрылымы мен тұрмысы, мәдениеті туралы үлкен біліктілікке ие болды. Еуразия билеушілерінің көпшілігімен таныс-білістігі, өзінің жеке тәжірибесі мен тануға құштарлығы оны нағыз білгір, дана билеуші деңгейіне көтерді.
… Хан қазақ жүздерінің әскери-техникалық, институттық, технологиялық, өзге де тұрғылардан кейін қалып келе жатқандығын айқын аңғарды. Сергек ойлы, білікті қазақ көсемі Әбілқайыр хан көз алдында өтіп жатқан құрлық картасын геосаяси тұрғыдан қайта бөлісудің қазақ мемлекетіне қандай қатер төндіріп отырғанын айқын аңғарды.
«Менің айналамды анталаған жау қоршап тұр» деп жазады ол 1731 жылы. Дәл осындай жағдайдағы елдің жоғарғы билігінің қарапайым көшпелілерге ықтиярын жүргізерлік, ру-ру, тайпа-тайпа болып бөліне жөнелуге әзір отырған елді біріктірерлік қуаты жоқтығын ол, бәлкім, қазақ билеушілері арасында бірінші болып түсінген көсем де болар. «Біздің көзіміз тайса, халқымыз көрінгенге еріп кете береді» деуінің себебі осында. Өз бағыныштыларының жүзге, тайпаға, бөлінушілігін аңғарған Әбілқайыр хан билігі өте күшті болмаса «біздің ессіз жер жұрт көрінген жауға көз жұма беріліп, абыройдан айырыларын» айтады.
… Екі бірдей орталықтандырылған, қуатты империяның ортасында жатқан елдің саяси құрылымы тек қана қуатты автократия боларына Әбілқайыр қатты сенді. Ол үшін билеушінің толық құқы, хан тағының қатаң мұрагерлік салты және көшпелілердің барлық әлеуметтік сатыларын түгелдей әкімшілік-әміршілдік жолмен бағындырып, билеп отыратын хан әкімшілігі аппараты қажет деп есептеді. Онысы қате емес-ті: оның елін қоршап тұрған елдердегі билік әрқашан сондай басқару жүйесінде еді де, сонысымен де қуатты болатын.
Әбілқайырға Ресей протекторатындағы дербес билеуші Аюке ханның үлгісі ерекше әсер еткен-ді. Осы бір қуатты патша вассалы Атырау жағалауы мен Оңтүстік Оралда әскери табыстарға жеткенімен қоймай, түрік сұлтанымен, цин императорымен және жоңғар қонтайшысымен терезесі тең дипломатия да жүргізетін. Ресей императоры Бірінші Петр Аюкемен тікелей жүздесуді өзіне ұят санамайтын, ал 1722 жылы Персиядан Петербургке қайтып келе жатып Аюкеге оның үлкен ұлы Церен Дондукті мұрагер етемін деп уәде беріп, далалық тамырына гауһар орнатылған қынабы бар қылыш сыйлаған. «Еділ бойының билеушісінің» мұндай тәуелсіз-тәуелді жағдайы Әбілқайыр мен оның үзеңгілестерін қазақ даласындағы билікті өзгертуге итермелеп, күшті держава монархына арқа сүйеуге шақырған-ды.
…1731 жылы қазанның 6-сында хан А.И.Тевкелевке «Біріншіден, біздің хандарда толық билік жоқ. Екіншіден, мұрагерлік те жоқ. Сол себепті, Ұлы мәртебелінің қолдауымен Аюке хан сияқты жағдайға жеткім келеді» дейді…
Сол кездегі хан билігінің осалдығы қазақ жүздерінің өз ішіндегі алауыздық пен жікке бөлушілікке тыйым сала алмайтынын Әбілқайыр хан айқын білген, ал бірлігі жоқ елдің болашағы да бұлдыр еді. Ең көреген қазақ хандары да (Қасым, Есім, Тәуке) рубасылар алауыздығын жою үшін ежелгі заңдар жүйесін пайдалануға тырысты. Бұл хан билігінің әлсіреуі мен сепаратизмге қарсы әсерін тигізе алған жоқ.
