Мәдениет

«Сахнада орындалатын сатира бар. Іздену жағы кемшін»

«…Тексіздерді ойға сүйреп, халқының қадірін білмес бетсіздерді тілімен түйреп» (Темірбек Қожакеев) жүрген қарымды қаламгер, жерлесіміз Үмбетбай Уайдинмен сұхбатымызда көне ескерткіш — Жаныс би кесенесінің бүгінгі жай-күйі, қазіргі қазақ сатирасы және басқа мәселелер төңірегінде сөз болды, сондай-ақ, өткен күннен естеліктер де айтылды.

 

— Сөзді туған жерден бастасақ… Кезінде Сіз Ырғыз өңіріндегі Жаныс би кесенесіне жөндеу керек деген мәселе көтердіңіз. Бұл «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында іске асты. Кесененің жөнделгеннен кейінгі қалпы көңіліңізден шықты ма? Туған жеріңізге қатысты көкейде жүрген тағы қандай ой-армандарыңыз бар?

— Жаныс баба кесенесі төбе басына салынған. Қып-қызыл боп алыстан көрінетін. Сондықтан жергілікті халық «Қызыл там» атайды.

Уақыт өткен сайын төбесінен төмен қарай мүжіліп, жылдан-жылға сәні кете бастаған баба мазары тағдырына алаңдаушылық сонау Кеңес заманында-ақ басталды. Ауыл-аймақ, бабаның ұрпақтары, тіпті сырттан келген қонақтар да осы мәселені тілге тиек ететін еді. Мен де қарап қалған жоқпын, аяғым жеткен жерге бардым, баспасөзде сөйледім. Қазақ КСР мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына сан рет бас сұқтым. Ол жақтан оң нәтиже көріне бастап еді, бірақ көп ұзамай заман өзгерді. Одан соң жұрт бұл шаруаны өз күшімен іске асыруға талпыныс жасамақ болды. Сөйтсек, мәселе қаржыда ғана емес екен. Бұл жолы: «Зерттеушілер, ғылым араласпаса, бүлдіріп алуларыңыз мүмкін» — деген пікірге тоқтауға тура келді. Ақыры көп тілегі қабыл болып, бұл іс «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынды. Жөндеу жұмысы біткеннен кейін кесененің сыртқы көрінісіне, көлеміне біраз адамның көңілі толмады. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде ел жаққа біздің жолымыз түсіп, зират басына бардық. Жұмысшыларды әңгімеге тарттық. Жөндеу жұмысы біткеннен кейін барғанымызда, бұрын көзге он-он екі қанат киіз үйдей көрінетін зәулім кесене, біртүрлі, қушиыңқырап қалған сияқтанды. Кесектері жаңартылғанымен, іргетасы, қабырғасы бұрынғы. Бірақ ауыл-аймақ адамдарының мазарға қатысты әңгімесі «көңілсіз» аяқталмайды: «Құлап қалса қайтер едік?» деп, «шүкір, тәубеге» барып тірелді.

ХІХ ғасыр ортасында тұрғызылған «Қызыл тамның» кірпіштері ауыл маңындағы «Күлән құдық» деген қайнардың жағасында құйылған. 100 мыңға тарта кірпіш төбеге қарай қолдан-қолға беру арқылы тасылған. Ел билігіне ерте араласқан Жаныс бабамыз туралы деректер Омбы, Орынбор мұрағаттарында кездеседі екен.

Сол «Күлән құдықтың» суы қазір сарқылған. Арнасын құм басып, өзен әр жерінен бөлініп-бөлініп қалыпты.

Бүгінде Ырғыз ауданының бірталай елді мекенінде ауызсу мәселесі жақсы шешілген. Көгілдір газ жақындап қалды. Жол анау — жан-жаққа сайрап жатыр.

