Ресми

МЕМЛЕКЕТ ЖҮЙЕ ҚҰРАУШЫ БАНКТЕРДІ БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ

Осы аптада мемлекет жүйе құраушы отандық екі банк: «ТұранӘлембанктің» 78,14 пайыз және «Альянсбанктің» 76 пайыз акцияларын сатып алды. Дүйсенбіде өткен Үкімет отырысында Қаржылық қадағалау агенттігінің басшысы Елена Бахмутова «ТұранӘлембанктің» өтімділік коэффициенті заңдылықтарын бұзғанын және қаржылық қауқары азайғанын ашық мәлімдеп, оны мемлекет бақылауына алу туралы ұсыныс жасады. Осы ұсынысты ескере отырып, Үкімет Ұлттық банк және Қаржылық қадағалау агенттігімен бірлесіп, шұғыл шешім шығарды. Шешімге сәйкес, банктің салымшылары мен несиегерлерінің мүддесіне және қолданыстағы заңның талаптарына қайшы әрекет еткен «ТұранӘлембанктің» директорлар кеңесінің төрағасы М.Әбләзов пен басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ж.Жәрімбетов қызметтерінен босатылды. Атап айтарлығы, Үкіметтің әрекетін «мемлекеттік рейдерлік» деп атаған Мұхтар Әбләзов өзінің банк менеджментіндегі үлкен қателіктерін жасыру жолымен саботаж ұйымдастырмақ болса да, онысынан түк шықпады. Сол күні «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесінің отырысы болып, аталған екі банк акцияларын сатып алу жөнінде тиісті шешім қабылданды.

Үкімет неге мұндай стандартты емес әрекетке барып отыр? Бұл сауалға жауап бермес бұрын, «жүйе құраушы банктер» деген сөздің түп-төркінін түсініп алған абзал. Мысалы, банк жүйесін экономиканың қан айналатын ағзасы деп алсақ, онда жүйе құраушы банктер – соғып тұрған жүрегі деген сөз. Өткен жылы Үкіметпен өзара түсіністік туралы келісім-шартқа отырған төрт банк (Альянс банк, БТА банк, Халық банкі және Қазкоммерцбанк) шикізаттық емес сектордың 80 пайызға жуығын қаржыландырады. Шикізаттық емес секторға тау-кен өндірісі, мұнай-химия, металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салалар жатады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның дәулетінің 90 пайызын осы салалар құрайды. Енді көз алдымызға елестетіп көрелікші, осы алыптың жүрегі бір күні тоқтап қалса не болады? Бетін аулақ қылсын, әрине. Ондай жағдайда қалыпты даму, стратегиялық мүдделерді былай қойғанда, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің тобына топ етіп қосыламыз деген жалғыз мүмкіндігімізді де ұмытуға тура келеді. Сарапшылар мұндай келеңсіздікті «рецессия» десе, түсінікті тілмен «регресс» деуге болады. Шынында да индустриялық елде өндірістің жүрегі тоқтап қалатын болса, экономикалық және әлеуметтік салалар ең алдымен құлдырайды. Экономика құрдымға кетсе, жаппай жұмыссыздық жайлап, кедейлік белең алып, қоғамның билікке қарсылығы күшейіп, түптің түбінде бұлардың барлығы ұлттық қауіпсіздігімізге зор қауіп төндіреді.

«Сақтансаң сақтаймын» деген қанатты қағиданы ұстанған Үкімет дағдарыстың экономиканың нақты секторына дендеп енуіндегі кез келген мүмкіндіктің алдын алу үшін сақтық шараларын жүзеге асыруда. Әрине, Қазақстанның банк секторындағы тұрақты ахуалды қалт жібермей бақылап отырған сарапшылар жағымсыз болжам жасауға әзірше негіз жоқтығын мойындайды. Себебі мемлекеттің тиімді тұрақтандыру саясатының нәтижесінде барлық банктер қаржылық дағдарыстың бірінші кезеңінен аман өтті. Дегенмен Үкіметтегі мәжілісте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы атап айтқандай, ғаламдық дағдарыстың екінші кезеңінде жаңа қауіп-қатерлердің пайда бола бастағаны рас. Оның үстіне, қамтыған ауқымы мен әсер ету деңгейі зор дағдарыс басқа дағдарыстарға ұқсамайтынын дәлелдеуде. Ал осындай қиын-қыстау кезеңде әлемдік қауымдастыққа етене енген Қазақстанның аса сақтықпен іс-қимыл жасамауына болмайды. Қазақша айтқанда, Үкіметтің қатаң да шұғыл шешімі қажеттіліктен туып отыр.