…Әбілқайыр алдында екі жол тұрған-ды: бірі — өмір ыңғайына жығылып, қантөгіс соғыстардағы ерлік пен жігер арқылы қол жеткізген нақты биліктен айрылу, сөйтіп, елді тағы да шашыратып алу, екіншісі — сол билікті тарихи тұрғыда маңызды боларлық етіп күшейту, елді мемлекетке айналдыру. Ол екінші жолды таңдады. Ол жол қиын еді…
…Генерал-губернатор И.И.Неплюев Әбілқайырдың орыстың император әйеліне юриспруденциялық және әскери-саяси қолдау көрсету жөнінде бірнеше қайтара өтініш жасауы император тағының геостратегиялық мүдделеріне қызмет етуге ұмтылушылық еместігі туралы Сыртқы істер коллегиясына хабар айтады.
«Оның мақсаты өз халқына деген билігін күшейтіп алып, сол арқылы өз халқының қызмет етуден өзге ештеңе де емес» деп жазады орыс генерал-губернаторы. Ол қателескен жоқ-ты.
… Елді біріктіретін хан билігін күшейту арқылы Әбілқайыр арнайы әкімшілік-әміршілік құрылымдар құрып, ел шекаралары мен дала қойнауында бірнеше бекініс салдырып, сол жерлерге әскерлер орналастырғысы келді. Ол Түркістанды қайтарып алып, Ор өзенінің бойынан, Елек бойынан және көне Жанкент тұрған Сыр бойынан үш қала салдырғысы келді. «Егер Ордан қала тұрғызсам, мен, Әблқайыр хан, жауларымды тыныштандыра алған болар едім… Маған жауды тыншыту үшін 400 адам да жетер еді. Мен сонда қазақтардың, қарақалпақтардың өздерімен өздері қырқысатын тайпалық, рулық соғыстарын болдырмас едім».
…Соғыс тыйылып, жағдай түзелісімен Орта жүздің Батыр сұлтаны мен оның жақтастары Әбілқайыр хан беделінің асқақтап кеткеніне қызғаныш білдіріп, оның тағынан дәмете бастады. Бөкенбай батырдың (табын) айтуынша, Әбілқайыр «күйеу баласын иттен де жек көрген, себебі «әлгі Батыр сұлтан Әбілқайырды қазақтар өлтіріп тастаса, орнына хан болар едім деп жүр». Есесіне Әбілқайырды ықпалды батырлар жақтады. «оны, Әбілқайыр ханды, солар көздің қарашығындай сақтап, оның орнына Батыр сұлтанды отырғызу жайлы сандырақты естігілері келмей отыр»…
…Кіші жүз ханының орыс император әйелінің қамқорлығына қырық мың казақтарыммен кіремін деген өтінішін император сарайы жайлы оқиға деп есептеді де, қазақ елшілігін патша ақсүйектері жақсы қабылдады.
Әбілқайыр ұсынысына 1731 жылғы наурыздың 14-інде Министрлер кабинеті қанағат бұрыштамасын соқты.
Дегенмен Қазақ елінің Ресей бодандығына сұрануына орыс тәжінің аса сақтықпен, сенімсіздікпен қарағаны тарихи құжаттардан белгілі болып отыр.
Патша министрлері қазақ елшілерінің Кіші жүз ханы императорға берілгендік кепілі ретінде аманат беруге және жасақ төлеуге әзір екендігін баяндағанына сенбеді, бірақ оның өтінішін қанағаттандыру керек деп шешті. Ресей жағы бұл қазақтардың орыс бодандарына шабуылы тыйылуына, елдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштық орнауына, сауда керуендерінің тоналмауына қазақ сұлтандары мен ақсақалдары кепіл боларына, Ресейдің беделі өсеріне себеп боларына сенді.
… Сонымен қатар, Анна Иоановнаның министрлері Әбілқайыр өтінішін аяқасты ету императрицаға деген башқұрттар сенімін де селдіретеді деп ойлаған-ды…
* * *
Әбілқайырдың патшаға ант беруі қазақ даласын қозғалысқа келтірді. 1733 жылы Ұлы жүздің бес беделді кісілері — Төле би, Қодар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бөлек батыр Анна Иоановнадан орыс бодандығын сұрады.