Тек біздің ауыл тұрғындарының ғана жатса-тұрса әңгімесі ауызсу екен…

— Бар пәлені қазаққа үйіп-төгетін «дертіміз» бар. Мысалы, Лондон Олимпиадасының чемпионы Светлана Подобедова бір сұхбатта мәскеуліктердің жершілдігі салдарынан Ресей құрамасына қабылданбай,

сондықтан Қазақстанның ұсынысына ойланбай келіскенін айтқан еді. Осы секілді, жершілдік болсын немесе көре алмаушылық, басқа да жаман қасиеттер барлық ұлтта бар. Бірақ соларды тек өзімізге ғана «меншіктеп» алуымыз қалай? Бұл ұрпақ тәрбиесіне, патриоттық тәрбиеге кері әсер етпей ме?

— Осы сауал-сұрақтың төңірегіндегі бірсыпыра ойларым бұдан біраз уақыт бұрын «Біздің қазақ» деген тақырыппен қағазға түсіп еді… Әртүрлі жағдайларда, яғни «ашынғаннан шығады ащы дауысымнан» туындайтын орынды пікірлер бар да, керісінше, былайғы кезде «елім», «жұртым», «халқым», «қазағым» деп жұтынып, ал бірдеңеден құр қалса ыңырсып, басқа жамбасына аунап түсетін аумалы-төкпелі пікірлер және бар. «Сөйтпесе қазақ — қазақ бола ма?», «Әне, біздің қазақтың жүрген жері сол ғой», «Қазақ жүрген жердің оңбағаны бар ма?», «Қазақпысың деген?», «Қазақпысың» деген бекер айтылған ба?» — бұлар қандай жағдайда қандай адамдардың аузынан шығатын пікірлер? Бұлар көбіне қуана білмейтін, біреулердің жеңісін, табысын көре алмай, беттері бозарып шыға келетіндердің «пікірлері». Мына бір жолдар осындай бозбеттерге қаратып жазған ашуым еді:

«… Мақтау-мадақ тізімінде

Атым аталмады» деп,

«Ең болмаса жылдағыдай

Алғыс хат та алмадым» деп,

«Ақ тер-көк тер еңбегім

Ақталмады» деп,

Ана пәлекет жынданып отыр.

«Еңбегімді бағалайтын

Менің қай бір елім бар?».

(Көлденең дауыс):

— Әй, қасқа, ентігіп қалдың,

деміңді ал.

— Жайыңа отыр сен, қара қотыр!

(Қара қотырдың екі саусағының арасынан

Бас бармақ үн-түнсіз қарап отыр)…

…Жаман халық жоқ. Мына өлең жолындағы қанын ішіне тартқан сұп-сұр бет, берен ауыздар әр халықта бар. Мейлі, олар не десе о десін: «Қазақ халқы — ақын халық. Маған бүкіл қазақ даласы әндетіп тұрғандай көрінеді». Бұл — Григорий Потанин.

«Бір фриц маған мынадай бір әңгіме айтты: «Сұмдық бір қорқынышты солдаттар бізге қарсы шабуылға шықты. Олар бораған оқты елемей, бізді басып-жаншып өтетіндей атой салып келе жатты. Бұлардың қазақтар екенін кейін барып есіттім. Әлемде мұндай халық бар екенін бұрын білмеуші едім». Бұл — Илья Эренбург («Қазақтар»).

«Қазақ жеріне өттің екен, әмияныңды қалтаңа салып қой! Жылтыратып тиын санап отырғаның бұл елдің әдет-ғұрпына ерсі. Ал мейман болып үйіне келдің екен — асы дайын. Шипалы қымызы және бар». Бұл — Владимир Даль.

— Жаһандану қаупіне біз қаншалықты әзірміз? Яғни біздің ұлттық иммунитетіміз?..

— Жаһандану саны аз халықтардың бәріне де қауіп төндіріп отыр. Ұлтты, халықты ойлайтын талайлардың көкейінде осы сауал жүр. Көңілге медет етерім — «Мәңгілік Ел» идеясы.

