Мереке

Қоғам және қалам қуаты

Жылдың басты жаңалығы — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» – Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарын жариялап, кезекті ілгерілеу жолын көрсетіп берді. Бұл қоғамымыздағы ірі қозғалыс нышаны және ол төртінші билік иесі атанған журналистер қауымы арасында да ерекше серпін туғызғаны айқын.

Негізінде журналистің назарынан тыс қалатын қандай да бір оқиға немесе құбылыс болмауы тиіс. Өйткені жұртшылық жаңалықты ең алдымен БАҚ өкілдерінен күтеді.

Бүгінгі күні билік пен БАҚ арасы қандай болуы керек деген мәселе жиі қозғалып жүргені жасырын емес. Әрине, бұл тақырыпта шексіз талас жүргізе беруге болады. Қоғамдық ортада әртүрлі пікірлер айтылуда, бұл заңдылық та. Журналистің басты міндеті — қандайда болып жатқан оқиғаға, құбылысқа ақиқат тұрғысынан баға беру, жұртшылыққа боямасыз, бұрмаламай жеткізу. Әрине, шындықтың жолы қашанда ауыр. Кейде тура айтамын деп билікке жақпай қалу деректері БАҚ өкілдері арасында кездесіп қалып жатады. Қалай дегенде де мұны қасірет деп қабылдаудың қажеті жоқ. Ең бастысы — журналист өзі таңдаған мамандығына адалдығынан айнымай, принципті тура жолдан таймауы тиіс.

Біздің облысымызда Журналистер одағының мүшелері саны 200-ге жетті. Бұл — аз күш емес. Қазіргі уақытта жергілікті ұйым өз жұмысын жандандыруға күш салуда. Бұл ретте қалам иелеріне қамқорлық жасау күн тәртібінде тұр. Өткен жылдан қалыптасқан дәстүр бойынша ардагер журналистерге бір реттік 50000 теңге көлемінде стипендия тағайындау биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұндай құрмет байырғы журналистер Арыстан Аймағамбетұлына, Анатолий Козачокқа, Әбдісағи Мүталиевке, Ұзақбай Қауысқа көрсетіледі. Сондай-ақ, ҚР Журналистер одағының, облыстық филиалдың дипломдары ерекше көзге түсіп жүрген бір топ журналистерге берілмекші.

Осы қарсаңда алпыс жасқа толғалы отырған Одақ мүшелері Серік Бисенов пен Қонысбай Шалғынбайұлының шығармашылық еңбектері топтастырылып, кітап етіп шығарылуда. Журналистер еңбегіне серпін беретін басқа да іс-шаралар қолға алынуда.

Қалам иелерінің басын біріктіретін Журналистер одағының бүгінгі атқарып отырған жұмысы қандай? Ең алдымен айтарымыз, бұл ұйым қазіргі уақытта тәуелсіз еліміздегі беделді де бірегей бірлестікке айналып отыр. Одақтың араласуымен, тікелей бастамасымен республикамызда көптеген іс-шаралар жүзеге асуда, семинарлар-симпозиумдар өткізілуде. Мұның барлығы журналистердің қоғамдық ортаға белсене араласуына жағдай жасайды, тәжірибе алмасуға негіз қалайды.

Негізінде Одақ мүшесі қандай артықшылыққа, қамқорлыққа ие? Кеңес Одағы кезінде шығармашылық одақ мүшесі басқа жайды айтпағанда сегіз шаршы метр қосымша баспана алуға құқылы екені айтылатын. Қазіргі жағдайда бұл туралы әңгіме қозғаудың өзі артық секілді көрінеді. Дегенмен журналиске жазу мүмкіндігі беріліп отырғанын баса айтуымыз керек. Кез келген жерден ақпарат алу қалам иесі үшін онша қиын шаруа емес. Бұл тіпті заңмен белгіленген.

Ал қоғамымызда журналистің мәртебесі қандай? Осы мәселе де түпкілікті шешіле қойған жоқ деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда да түрлі ұсыныстар білдірілуде.

Қазақстан Республикасы журналисінің Этикалық кодексі бар екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бұл маңызды құжат 2012 жылы 30 қазанда Астана қаласында Қазақстан Журналистер одағы Бас редакторлар клубы басқармаларының бірлескен отырысында қабылданды. Онда журналистің кәсіби парызы ішкі саяси тұрақтылықты, конфессияаралық, этносаралық келісімді сақтау, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік пен қоғамдық адамгершілік ахуал мүддесі үшін қызмет жасаумен түйінделетіні айтылған. Сондай-ақ, журналист кез келген хабарламаның сенімділігі үшін өзінің атымен және беделімен жауап береді.

Бұл Кодекстің ерекшелігі, журналистің оған қарым-қатынасы — ар-ұятына байланысты. Негізінде бұл Кодексті ұстануға немесе бұзуға мәжбүрлеуге жол берілмейді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің алдағы қарышты қадамын демократиямен, қоғамның ашықтығымен байланыстыра отырып, сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін осы даму процесінің ажырамас бөлігі ретінде қарайтындығын айрықша атап көрсетті.

Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өсе түсетіндігі сөзсіз,  журналистің дұрыс бағдары мен көзқарасы ғана қоғамдағы, экономикадағы, кәсіпкерліктегі күштердің тепе-теңдігін сақтай алуға қабілетті құрал болып табылады.

Ендеше, біз қаламдас-әріптестеріміздің алдағы күндерде де жемісті еңбек етіп, ілгері басқан қоғаммен бірге қарыштай беруіне сенім білдіреміз.

Мереке құтты болсын, қадірлі қалам иелері!

 

Қасымжан БАЙСАДАҚОВ,

ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button