Тарих

Қолбасшы, билеуші һәм саясаткер

Ирина Ерофеева

Қазақ Елінің, қазақ ұлтының   тарихында теңдесі жоқ ұлы өнеге, өшпес із қалдырған ұлы қолбасшы, дана билеуші және әйгілі саясаткер Әбілқайыр хан туралы толыққанды тарихи еңбектер әлі күнге тапшы да, ол жайлы шала-жансар жорамалдар мен рас-өтірігін ажыратып алу қиынға соғатын аңыз-долбарлар көп.

Қазақтың тарихы қыл үстінде тұрған тарихи кезеңде ерлік, қолбасшылық дарынмен ерекше көрегендігімен ұлысты ғана емес, тұтас ұлтты құрып кету каупінен құтқарып қалған, жеке басының ерлігімен, даналығымен Қазақ даласында да, өзге ұлыстарға да даңқы жайылған Әбілқайыр ханның тарихи тағдыры қаншалықты қиын болса, ол дүниеден өткеннен кейін де оның есімі айналасындағы дау-шар толастап көрген жоқ. Тіпті, тарихшылар мен «ауызша тарихты» былай қойғанда, білгенін де, білмегенін де құса беретін, қиялдан тарих жасағансып, қызыл тілін ұялмай безейтін, қазақ тарихын сырттай ғана білетін күлдібадам жазушысымақтар да оның киелі есімін саудайы пиғылмен қорлауға дейін барғаны рас. Одан ұлы ханның, дана тұлғаның еңсесі кішірейген жоқ. Он сегізінші ғасырдың тарихын зерттеген салауатты тарихшылардың бір де біреуі Әбілқайыр есіміне соқпай өтпеген. Себебі, сол ғасырдың алғашқы жартысындағы шешуші кезеңдердің барлығында Әбілқайыр атқарған шешуші ролді оның өзі тұтас-бақталастары да теріске шығара алған жоқ. Бұл — тарихи шындығы. Бір өкініштісі — соңғы кезеңдері терең кәсіби талдауға, зердеге сүйенудің орнына «пәленшекең айтқанды» жалғаңқырап кете беретін қазақ тарихы көшелі пәннен гөрі «ғылыми-фантастикалық әфсанаға» көбірек ұқсап кетіп жүр. Бір қызығы — сол дарынсыз қияли «дүниеліктердің» қоғамдық пікірге, ұлттық санаға әсер етуден дәмесі де бар сияқты. Бір жақсысы — қазақы «тасқанудың» көбік-желігі енді ғана басылып, тарихтың барын бар, жоғын жоқ дей білу де салтқа ене бастады. Ұлы Әбілқайырдың толық тұлғасын бүгінгі ұрпаққа айқын таныстырудың да басталғаны сезіледі. Тарихшы Ирина Ерофееваның «Хан Абулхайир: полководец, правитель и политик» атты «Санат» баспасынан өткен жылы шыққан еңбегі Әбілқайыр сында ұлы тұлғаның шынайы болмысын танытуға арналған адал талпыныстың бірі. Біз сол еңбектен үзінділер жариялауды парызымыз санап отырмыз.

 

«Жалған жарық дүние ешкімге опа бермеген, ол менен де қалар, сол себепті мен өзімнен өрген ұрпағым мен өзімнің халқым қазаққа қиыннан қиып жол салсам деймін, сол жолды олар ұстанса, қажетіне жаратса деймін…»

                                                                                                        Әбілқайыр хан.

                                                                                                      1747 жыл, маусым.

«Бірде әйгілі халық батыры Жәнібек қасына нөкерін ертіп, көрші өлкеге аттанады. Бес күн жол жүрген топ түс әлетінде жапан далада өсіп тұрған жалғыз бәйтеректің көлеңкесінде тәтті ұйқы құшағында жатқан жас жігітті көреді. Жігіттің келбетіне ерекше сүйсінген Жәнібек батыр атының басын тартады. «Мұндай сымбат, қуат шашқан келбет ердің еріне бітер болар, — дейді ол серіктеріне, — қолын екі жаққа еркін жайып жіберіп, күллі дүниені құшағыма қусырып аламын дегендей жатысына қараңдар! Осы жігітті ұлы болашақ күтіп тұрғаны анық. Осы айтқаным болмаса, мен Жәнібек болмай кетейін».