…1733-1735 жылдары оңтүстік қазақтары жоңғарға бағыныштылықтан үш жылға ғана азаттық алып, тәуелсіздігін қайтадан жоғалтқан-ды. 1735 жылы Қалдан Серен үстемдігін қайта орнатты. Жолбарыс хан Тевкелевтің Батыс Қазақстанға келіп жатқанын естіп, Қонай мырза мен Сырымбетті Кіші жүзге елші етіп аттандырды. Ресей бодандығын сұрады. Көп ұзамай Жолбарыс қайтыс болды да (оны Ташкент қожалары мешітте өлтіріп кетті). Ұлы жүз жоңғар езгісінде қала берді…
…Қазақ бағыныштылығы ресми құжаттар қабылданған кезде сателлиттік-вассалдық тұрғыда еді. Кіші және Орта жүз билеушілерінің көздеген бодандық ол кезде қазақтарға қамқорлық туғызу тұрғысындағы мақсатты ғана көздеді.
Әйтсе де, патша үкіметі бұл бодандықты толық бағыныштылыққа айналдыруға тырысып бақты. Ресей империясы қазақ жұртшылығын күштеп билеуге көше бастады…
… Жайықтың орта тұсы мен жоғарғы жағындағы өзен жағалауындағы алқаптар Анна Иоановнаның үкіметі қабылдаған құжаттар бойынша қазақтарға тиісті еді. Кіші жүздің билеушілері 50-130 жыл бойына осы құжатқа сүйеніп, Орынбор әкімшілігімен айтысып келді.
… Әбілқайырдың жетістігі қазақтарға Жайық бойындағы терістіктегі территорияларды алып беріп, қазақ жерін кеңейткендігінде. Кейінгі үш-төрт ұрпақ осыны мақтан етіп жүрді. 1748 жылы әйгілі қазақ биі Қазыбек Келдібекұлы Кіші жүз бен Орта жүз құрылтайында Әбілқайырды «қазақтың ең текті ханы» деп атап, оның «орданың жерін кеңейткенін» айтса, Жайылхан би «Әбілқайыр жеті жұрттың бәріне өзі жауап бере білді, халықтың қамын қапысыз ойлады» деп мадақтаған… Ал Тілеуберген би «Біздің осы жайлауларда бабаларымыз ноғайлықтар көшіп жүрген, бастары піспеген соң олар жерден айырылып қалған. Біз бұл жерге Әбілқайырдың арқасында ғана қайта көшіп келдік» дейді.
А.И.Тевкелев «Күллі қырғыз-қайсақ халқының едәуір бөлігі Әбілқайырды патша бодандығы қабылдағаны үшін ұнатпай қалғаны рас. Ал жағдайлары жақсарғанын көрген соң оны ерекше құрметтеп, сыйлайтын болды» деп жазады.
… 1734 жылғы маусымның 15-інде И.К.Кириллов пен А.И.Тевкелев жасақтап, басқарған Орынбор экспедициясы Петербургтен шығып, екі аптадан соң Ор жағасына келді. Олармен бірге император сарайында жүрген Әбілқайыр елшілігі де отанына оралды. Бұл башқұрттардың төрт даруғаны (аймақ) қамтыған көтерілісін тіпті күшейтіп жіберді. И.К.Кириллов соған қарамастан істі бастап кетті де, 1735 жылғы тамыздың 12-сінде «Жайыққа Ор келіп құятын сағада отыз зеңбіректен үш рет оқ атқыздырып, тоғыз мұнаралы қамалдың іргетасы қаланды».
Орынбор іргетасын кетеру салтанатына башқұрттар, уфалық мешірлер, қазақтар мен тәшкенттік саудагерлері бар көп халық қатысты. Бұл салтанатта Әбілқайырдың он үш жасар ұлы Ералы, немере інісі Нияз сұлтан, басқа да қазақ ақсақалдары болды. И.К.Кириллов Нияз сұлтаннан Әбілқайырға хат жіберіп, келер көктемде Орынборға келуін өтінеді.
Башқұрт көтерілісі күшейіп бара жатқан соң орыс экспедициясы Орскіні тастап шығып, Самара қалашығына келді. Қамалда әскери горнизон, құрылысшылар және аманат ретінде қасында бірнеше қазақ басшылары бар Ералы сұлтан қалды.
