Тарих

«Қазақ қана емес, Көршілес жұрттарға да беделді болды»

Тарихшы Ирина Ерофееваның айтуынша, кеңестік кезеңде Әбілқайыр ханға қатысты екі түрлі ұстаным болды: бастапқыда ол «патшамен ауыз жаласып,  тұтас халықтың бодандық қамытына ілігуіне себепкер болған сұрқия билеуші», басқаша  айтқанда, сатқын деп айыпталды.  Ал 60-жылдардан бастап кеңестік идеологтар оны екі елдің жақындасуына жол ашқан, туған халқын өркениет көшіне жетелеген озық тұлға ретінде атады. Тәуелсіздік алғалы бері де Әбілқайыр хан тұлғасына қатысты сөз сан-саққа жүгіртілді.

Бүгінде бірқатар зерттеушілер Әбілқайырдың Кіші жүз ғана емес, қазаққа ортақ хан болғаны туралы пікірді алға тартады. Рас, ол тақта отырған тұс — қазақ жерінің, қазақ руларының бір бөлігі жан-жақтан анталаған жаудың қолында қалған, бытыраңқылық кезең еді. Десек те, Әбілқайырды Кіші жүз ғана емес, басқа да қазақ рулары басшыларының хан ретінде мойындап, соңына ерген. Осы орайда Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Есқалиевті әңгімеге тартқан едік:

— Әбілқайыр ханды «Қазаққа ортақ хан болды» деген тұжырымға орай сіздің пікіріңіз?

— Бұл — тарих ғылымында нақты нүктесі қойылған, қорытынды шешімі қабылданған сөз емес. Бірақ ондай тұжырым тәуелсіздік алғанға дейін де айтылған. Мысалы, Бек Сүлейменов пен Валентин Басин «Казахстан в составе России» деген еңбек жазды. Мұнда қазақ тарихының ХVІІІ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықтағы кезеңі қамтылды. Міне, осы еңбекте Қазақ хандығында үш жүзге ортақ бас хан және кіші хандар болатыны; ХVІІ ғасырдың басында бас хан — Тәуке хан болғаны, одан соң, 1718 жылдан 1748 жылға, яғни қаза тапқанға дейін Әбілқайыр хан болғаны, ал Әбілқайырдан кейін, 1748-1771 жылдары қазақтың бас ханы —  Абылай болғаны айтылған. Сол кезеңді зерттеген бірқатар тарихшылар осы тұжырымды қолдайды.

— Бек Сүлейменов — 50-жылдардың басында қуғынға ұшыраған тарихшы ғой? Оның қуғын-сүргінге ұшырауына Әбілқайыр хан туралы айтылған осы пікірдің қатысы бар ма?

— Жоғарыда аталған, Басинмен бірлесіп жазылған еңбек 1981 жылы жарыққа шықты. Демек, мұның қуғын-сүргінге қатысы болмаса керек. Дегенмен мен Бек Сүлейменовтің тағдырын, ғылыми мұрасын зерттеген едім. Өкінішке қарай, ол туралы көп сөз қозғала бермейді, сондықтан реті келгенде айта кеткім келеді: кеңес кезінде қазақтың екі үлкен тарихшысы 25 жылға сотталған. Бірі — Ермахан Бекмаханов болса, екіншісі — Бек Сүлейменов. Екеуі бір уақытта, (1952 жылы), репрессияға ұшырады. Алдымен 17 шілдеде — Сүлейменов, ал 5 қыркүйекте Бекмаханов тұтқындалды. Бек Сүлейменовтің зерттеген негізгі тақырыптарының бірі — ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстар еді. Тоталитарлық режимнің идеологтары республикалардың тарихын зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде ұлттық тамырлар айқындала бастаса-ақ, «ұлтшылдық көрінісі» деп байбалам салып, әшкере етуге дайын болды. Бек Сүлейменовке де ұлтшылдық идеологияны насихаттады деген айып тағылды.

25 жылға сотталғандарымен, Сүлейменов пен Бекмаханов, тағдырдың қалауымен, екі жылдан кейін бостандыққа шықты. Қазақтың алғашқы кәсіби тарихшыларының бірі, Шалқар өңірінде дүниеге келген Бек Сүлейменовтің ғылымға сіңірген еңбегі — ұрпақтар құрметіне лайық еңбек.

— Әбілқайыр заманына қайта оралсақ, Әбілқайыр бабамыз ант берді делінетін 1731 жыл Кіші жүздің Ресейге қосылған жылы ретінде аталып, бодандық тарихы осы Кіші жүздің бағыныштылығынан басталады. Бірақ сол 1731 жылға дейін де біздің жерімізде орыс бекіністері салына бастағаны тарихтан белгілі?