Бұдан жүз жыл бұрын торғайлық көшпелілердің аузынан өлкетанушылардың бірі жазып алған осы аңыз әңгіме Әбілқайыр ханның айшықты тұлғасы мен қазақы қоғамның тарихи-әлеуметтік дамуына сіңірген еңбегі туралы далада қалыптасқан пікірді мейлінше айқын да дәл бейнеленген.

Бірегей интеллектуалдық дарыны, ерлігі мен сирек ұшырасатын күш-жігері стратегиялық ой-жоспарларының ұлылығы мен ішкі және сыртқы саясатта қол жеткізе алған зор табыстары жағынан қазақтың бұрын өткен ең ұлы билеушілерінің бірі — Әбілқайыр. Адам таңданарлық құбылыс болған оның сырын түгел түсіну, мүмкін, біздің отандық тарихшылардың қолынан әзірше келе де қоймас, мүмкін, ол болашақ тарих ғылымы мен қоғамдық саяси ойдың еншісі де болар.

Аймақтың саяси сахнасынан Тәуке хан кетіп, XVIII ғасырдың 50-жылдарының аяқ шенінде сол сахнаға әуелі сұлтан, кейін хан болған Абылай шыққанға дейінгі аралықта үш жүздің қоғамдық өміріндегі ең басты, шешуші рольді атқарған Әбілқайыр болатын. Осы аралықтағы қазақ халқының өзін-өзі рухани тұрғыдан тануы мен тарихи жадында өшпес із қалдырған ең басты, ең маңызды барлық әскери һәм саяси оқиғалардың барлығы осы хан есімімен тікелей байланысты. Әбілқайыр тұлғасының сомдығы мен күрделілігі, оның дала өмірінде және халықаралық аренада жасаған атышулы қадамдарының көпшілігі отандық тарихшылардың, әдебиетшілердің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің бірнеше ұрпағының ешқайсысын бейжай қалдырған жоқ. Он сегізінші ғасырдың 30-жылдарынан күні бүгінге дейін Әбілқайыр билігіне деген қоғамдық пікір бір суып көрген жоқ, ал ол жайлы қызу пікірталас, пікірлер қайшылығы әлі жалғасып келеді. Мұның өзі — осы әйгілі қазақ қолбасшысы әрі саясаткері болған оның өмірі мен қызметінің қаншалықты зор ауқымды һәм көп мәнді болғандығының белгісі.

Ол дүниеден өткеннен бергі 250 жыл бойы Қазақстан мен Орта Азия тарихы бойынша күрделі еңбектер мен тарихи очерктер авторларының ешқайсысы да оны айналып өткен емес. Сол себепті Әбілқайыр турасында әрқилы аңыздар, стереотиптер мен конъюнктуралық-идеологиялық мистификациялар өте көбейіп кетті.

Ханның әрқилы пікірдегі замандастары оны XVIII ғасырдың екінші ширегіндегі қазақ билеуші тобының ең ұлы, ең беделді өкілі деп танып, оның жоңғар басқыншылығына қарсы күресті ұйымдастырудағы, қазақ жерінің шебін кеңейтудегі, көрші елдер мен халықтар арасындағы сауданы, қарым-қатынасты дамытудағы, Қазақ елінің Ресеймен жақындасудағы жетекші ролін толық мойындады.

Әйтсе де Әбілқайырдың көздеген басты мақсаттары мен саяси қимылы Орынбор өлкесіндегі патша самодержавиесінің жергілікті органдары өкілдерінің арасында кереғар пікірлер туғызды. Белгілі орыс әкімдері А.И.Тевкелев, И.К.Кириллов, В.Н.Татищев, В.А.Урусов және П.И.Рычковтар қазақ көсемінің орыс билігі көмегімен хан билігін жетілдіріп, нығайту үшін жасаған ұмтылысына негізінен оң көзқараста болды, сол кезең үшін оның мүддесінің Ресейдің осы аймақтағы ұзақ мерзімге есептелген мүдделеріне қайшы келмейтінін мойындады. Ал ресейлік отарлау саясатының міндеттеріне ұшқары, астам көзқарастағы Орынбор губернаторы И.И.Неплюев Әбілқайырдың қазақ жүздеріндегі басты хан билігін күшейтуді көздеген стратегиясының бодан аймақтағы ресейлік үстемдік саясатына кері әсер етерін ескеріп, қазақ көсемінің патша үкіметімен жақындасуына да, Орта Азиядағы қимылына да қарсы болып, ханды «айлакер ойыншы», «өркөкірек», «өтірікші» һәм «өзімшіл» деп атады.

