ҚҰРАЛ СӨЗІНІҢ ҚҰДІРЕТІ

Тағзым
Елемес деген жерде алпысыншы жылдары екі үй отырды. Бірі — Нұрмұхан дейтін шалдың үйі, екіншісі, біздікі. Шал, құданың құдіреті, шежіреші. Екі адамның басы қосылған жерде пәленнен пәлен туған, түгеннен түген туған деп, бүкіл ауылдың адамдарының арғы тегін түгел таратып отырады. Бірақ оның мұндай әңгімесін бірен-саран үлкендер жағы болмаса, қалған ел ол кезде құлықсыздау тыңдайды. Әлгі шалдың Бақтыбай дейтін баласы болды. Кейін жігіт болған шағында, айдалада трактормен шөмеле салып жүрген жерінде, жалт түсіп өлді марқұм. Сол кезде менен ересектеу, 14-15-ке келіп қалған-ау деймін. Әкесі сияқты ол да әңгімешіл және бір ерекшелігі батырлар жырын түрлі мақамға салып, әндетіп оқиды. Көп жерін жатқа да айтады. Екеуміздің де әкеміз мал бағады. Шалдардың ыңқыл-сыңқылы көп, содан да, әсіресе, жазғы каникул кезінде малда ызнай біз жүреміз. Мал бақпаған адам бұл кәсіптің азабын біле бермейді. «Бір күн қой баққан адамнан, үш күнге дейін ақыл сұрама» деп бекер айтпаған ғой. Жаздың ұзақ күнінде қой соңында салпақтап шаршайсың, күн батып болмайды. Сол кездегі жалғыз ермек — кітап. Бақтыбайдың керзі етігінің қонышында «Жұлдыз», «Ара» сынды журналдармен бірге, түрлі газеттер де жүреді. Содан бір күні «Еңбек туы» деп аталатын аудандық газетті суырды. Кішкентай газеттің екі беті түгел тақталап басылған өлең. Бұған дейін оқып алған-ау деймін, әлгі өлеңнің әр жерінен теріп оқиды да, оған өзі мәз болып күледі. Бақсам, бұл Ойыл мен Байғанин аудандары ақындарының айтысы екен. Ішінде біздің ауыл есімін жақсы білетін Ұлықпан ақын да бар. Бірақ оның кіммен айтысқаны есімде қалмапты. Есімде мықтап сақталғаны — Құрал Тоқмырзин мен Сәбит Баймолдиннің айтысы. Сірә, осы айтыс басқаларға қарағанда Бақтыбайға ерекше ұнаған болу керек. Өзі оқып жүрді де, бір күні «Кел, екеуміз бөліп алып, айтысайық!» дейтінді шығарды. Содан құмарымыз тарқағанша, айдалада екеуміз Құрал мен Сәбит болып айтысып жүрдік. Екі ақынның бірін-бірі шалып айтқан өлең жолдарына кәдімгідей сүйсініп, өзіміз суырыпсалып отырғандай әсерленетін едік. Бұл енді бұдан жарты ғасыр, тіпті одан да әріректе болған оқиға ғой. Кейін аудандық «Ойыл» газетінде бірге жұмыс жасап, ұзақ жылдар ағалы-інілі болған, қазақтың қабырғалы қаламгері Құрал Тоқмырзин есімімен алғаш рет сырттай осылай танысып едім. Алғаш ақындықпен аты шыққан жігіттің бір колхоздың қарапайым ғана тракторшысы екенін де сонда білгенмін.
Құрал ағамыз өткен жылдың жазында 78 жасында бақилық болды. Жайсыз хабарды біреудің үйінде бірге қонақта отырғанда бір-бірімізге айтып, әйгілі тарышы Шығанақ Берсиев егіс салған Қарасу топырағында дүниеге келген кластасым , энергетика саласының ардагері Ілес Кәрімұлы екеуміз еске алып отырдық. Бір кезде Ілес «Құралдың айтысын білесің бе?» деп сұрады. Мен жоғарыдағы оқиғаны еске алдым. Сол сәтте сұхбат құрып отырған досым өзіме бала күннен таныс жолдарды еске түсіріп, «Сәбит былай дейді:
Таңдаулы бір колхозың 30 жылдық,
Әдейі көру үшін тоқтап тұрдық.
Емхана сахнаға орналасқан,
Клубың небарлығы 20 орындық.
Сонда Құрал былай дейді:
Таңдаулы бір колхозың «Қопа» деген,
Егісін салған екен жота белден.
Колхоздың агрономы Жаңатаев.
Ұялмай сол наннан дәм тата ма екен? дейді», — деп судырата жөнелгені.