— Орыс казактары Жайық бойына XVI ғасырда келе бастаған. Семей мен Өскемен бекіністерінің іргетасы тиісінше: 1718 және 1720 жылдары қаланған. Басқаша айтқанда, батыстан да, шығыстан да ентелеп енуді 1731 жылдан әлдеқайда бұрын бастап кеткен.

Ал Әбілқайыр мен оның соңына ерген старшын-билер қол қойған құжатқа келсек, мұндағы старшын-билердің қай руға жататыны жөнінде бірқатар зерттеушілер нақты жазды: Торғай облыстық басқармасының бұратаналар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Иван Крафт; өз зерттеушілерімізден, әріде — Халел Досмұхамбедов, беріде — Манаш Қозыбаев. Құжатқа қол қойған 56 старшын-бидің 28-і, яғни жартысы  Орта жүздің, қалған жартысы — Кіші жүздің рубасылары. Және, ескеретін жайт, олардың бәрі де — сол кездегі шекаралық аймақта отырған рулардың басшылары. Демек, бұл жерде сөз Ресей империясының құрамына өту емес, жер, жайылым мәселесі, қалмақ, башқұрттар тарапынан шапқыншылықты тоқтату төңірегінде болған.

— Мақсат — Ресейдің қол астына өту емес, шекараны нығайту, сыртқы жаулардың шапқыншылығын тоқтату болды?

— Әбілқайыр орыс патшайымынан қол астына алуды сұрамаған деп санаймын. Оның мақсаты мемлекеттілікті сақтау, тәуелсіздікті нығайту, халықтың бірлігі жолында хандық билікті күшейту болды және осы жолда бар күш-жігерін жұмсады. Тарихшы Көшім Есмағанбетов: «Ресей жағы мен Кіші жүз арасындағы жасалған келісімді екі жақ екі түрлі пайымдады. Бұрынғы Алтын Орда кеңістігіндегі елдер мен халықтарды билеп-төстеуден бай тәжірибе жинақтаған Ресей қазақтарды да жаулап алынған татарлар мен башқұрттарға теңегісі келді. Әбілқайыр бастаған топ көшпелі елдің басшылары ретінде бұл құжатты шығыстық дәстүр тұрғысынан түсінді, яғни олар аталмыш келісімді дағдарысты жағдайда қуатты мемлекеттің қамқорлығында (протекция) болу да, ес жинап, әлденген кезде бас тарта салатын дағдыда қабылдады» — дейді. Мұндай тұжырым Ирина Ерофеева, Әбілсейіт Мұхтар және басқа да белгілі тарихшылардың еңбектерінде кездеседі.

ХVIІІ ғасырдың басында екі ел де өзара келісімге мүдделі болды. Қазақтар келісім арқылы шекарадағы қауіпсіздік, сыртқы жаудан қорғану, сауда-саттықты дамыту мәселелерін тиімді шешуді көздеді, ал патша үкіметі қазақ елін Азияның кілті санап, оны өзіне қосып алу арқылы, отарлау жоспарын жүзеге асырғысы келді. Сондықтан да Ресей 1731 жылдан бастап-ақ қазақтарды ашық түрде өзінің боданы деп жариялады.

— Әбілқайыр ханның тарихымыздағы рөлі туралы сөз?

— Бұл орайда алдымен Әбілқайыр хан заманын, ол қайраткер ретінде тарих сахнасына көтерілген уақытты еске алу керек. Ресей күшейген. Төрт тарап түгел жау: жоңғарлар, Орта Азия хандықтары, парсылар, башқұрттар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары… Жан-жақтан анталаған жаудың біріне тойтарыс берсең, екіншісі шабады. Елдің есі шыққан. Тек бас амандығын ойлап, шегіне беруді жөн көргендер де болған. Міне, осындай қиын жағдайға 1729 жылғы Аңырақай шайқасы бетбұрыс әкелді. Ал бұл шайқасқа үш жүздің біріккен әскерін Әбілқайыр бастап шықты. Алмағайып тұста ол халықты ортақ іске жұмылдыра білді.

Сондай-ақ, бүгінгі Батыс өңірдің өз қолымызда, өз елімізде қалғаны үшін біз Әбілқайыр ханға қарыздармыз. Орыстың революцияға дейінгі зерттеушілерінің бірі, орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің мүшесі Александр Добросмыслов 1901 жылы жарық көрген еңбегінде «ХVIІ ғасырдың аяғында Торғай облысының басым бөлігін башқұрттар мен қалмақтар мекендеген, тек Торғай, Ырғыз уездерінің оңтүстік бөлігінде ғана қазақтар көшіп-қонып жүрді» — деп жазады. Торғай облысының құрамына төрт уезд енді: Қостанай, Ырғыз, Ақтөбе және Торғай. Яғни Добросмыслов дерегіне сай, қазақтың бұрын ғасырлар бойы еркін жайлаған ата қоныстары ХVIІ ғасыр аяғында жаудың қолында қалған. Жайылымдар тарылған. Қалмақтар тіпті Елек, Жем бойына дейін келді. Ал осы өңірлерді қайтарып алуға күш салған — Әбілқайыр хан еді. Қол жинап, қайта-қайта атқа мініп, соғыспен алды. Оның жат қолында кетіп бара жатқан жерді қайтарып алуы елдің тынысын біраз кеңейтті, өйткені шұрайлы жайылымдар — дәстүрлі мал шаруашылығының негізі еді.