Патша генералының Әбілқайырды қарадай жек көретіні өз алдына, оның «Ресейге шын берілген боданға ұқсамайтынын» жиі қайталауының қосымша себептері де бар еді. Біріншіден, И.И.Неплюев Ресейдің Орта Азиядағы саясатында үкіметке қарағанда мейлінше қатал отарлаушылық көзқарасты ұстанатын, ал, екіншіден, ол орыс империясының идеясын Орта Азия да ұқыптылықпен іске асырып қана қоймай, жаңа отардың мүсіншісі, жаратушысы ролін де атқарғысы келеді. Сондықтан өз мүддесіне орай Билеуші Сенат пен Сыртқы істер коллегиясына Әбілқайырды мейлінше жаман етіп көрсетуге жанын салды. «Бас хан» институтының қазақтар арасындағы дербес және әлеуметтік беделін көтеруге қарсы болған генерал петербургтік лауазымдыларға Әбілқайырдың үш жүз алдындағы беделін мейлінше құлдыратып көрсетіп, оны билікқұмар біреу етіп суреттеді.

М.П.Вяткин , П.Е.Матвиевский, аздап қана, Н.Г.Апполова мен В.А.Моисеевтен өзге төңкеріске дейінгі және кеңес зерттеушілері И.И.Неплюевтің Әбілқайыр беделінің қазақ арасында төмен екендігі, ханның билікқұмарлығы мен қимылдарының кереғарлығы, орыс бодандығын жеке басын ғана ойлап қабылдағаны туралы жалған тезистерін тікелей көшіріп алып, қайталаумен келеді… Өзгеше айтқанда Әбілқайыр өмірі мен қызметі туралы тарихнама оның өте беделді замандасы һәм жауы жазған жазбалардың ықпалымен өрескел бұрмаланып, ханның шынайы тұлғасымен болмысын анықтауға кедергі болып келеді…

 

***

…Халық аңызына сайсақ, Жәнібек батыр ( 1751 жылы өлген) ұйқыдағы жігітті найзасының ұшымен қолынан түртеді. Ол атып тұрып, оқтаулы садағын Жәнібектің көкірегіне тақайды. «Тоқта, ақымақ! — дейді Жәнібек, — түсір садағыңды! Мен Жәнібекпін, саған жау емес, доспын». «Сен даңқты Жәнібек болсаң да, жөнімен жатқан, өзіңде шаруасы жоқ кісіге тиіспе! — дейді жігіт, — Мен өзімді ешкімге ат үстінде тұрып найзамен түрткізбеймін. Мен кедеймін — бірақ тектімін. Сен, Жәнібек, сол жаққа кет. Мен, Әбілқайыр сұлтан, оң жаққа кетем!… Әй, Жәнібек, қаралар қашаннан ақсүйекті сыйлаудан қалған?».

Жәнібек атынан түсіп жігітке қолын ұсыныпты. Сол жолы достасқан екеудің содан соң жұбы жазылмапты…

Жазба деректер бойынша Қажы сұлтан мен бауырлары қысты Сыр бойында қыстап, жазда Торғай, Ырғыз және Жем бойын жайлаған. Бұл жерді мекендеген Кіші жүз қазақтарына Еділ қалмақтары жиі шабуылдап, басқыншылық жасап отырыпты…

XVIII ғасырдың басында Қазақстанның солтүстік батыс аймағына қалмақ ханы Аюке жиі көз тігіп отырған-ды. Ресеймен шектес көшпелілерден   мал барымталап, құл әкетумен айналысып келген Аюкеге 1697 жылы Бірінші Петр Оңтүстік Орал мен Еділ бойындағы «адал бодандарға» тиіспеу туралы жарлық береді. Аюке енді күллі назарын қазақ және Хиуа хандықтарына салады…

Н.Я.Бичурин кейбір қазақ сұлтандарының Аюкеге тәуелділігін айта келіп, «кейін Кіші жүз ханы болған Әбілқайыр да кезінде қалмақ ханының ордасында қызмет еткен» дейді…

…Еркінен тыс қалмақ ұлысында болған жас Әбілқайыр Аюкенің әскерін қалай баулығанын, Еділ қалмақтарын билеу жүйесін көзімен көріп, этнографиялық және геосаяси дүниетанымын кеңейтеді. Сол кездегі дала қолбасшыларының даңқты біреуі болып саналған Аюке ордасында болған күндер ержүрек те есті сұлтанның жадында берік сақталыпты. 1723-1726 жылдар Еділ қалмақтары өздерін шапқан Әбілқайырдың ересен күш иесі ғана емес, әскери шеберлігі өте жоғары жауынгер екендігіне көз жеткізген-ді.

