Мәдениет

Ахтанов театрының аты ауызға ілікті

Маусымның соңғы аптасында Елордада Астананың туған күніне орайластырылған  «Сахнадан сәлем» атты ІІІ халықаралық театр фестивалі өтті, оған Т.Ахтанов атындағы драма театрдың қазақ труппасы танымал  режиссер Н.Жақыпбай сахналаған Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» драмасымен қатысып, дуалы ауыз сыншылардың оң бағасына ие болды.

Фестивальге еліміздің  Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Көкшетау, Қостанай, Жезқазған, Павлодар, Түркістан қалаларынан, сондай-ақ, Ресейден Мәскеу қаласының губерниялық театры, Грузияның Тбилиси қаласындағы  А.Грибоедов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, барлығы 12 театр елордалықтардың назарына өз қойылымдарын ұсынды.

Фестиваль  Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында осы театрдың  қойылымы «Шоқан» драмасымен (авторлары — С.Мұқанов, Ш.Уәлиханов) басталды. Фестивальдің екінші күні көрсетілген Ахтанов театрының қойылымына құрамында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр сыншысы, өнертану ғылымдарының кандидаты, Жүргенов атындағы өнер академиясының кафедра меңгерушісі Сәния Қабдиева, Бішкектің А.Өміралиев атындағы қалалық драма театрының көркемдік жетекшісі, театр сыншысы, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айгүл Өмірәлиева, театр сыншысы, драматург, өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Жуасбек, ҚР халық артисі, профессор Талғат Теменовтер болған қазылар алқасы жақсы баға беріпті.

«Махаббат мұңы» туралы Еркін Жуасбек: «Біз Тахауи, Дулат, Оралхан сияқты драматургтердің дүниелерін сахналауға көп бара бермейміз. Олардағы қозғалған мәселелердің бүгінгі күнмен үндесіп жататынына, тек оның кілтін таба білу керектігіне мән бермейміз. Бүгінгі заманның сағыз шайнап тұрған, қылығы түсініксіздеу кейбір қыздары қорқыныш тудырады. Дегенмен қазір театрды, әдебиетті жақсы көретін әдемі қыздар да өсіп келеді. Режиссердің мұндай шығарманы қоюының өзі батылдық. Өте керемет спектакль.  Нұрқанат аға спектакль қойғанда қазақтың қайғысы-қасіреті неде, қуанышы неде екенін жақсы түсінесің. Спектакльдегі керемет әндерді тыңдаған сайын жанымыз кіріп отырды.

Бірақ жалпы Ләззат деген кім? Ақынға ғашық болатын зор махаббат иесі қандай болуы тиіс? Спектакльдің басында актриса өмірге құштар, табиғаттың тамаша кезі көктемде қырға шығып, әр нәрсеге бір ғашық болатын, ақын жанды, арманы асқақ ерекше қыз Ләззатымен көрерменін иландыра алмады. Тек спектакльдің ортасында ғана жеткізе алды. Маған Салиқаны ойнаған қыздың рөлі өте ұнады», — деді.

Ал Бішкектен келген театр сыншысы Айгүл Өмірәлиеваның пікірі мынадай: «Бұл  — жай ғана классикалық сюжет. Жастардың көзімен қарағанда, спектакль керемет дүние болып көрінеді. Біз жай ғана адамның бойында шабыттың, таланттың қалай оянғанын көрдік. Бас кейіпкердің өз әлемін танып-білуге деген ұмтылысы көрінеді. Бұл — жастарға арналған спектакль, махаббатқа тұнып тұр, кез келген жас қыз бен жігіттің басында кездесетін оқиға. Қойылым маған өте ұнады. Спектакль режиссері Нұрқанат Жақыпбайға алғыс айтқым келеді, өйткені ол музыкалық партитураны шебер құрастыра білген. Қойылымды бір деммен көріп шықтық». Халық артисі Талғат Теменов: «Спектакльден Нұрқанаттың қолтаңбасы айқын көрініп тұр. Ақтөбе театрының ең кассалық спектаклі болады деп ойлаймын. Актерлердің қорықпай бірінші планға шыққандары, декорациясы, мизансценалары жақсы. Ләззат рөліндегі актрисаның керемет даусы бар екен. Спектакльде актерлік ансамбль қалыптасқан, актерлердің көбінің ән айту қабілеті бар екен. Бұл театрдың қойылымдарын көрмеген едім, өте талантты труппа екен».

— Режиссер актерлік труппамен тіл табысып, жүректеріне жол таба білген. Нұрқанат Жақыпбай режиссер әрі ұстаз ретінде труппаны түгел сахнаға шығарып, актерлердің қабілеттерін толық ашуына мүмкіндік берген. Актерлердің сахнадағы серіктестік тұрғысында бір-бірімен қарым-қатынасы жетісіңкіремейді, әркім өз әлемінде жүр. Бас рөлдегі актриса  Ләззатты үзіліп кетердей тым әсірелеңкіреп жібереді, сол жерін дұрыстау керек. Ақтөбе театры Нұрқанат ағамыз секілді кәнігі режиссерлерді шақырып тұрса, шығармашылық жағынан өсуіне игі әсер етер еді, деді театр сыншысы Сәния Қабдиева.

Үлкен додада бақ сынаған Ахтанов театрының қазақ труппасы  туралы  театр майталмандарының  жылы лебіздеріне ақтөбеліктер де бір марқайып қалатын болды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button