Неліктен Үкімет жүйе құраушы банктердің ішінен «ТұранӘлембанк» пен «Альянсбанктің» бақылау пакеттерін сатып алды? Себебі осы банктердің акционерлері әр түрлі себептермен банктің беріктігіне кепілдік беретін талаптарды орындамаған. Түсінікті тілмен жеткізер болсақ, қос банктің мемлекет бақылауына өтуі ең алдымен банк жүйесіндегі тұрақтылықты және халықтың банкке деген сенімін арттыруға негізделген. Екіншіден, жүйе құраушы банктің әлсіреуінен басқа банктерге зиян тимейді, ал оларды бақылау елдің экономикалық мүддесін, ұлттық қауіпсіздігін және қазақстандықтардың ақшалай салымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни медицинаның тілімен айтқанда, «ағзадағы айналатын қанды» тоқтатпау керек. Сонымен қатар ел ішіндегі және шетелдегі банк инфрақұрылымы да сақталады. Өйткені бір ғана «ТұранӘлембанкте» 7 мың адам жұмыс істейді. Оның отандық экономиканы несиелеу нарығындағы үлесі 26 пайыздан асады.

Аталған қос банкті мемлекет бақылауына алу Үкіметке аса маңызды екі нәтижеге жетуге жол ашады. Біріншісі, отандық банк жүйесі залалды «шіріктерден» тазарады, яғни халықтың өз салымдарына алаңдайтындай негіз жоқ. Екіншіден, банк қожайындарын ауыстырудан басшылыққа жаңа кәсіби команданың келуіне мүмкіндік туады. «ТұранӘлембанктің» төңірегіндегі байбалам мен пыш-пыш әңгіме нақты ахуалды түбірімен түсінбегендіктен орын алуда. Болмаса өз қарақан басының қамын ойлаған белгілі бір күштердің билікке қысым жасауға ұмтылғаны. Бұл жердегі бір анық нәрсе – барлық банктердегі халықтың депозиттеріне мемлекет кепілдік береді. Кепілдік салымшылардың 99 пайызына қатысты. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет шұғыл шешімі арқылы елдегі экономикалық ахуалды толығымен бақылауда ұстап отырғанын дәлелдеді.

Алайда мемлекет түбегейлі қандай да бір банктің акцияларын толығымен сатып алуға ниеттеніп отырған жоқ. Қолданыстағы заңдарға сәйкес, бұл шаралардың барлығы уақытша ғана. Қаржылық қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша, барлық әрекеттер заңға сәйкес жасалды және банктерді тексеру кезіндегі нәтижелер бойынша расталды. Яғни банктердің мемлекет бақылауына өтуі олардың акционерлерінің мүддесіне қайшы емес. Үкіметтегі отырыста Қаржы министрі Болат Жәмішов пен Ұлттық банктің басшысы Григорий Марченко «Альянсбанк» пен «ТұранӘлембанктің» суверенді дефолт табалдырығында тұрғанын жасырмай айтты. Онымен қоса, «Альянсбанктің» ірі акционері «Сеймар Альянс» қаржылық корпорациясы екіжақты меморандум бойынша «Самұрық-Қазына» қорына өз иелігіндегі «Альянсбанктің» 76 пайыз акциясын жүз теңгеге сатып алуға ұсыныс жасағаны мәлім болды.  Ұлттық банк басшысы ел алдында: «Соңғы кездері «ТұранӘлембанк» Ұлттық банктің қолдауымен ғана өмір сүріп келді», – деп мәлімдеді.

Үкімет басшысы атап айтқандай, бұл екі банкті мемлекет дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыруға пайдаланбақшы. Өйткені бұл банктердің қанатын кеңге жайған инфрақұрылымы мемлекет бөлген қаражатты тұтынушыларға дейін жеткізуге аса қолайлы екені рас. Онда да Кәрім Мәсімов «Альянсбанкті» шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын несиелендіруге, ал «ТұранӘлембанкті» Астана мен Алматыдағы құрылысты қаржыландыруға пайдалануға болатынын мәлімдеді. Естеріңізде болса, Үкімет пен Парламент өткен жылы «Қаржылық тұрақтылық туралы» Заңды қабылдағанда, осы заңның шеңберінде мемлекеттің банктерді басқару процесіне араласуы нақты жазылған болатын. Бұл бағыттағы негізгі міндеттер төртеу. Атап шығалық: 1. Мемлекет, бір жағынан, Банк салымдарын кепілдендіру қоры арқылы, ал, екінші жағынан банктің ішкі жағдайын белсенді бақылау арқылы халықтың ақша салымдарының сақталуына кепілдік етеді. 2. Дефолтқа жол бермеу мақсатымен активтерді басқару саясатын жүргізеді. 3. Экономиканың нақты секторын ынталандыру жөніндегі кең көлемдегі бағдарламаны жүзеге асырады. 4. Жұмыссыздықпен күреседі және халықтың әлжуаз топтарын қорғайды.

Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің банктерді өз бақылауына алуы – еліміздегі банк жүйесінің тиімділігін, ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шара. Яғни банк жүйесі тиімді жұмыс істесе, экономиканың нақты секторын несиелендіру функциясын да сәтімен және толығымен атқарады деген сөз. Ал банк жүйесі «жүрісінен» жаңылмаса, өзінің қорын молайтып, шағын және орта бизнесті, құрылыс секторын қажетінше қаржыландырса, Үкіметтің тұрақтандыру бағдарламасы іске асты деуге болады.