Орыс қамалдары жедел салына бастады…
…1736 жылғы маусымның 21-інде Әбілқайыр ханның жазғы ордасына ағылшын суретшісі Джон Кэстль келді.
… Әйгілі қазақ батыры Жәнібек 1742 жылғы тамыздың 26-сында И.И. Неплюевке: «Барлық қазақтардың бодандықтың пайдасын сезінбеуі мүмкін емес, шекпені жоқтың иығына қос шекпен жабылды, жалғыз шекпені бары тіпті байыды. Өзіне қажет нәрсеге қазақтар қарық боп қалды» деп жазды. Әбілқайырдың өзі Сыртқы істер коллегиясына «Жайық бойында бұрын қамал жоқ еді, мұнда сауда да жоқ-ты. Қазір қырғыз-қайсақтар саудасын жасап тұр. Шөбі шүйгін, суы тұнық, Жайықтың бойы бізге берілді, мен бұл үшін мың мәрте ырзамын» дейді.
… Әбілқайыр өз арманының орындаларына, күллі қазақты біріктіріп, сол заманға лайық мемлекет құрарына сенді.
1736 жылы Башқұртстанда көтеріліс күшейді де, Әбілқайыр орыс әскеріне көмектесемін деген сылтаумен башқұрт жайлауына келіп башқұрт ханының тағына үшінші ұлы Қожахметті отырғызуға талаптанды. Орынбор экспедициясының бастығы В.Н.Татищев Әбілқайырдың жоспарын біле қойды да, онымен нәзік дипломатиялық ойын жүргізе бастады. Ханға көмегі үшін алғыс айтып, орыс тағына адалдығы үшін 100 сомның сыйлығын беріп, сұраусыз келген қаһарлы қонақты Ноғай даруғасынан Ырғызға қайтуға көндірді.
Келер жылы Әбілқайыр бұлғақ басталып жатқан Башқұрт еліне қайта келіп, Ноғай даруғасына қоныстанды. Ол ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдерінің өтінішіне орай келіп еді. Сол жерде беделді башқұрт батырларының бірінің қызына үйленді.
…1738 жылғы сәуірде башқұрт әскерін бастаған Әбілқайыр Орск маңына келіп, бейбіт башқұрттарды тұтқындап, қалаға кірді. Майор Борис Останков ханның бұл қылығына қарсылық көрсеткісі келгенде хан қылышын суырып алып: «Қала менікі, мен үшін салған қала, ал тілімді алмағанның басын аламын» депті.
…Ханның бұл қылығынан қатты сескенген В.Н.Татищев Б.Остамковқа ханға еріп жүрген башқұрттарды тұтқындауға ордер береді. Әбілқайырды шамдандырмас үшін майор оларды қате тұтқындаған, оны жазалаймын деп ханға хат жолдайды. Өзі император әйелге: «Әбілқайыр хан антты бұзғанымен, мен бұлардың ақымақ жабайылығын көріп отырсам да, басқа хандар мен сұлтандарды үркітіп алмас үшін бұларды еркелете ұстап, кінәларын ақырындап ұқтырсам деп отырмын» деген хабар жібереді. Патша үкіметі мұндай жұмсақтықты қолдамайды. Татищевке «бүкіл әскеріңмен Орынборға жетуге асық» деген нұсқау келеді.
…1738 жылғы тамыздың 3-інде Әбілқайыр хан мен қазақ ақсүйектерінің Ресей бодандығын қабылдауына арналған салтанат болды.
Орыс басшылары осы салтанаттың айбары мен сәні арқылы ханға көрсетілген ерекше құрмет арқылы Ресей тәжінің айбаты мен беделін, қазақтар үшін империя боданы болудың артықшылығын дәлелдеуге жанын салды.
… «Адам өз ғұмырында артына ұрпақ қана қалдырады, бірақ малдың да соңында төл қалады ғой, ал абырой мен адал даңқ өлмейді, сол себепті мен өз ісімнің тарихта қаларына ғана қуанамын» — дейді Әбілқайыр хан.
…Тарих соны растады.
«Алтын Орда». 8 желтоқсан, 2000 жыл.