Шынымды айтсам, өмір бойы өндіріс саласында жүрген кластасым ол айтысты бұлай жатқа білер деп күткенім жоқ еді, сол жерде қайран қалдым. Және сөз өнерінің құдіреті осылай елдің есінде қалуымен өлшенеді-ау деген тоқтамға келдім.
Өзінше жазатын журналист
1967 жылдың қаңтар айында мен «Жетікөл» кеңшарының тракторшысы едім. Жазда шабындық басына иіріле салынған шөмелелерді трактормен сүйретіп, мал қораларының басына тасимыз. Сол жылы қар қалың түсіп, оның үстіне ақшұнақ аяз көтеріліп, киімі жұқа бозбала жігіт, қыс ішінде қалпақтай ұшып ауырып үйде жатып қалдым. Сөйтіп жатқан маған, Құдай айдаған болар, осы кеңшарда бас инженер болып істейтін інісінің үйіне келген аудандық газеттің редакторы Жұмағалиев Нұрымжан ағамыздың келе қалғаны. Әңгіменің бас-аяғын айтып түгендеп жатпайтын, салдырлаған ақкөңіл бұл кісі:
— Бізге мақала жазып тұратын бала сен бе? Әйдә, жүр! Көлікпен келіп тұрмын. Жұмысқа аламын. Әдеби қызметкерлік орын сен түгілі, Құралға да жоқ, фототілші болып жүр. Әзір корректор, не тифографияда газет басарсың. Сосын маңдайыңның таланына қарай көрерсің, — деп қапылдырды. Мен бейтаныс ағаның сөзіне де, өзіне де таңдана қарадым. Айтып тұрған қызметтерін де ажырата алғаным жоқ. Сірә, жазу-сызудың айналасы болар деп топшыладым да, әйтеуір трактордан тәуір ғой деген оймен еріп жүре бердім…
Бірақ баспахананы көріп шошыдым, қап-қара күйе, баттасқан бояу, қолқаны атқан иістен басың айналады. Уды қайыру үшін мұнда істейтіндерге бір мезгіл сүт береді екен. «Бұдан таза ауада жүретін тракторым жақсы шығар, мен шалабымды шайқамай қайтайын» дедім. «Қаршадай болып жұмыс таңдайсыңдар сендер. Баяғыда редакцияның қара жұмысына іліккенімізге қуанатын едік» деп біраз ұрысып алып, редактор ақыры екінші корректор қылып алды. «Алайда ол жұмысты атқарып жатқан адамдар бар. Сен жазуды біл, кейін бір реті келгенде әдеби қызметкерге ауыстырармын» деп үміттендіріп қойды.
Құралдың да жұмысы осы тақылеттес екен. Айлықты фототілші болып алады да, мақала жазып газеттің бетін толтырып отырады. Ол кезде аудандық газеттің өзі аптасына үш рет шығады, штаты да әжептәуір. Оның ішінде Қазақтың мемлекеттік универсиететін бітірген 5 дипломды журналист бар. Қалғандары да жоғары, арнаулы орта білімді. Шетқақпай көретін мен, орта мектеп бітіріп келгенмін. Сол кезде отыздың ішіндегі Құрал ағамыздың да олқы соғатын жағы білімінің жағдайы екен. Жеті жылдықты да тиянақты бітірмеген, бергіректе он бір жылдықты жедел аяқтады деп аттестат алған.
— Менің туған жерім — Қияқты, сосын алғаш мектеп табалдырығын аттаған жерім — Шәңке,- дейтін балалық шағын еске алып. — Бір кезде ол «Алғабас» аталған колхоздың орталығы болды. Онда бірқатары шымнан, бірқатары саманнан салынған 15-20 үй болды. Шәңкенің шымын ойып алғаныңда, оның кереметтігі, адам сияқты әлгі шымы, кесілген бас сияқты көрінетін менің көзіме. Соны шөбінен ұстап көлікке тиейтін үлкендер. Өткір күрекпен ойып алып үй, қора салады. Шөптесін жағын төмен қаратып тас қалағандай қалайды, сосын ол құламайды, өте жылы болады. Тіпті майлағанын көргенім жоқ, ішкі жағын майлайтын, сырт жағын майламайды. Әрине, қазір олардың бәрі жермен-жексен. Жер болып кетті, ештеңе қалған жоқ. Сонда саманнан салынған үлкен мектеп болды. Ол онжылдық деп есеппен салынған мектеп екен әуелде. Бірнеше жылдан кейін құлаған, соны қайтадан салып, жеті жылдық мектеп жасамақ болды, артынан төрт жылдық болып қалды. Мен сонда оқыдым. Оқығанда, бізге алғашқы жылдары бір қыз сабақ берді. Мен әлі күнге ұмытпаймын, аты Бәтима болатын. Менің шешем Рахила сол мектептің отын жағып, еденін сыпыратын. Содан әйтеуір ақша алса алады, алмаған күндерде де мектептен көп ұзаған жоқ. Бір-екі ауыз өлең айтатын адам болды шешем. Өзі ойынан шығаратын. Мұғалім қыз өте әдемі болған болу керек.