ДЕВАЛЬВАЦИЯ ОТАНДЫҚ ӨНІМ ӨНДІРУШІЛЕРГЕ ОҢ ӘСЕР ЕТЕДІ

Тауарлардың долларға шаққандағы өзіндік құны түссе, ол өнімнің тұтынушы нарықта арзандайтынын білдіреді. Бұл отандық өнеркәсіпке шетелдік өнім өндірушілермен бәсекелесуде нақты артықшылық беретіні белгілі. Онымен қоса ұлттық валюта бағамының төмендеуі Ресей және Қытай сияқты экономикасы девальвацияға ұшыраған елдерден келетін сауда экспансиясына тосқауыл болады. Қалай десек те қазіргі кезде бәсекелестік алаңда отандық және шетелдік өнім өндірушілер тауардың бағасына емес, сапасы үшін күш сынасады. Бұдан өнім өндірушілер де, мемлекет те ұтатыны анық. Ал алтын валюта қорынан үнемделген қаражатты экономикаға немесе әлеуметтік салаға жұмсауға болады.

Қарапайым халық «Теңгенің шетелдің валютаға шаққанда бағамын төмендету қалтасында жалақысы бар, банкте жиған ақшасы бар адамдарға теріс әсер етпей ме?» деген сауалға бас қатыруда. Мұндай жағдай орын алмас үшін Үкімет пен Ұлттық банк теңгенің бағамын бірте-бірте төмендетпек. Бұл процестің қарапайым халыққа жағымсыз әсері тимеуі үшін Үкіметтің тұрақтандыру жоспарында қарастырылған өтемақылық шаралар қолға алынады. Яғни сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жүйелі түрде жалақы, зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақылар көбейтіледі, отандық өнім өндірушілерге, кәсіпкерлерге, агроөнеркәсіптік кешенге айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Екінші деңгейлі банктердегі халықтың салымдарына толығымен кепілдік беріледі. Осылайша, халық пен биліктің мүддесі саналы түрде тең қарастырылып, ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайында тығырықтан шығатын жол табылады.

ДЕВАЛЬВАЦИЯНЫҢ ЭКОНОМИКАҒА ҚАНДАЙ ПАЙДАСЫ БАР?

Ұлттық валютамыздың бағамын төмендету төлемдік теңгермеге жасалатын қысымды азайтып, қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл бір. Екіншіден, теңгені девальвациялау – дұрыс шешім. Себебі осы кезге дейін ұлттық валютаның тұрақтылығына шикізатты импортқа шығару арқылы зор қолдау көрсетіп келгеніміз белгілі. Ал мұнай мен металдардың бағасының арзандауы әсерінен мемлекеттің шикізаттық  ресурстардан түсетін табысы да ортайып қалды. Мұндай жағдайда Үкімет пен Ұлттық банктің теңгенің бағамын ұстап тұру үшін еліміздің стратегиялық қордағы қаражатын желге шашуы ақылға қонбайтын нәрсе. Сондықтан валюта бағамын еркін айналымға жіберуге шешім қабылданды.

Өйткені шетелдік валютаға шаққанда теңгенің бағамын төмендету қазіргі кезде «девальвацияланған» ресейлік және қытайлық экономиканың қыспағында қалған отандық кәсіпорындардың екінші тынысын ашады. Мінеки, қарапайым ғана есеп: орыстың рублі мен қытайдың юанының бағамы төмендегенде, біздің көршілеріміздің тауарларының өзіндік құны долларға шаққанда кемиді, яғни бұл – өнім өндірушілердің өнімі өзіндік құны бойынша аса арзан болады деген сөз. Ресей мен Қытайдан келетін импорттың алапат экспансиясының қай елге бағытталатынын білу үшін картаға көз салсақ жетіп жатыр. Бүгінгі жағдайда Қазақстанға экспортқа бағытталған экономикасы бар дамушы ел ретінде ұлттық валютасын девальвациялау ауадай қажет. Біріншіден, девальвация отандық өнеркәсіпке экспорттың көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ өз нарығындағы шетелдік компанияларды ығыстырып шығаруға мүмкіндік береді. Екіншіден, қазақстандық өнім өндірушілер экспорт көлемін өсірген соң, қымбаттаған импорттың көлемі қысқарады, яғни импорттық тауарларды сатып алуға аз ақша жұмсауға тура келеді. Бұл ұлттық экономикамызға пайда ғана әкеледі. Яғни шетелдік валютаға шаққанда ұлттық валюта бағамын төмендетуден сауда теңгермесі түзеліп, өнеркәсіптік өсім қарқыны артады.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Танатар, сенин жазганынды окып отырып, бизде шынында да барлыгы жаксы екен деп каласын. Бирак, тенгены кунсыздандырудан билык бирдеме утпаса, халык уткан жок. Шынында халык тагы да бир девальвация бола ма деп коркып отыр. Осыган неге макала жазбайсындар.

    Айгерим, студент.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button