Аюке билігінің күшті қырлары мен қалмақ ханның ержүрек бейнесі жас сұлтанның кеудесінде берік жатталып қалған сияқты. Жиырма жылдан кейін Петрдің әйгілі «еншілесі» және сенімді адамы болып, дербес ішкі және сыртқы саясат жүргізе білген қалмақ билеушісінің саяси феномені қазақ ханының өнегесіне айналып, Ресей бодандығын сұрауына себепкер де болған шығар. Әбілқайыр Ресейден Аюке сияқты сыбаға, дербестік, еркіндік күткен…

1708 жыл мен 1709 жылдың басында Оңтүстік Қазақстан жеріне жиі басып кіріп, ойран салып кетіп жүрген ойраттар лаңы тұсында Әбілқайыр сұлтанның қолбасшылық дарыны, ержүректілігі мен жауынгерлігі ерекше көзге түседі.

Жоңғарлармен соғыста Әбілқайырдың қан майданда жасаған қайсар ерліктерімен шыға бастаған даңқы Кіші жүзбен жерлері шектес жатқан башқұрт тархандарының назарын аударды. Еділ-Орал аймағындағы патша әкімшілігіне қарсы көтерілген башқұрттардың тарханы Алдар Исянгелдин мен оның серіктері текті сұлтан, айбынды қолбасы Әбілқайырға арқа сүйегісі келеді. 1709 жылы ойраттардың кезекті шабуылын тойтарғаннан кейін Әбілқайыр Алдардың шақыруымен Аралдың терістігінен Шығыс Башкирияға, орыс үстемдігіне қарсы башқұрттар көтерілісі жүріп жатқан Ноғай даруғасының жеріне көшті.

Империяның оңтүстік-шығысында әскери һәм аграрлық-өнеркәсіптік отарлауды көп жылдан бері аяусыз жүргізіп отырған патша билігінің езгісі, башқұрттарды қазақ жеріне қарай ығыстыру, салық пен жергілікті халықты шоқындырудың шектен асуы, Қазан мен Тобылдағы әкімшіліктің озбырлығы 1704-1711 жылдары башқұрт көтерілісіне әкеп соққан-ды. Тарихта бұл Ноғай даруғасының старшыны, әйгілі батыр, беделді тархан Алдар Исянгелдин есімімен «Алдар көтерілісі» болып қалды. Бұл көтерілісте башқұрттарға қазақтар да көмектесті. 1708 жылғы 13 маусымда Жайықтан Уфаға келген Зағалдай атты қалмақ жергілікті билеуші және воевода И.Бехметовке башқұрттардың «қасақтармен және қарақалпақтармен бірлесе қимылдауға келісіп алғанын» баяндаған. 1709 жылғы мамырда Сібір мұжығы Федор Баландин тобылдық шенеуніктерге Бердск болысына «саны өте көп қасақ ордалары ( әскер) келгенін» баяндайды. Екі айдан соң уфалық дворян Федор Голбузин «Қазақ ордасынан башқұрттарға көмекке 3000 жауынгер, 100 қарақалпақ жауынгері келгенін» айтады.

1709 жылғы орыс құжаттарында башқұрттарға көмектескендер арасында қарақалпақ ханының туысы Расмұхамбет дейтіннің аты аталады. Қарақалпақтардың ол кезеңде қазақ хандарының билігінде болғанын ескерсек, құжаттың айтып отырғаны қазақ сұлтандарының бірі болса керек…

…Белгілі башқұрт батырларымен, қазақ игі жақсыларымен, Әбілқайырдың өзімен тығыз байланысты болған ташкенттік сарт Нұрмұхамед Әлімовтің хабарлауынша, «Соңғы башқұрт бүлігіне Алдар мен оның серіктері жас Әбілқайыр сұлтанды шақырып оны хан деп атады, ол Кіші орданың ханы болды». Дәл осыны Кіші жүз қазақтарына барған Орынбор экспедициясының мүшесі, ағылшын суретшісі Джон Кэстль де айтады (1736 жылы Әбілқайырмен кездескен адам): «Хан болар алдында ол сұлтан еді… Соңғы соғыста (патшаның башқұртқа қарсы соғысы) ол ерекше көзге түскен…» Сарт пен ағылшынның сөзі бір жерден шығады — Әбілқайырдың хандық билікке көтерілуі 1707-1711 жылдар аралығында басталған.