Сол апайымыз 7 қараша — тура мереке күні біреуге ілесіп, тұрмысқа шығып кетті. Соның алдында менің шешем:
Қызыл ерін, ақ маңдай,
Құбылып тұрған ақ таңдай.
Еңіреп туған ер жігіт
Ерінбей іздеп тапқандай,— деп өлең шығарған еді.
Содан келесі жылы қыс бойы оқи алмай, үйде отырдық. Айтпақшы, ауданнан бір кісі келген, кітабымызды ашып, «мына беттен, мына бетке дейін дайындалып оқи беріңдер» деп тапсырма берді де, содан жоқ болды. Бір жыл тағы солай өтті үйде отырумен. Мен үйде отырсам да, шере тақтайдан тақта жасап алып, өз бетіммен жазып машықтанып жүрдім. Соған борменен Лениннің, Сталиннің суретін салатынмын. Сосын қатты құмар болғаным Пушкиннің суретін салу болды.
Сөйтіп жүргенде Сақыпжұма дейтін мұғалім келді келесі жылы. Фамилиясын ұмыттым, 18-20-дағы жас жігіт еді. Бірақ ол да ұзақ сабақ беріп жарымады, бір күнде майданға алды да кетті. Содан кейін келген Қайырғали деген ағайымыз бастауышты бітіргенше жүрді-ау деймін.
Құрал осындай әңгімелерімен өзінің тиянақты білім ала алмағанын, жеті жылдықтың өзін үзіп-жұлып оқығанын еске салып отырушы еді. Бірақ сөйтіп жүрсе де, редакцияда өндіріп жазатын сол еді. Газеттің түрлі жанрларында жазылған мақалалары өз алдына, өлең, әңгімелерінің өзі жиі жарияланатын. Сол екі ортада облыстық «Коммунизм жолы» газетінде де жазғандары жарық көріп жататын. Осының бәріне қалай уақыт табатынына таңғалысатынбыз.
Ол кездегі газеттердің мақалалары жасандылау, өмірден алшақтау жататын. Тіпті нақты біреуді жазып отырып, журналистің ойдан сюжет құрау сияқты дағдылары болатын. Ал Құралдың бір ерекшелігі — бірден осындайдан аулақ болды. Жазғандарында шынайы мөлдіреген өмір тұнып, жарасымды болып тұратын. Әлі есімде, бірде Алтықарасу жағына іссапарға барып, ауылдық кеңестің төрағасы белгілі ардагер аға туралы жол очерк жазды. Сонда біз білетін әлгі адамның портретін керемет шебер берген еді. Бірақ редактор әлгі адамның бетінде шешек дағы бар деген жолдарына қарсылық білдіріп, ертеңгі күні кейіпкерің ренжір деген қауіп айтты. Сонда Құрал: «Шындықпен жазылған дүниеге дұрыс азамат ренжімеуге, қайта сүйсінуге тиіс» деген еді.
Фототілші болып кіріп, радиохабарын таратушы болып аяқтаған Құрал аудандық «Ойыл» газетінде бас-аяғы төрт-бес жыл ғана істеді. Осы аз уақыттың ішінде, алыс ауданның орталығында тұрып-ақ республикаға жас жазушы ретінде танылып үлерді. Кейін «Жазушы» баспасынан шыққан кітаптарына енген біраз шығармаларын жетпісінші жылдардың басына дейін-ақ қолжазбасынан оқығанымды мен ұмытқаным жоқ. «Тарғыл қауын», «Келіншек» аталған әңгімелерінен бастап, «Үзеңгі достар» кітабына кірген повестеріне дейін біз бірге жұмыс істеген кезде жазылған еді.
Ауданда қызмет істеп жүрген жылдарында Құрал газеттің фельетон деген жанрына тым құмартыңқырап кірісті. «Жылу», «Кілем таласы», «Ашылған пакет, желінген үйрек», т.б. облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған фельетондарын аға буын қазірде де ұмыта қоймаған болу керек.