Батыс өңірді қайтарып әперген Әбілқайыр хан болса, Шығыс өңірді сақтап қалған — Абылай хан. Екеуі де — халықтың тар заманда бағына туған асыл перзенттері. Өз замандастары олардың бағасын білген, құрметтеген, елдік пен бірлік жолында соңдарына ерген. Әбілқайыр дүниеден озғаннан кейін, жұрт оның қабіріне барып құрмет көрсеткен,  ата-бабалар өсиет қылып қалдырған құндылықтар үшін соңғы деміне дейін күрескен тұлғаны әулие санағандықтан да сөйткен.

Әбілқайыр хан өз заманында тек қазақ арасында ғана емес, көршілес жұрттар үшін де әйгілі әрі беделді тұлға болды. Мысалы, 1738 жылы башқұрттар оны өздеріне хан болуға шақырды. Оған Хиуаның хан тағына отыру да ұсынылды. Сондай-ақ, жоңғар қоңтайшысы да Әбілқайырмен туыс болуға ұмтылып, мұрагер ұлына оның қызын сұраған. Хан бұған бастапқыда келісім бермеген. Бірақ араға біраз уақыт салып, келісім беретінін жеткізіп, жоңғар жағына хабар жіберіпті. Ал Ресей бұдан қатты сескенген. Екі жақ тіл табысып, одақтасып кетсе, оның Ресей үшін тиімсіз екені түсінікті. Бірақ 1748 жылы Әбілқайыр хан қаза тапты да, бұл іс тоқтады.

—  Әбілқайырдың ұлдары бұл істі жалғастырмаған ба?

— Тарихтан белгілі, 1740-жылдардың орта тұсынан бастап Әбілқайыр хан мен Орынбор өлкесінің наместнигі Иван Неплюевтің арасы қатты ушықты. Хан тіпті орыс бекіністеріне шабуылдар ұйымдастырып, қамалдарды шауып кетіп тұрған. Өмірінің соңғы жылдары осындай арпалыста өтті.

Ол қаза тапқаннан кейін, арада бір жыл уақыт өткенде, Нұралы әкесіне ас береді. Алғашқы күні күрес, бәйге сынды дәстүрлі шаралар өтіпті. Ал келесі күні Нұралы рулар басшыларын жинап, кеңес өткізеді. Кеңесте үш мәселе қаралған: Барақ сұлтаннан кек алу; жоңғар қоңтайшысымен арадағы құдалық мәселесіне қайта қозғау салу және қолға түскен орыс тұтқындарын қайтару. Яғни құдалық мәселесін Нұралы хан қайта қолға алады. Бірақ Әбілқайырдың қызының кенеттен қайтыс болуына байланысты, бәрібір бұл іс соңына дейін жетпеді.

Бұл кеңес туралы құжатты мен Мәскеудегі Ресей империясының сыртқы саясат мұрағатынан көрдім.

— Орыс мұрағаттарында Әбілқайыр ханға қатысты біздің зерттеушілердің қолына түспеген құжаттар әлі де бар ма?

— Көп. Бірақ оларға қол жеткізу оңайға түспейді. Мысалы, жоғарыда аталған мұрағат аптасына төрт күн ғана істейді. Қажетті құжатқа тапсырысты үш күн бұрын беріп қоюың керек. Бұлайша жұмыс істеу үшін Мәскеуге арнайылап бару керек. Оның үстіне, қолыңа түскен құжатты ксерокс, фотоаппарат сынды құралдар пайдаланып, көшіріп алуға рұқсат етілмейді.

Әбілқайыр хан — өз заманында Орталық Азияға белгілі мемлекет қайраткері, атақты сардар, қарымды мәмлегер ретінде танылған тұлға. Оның өмірін, жүргізген саясатын, елінің бірлігі мен тұтастығын мәңгілік ету жолындағы іс-әрекетін айғақтайтын құжаттар мұрағат қорларында сақталған. Әбілқайыр ханның қазақ жұртының тәуелсіздігін сақтау жолындағы қызметіне қатысты зерттеулер әлі де жалғасын табу керек.

 

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button