…1710 жылы қазақтардың жауынгер жоңғарларға қарсы күресу үшін бас қосқан жиынына Әбілқайыр Ноғай даруғасынан даңқты батыр, қолбасшы, ақылды билеуші болып келген еді. Арал маңындағы Қарақұм қойнауына қайтып оралған Әбілқайырдың тұлға ретінде қалыптасып, батыр қолбасы ретінде шынығуы аяқталып, өзге дәурені басталып еді. Күні кеше кедейлеген ақсүйек жігіт Батыс Қазақстан қазақтарының айбынды көсеміне айналып, ақ сақалды көне көсемдердің қолынан Кіші жүздің барлық тайпаларына толық билігін жүргізетін құқықты қабылдап алған еді…

ххх

…1710 жылы Арал маңындағы Қарақұмда Кіші жүз бен Орта жүз өкілдерінің құрылтайы шақырылып, Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресу мәселесі талқыланғаны белгілі. Оған төре-сұлтандар мен Әлімұлының күллі игі жақсылары, Кіші жүздің байұлы және жетіру тайпаларының көптеген өкілдері, найман мен қыпшақтың едәуір бөлігінің би-батырлары қатысты. Кездесу Әлімұлының қаракесек руының жерінде өткендіктен Қаракесек құрылтайы деп те айтылатын болды…

…Батыр, Кіші жүздің табын руынан шыққан ел ағасы Бөкенбайдың алқалы топ алдында өз киімін өзі жыртып, ортаға семсерін тастап қойып: «Жаудан кек аламыз, қолымыздан қаруымызды тастамай өлеміз, бірақ жайлауды жауға жайлатып, баланы жатқа байлатып отыра алмаймыз! Қыпшақ даласының жауынгерлері жаудан жасып көріп пе еді? Мен жаудың қара қанын ағызғанда мына сақал ақ емес, қара еді. Қартайғанда жаудың қорлығына төзіп отыра алам ба? Әлде мына далада азамат жоқ па, азаматқа серік болар ат қалмады ма? Қорамсақта от қалмады ма?..» — деген сөзін қалың ел құптады. Халық әскерінің қолбасшысы болып Бөкенбай сайланды.

Осы жиында ел Әбілқайырды хан көтерді. Белгілі зерттеуші И.Крафттың жазбаларындағы халық аңызы бойынша сымбатты, кедей, бірақ намысты ер Әбілқайыр мен байдың сұлу да ақылды қызы Бопайдың сүйісіп табысып, үйленуінің соңы Әбілқайырды хан көтеру салтанатына ұласқан…

Жоңғар шапқыншылығына дейінгі Әбілқайырдың хандық билігі жайлы құжаттар мен деректер тым сирек. XVIII ғасырдың екінші онжылдығында ол жасы жағынан қазақ хандарының ең кішісі және далада беделі төмендеу Жошы ұрпақтарының өкілі болғандықтан, қазақ элитасының арасындағы ықпалы аса күшейе қоймаса керек. Бірақ жаугершілік заманда, алдыңғы шепке әскери көсемдер мен батырлар шыққан кезеңде Әбілқайырдың даңқы өрлеуі де заңдылық. Мұндай жағдайда билеушінің жеке басының қасиеті мен оны қара бұқараның бірауыздан қолдауы маңыздырақ еді. Ал Әбілқайыр ол кезеңде өзінің өзге хандар мен сұлтандардан әлдеқайда басым екендігін көрсете білді.

 

***

…Хан тағына отырысымен Әбілқайыр қым-қуыт қиын мәселелердің ортасында қалды. Оңтүстіктегі қазақтарға жоңғар қонтайшысы Цевен Рабтан жиі шабуыл жасап, солтүстік-шығыс қазақтары Еділ қалмақтарымен жайылымға таласып, қырқысып жүрді. Жайық казактары мен башқұрттар Жайық пен Ырғыздың, Тобылдың жағалауындағы шұрайлы жерлерге көз аларта бастады. Осындай жағдайдағы елдің ханы Жетісуға, Атырау жағалауына, Ырғыз бен Тобыл жағына жиі шабуылдайтын жауға соққы беруге мәжбүр болды.