Алайда сынды жақсы көруші аз, сын жазған адамды жақтырмайындар, қудалаушылар қай кезде де табылады. Құрал ағамыздың да табанын ауданға, кейін облысқа тұрақтатпай Алматыдан шығуына себеп болған да осы жай болатын. Тағы бір қасиеті, жазу-жазу ғой, күнделікті тірлікте, қарым-қатынаста да бетің бар, жүзің бар демейтін тура болатын.
Осындай қалыпқа сыймайтын ерекше мінездерін көпшілік орта, жекелеген адамдар қабылдай қоймады. Білімін көтеруі де, партия қатарына өтуі де, баспаларға жұмысқа тұруы да, кітаптарын шығаруы да түрлі кедергілерімен жүзеге асты.
Соңғы кездесу
Әйтсе де табиғи талант, талмайтын еңбектің арқасында Құрал ағамыз өмірдегі өз мақсатына жетіп тынды деуге болатын шығар. Артында өлмейтін мұралары —кітаптары қалды. Сексенге таяған ғұмырының соңғы жылдарында жазылған Есет батыр туралы трилогиясының өзі неге тұрады. Бұған дейінгі жазылған біраз тарихи шығармаларында Ойылдың өткені мен бүгіні тұр. Әңгімелері мен повестерінде өзі сомдаған жерлестерінің бейнелері де ұмтылмастай болып қалды.
Кейінгі жиырма жылдан астам өмірін Алматыда өткізген Құрекең өзінің туған жеріне іші бұрып тұратын. Тіпті екімыңыншы жылдары Ақтөбе қаласына көшіп келіп бір-екі жыл тұрғаны да бар. Алайда тұрмыс жағдайына, балаларының шаруасына байланысты Мәруса жеңгеміз екеуі қайта көшуге тура келді.
Әйтсе де араға жылдар салып Ақтөбеге, туған жері Ойылға соғып тұрды. Соңғы рет 2012 жылы 75 жасқа толуына байланысты келіп, Ойылда кездесу өткізді. Сонда:
— Менің туған жерім Қияқтыда үлкен сай бар, сайдың асты толған бұлақ болатын. Мөлдіреп ағып, қайнап жататын. Бірақ соңғы кездерде жылқы жүріп, бұлақтардың көздерін бітеп кеткен екен. Соны көріп мен ойладым, «Ойпырм-ай, иесі жоқтың бәрі осындай-ау! Бұрынғыдай ел болып, мал суарып, сол жерді халық қоныстанып отырса ғой бұлай болмас еді» деп. Бұлақтың көзіне кішкене ыдысты тосқаныңда мөлдіреп су тола қоятын еді. Сосын оны ішкеніңде шілденің күнінде әрең-әрең ішесің. Бірден шекеңнен шығады судың салқындығы. «Тәуекел» деген повесімде мен осы бұлақ туралы кейіпкерімнің аузына салып жаздым…
Міне, біздің жеріміз осындай қасиетті ғой, біз қасиетіне жете алмай жүрміз. Еліміз 1991 жылы азаттық алып жатқанда, мен «Шіркін-ай, мен осындай азаттыққа ертерек тап болсам, ана қара орнымыз босап қалмас еді. Мен елімнен кетпей, бәрін де, өлеңді де, прозаны жазуды да қойып, елімнің жеріне егін егіп, мал өсіріп отырар ма едім» деп ойладым. Бірақ мен одан кешігіп қалдым. Кешігуге мен кіналы емеспін, патшалық Ресей, совет өкіметі айыпты, — деді.
Кездесу аудан орталығындағы Мәдениет үйінде өтіп еді. Жазушының жерлестері, әсіресе, мәдениет қызметкерлері бұл жолы жақсы-ақ дайындалған екен. Бүкіл шығармаларын қамтитын кітап көрмесін ұйымдастырған. Кездесуге аудан әкімі Мавр Абдуллин қатысып, орынбасары Асқар Қазыбаев жүргізді. Бұған Ойылдан шыққан белгілі қаламгер риза болып, шешіліп әңгіме шертті. Әңгімесінің соңын:
— Неге екенін білмеймін, сонау Алматыда жатып кейінгі кезде көп түс көремін. Түсімде балалығым өткен Қияқты, Шәңкені, жастығым өткен, азаматтығым қалыптасқан Ойылды көремін. Ояна келіп, туған жердің үстінде рухым қалқып ұшып жүретін күнде алыс емес-ау деп ойлаймын, — деп аяқтаған еді. Екі жылға жетпейтін уақытта осынысы расқа айналды. Аруақты жазушы екен, тегін адам емес екен. Енді бізге ол туралы шығармалары ғана айтады.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.