«Бұрынғы Оспанхан, Үмбетбай ағалардың «күлкісі» нәзік, мәдениетті еді, ал қазіргі «күлкі» дөрекіленіп кетті» — деген пікір жиі айтылады. Сіздіңше қалай?

— Сұрағың орынды. Тақырып жағынан болсын, әдеп-мәдениет және сахнагерлердің орындаушылық шеберлігі жағынан болсын, қазақ әзіл-қалжыңы, әсіресе, сахналық сатира соңғы кезде көбірек сынға ұшырап жатқаны әмбеге аян. Неге олай? Бұл «неге олай» баспасөз бен теле-радиода аз айтылып жатқан жоқ. Ақылдасып-кеңесудің ретімен «Тамаша», «Шаншар» театрларының ұжымы Ғаббас Қабышұлы, Көпен Әмірбек үшеумізді бір-екі рет орталарына шақырды. Жалпы, сахнада орындалатын сатира бар. Сахнаға сәл-пәл бейімдесе, Төкеңнің (Мәндібаев) әзіл-сықақтары — қыран-топан күлкі. Демек, іздеу, іздену жағы кемшін. Сахнагер-әріптестердің құлағына осы жағын көбірек салдық.

— Жастық шағыңызды жиі еске аласыз ба? Өткен ғасырдың 50-60-жылдарының жастарына өмір қатал болды ма, әлде шуағы молырақ па еді?

— Әрине, әрине… Қанша қиындықпен өтті десек те, күлесің, күрсінесің — балалық пен жастық шақтың да өз қызық-шыжығы болды ғой. Тоқ та болдық, ашқұрсақ жүрген күндеріміз де болды. Шәмшінің, Нұрғиса, Әбілақат, Әсеттердің, тағы басқа да композиторлардың жаңа әндерімен «қоректендік». Өмір сүруге деген құштарлық, романтика әр студент-жасты алға қарай ұмтылдырды. Қалтаға аз-маз тиын-тебен түссе, театрға немесе кітап дүкендеріне қарай бұрылатынбыз. Ол уақытта астық, жеміс-жидек жинайтын кезде, студент-жастар жұмысшы-шаруаларға жәрдем беретін. Қалтаға молдау тиын-тебен түсетін сол кез-тұғын. Шамалап киініп, арасында ресторандатып дегендей, дуылдатып та алатынбыз. Киім демекші, біріміздің бешпет-шалбарымызды біріміз киіп, той-томалаққа да бара беретінбіз. Ондай өзімнің де басымда болды. Бір бөлмеде жататын досым Ғарифолла Көшеновтің бешпет-шалбарын тойға киіп барып, омырауына сия тамызып алып, ыңғайсыз жағдайға қалғаным әлі есімде. Ғарекең қазір Алматыда тұрады. Сондағы омырауы көк сия бешпет-шалбарды анда-санда бас қосқанда айтып, күліп аламыз. Жазушылар одағында жиын болады екен, не кітапханада, оқу орындарының бірінде бәлен деген ақын, түген деген ғалыммен, өнер жұлдызымен кездесу болады екен деген хабар құлағымызға тисе елеңдеп, тартып тұратынбыз. Қайтып келгесін бірімізді біріміз басып озып, біраз уақыт дуылдасып алатынбыз. Қайр-а-н, жастық!

Қазір заман басқа, заң басқа, уақыт басқа. Бәрі болмағанмен бүгінгі студент-жастардың мінгені — иномарка, қолдарында — қымбат телефон. Мейлі ғой, жоқшылығы құрсын. «Бірақ жоқшылықтың да тәрбиесі бар-ау» деп ойлайсың кейде…

— Жаңа кітаптарыңыз оқырман қолына қашан тиер екен?

— Үш баспада үш қолжазба жатыр. Үміт дүниясы.

 

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button