Жоңғариядағы Цин елшісі 1712 жылы қазақ жігіттерінің «жоңғарларға шабуыл жасап, шекарадағы ауылдарды жауып, көп тұтқын әкеткенін» хабарлайды. 1714 жылы Әбілқайырдың жасағы ойрат ұлыстарына тағы да шабуыл жасап, Цевен Рабтан өз армиясын Жетісумен шектес қырғыздар жеріне көшірді. 1716 жылы жоңғар қонтайшысы өз әскерінің едәуір бөлігін қазақ жеріне жіберді. Сол жылы ойраттарды Іле маңында қазақтар да шапты.

Қазақ әскерлері ойраттарға қарсы жорықты 1719 жылы қайта ұйымдастырды. Оны Қайып пен Әбілқайыр бірігіп жүзеге асырды. Аягөз өзені маңында болған үлкен ұрыста Қайып пен Әбілқайыр арасындағы келіспеушілік пен әскер тылында жоңғар әскерінің пайда болуы кесірінен бұл жорық сәтті болмады.

Одан соң үш жыл бойы тыныштық орнады — ойраттар Цин әскерімен соғысып жатыр еді. Әбілқайыр соны сәтті пайдаланып, 1720 жылы ойратты тағы да шауып, үш мың ойратты тұтқынға түсірді…

…Әбілқайыр тек ойраттармен соғысумен шектелген жоқ. Елдің солтүстік-батысында да жаугершілік үзілмеді. 1702 жылдан 1714 жылға дейін оның жігіттері астық пен балық тиеп, Еділ бойынан Жайық қалашығына бара жатқан казак обоздарына бірнеше рет шабуыл жасады.

1715 жылдың басында Әбілқайырдың өзі бастаған қол башқұрт руларына шабуыл жасап, Қазан губерниясындағы Черемшан өзенінің алқабын басып алып, Новошешминск станциясын өртеп жіберді. Башқұрттар да қарап қалған жоқ. 1717 және 1718 жылдары Кіші және Орта жүз жеріне еніп, мыңдаған жылқыны қуып әкетті.

1719 жылы соңына жиырма мың қол ерткен Әбілқайыр Жайық қаласын қоршауға алды. Қаланы ала алмаған қазақтар Еділ қалмақтарын шауып, Қазан губерниясына дендеп кірді. Черемшан атты орыс деревнясына дейін барып, орыс мұжықтарын көптеп тұтқынға алды.

Әбілқайырдың сәтті жорықтары оның беделін де, айбарын да өсіре түсті.   XVIII ғасырдың 10-20-жылдарында Әбілқайыр есімінің Астрахань, Қазан, Сібір губерниялары шенеуніктерінің іс-қағаздарында жиі аталуы тегін емес.

…1715-1718 жылдар қазақ хандары мен Қазан Тобыл губерниялары арасында хат жазысу, елші жіберу жиеледі. 1715 жылы «башқұрт-қырғыз шатағын шешу және тұтқын алмасу» мәселелері бойынша Қазанға Әбілқайырдың жеке өкілі, батыр Тойғұнұр Құлтабаев барып, губернатор П.С.Салтыковпен келіссөз жүргізді.

1718-19 жылдары дәл сондай мақсатпен Әбілқайыр жіберген үш елшілік Тобылда болып қайтты. 1718 жылы Сібір губернаторы М.П.Гагарин қазақ елшілері Елмет Баулықовты, Сапа, Итмәмбет, Бақырман, Бәйбек, Төлебай батырларды қабылдады.

 

***

Қайып дүниеден өткен соң Әбілқайыр өзімен замандас қазақ хандарының ең үлкені болып қалды және ол билік жүргізіп отырған рулар мен тайпалар көлемі жағынан да ең ірі, ықпалды хан еді. Қазақ жүздері арасында салмағы артқан Әбілқайыр 1719 жылы ордасымен келіп Түркістанға орналасты.

…1722 жылдың 20 желтоқсанында Қытай императоры Канси қайтыс болды. Цин династиясының Жоңғарияға қатысты саясаты жылып сала берді. Жаңа император Юнчжен Цевен Рабтанмен бейбіт келісім жасады. Осыны пайдаланған қонтайшы ойрат әскерін қазақ даласын шабуға әзірлейді. Бас қолбасшы етіп ұлы Шоно-Лоузанды тағайындады…

… «Ақтабан шұбырынды» басталды…

…Қасіретті кезеңде елден бұрын ес жиып, аз уақыт ішінде ірі әскери күш құрып, басқыншыларға қарсы күресті ұйымдастыра білген қазақ билеушілерінің ішінде жалғыз Әбілқайыр хан ғана еді. Жағдайды тез саралаған ол 1723 жылдың тамызында жиырма мың әскермен Арал маңынан суыт түрде Цевен Рабтан мен одақтасып алған Аюкенің күштеріне соққы беруге аттанды. Бұл — дана әскери қолбасшының стратегиялық шешімі еді. Сөйтіп, Аюке қазақтар қосының ту сырттан соғамын деген мүмкіндігінен айырылды. Еділ-Жайық арасына шағын топтарын қалдырған Әбілқайыр Еділ қалмақтарының жеріне аттанды. Қорыққан Аюке Куцытуш атты елшісін жіберіп, бітім сұрады. Елші Әбілқайырмен Темір өзенінің жағасында 15 мың әскерімен тұрған жерінде кездесті. Әбілқайыр елшіге: «Қалмақтармен және орыстармен соғысуға бара жатырмын 40 мың қолым болады» деген.

…Әбілқайыр шабуылы Еділ қалмақтарының берекесін қашырды. 1723 жылғы 28 қарашада Әскери коллегияға князь А.П.Волынскийден келген суыт хабарда Әбілқайыр әскерінің 2 мың отбасы бар Лекбай тайшының ұлысын талқандап, көптеген тұтқын, мал алғаны айтылады…

…1724 жылы қалмақтың тәжірибелі, ержүрек қолбасшысы Аюке өлгеннен кейін

Әбілқайырдың Еділ қалмақтарымен соғысы ерекше күшейді.

…1724 жылдың 21 тамызы күні батыр тама Есет басқарған қазақтар мен қарақалпақтардан, башқұрттардан жиылған қазақ әскері Лобжы ұлысын шауып, көп мал, тұтқын әкетті…

…Еділ тайшылары орыстан көмек сұрады, бірақ Самара губернаторы А.П.Волынский көмек бере алмады.

…Сөйтіп, екі жыл ішінде Еділ қалмақтары Қазақ ордасына қауіпті боларлық халден қалды…

***

 

1724 жылы Әбілқайыр әскерін кері бұрып, жолай кездескен жоңғарларды талқандай отырып, Түркістанға келіп, оны жоңғарлардан азат етті. Шоно-Лоузан қолын Қаратауға қарай ығыстырды.

…1725 жылы Хиуадан түрікпен Усман Астраханға, князь А.П.Волынскийге былай деп хабарлайды: «қарақалпақтар мен қазақтардың ханы Әбілқайыр елу мың әскер жиып, қонтайшымен соғысты, қазір Жемдегі қалмақ қосынын шабуға қырық мың әскерімен келе жатыр!»

…1725 жылдың қысында Астрахань губернаторы қазақтың мыңдаған әскерінің Жемге, Елек пен Жайыққа таяп келгенін хабарлайды…

…1725 жылы Петербургке келген атаман Матвей Арапов Жайық қаласынан жорықтағы Сақмара өзені саласынан әскери бекініс салуға рұқсат сұрап келіп, «қарақалпақтар мен қазақтар сол жерді шауып тұтқынға алып жатыр» деп хабарлайды.

…Сол жылы император әйел Екатеринаның сарайында сыртқы істер жөніндегі Жоғары құпия кеңес жиналып (құрамында А.Д.Меншиков, Ф.М.Апраксин, А.Г.Головкин, П.А.Толстой, А.И.Остерман, П.И.Ягужинский бар), губернатор А.П.Волынскийдің қазақтардың Жайыққа тақап қалғаны, орыс бодандары қалмақтарға соққы беруге ниетті екендігі жайлы хабарын оқиды.

…Кейін бұл расқа шықты…

 

(Жалғасы бар)

 

«Алтын Орда». 24 қараша, 2000 жыл.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button